МЕЙІРІМ ШУАҒЫ

Уақыты: 15.01.2019
Оқылды: 2477
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

   Қазақстан Республикасының «Жалпыға бірдей білім беру туралы» Заңына сәйкес мектеп жасындағы оқушыларды оқумен қамту мақсатында  жүргізілетін «Мектепке жол» акциясы аясында «Т. Мұсақұлов атындағы орта мектеп жанындағы мектепке дейінгі шағын орталығымен» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Мейірім шуағы» атты қайырымдылық күні  ұйымдастырылды.

 

   Болашақтың демеушісі, ұлттың жебеушісі, игі істердің себепкері болып жүрген жүрегі мейірімге толы азаматтар игілікті қадам жасап, қаржы шығарып, балалар жүрегіне жылылық ұялатып, болашаққа сенімін арттырып, сыйлық жасап, концерттік бағдарламасын ұсынды.
   «Мейірімділік – махаббат, қайырымдылық, адалдық секілді ақ жүректен шығады» – дейді данышпан Шәкәрім. Өзгенің мұңына  жаны ауырып, қысылғанда қол ұшын беріп, жан жылуын себе білу – екінің бірінің маңдайына жазылмайтын қасиет пе? Өйткені, өзі үшін емес, тіпті отбасына, туған-туыстарына еш қатысы жоқ, қаймана қазақ баласы үшін жүрек жылуы мен мейірім шуағын бөліп, оларға екінің бірі жақсылық жасамайтыны анық.
  «Бақытын да, басқасын да білмеуің, бақытсыз-ақ ойнағаның, күлгенің» демекші, періште көңілді оқушыларымызға сәл де болса демеу болуды мақсат етіп келген азаматтарға мектеп директоры Жандос Исаев алғыс айтып, игі іс жасағандарға зор рахмет білдірді.
   «Мейірім шуағы» акциясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларын толығымен қамтып, мектепке  қиындықсыз келулеріне жағдай жасады. Акция әлі де болса  жалғасын табуда.

Әсел  ТАЛАСБАЕВА,
«Балғын» шағын орталығының аға тәрбиешісі
Тұзкөл ауылы,
Райымбек ауданы