БІР РЕТ КӨРЕЙІНШІ СЕНІ...

Уақыты: 24.11.2018
Оқылды: 1843
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ауа райы бүгін ерекше жылымық тартып тұр. Қардан сауыт киген табиғат та тамаша. Шатырдан тамған тамшының дыбысы құлаққа ерекше жағымды. Көктемнің сәлемін жеткізген торғай-шымшықтар арлы-бері ұшады. Айналаның осындай қуаныш сыйлағаны тек қана Ақжанға әсер ете алмайтын сыңайлы. Ата-анасынан, ауылынан ешқашан жырақтап көрмеген ол биыл мектепті тамамдап, қалаға оқуға аттанбақшы. Сондықтан болар, күз келе салысымен уақыттың өтпеуін, тоқтап қалуын күн сайын тілеп жүргендігі. Бірақ уақыт деген айлакер кімнің ырқына бағынған?! Өз дегенін істейді, қалауын алады. Секунд сырғып минутқа, минут сағатқа, ал сағат күнге айналып өте береді.

Қалың киімдерін шешіп, жұқалауын киген Ақжанға үлкен сыныптың ұлдары көз сүзе қарайды. Мектеп табалдырығын аттаған бойда әр қадамын санайтындай сезіледі. Ыңғайсызданған қыз жылдам жүріп, сыныбына кіріп кетті. Қаншама би кештері болса да ешбірі Ақжанның көңілін таба алмап еді. Ұсынған сыйлықтары да қыз көңілін жібітпеді. Әлеуметтік желіден келетін хаттарда есеп жоқ. Соңғы кезде белгісіз нөмірден хабарласқан біреу қалаға келуін тағатсыздана күтіп жүргенін айтты. Содан бері қорқынышы еселеніп, ауылдан аттап басқысы келмей қалды.

Соңғы қоңырау үні құлағынан кетпейді. Тоғызыншы сыныпты аяқтаған соң бірен-саран қалды демесең, барлығы дерлік оқуға аттанды. Ішінде Ақжан да бар. Бәрі жат. Бөтен. Танымайтын адамдар, тынымсыз көліктер. Биік үйлер көше бойлап, иық тіреседі. Қаланың сиқы осы. Алғашқыдай емес, бірте-бірте үйренісе бастады. Жаңа оқу, жаңа достар, бәрі де жанына жағып барады. Жатақханада тұруға ата-анасы рұқсат бермеген соң әпкесінің үйін паналауға тура келді. Талай туған күн, думаннан құр қалады демесең, студенттік өмірдің қызығын бір адамдай көріп жүр. Қорқынышы да сейіле бастады. Тіпті, қалаға келгенін күткен жігіттің үздіксіз соғылатын қоңырауы да ұнайтын секілді. Қысқа ғана қатал жауап бергенмен, кездесуге әлі де болса келісім бермеді. Айнаның алдында да көп тұратын боп алды. Денесі толысқан, жаңа піскен жемістей. Өз бітіміне өзі сүйсініп қарайды. Ал бетіне жаққан бояуы көркіне одан бетер көрік қосады. Ауылдан арқалап келген киімдерінің көбісі жарамсыз болып қалды. Базардан алған соңғы үлгідегі киімдерін кезек-кезек киіп, құрбыларымен жарысатынды шығарды. Қайнап жатқан нағыз өмір қалада екен деген ой санасынан кетпей, ауылға деген сағынышы азайып бара жатты. Тек туған-туыс, ата-ана, бірге туған бауырларын ғана көргісі келеді.

Көз алмай қарайтын жігіттер бұрынғысынан да көбейіп кетті. Құрбыларымен бірге жүргенде де Ақжанмен танысқысы келіп, соның ғана телефон нөмірін сұрай беретіндері көкірегіне қуаныш ұялатады. Алайда олардың ешқайсысы да көңілінен шықпады. Біраз күн өткен соң ары ойланып, бері ойланып, бір кездесуде тұрған ештеңе жоқ деген шешімге келді. Телефоны тағы безек қақты. 
– Алло, Ақжан, қалайсың? Естіп тұрсың, білем, бір ғана белгі берші сол жетеді маған!
– Не керек саған?
– Сен керексің. Кездесейікші, өтінемін. Бір рет қана көрейінші сені.
– Қайда, қашан?

Бейтаныстың қуанышында шек жоқ. Кездесетін жер мен уақытты айтты да телефонды қоя салды. Күндегі әдеті бойынша айнаның алдына тұрып, біраз сәнденді. Әпкесіне құрбыма барамын деп алдап, үйден шығып кетті. Айтылған уақытта әлгіндегі жерге барса, қолына гүл ұстаған жігіт тұр. Жайраң қағып күтіп алды. Қара торы, денелі, бұлшық еттері мығым, сақал-мұртын жаңадан алғаны бірден байқалады. Жас шамасы да әжептеуір үлкен. Еш қысылмастан қыздың қолынан ұстап, өзіне қарай тартты. Ал содан кейін жылдам бетінен сүйді. Иә, Ақжан мұндай ерлік күтпеген. Осыған дейін қанша бала артынан жүгірсе де дәл бұлай батылдық танытқан емес. Өзі жайлы, жағдайы, отбасы, жұмысы туралы үздіксіз айтып келеді. Сөйтті де көлігіне отырғызып, тамақтануға, кино көруге ұсыныс жасады. Бірақ Ақжан келіспеді, тек тездетіп үйіне жеткізіп салуды сұрады. Үйге кірген бойда бөлмесіне асықты. Тағы да айнаның алдында тұрып, жігіттің ерні тиген бетін сипап көрді. Оттай қызарып қапты. Жүзі бал-бұл жанады. Қолына қараса, ол да ысып тұр. Гүлді су құйылған ыдысқа салды да айнаның алдына қойды. Содан көз алмай жатып, қалай ұйықтап кеткені белгісіз, таң атқанын сезбей қалыпты. Телефонның дабылы тәтті түстен айырды.

«Қайырлы таң!» деп хат келіпті қалта телефонына. Белгісіз нөмір тағы хабарласты. Күні бойы басқа әлемде жүргендей күн кешіп, сабақ миына кірмеді. Кеш бата тағы қоңырау соқты. Бірден тұтқаны көтеріп, бұрыннан танитын адамдай шүйіркелесіп кетті. Күндегіден жылы сөйлескенін байқамады. Әлгі жігіт жатса да, тұрса да есінен шығар емес. Өзінің де кездескісі келіп тұр. Бұл жолы ұсынысына ешбір қарсылықсыз келісті. Саябақты аралап болған соң жігіт үйін көрсетуге қызды көндірді. Келсе пәтерде ешкім жоқ, ішке кіріп біраз әңгіме-дүкен құрған соң жігіт қыздың қолынан ұстап, ернінен сүйді. Мұрттары нәзік мойнын қытықтап, ерекше шаттық сыйлады. Талықсып жатып, ес-түстен айырылды. Тек ес-түстен емес, өзінің балалығымен де қоштасып еді сол кеште. «Сені сүйемін, көр де тұр, әйелдікке аламын, шын сөзім», – деп ант-су ішкен бейтаныс қызды үйіне жеткізіп салып, қош айтысты.

Бұл жолы жағымсыз түс көрген Ақжан түнімен ұйықтай алмай шықты. Таңның атқанын тағатсыздана күтумен болды. Телефонына қайта-қайта жалтақтайды. Қоңырау да, хат та жоқ. Күні көңілсіз басталды. Әлгі бейтаныс жер жұтып кеткендей ғайып болды. Тіпті, пәтерге де іздеп барды. Сөйтсе, ол үй күндікке беріледі екен. Алданғанын енді ұққан оның жүзін еріксіз жас жуды.

Ақжанның өмірі мүлде өзгеріп кетті. Түнімен жастығы малмандай су болып шығады. Күні көңілсіз өтеді. Ал әлгі бейтаныс бейнесі көз алдынан кетер емес. Құдды бір жерден шыға келетіндей.

Арада біраз уақыт өтті. Ақжан автобусқа отырып, сабағына бет алды. Соңғы орынға барып жайғасса, қарама-қарсы орындықта бейтаныс жігіттің өзі отыр. Бейтаныс автобустан түсіп кетті. Ақжан сол сәтте ең әлсіз, ең қорғансыз сезінді өзін. Автобустан сыртқа көз салып еді, бәрі бұрынғыша, сол көше, сол көлік, сол адамдар. Өзгермеген. Өзгерген өзі...

Мәулен ӘНЕРБАЙ