Қуат ҚАЙРАНБАЕВ: "ЖАҚСЫЛАРҒА ЖҰЛЫП БЕРДІМ ЖҮРЕКТІ"

Уақыты: 04.01.2019
Оқылды: 1497
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Темірқазық

(Абайға арнау)

Тірлік үшін тірестің,

шындық үшін күрестің.

Алты Алаштың арманын жібек етіп жыр естің.

Жартас сынды жардағы жаңғырықты қайтсін ел,

Қараңғыда тас түнек аңдамады мұны ешкім.

Жамандықтан жасқатып,

қауіптерден  қалқалап,

Жұртың үшін жасадың жау қайтарар нар талап.

Зар заманда тудың да зарын айттың қазақтың,

Өттің солай өмірден дәуір жүгін арқалап.

 

Келтірем деп келеге қарыштаған жұрт үнін,

Тартты білем тірліктен ішің қайғы, сыртың мұң,

Қаймананың қамын жеп, қара сөзден қорған сап,

Ұятына айналдың соры қалың жұртыңнын.

 

Пенделерге беймәлім Тәңірінің жолдары,

Дәулетіне әулеттің көңілің неге толмады?!

Оятам деп күрескен ұйқыдағы ұрпағын,

Семсер сөздің саңлағы,

Ойлы жырдың оғланы.

 

Байлық, мансап дегенді тәрк етіп қалауың,

Аңсап едің еліңе өнер, білім тарауын.

Жығылмасын дедің де жалғыз-жарым көтердің,

Ақиқаттың ақ туын,

Әділдіктің жалауын.

 

Сағым етіп кетпедің сар даланың елесін,

Қайрат қылдың жарам деп қараңғылық көбесін.

Ұлы Ибрагим, ұлы Абай, Пайғамбар да атанып,

Санасында ұлтыңнын тұлғаланып келесің.

 

Өрнекті өлең, ойлы сөз тірлігіңнін бар мәні,

Артты солай өмірдің арға түсер  салмағы,

Көлеңкесі уақыттың, шаң-тозаңы дәуірдің,

Дараланған тұлғаңды көлеңкелей алмады.

 

«Абай...» – деді айналаң,

Абайласын деді ме?!

Айсыз түнде адаспай, қарайласын деді ме?!

Абайсызда жар баспай, жол көрсетіп еліне ,

Абай деген жұлдыз боп шықты қазақ көгіне

 

Азаттықты тәу еттім,

алас бүгін қораш күн,

Алты құрлық құлақ сап, алыптармен жарастым.

Ал ұлы  Абай бүгін де темірқазық сияқты,

Жол көрсетіп әлі тұр аспанында Алаштың!!!

 

Ұлы бесін

Ұлы бесін,

келдің бе, ұлы бесін,

Бесін келді деп неге түңілесің?!

Бұл бесінге өкпе айтып жүргенімде,

Соңыра кеп алмасын іңір өшін.

 

Ей, бесін,

келіп қалдың қай тұсымнан,

Астың ба алынбастай қайқы шыңнан?

Алпысты тал-түс қана деп білетін,

Не алайын деп едің байқұсыңнан?!

 

Беу, заман,

тағдыр қосқан ғасырым ең,

(Демеймін көкті тіліп, жасын ілем...)

Берекелі бір ісім бітпеді әлі,

Ей, бесін,

неге сонша асығып ең?!

 

Жүргенде тылсым дүние көшіне еріп,

Бұл заман тайраңдайды төсін керіп.

Сәскенің салтанатын қимай жүрсем,

Төріме жатып алды-ау бесін келіп.

 

Суындай шыңыраудың шөлге қойған,

Саз көрем сартап күні келген ойдан.

Іңірде ірі істерге бара алам ба,

Бесінде тимесе егер елге пайдам?!

 

Білмеймін,

кештім бе әлде бақыт кенен,

Әйтеуір өткен күннен жақұт терем.

Бел буып боз кілемге шықпасам да,

Отырмын жағаласып уақытпенен.

 

Ұлы бесін,

төрге шық, ұлы бесін,

Не шығар түңілгенмен күніге шын?

Бекерге жетемін деп жүгіресің,

Уақыттың кім тоқтатқан ұлы көшін?!

 

Елден келген хатқа

Жазылып мекенжайы,

нақ дерегі,

Ел жақтан мейрам сайын хат келеді.

Ақжарма ақтарылған тілектермен,

Лебізін туған жердің ап келеді.

 

Басылған бұрыштама,

мөріменен,

Осындай ақ тілекке шөлігер ем.

Жан едім арман қуып жырақ кеткен,

Туған жер шығарам деп төріне өлең.

 

Бойыма құйып берсе халқым нәрін,

Биіктен бекер болар тартынғаным.

Бұл хаттар еске салып ерке Ақсуды,

Балқаштың төске ұрады толқындарын.

 

Аршыған көкейдегі көмескі ойды,

Бұл хаттар өзге хатпен теңеспейді.

Матайдың бұйрат-бұйрат құмы болып,

Жазығы Егінсудың елестейді.

 

Қапалдың шыңдарына шыңдап арман,

Тылсымын табу үшін құмға барғам.

Хат болып сыбырлайды құлағыма,

Бір үн кеп сылқ-сылқ күлген жылғалардан.

 

Сағым боп қонса бірде сыр ақтарған,

Бәйшешек бүр жаратын қыраттардан.

Белесті енді бірде әкеледі,

Әкем мен анам барып жырақ қонған.

 

Дей ме екен,

бойың пәстеу, ойың балғын,

Қалада ұға бермес жайыңды әркім.

Бұл хаттар сырластырар рухыменен,

Ілияс, Ақын Сара, Сайындардың.

 

Жазылып мекенжайы,

нақ дерегі,

Ауданнан мейрам сайын хат келеді.

Туған жердің Құрметті азаматы,

Екеніңді есіңе сап береді,

Хатпен бірге көңілге бақ та енеді!

****

Керек кезде,

керек жерде тумадым,

Арпалысып атақ-мансап қумадым.

Айды алам деп қол созбадым аспанға,

Жырдан таптың бұл дүниенің думанын.

 

Көппен бірге, жаймен өтіп жас шағым

Бөлектеніп, шығармадым  асқақ үн,

Санаулының қатарында жүргем жоқ,

Сәйгүлікті тақымыма баспадым.

 

Жылпостармен жалғастырып жең ұшын,

Айла іздемей,  жырмен болды көп ісім.

Кесірлінің су құймадым қолына,

Керенаудың кигізбедім кебісін.

 

Тәубеменен қарсы ап әрбір ақ таңын,

Тағдырыма зар-мұңымды шақпадым.

Бірде озып, бір қалса да жүйрігім,

Шын тұлпардың шаужайынан қақпадым.

 

Терең бе еді, таяз ба еді талғамым,

Көп болды ма бергенімнен алғаным?!

Жақсыларға жұлып бердім жүректі,

Ардың ісін саудаға әкеп салмадым.

 

Болсам деумен тау тұлғалы, өр үнді

Шығармадым шымбайдағы шерімді.

Биліктінің билемедім алдында,

Білектіге бүккенім жоқ белімді.

 

Бақ-талайдың сүрлеуі көп, жолы мың...

Сан сүрініп,

тайды талай тобығым.

Тайталаспен өтіп жатыр тірлігім,

Қоңыр тірлік,

қоңыр әуен,

қоңыр үн.

 

Өміріме өзек болып өлеңім,

Өз халімше жырдан маржан теремін...

... Керек кезде, керек жерде туғанның,

Айтқандарын орындаумен келемін!!!

 

Майқы би

(Жанат Ахмадиге)

Таптатпай,

тайталасқан табанға арын,

Беу, дүние, естимісің заман зарын?

Боздаған бауырымдап  боздақтарым,

Боз қырау ғұмыр кешкен қағандарым.

 

Түтетіп ошақ отын бүгінгі өшкен,

Аналар тірлік кешкен түңілместен.

Сүйеніп найзасына шырымын ап,

Бабалар ат үстінде ғұмыр кешкен.

 

Өсіріп өмір гүлін солып кеткен,

Қайғыдан қайсарлығы болыпты өктем.

Қамшыдай қайрылатын қысқа өмірі,

Жарының құшағы емес, жорықта өткен

 

Соққанда ызғар келіп сүмбіледен,

Дүрбелең дүниенің дүбірі енген.

Асан боп жер ұйығын талмай іздеп,

Қорқыттың қобызы боп күңіренген.

 

Назардан оқшау қалмай назы көптің,

Қаймана қазағыңа базына еттің.

Әкелдің Әйтеке мен Төле бидің,

Өр рухын Қаз дауысты Қазыбектің!

 

Кешірмей көп ішінде қалтарыс күн,

Арманын ашық айттың алты арыстың.

Жонында ұлы дала жоңғарменен,

Қабанбай, Бөгенбай боп арпалыстың.

 

Дәл сіздей сөз сөйлейді арындап кім?

Күн кештің түйе қомы, жалында аттың.

Ертеңгі асыңды ішіп Абылаймен,

Ежен хан  қонақасы дәмін таттың.

 

Азаттық!

Әр ел үшін дара міндет,

Жұртыңа кейін қалған қарадың көп,

Әкбар, Сейіт бастаған дүбірге ердің,

Қытайдан еркіндікті аламын деп!

 

Байрағын желкілдетіп көк түріктің,

Зар-мұңын қазағыңнын өткір ұқтың.

Айналған қоламтаға ана тілге,

Алаулап жану үшін от бүріктің.

 

Сіз жайлы қанбас білем айту иі.

Келмесе кешірерсіз  қай қиюы.

Қазақтың қара сөзін аспандатқан,

Аман жүр қазіргінің Майқы биі!

 

Анадолы – ана жұрт

Ышқынды мотор,

самғады ұшақ аспанға,

Қиялым менің самғаудан сірә қашқан ба?!

Алты ақ сағатта Анталияға кеп қондық,

Толқыды көңіл ана жұртқа аяқ басқанда.

 

Желегі жасыл,

жері де бәлкім құнарлы,

Талдары таңсың, бойлары биік шынарлы.

Теңізде жүзіп, тегін сусынмен шөл басып,

Арылып ойдан, бассам бір деп ем құмарды.

 

Талай шайырдың ұйқысын түнгі ұрлаған,

Түк болмағандай түксие қарап тұр ғалам

Атанбай тұрып түріктер үшін ана жұрт,

Бұл жерде шіркін, кімдер кеп дәурен құрмаған?!

 

Көз салып көрсең көне тарихқа кешегі,

Әркімнің бопты жұмақ өңірге есебі.

Әмірі жүрген әлемнің жарты жеріне,

Рим өркениеті өз ізін салған деседі.

 

Константин патша әкеліп мұнда қауымын,

Жақындай алмай жұтқан деседі жауы мұң.

Тек көшпенділердің самсаған қолы тауысты,

Мың жыл өрлеген Византияның дәуірін!

 

Жорық жасаған құт қоныс іздеп жат маңға,

Бұл әлем қалған қыпшақтан, ғұннан, сақтан да.

Папасы Римнің нан мен тұз алып қарсы алған,

Еділ қағаным қақпасын келіп қаққанда!

 

Империялардың сынғанын қалай сағының,

Білсін де, содан жастарым алсын тағылым.

Батыс пен шығыс қусырып қолын, бас иген,

Орындап тұрған түріктер айтқан әмірін.

 

Қайқы қылыштың қахары жауға батқанда,

Көшпенді жұрттым наз айтты талай ақ таңға.

Константинополь Истамбұл болып атанып,

Түгел түрік үшін айналып еді мақтанға!

 

Түріктің ұлы қайсар  мінезді, ержүрек,

Анадолыда жалауы көкте желбіреп.

Қарсы алды бізді жайдары тартып қабағы,

Баба жұртымнан туысқан-бауыр келді деп.

 

Намысым сонда қалмақшы  қалай тапталып,

Ана жұрт екен түрікке болған ақ мамық.

Анадолыны аралап келіп марқайдым,

Тойғаным емес, болғаным үшін шаттанып!!!

 

Қалқам, мені тұсама...

Қалқам,

білем, ұнамайды тым ісім,

Көкейіңе қонақтамай жүрісім.

Төңіректеп, кетпе дейсің қазықтан,

Тұсаулы аттай мұндай күнім құрысын.

 

Өмір жолы бұралаң жол,

құзы мың,

Миымда жүр мың сан ойлар, жүз ұғым.

Шығамын деп еркіндікке тулайды,

Бұзамын деп шектеу-шеңбер сызығын.

 

Өтінемін,

өрісімді шектеме?!

Азғана бір думан көрсем көп деме.

Ақын үшін кісен деген тажал ғой,

Жіберме оған,

Қисаң-дағы өкпеге...

 

Босат бір кез кетсін десең шер мүлде,

Ойсыз тірлік, опа болған төр кімге?

Бауыр жазып шабыт барда шабайын,

Байлаулы аттың бәйге алғанын көрдің бе?!

 

Оқпандары аз ба өмірдің жолдағы,

Ғұмыр-өлең – тіршіліктің сол мәні.

Басым үні қырда жүрген қарғаның,

Булығады бұлбұл үні тордағы!

 

Қалқам,

менің аяғымды тұсама,

Томағалы қыран көкке ұша ма?!

Көк дөнені еркін желсін көңілдің,

Салынбасын сері жүрек құсаға.

 

Кейімегін,

тимеді деп түк пайда,

Маған бөтен тірлік кешу бұқпайлап.

Тау мен тасқа тисін қасқа маңдайым,

Нағыз өлең ширыққанда шықпай ма?!

 

Шабытыма қамшы салып күй-ана,

Хас қыранша қалықтайын қияда.

Сосын...

сосын жылу іздеп өзіңнен,

Асығайын жеткенімше ұяға.

Осы болсын пәтуәміз, иә ма?!

 

Бір сезім

Ән бе едің әлдилеген,

өлең бе едің?!

Әйтеуір өзіңді аңсап елеңдедім.

Білсең ғой жүрегіме шаттық орнап,

Бір сен деп нала-мұңға бөленгенін.

 

Жыр ма едің,

мен жазбаған жырақтағы,

Кәусәр ма ең жалғасатын бұлаққа әні?

Жанымның тыныштығын талқан етіп,

Көңілде беймаза күй тұрақтады.

 

Сағым ба ең,

әлде мендік қиял ма едің,

Кеудеме керімсалдың құяр лебін?

Ғайыптың ғажайыбы болсаң, шіркін,

Жүректен тамған жасты тияр ма едім?!

 

Жолыққан жаппар күннің жалғанымен,

Сен менің орындалмас арманым ба ең?

Сенделіп сезімімде шарқ ұратын,

Жан ба едім жаны жұтаң, талғамы кем?!

 

Дақ па едің дара түскен жүректегі,

Ойламай өзің жайлы күн өтпеді.

Кеудеме кіріп алған керенау мұң,

Гүл еккені белгісіз,

Күл еткені.

 

Сол бір мұң кеуде тұсты сыздатады,

Япырмай,

құлата ма құзға тағы?!

Сезімнің жанартауы атылғанда,

Миымның қатпарына мұз қатады.

 

Бір суып,

бір күйемін сағыныштан,

Қайтемін бұл жүректі алып ұшқан?

Өзге бір терезеден жарық іздеп,

Бәлкім мен жан болармын жаңылысқан?!

 

Деуші едім,

бәрі өмірде көнереді,

Ғайыптан  бір сезім кеп себеледі.

Тұңғиық тылсымыңа тастай салып,

Әуреге салып қойдың неге мені?!

 

Сағынам мен сені

Кеш түсті, түн болды,

тағы атты жарық күн,

Таңменен таласып несіне қамықтым.

Жүрегім сыздайды, бұйығып бір сезім,

Себебі өзіңді сағынып қалыппын!

 

Сағыныш дегеннің бірі сор,

бірі бақ,

Сағынам мен сені кеткенде тым ұзап.

Япырай, қайтейін, сағынам мен сені,

Сағынып жолығып, қоштасып тұрып ақ!

 

Көктем бе, жаз ба екен?

болсыншы күз мейлі,

Көңілім өзіңнен күдерін үзбейді.

Жүректің  төрінен әз бейнең қол бұлғап,

Жанарым жер-көктен өзіңді іздейді.

 

Қуанған кезімде сағынам мен сені,

Қиналған сәттері мұң басып еңсені.

Өңімде, түсімде мәңгілік біргесің,

Сағыныш екен-ау сезімнің өлшемі!

 

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі