ҚАМҚОР АҒА, АДАЛ ДОС

Уақыты: 12.01.2019
Оқылды: 1980
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Уақытты уысыңда ұстап тұра алмайсың. Бірақ, сол уақытпен ұштаса білген адам ғана осынау өмірде жетістіктерге жете алады. Сондай жандардың бірі әрі бірегейі – облыстық жергілікті агроөнеркәсіп кешені және мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Тастан ТОҚСЕЙІТҰЛЫ. Ол өзім деген жанның бәріне өзегін жұлып беруге дайын қамқор аға, адал дос. Өз өмірінде тек ақ сөйлеп, адал жүретіндердің жанынан табылуға ұмтылған жан. Бүгін осы жақсы адам туралы аз-кем әңгіме өрбітсем деймін.

Мен еңбек жолымды қарапайым мұғалімдіктен бастап, жетекшілік саладағы талай қызметті атқардым. Осынау қызығы мен қиындығы қатар өрілетін ұзақ жолда елге белгілі көптеген тұлғамен қызметтес, дәмдес-тұздас болдым. Жақсы-жайсаңдармен иық түйістіре  жүріп, соларға қарап ойымызды, бойымызды түзеп, өнеге алдық, өстік, жетілдік, мол тәжірибе жинадық. 
Міне, осындай тең тұстастардан оқ бойы озық тұрған, білімді де білікті басшы, өресі биік ағаларымның бірі һәм бірегейі Тастан Тоқсейітұлы.  Басшы болса қосшысына әділ, қосшы болса басшысына адал. Мен 2013 жылғы қарашада «Алматы облыстық жергілікті агроөнеркәсіп кешені және мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары болып жаңа қызметке келдім. Өзіме бейтаныс ортада алдымен Тастан Тоқсейітұлы қарсы алды. «Жылқы кісінескенше, адам тілдескенше» деген бар ғой. 
Тастан аға алғашқы күні-ақ тапсырылған істі бұлжытпай орындау, оның нәтижесін бірден шығару туралы айтты.  Өзіме қатысты біздің бірлестікке кіретін кәсіподақ жетекшілерімен жеке-жеке танысып, кәсіподақ ұйымдарының бүгінгі тыныс-тіршілігін бұрынғыдан да тереңдей біліп, жетік меңгере бастадым. 
Тастан аға әзірленген әрбір құжатты асықпай, аса ыждахаттылықпен оқып шығады. Содан соң көңілі толмайтын жері болса, біздің көңілімізге тигізіп алмайын дегендей ақырын ғана: «Мына тұсты былай жазса дұрыс болатын шығар», – деп бағыт-бағдар көрсетеді. Ал келесі жолы сын-ескертпе алмас үшін Ләззат, Меруерт үшеуміз әбден дайындалатын болдық. Алдына апарған папкамызды мұқият қарап шығып, қолымызға ұстатып «вперед» десе, қуанып, балаша мәз боламыз. Онысы – «бір мін жоқ, бәрі дұрыс» дегені. 
Тастан Тоқсейітұлы кәсіподақ төрағаларына ешкіммен  бет жыртыспай, ауызбірлікте жұмыс істеу керектігін ескертті. Ең негізгі мәселе, еңбеккерлердің өзекті деген түйінді мәселесін  айғай-шусыз шешуді басты мақсат етеді. Ал кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасында келісімшарт болса, ешқандай дау-дамай туындамайтындығы анық.
Иә, біздің жұмыста ешқашан өрескел әрекет болған емес. Себебі, біздің басшымыз, Кеңес одағы тұсындағы небір бұралаң жолдан өтіп, шыңдалған Тастан аға!  Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар татқан Тастандай ағалар барда өзіңнің де өмірге деген құштарлығың еселене түсіп, сенімің артады. Ел басқару оңай шаруа емес, ешқашан өздігінен келмейді.  Кешегі ауыл баласы жастайынан алғыр, ізденімпаздығымен қияндағы қияға қыранша көтерілгені анық.
Тастан ағаның шешесі 13 құрсақ көтерген. Бірақ, өзіне дейінгі баланың бәрі шетінеп кете беріпті. 1939 жылдың қаһарына мінген қаңтарында Тастан сәби туғанда былдырлаған бала тілін қызықтауға зар болып жүрген әке-шеше осы ұлдың жаны тастан болсын, алдағы өмірінде мұқалмасын, сынбасын деп Тастан атапты. Әсілі, қазақтың сәби есімін атауға мән беруінің сыры осындайда. Аллаға шүкір, бүгінде Тастан ағамыз 80-нің сеңгіріне шығыпты. 
Кіндік қаны тамған жер – қазіргі Түркістан облысының Сарыағаш ауданы.  Оның ішінде ұядай жылы Мәдениет ауылында туған. Әкесі Тоқсейіт он үшінде жетім қалған.  Олар бір құрсақтан төртеу еді.  Бексейіт деген інісін, ол тұста жоқ-жітік, қарапайым малшыны кім аясын, қой бағып жүрген жерінде байлар ұрып өлтіріпті.  Тоқсейіт шал ешқандай оқу оқымаған, бірақ, зеректігімен, көкірек көзінің ояулығымен атағы қыр асқан. Сонау алыста қалған 30-шы, яғни ұжымдастыру басталған жылдары ұйымдастырушылық қабілетімен, үнемі қалың қарашаның қамын ойлап жүретін адамдық қасиетімен ол көптің ұсыныс-тілегі бойынша ұжымшар төрағасы болып сайланады. Иә, көптің көзі көреген, өзіне шын жанашыр перзентін халықтың өзі таңдаған. Сөйтіп, көшелі ақсақал дипломсыз-ақ 35 жыл ұжымшар басқарған. 
Сөйтіп, Тастан Тоқсейітұлының әкеден түйгені, бойына жиғаны көп. Ал шешесі Несібелі өмір бойына ұжымшардың қара жұмысын істеген жан. «Өзі бір қалақтай ғана елгезек жан болыпты. Бір дамыл таппай тыпыр-тыпыр етіп жүре беруші еді марқұм», – дейді Тастан аға. Оның бүгінгі күндей әлі көз алдында кілең жетім-жесір, пана іздеген ағайын-туыс, барар жері, басар тауы жоқ алыс жегжат-жұрағатқа дейін, бәрі-бәрі Тоқсейіт ақсақалдың үйінде жүретін. Шүйкедей, бірақ аса қайратты, мұқалуды білмейтін шешесі бір қабақ шытпай күніге он үш-он бес шақты адамға қазан көтеретін. Жалыны күшті күйіп тұрған ыстық ошақтың түбінде жүріп таба-таба нан пісіретін. Сөйткен шешесінің бір қыңқ деп дыбыс шығарғанын естіген  емес. Ауырдым деп жатып алғанын  көрмепті. Иә, ол кездің шешелері аяғын созып, бойын жазып  ұйықтай алмайтын. Тек көз шырымын ғана алатын. Содан кейін өздерін күтіп тұрған сан тірліктің тұтқасына жармасып кете беретін. Сөйтіп жүріп бәріне үлгерді. Таңғы бесте тұрып, маздатып отын да жағады. Сүтін  пісіріп,  диірменін айналдырып, талқанын да тартып қоятын. Шайын қойып, үйдегілерді  оятатын. Бәрінің ас-суын беретін.  Тастан өсіп-өнген Тоқсейіт қарттың қара шаңырағынан сол жылдары ағайындас болып келетін жеті-сегіз жігіт үй болып кетті. Шешесі марқұм алаламай бәріне  бір-бірден көрпе-төсек, ыдыс-аяқ бөліп беріп, шығарып салып отырды. Сондай кеңдік, пейіл-ниет қазір бар ма екен десеңізші?!
Соғыстан кейінгі тұралаған тұрмыс. Шешесі таңертең таба нанның тең жартысын бөліп, қолдан тігілген шүберек қолқоржынның бір бүйіріне томпайтып салып беретін. Сосын құшағына сарыала қауынды ұстатады. Жолда балалар үйден алып шыққан қауындарын қозамаяның арасына тығып кетеді. Ол кезде қазіргідей асхана қайдан болсын, сабақтан қарны шұрылдап шыққан қара домалақтар қайтар жолда әлгі қауын тыққан жерге аялдап, аузы-басын шырыш-шырыш қылып қауынның дәмді суын ағызып, қарбыта жейтін. Сөйтіп жүріп олар білім деген ұлы көштен қалмауға тырысты.  
Тастан Тоқсейітұлы Алматы ауылшаруашылық институтының инженер-механик дайындайтын факультетіне емтихансыз қабылданған. Институт қабырғасынан кейін жолдамамен кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін сайдың тасындай жиырма шақты жас жігіт Шығыс Қазақстан облысының жиырма өңіріне бөлінген. Бойындағы күш-қуаты тасып тұрған Тастанды қалың орыс мекендеген «Красноалтайский» кеңшарының дәм-тұзы тартып тұр екен.  Сол жаққа жол тартты. 
Жас маман жұмысқа білек сыбана, жанын сала кірісіп кетті. Содан екі ай слесарь болып істеді. Бір күні кабинетке келсін деп директор шақыртып жіберіпті. «Бірдеңем жақпай қалды ма? Қатардағы жұмысшымын, мені неге шақыртты екен?»  деп көңіліне алаң енгені рас.
– Көпшілік сені әр ісін тыңғылықты істейтін орнықты жігіт деп отыр. Аз уақыт ішінде жақсы қырыңнан көзге түсіп үлгердің, бізге шын мәнінде адал жұмыс істейтін сен сияқты жігіттер керек. Бүгіннен бастап бөлімшеге механик болып барасың, – деді директор Дмитрий Иванович. Басшы айтты, бітті. 
Тастан Тоқсейітұлы облыстың бірнеше ауданында лауазымды қызметтер атқарды. Оның іскерлігі мен қызметтегі шебер ұйымдастырушы екендігін облыс басшылары жоғары бағалаған. 
Білімі мен өмір тәжірибесін молынан жинақтаған Тастан аға аудандарды басқарған кезде көптеген игілікті істі жүзеге асырды.  Олардың экономикалық және әлеуметтік дамуына зор үлес қосты. Мәселен, шалғай жатқан, құрылғанына аз уақыт болған Күрті ауданында суармалы жердің аумағын ұлғайтып, дақылдардың өнімін көбейтіп, шаруашылықтың жағдайын жақсартты. Жарты миллионнан астам қойы бар Нарынқол ауданында ол барлық мекеме, жалпы халықтың күшін салып, көптеген мал қоралары мен шопандардың үйлерін тұрғыздыртты. Сөйтіп, мал шаруашылығының күрделі мәселелерін шешті.
Аудандарда шаруашылықтарды аралағанда мамандардың ой-пікірін  тыңдап, жұмыстың жанды мәселелерін анықтап, оның шешу жолдарын белгілеп, іске асырды. Қызмет бабында талапты жоғары қоя отырып, Тастан Тоқсейітұлы жергілікті басшыларға, мамандарға ақыл-ұсыныстарымен бірге нақты көмек көрсетті. Соның арқасында ол әріптестерінің, облыс еңбеккерлерінің арасында  беделге ие болып, құрметке бөленді. Қарапайымдылығы мен қамқорлығы үшін Тастан ағамызды қызметтестері «біздің Тәкең» деп құрметпен атайтын.
Тастан Тоқсейітұлы бала кезінен волейболдан мектептің құрама командасында ойнап, тіпті капитаны да болды. Сексеннің сеңгіріне шығып отырған Тастан Тоқсейітұлы қазір де ара-тұра волейбол ойнауға барып тұрады. 
Адал өмір сүруді басты қағидасы етіп алған Тастан Тоқсейітұлына басшылық қызметтегі шәкірттері: «Аға, біз барда тегін беріліп тұрған қара жерден сіз де ел сияқты алып қалсаңызшы», – деді.  «Жоқ, рахмет көңілдеріңе, арым таза, ұйқым тыныш болсын», – деп бас тартқан. Сондай әкеден тәрбие алған балалары да бүгінде өз күшімен, маңдай терімен еңбек етіп жүр. 
Жақсы мен жаманның бір-бірінен қалмай ілесіп қатар жүретіні, күн мен түннің алмасып тұратыны сияқты мынау дүниеде адам өмірі ешқашан тақтайдай теп-тегіс болмайды. Өмірде жағадан алған жау, етектен тартқан кесір де кездесті. Қасындағылардың ашкөздігі, өтірік-өсегі, сауатсыздығы өзіне таяқ болып тиген кездер  аз болған жоқ. Бірақ ешқашан басшымын деп адам баласына дікіңдеген емес. Мүжілмейтін, жанына сабыр деген досты серік еткен азамат қандай жағдайда да біреудің ар-намысына тиіп ешқашан балағаттамаған. Біреуге тіл тигізіп, қиянат жасаудан сақтанды. 
Жамандыққа жасымады, жақсылыққа мастанбады. Асып-таспады. Бүгінгі күні де сол болмысын жоғалтқан емес. Тәубешіл. Өмірлік ұстанымы: «Қандай жағдайда да рухың әлсіз болмағай, күйремеу керек. Ең жаман деген нәрсенің өзінен жақсылық іздеп тұрған абзал».
Бір көрген жанға түсі суықтау көрінетін асқар тау ағамыздың жаны  жайсаң! Жүрегі үлкен, мейірімді. Немере-шөберелерінің қылықтарын айтқанда екі көзі жанып кетеді. Ағадан үйренер жақсы қасиет аз емес. Әр ісіне, тіпті сөйлеген сөзіне дейін өте тиянақты. Істің адамы. Бос сөзге жаны қас. Орнықты. Жастар ол кісінің жүріс-тұрысының өзінен-ақ үлгі алуына болады. Әрқашан қамқор. 
Сексеннің сеңгіріне көтерілген ағамызға дүниедегі бар жақсылықты тілейміз. Арамызда аман-есен жүре беріңіз. Немере-шөберелеріңіздің есейгенін көріп, олардың үйлену тойларына қатысып, төрінде дәл қазіргідей қуанып отыра беріңіз. Өміріңіз нұрлы, жүзіңіз гүлдей жайнап жүре беріңіз, аға!

Рая ЫДЫРАЛИЕВА,
облыстық жергілікті агроөнеркәсіп кешені және
мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағы  төрағасының орынбасары, 
Алматы облысының Құрметті азаматы