ҮШЕУІНЕ ДЕ ЕЛБАСЫНЫҢ ЕСІМІН ҚОЙДЫ

Уақыты: 30.11.2018
Оқылды: 1418
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ескі теледидардың экраны күйіп кетсе де ертелі-кеш үні өшпейтін. Басқа арнаға ауыстыратын сау тетігі қалмағанымен жаңалыққұмар әжем баяғы әдетінше бояу қарындаштың ұшымен ырқына көндіреді. Әбден кетеуі кеткен құрылғы сол мезетте сөйлеп қоя береді. Арғы жақтан құмыға жеткен шыңылтыр дауысқа құлағын тосып, мал өрістен келгенше әңгімеге арқау болар ақпараттарға қанығады.

Ауылдың ақсақалы мен қарасақалының бастары қосыла қалса болды елдегі жағдайды електен өткізетін әдеті. Бірі жоғарыдағыларды сыбап алса, бірі төмендегілердің тәубесінің азайғанын бетке басады. Саясаттың иісі мұрнына бармайтындар ғой баяғы. Олар сол күндегі тапқанын күйттеп әлек. Танымы таязы беталбаты пікір айтса әжемнің қағып тастайтыны бар. «Өздерің газет-журнал оқымайсыңдар, немкеттімен айтылған негізсіз дақпырттарың елді дүрліктіреді», – деп шамданады келіп. Елбасын мысалға алып, жиналған жастарға үлгі етеді. Ел тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері алға басқан әрбір баспалдағына жеке-жеке тоқталып алады. Елдегі елең етер жаңалық сол кісінің аузында. Тіпті, кейбірі бірдеңеден құр қалатындай үйдегі шаруасын тастап, сол жаққа асығады. Құдды арпа-бидайды тегін таратып жатқандай. Тамдай төбенің етегін толтырған тұрғындардың қой жайылымнан қайтар уақытта сәні кіреді. Оған дейін балалардың шуынан басқасы білінбейді, құлаққа ұрған танадай тып-тыныш қалыпта. 
Әлгінде әжемнің жақсы дүниеге әуестігін айттым ғой. Ол кісі отырған жердің бәрі думан. Көргені, көңілге түйгені көп болған соң ба барлығы дерлік құрметтейді. Тіпті, арғы көшенің балалары менімен достығын бұлдап, біздің үйге келіп ойнайтыны бар. Онысы доп қуалай жүріп, әжемнің сарқылмас ақылынан сусындап қайту. Әке-шешесінің тапсырмасы солай болуы керек. Әйтеуір, әжемді айналшықтап шықпайды. Кейде қызғанып та қаламын. Байлығымнан айырылып қалатындай, жанына жолатпауға тырысамын өзімше. Алайда олардың бұл әрекеті: «Қасыңда жүрген жанды қадірлей біл», – деген сыңайлы көрінеді маған.
Айтпақшы, апам имамға азан шақыртып, атын қойған үш бала бар ауылда. Қай ата-ана болсын өз шаңырағында сәби дүниеге келгенде оған ең жақсы есімді қоюға тырысады ғой. Негізінен, жаңа туған сәбиге есім таңдауға қазақтан дана, қазақтан шебер халық жоқ. Әжем Елбасындай болсын деген тілек-ниетте үшеуінің де есімін Нұрсұлтан атапты. Өзі үнемі аузынан тастамайтын тұлғаның бедел-биігін бермесе де ұлтқа деген жанашырлығы дарыса дейді бойларына. Онысы  жөн, қазіргі жастарға ауадай қажет қасиет сол.
Қасиет дегеннен шығады, бұл есімде бір құт бардай шынында. Биыл мектеп табалдырығын аттаған балдырғандардың барлығы дерлік өнерлі. Ғалымдардың адам есімінің оның өміріне ықпалы айрықша дейтіні рас-ау. Сәбилерді неғұрлым көркем есімдермен атаған сайын баланың тұла бойы соған сәйкес көркемделе түседі екен.
Бір сыныпта оқитын үш Нұрсұлтанның білімге құштарлығы қыранның көкке ғашықтығындай. Қашан көрсең қатарластарынан бір саты ілгері жүреді. Бірі – өзі оқитын білім ошағының маңдайалды әншісі. Тамылжытып әнге салғанда бойың балқиды. Кіп-кішкентай баланың осындай зор дауысқа ие болуының бір құпиясы бардай. Таңғаласың  да қоясың. Екіншісі – көркемсөз оқуларының шебері. Абай атамыздың қара сөздерін жатқа айтқанда, жанарында жалын ойнап тұрады. Бұғанасы толық қатпай жатып 50 беттік жауһар дүниені санасына сіңіріп алғаны үлкен ерлікпен пара-пар емес пе?! Қазір мағынасын толық түсінбесе де есейе келе танымына рухани азық болары сөзсіз. Ал ең соңғысы мүлде бөлек. Бояудың сырын туа меңгергендей. «Бала суретші» деп айдар тағып қойыпты ұстаздары. Қылқаламды ақ қағазда ойнатқанда бәйге аттарындай алысқа шабады. Соған сай салған суреттері де жанды. Баланың қолынан шыққан затқа ұқсамайды. Кескінге қарап отырып, демалып қаласың. 
Шопанның балаларының дарынды болуының басты себебі, арқалаған есімдерінің ерекшелігінде жатқандай көрінеді көзге. Әжем де солай топшылайды. Қазақ елінің осындай мамыражай тірлік кешуіне мұрындық болған тұлғаның сәулесі түскендей. Жақында сыныптастарымен бірге Астанаға барып келіпті. «Бәйтеректің» төбесіне шығып, асқақ армандарын бірінен соң бірі жарыса айтса керек. Оны  артынан жетекшілеріне баяндап та беріпті. Қызығы сол, үш Нұрсұлтанның бала тілегі мұғалімнің көзіне жас үйірген. Оң мен солын ажырата алмайтын балапандардың ойының ұшқырлығын көрмейсің бе?! Алақандай ғана ауылын әлемге танытпақ ниетте екен. Сосын жетімдіктің қамытын киіп, оқудан қалып қалған достарының білім алуына жағдай жасау. 
Иә, сенбейсің. Қаршадай болып алып, қиырға көз тастайтыны бүлдіршіннің ісі еместей. Десе де бала Нұрсұлтандардың дана Нұрсұлтанға айналмасына кім кепіл?! Қазақ ақыны Мұхтар Шахановтың «Армандар» атты балладасында ауылдан шыққан қос жігіттің халқына көрсеткен жақсылығын жеткізетіні бар. Сонда мағынасы терең мына шумақтармен түйінделеді өлең:
Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін ғаламда, 
Үлкен арман керек екен адамға.
Рас, қазақ арманшыл халық қой.

Әжеме бұл балалардың атын қою бұйырғанда ойланбастан Нұрсұлтан деп атауы тегіннен-тегін емес. Ішінде сол кісіге ұқсап бақсын деген мақсат-мұраты болғаны даусыз. Міне, бүгін бала Нұрсұлтандар сол көз жетпес арманға жол салып келе жатқандай. Жасынан зеректігімен танылып, текті елдің ұрпағы екенін дәлелдеп жүр. Содан да болар, қойын өрістен күткен қарашаның айтар әңгімесі – үшеуінің ерлігі. Кезек-кезек мақтайды. «Әкелері қойдың соңында, ал балалары білімнің соңында жүр» деп қалжыңдайтыны бар ауылдас құрдастарының. 
Ал мен болсам, әжемнің көрегендігіне таңғалумен келемін әлі. Енді көршінің әйелі босанса оның да баласының есімін Нұрсұлтан қоятын шығар.

Мұхтар КҮМІСБЕК