Әділет туын көтерген

Уақыты: 05.11.2018
Оқылды: 1187
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Адам тағдырына туған жер топырағының да әсер етері анық. Ел ішінде «Батырлар мен ақындар жері» деп аталған Суықтөбенің етегі талай тұлғаны дүниеге әкелген қасиетті мекен. Бұл жоңғарларға қарсы күресте ерлігімен көзге түскен Қарасай Алтынайұлы, Шапырашты Наурызбай, Қоқан хандығының озбырлығы мен қырғыз манаптарының аярлығына, орыс әскерінің басқыншылығына ашынған Саурық пен Сұраншы батырлар, киесі қызыл жолбарысқа айналып, қарсыласын сөзден жаңылдырған айтыстың ақтаңгері Сүйінбай Аронұлы, жарты әлемді өлеңімен тербеп, Ленинград тұрғындарын шымыр шумақпен демеген жыр алыбы Жамбыл Жабаев, қазақ өнерінің асыл ұланы Нұрғиса Тілендиев сынды қайраткерлердің де мәңгілік тыныс тапқан орны. Осындай қасиетті де қастерлі мекен еліміздің әділет саласына өлшеусіз еңбек сіңіріп, сот жүйесі жұмысының жандануына үлес қосқан заң ғылымының докторы, профессор, облыстық сот төрағасы Мейрамбек Таймерденовтің де туған жері.

Қазақ халқының дүниетанымында 60 жасты даналыққа бет алған, халықтың мұң-мұқтажын уайымдайтын кезеңге қадам басқан шақ деп есептейді. Қарттықтың алды, жастықтың соңы есептелетін бұл жасты асқар биікке теңеп те жатады. Қалай болғанда да алпыс адам өмірінің бір белесі іспетті. Алпыс жасқа талай ақын өлең арнап, талай жазушы сыр шертті. Мұқағали Мақатаев жасы алпысқа келген ағаларына арнаған өлеңін:
Бәрін де көрдіңіздер,
Бәріне көндіңіздер,
Бәріне сендіңіздер,
Бәрін де бердіңіздер,
Сіздер алпысқа келдіңіздер...
 – деп тұжырымдады.
Сол өлеңде айтылғандай, алпыстың асқарына қадам басып отырған Мейрамбек Таймерденұлының өмір жолына үңілсек, тағдыр табыстырған жақсы адамдардан алған жылудың, нұрлы шуақтың ізін көреміз. Алдымен отбасында берілген тәрбиенің, тәлімнің өмірлік ұстанымына айналғанын байқауға болады. Әкесінен екі жасында көз жазып қалған Мейрамбек Таймерденұлы жанашыр анасының қамқор алақанында өседі. Таң қылаң бергеннен күн еңкейгенге дейін еңбектеніп, қара жұмыстан қалжыраған анасының ойылған алақаны балаларына күн шуағындай әсер еткені анық. 
Балалығы алпысыншы жылдардың жылымығына дөп келген кейіпкеріміз әркім өз тағдырының иесі екендігін ерте ұғынады. Соған байланысты қаршадайынан ауыр еңбек ете жүріп, сапалы білім алуға күш салды. Шынын айтқанда, бүгінгі жеткен биігіне Жаратқан Алла берген қабілет-қарымымен, алған білімімен жетті. 
Сол тұстағы көпшілік әдебиетке құмар еді. Өйткені  қазіргідей қажетті ақпарат пен ғаламдық танымды беретін телеарналар кеңістігі мен интернет желісінің жоқтығы, халықтың ақындық пен жыршылыққа әуестігін оятқан. Сондықтан Шамалған ауылындағы балалар да осы өңірде өмір сүрген Сүйінбай мен Жамбылдың жырларымен сусындап өсті. Халық ауыз әдебиеті көкірегін тербеген бала Мейрамбектің көңілін ертедегі билердің қазылық жасауы, билік айтуы ерекше шабыттандыратын. Кейіннен сот саласына келгенде қаршадайында көңілін шабыттандырған қазылық етудің қиындығын, жауапкершілігін, ауыртпалығын терең сезіне түсті. Осыған орай бала күніндегі бір оқиға есінен шықпайды.
Ауылдың бір отар қойын дәрілейтін жерге айдап апару, неге екені белгісіз, мұның анасына жүктеледі. Мінер аты да жоқ жалғызбасты әйел көршісінен сұрап алған есекке баласы Мейрамбекті мінгізіп, малды межелеген жерге айдап шығады. Кезегі жетіп, дәріге шомылған отарды жолға түсіргенде дәрінің күшінен тыным таппаған қойлар ауылға қарай ағыла жөнеледі. Шабан есекті анасына қалдырған он жасар кейіпкеріміз малдың соңынан екі өкпесін қолына алып жүгіреді. Ауылға жеткенше толассыз он бес шақырымды жүгіріп өткен бала қойшы ес-түссіз сұлап түседі. Бірнеше күннен кейін әрең ес жиған кейіпкеріміз жалғызбасты анасын жаяу-жалпы қой дәрілеуге жұмсаған ауылдастарына қатты налиды. Ойлана келе, есейгенде әлсіздерге жақтасып, сәбилер мен балаларды әділетсіздіктен арашалауға бел буады. 
Мектепте жақсы оқып, үздіктердің қатарынан көрінген оқушы Мейрамбек тоғызыншы класта ҚазМУ-дің заң факультетіне құжат тапсыруды межелейді. Алайда мектепті алтын медальға бітірген бозбалаға жоғары оқу орнына бірден түсіп кету бақыты бұйырмапты. Қатарынан төрт рет құжат тапсырғанымен өзі армандаған ҚазМУ қалашығын мекен ете алмады. Оған дейін екі жылдық әскери борышын өтеп келген жігіт Үңгіртас ауылында орналасқан Қастек мемлекеттік асыл тұқымды мал зауытына жұмысқа кіріп, анасының бір жағына шығысады. 
Қатардағы жұмыскер білім мен тәжірибені ұштастыру мақсатында 1983 жылы екі жылдық Талдықорған заң техникумын бітіріп, заңгер болып шығады. Содан бастап, еліміздің құқық қорғау саласында еңбек етіп, қиянат көргендер мен жәбір шеккен жандардың теңдігін сұрап келді. Қарасай ауданында сот орындаушысы қызметін атқара жүріп, алдындағы аға буынның іс-тәжірибесінен өткен жас маман арада он шақты жыл өткен соң ғана ҚазМУ-ға бесінші рет құжат тапсырады. Сол жылы өзінен көп кіші балалармен бірге оқуға түскен Мейрамбек Таймерденов маманның кәсібилігін арттыратын тәжірибе екендігін анық ұғынады. Өйткені, мектеп бітіре салып оқуға түскен көптеген курстастарының бүгінгі күні заң саласынан жырақ жүргенін жақсы біледі.
Бала күнінде естіген: «Жігітке серуен де серуен, сергелдең де серуен» деген сөздің мағынасын кейіннен түсініпті. Әрбір қадамнан үйреніп, әр жүрістен нәтиже алуға болатынын меңзеген халық даналығы қандай десеңізші?! Прокуратура саласында еңбек етіп көрген кейіпкеріміз сот жүйесінің жанына жақын екендігін ұғынады. Соның әсерімен заң ғылымдарының докторлығына кандидаттықты «Парақорлықты тергеу және соттың қарауы» деген тақырыпта қорғап шыққан Мейрамбек Таймерденұлы кейіннен докторлықты да қорғайды. Таңдаған тақырыбы: «Басты сот талқысындағы судьяның әрекеті: қылмыстық-процесуалдық және қылмыстық ерекшеліктер». 
Аталған тақырыптарды қорғаудың арасында онжылдық уақыт жатыр. Осыған қарап, Мейрамбек Таймерденұлының қолға алған зерттеуін мұқият жүргізетінін, қажетті сынақты өз басынан өткеретінін байқауға болады. Бұл ғылымға деген адалдықтан, білімге деген құштарлықтан туындаса керек. Сол арқылы адами және кәсіби қабілетті қажет ететін судья қызметінің құпиясын аша түскендей болды. Осылайша Таймерденов қорғаған диссертацияның тәжірибелік зерттеулері мен ғылыми тұжырымдары еліміздің көптеген жоғары оқу орындарында кеңінен қолданыла бастады.
Ел мен жердің өркендеуі жолында еңбек ете жүріп, әділдіктің салтанат құруына үлес қосқан Мейрамбек Таймерденов үлгілі отағасы ретінде зайыбы Күләш Ермекқалиқызы екеуі толған айдай қыз, алтын асықтай үш ұл өсіріп, отбасы бақытын татқан жан. Қызы Әсел мен Әділ, Еділ, Жайық есімді ұлдары бүгінде өсіп-өнген алып бәйтеректің бір-бір бұтағына айналған. Балаларының бәрі де өзі таңдаған мамандықты меңгеріп, отбасын құрған. Немерелер бар. Ақсақалдық жасқа жетіп, ұрпағының ұлағатты ғұмыр кешуін тілеген Мейрамбек Таймерденов бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне бейжай қарай алмайды. Ғаламдық жаһандану дәуірінде халқымызды ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр, қазақы құндылықтар ғана сақтайтынын терең түсінген ол қоғамды азғындықтан қорғаудың жолы мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету екендігін біледі. Бұл бағытта қоғамның басты институты саналатын отбасы – балабақша, мектеп, ЖОО, еңбек ұжымы желісін жандандырып, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне баса назар аудару керектігін алға тартады. Оның негізі бабалар салған сара жол – билер сөзіне құлақ түруді дұрыс деп есептейді. Өйткені өткенінен сабақ алмаған елдің болашағы бұлыңғыр. Соған орай ғасырлар бойы қазақ халқының әділет жолындағы темірқазығы болған Тәуке ханның «Жеті жарғысы», «Қасым ханның қасқа жолы» секілді ұстанымдарды сот жүйесінде пайдаланудың тиімділігін зерттеп келеді. Бүгінгі күннің талабынан туындап отырған медиация заңының ертедегі өзара келісімшартына қатты ұқсайтындығын дәріптеуден танған емес. 
Әрине, лаңкестік, Отанға опасыздық, сәбилерге зорлық көрсету секілді адамзатқа жат әдеттерді аяусыз жазалау керектігін де назардан тыс қалдырмайды. «Заманына қарай адамы» деген сөздің астарын осыдан ұғып, заманға жаман ат келтіретін пенденің жағымсыз әдеттері мен ерсі қылықтары екендігін әріптестеріне ұдайы айтып отырады.
Әрбір үш жыл сайын өтетін республикалық судьялар съезінде қоғамның тынысын дөп басатын бастамаларды көтеруімен де Мейрамбек Таймерденов қайраткерлік қырын танытып келеді. Ол қолдаған Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезінде қабылданған «Судьялық Әдеп кодексі» бүгінгі судьяның кескін-келбетін, бет-бейнесін танытады. Сол арқылы судья адамгершілік, адалдық, әділдік, сабырлылық, ішкі мәдениет секілді адами асыл қасиеттерді бойына жинайды. Осындай қасиеттер сана, сенім және ар-ұятпен астасқанда өз ісін кәсіби тұрғыдан жетік меңгеруге итермелейді. Осы бағытта жұмыс істеген де ғана судьяның қоғамдағы мәртебесі асқақтай түсетінін өз ұжымы мен әріптестеріне ұдайы айтып келеді. Соған байланысты болса керек, облыстық соттың судьялары өз ісін жетік жүргізіп, ақты ақ, қараны қара деп әділдік танытудан танған емес. Әйтпесе, сотталушы да адам. Оның өз тағдыры, ағайын-туысы, бала-шағасы бар. Оларды тыңдасаң қылмыскердің түк жазасы жоқ секілді. Алайда шағым түсірген жақ қылмыскердің жазасын алуын қалайды. Сондықтан заң шеңберінде әділдік танытуды қалайтын судья соңғы шешімді айтатындығымен бар жауапкершілікке ие. Яғни, заңды толық әрі жетік білу маманның біліктілігін арттырып қана қоймай, әділеттің ақ туын көтеруіне септігін тигізеді. Осыған орай барлық заңдар мен заңнамаларды білуді қарамағындағы қызметкерлерінен талап ететін Таймерденов көпшіліктің көз алдында адалдықты, туралықты, шынайылықты ұстанатын жан ретінде қалған.
Заман талабы білім алуды, біліктілігін арттыруды қалайтындықтан кейіпкеріміз 2013 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін қаржы мамандығы бойынша бітіріп, екінші жоғары білім алғаны кейінгіге үлгі болды. Осылайша бар саналы ғұмырын сот жүйесіне арнаған Мейрамбек Таймерденов марапатсыз емес. Адал да қажырлы еңбегін ескерген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан 2016 жылы «Парасат» орденін, 2001 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», 2002 жылы «Ерен еңбегі үшін», 2005 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», 2008 жылы «Астананың 10 жылдығы», 2011 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», 2013 жылы «Конституциялық заңдылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін», 2014 жылы ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», 2015 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» медальдарымен марапатталған. Одан бөлек, «Сот жүйесінің құрметті азаматы» төсбелгісі мен «Үш би» құрметті белгісін иеленген.
«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын», – дейді халқымыз. Жыл сайын журналистер мерекесі қарсаңында Жетісу жеріндегі барша қаламгерлерді елеп-ескеріп, құрметтеп жататын Мейрамбек Таймерденов сөз арасында: «Мен де сіздердің әріптестеріңізбін! Осыдан 40 жыл бұрын баспагердің көмекшісі ретінде еңбек еткенмін. Онда да анау-мынау емес, Коммунистік партияның Орталық Комитетіне қарайтын баспаханада клише тергенмін. Ол кезде қазіргідей емес, газетті қорғасын әріппен теріп, пластина көшіріп, содан соң ғана баспа машинасына бекітетін», – деп өткен күнге көз тастап, бір кездегі қиындықты еске салады.
Иә, одан бері талай су ақты, талай өзен сарқылды, талай тағдыр бақилық болды, сол тұста туған сәби осы күні бір үйдің отағасына айналды. Уақытқа тоқтам жоқ екен. «Туған ай – тураған ет» дейді қазекең ондайды. Дегенмен, уақыт өткенімен адамдардың жадында жасаған жақсылық, қылған қайыр ғана сақталады. Ендеше, ешкімге дабыраламай-ақ игілікті іс атқаруды жөн көретін Таймерденов биігі асқақтай берері анық.
Алпысыңыз, тал түсіңіз құтты болсын, аға!

Мәди АЛЖАНБАЙ