БІРІҢДІ, ҚАЗАҚ, БІРІҢ ДОС...

Уақыты: 20.01.2019
Оқылды: 1824
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Қашқан ойды қаумалап, құрықты сап,
Бір қораға қамадым ұрып, тұсап.
Бірікпеген бастары бәтшағарлар,
Бір-бірімен сонда да қырықпышақ», –
деп жырлапты әдебиет әлемінде ат шалдырып, өзіне тән асқақ тұғыр сайлап кеткен Әбен Дәуренбеков. Зәу биікті қымтаған қою тұманнан жасу іздеп түртінектеген соқыр сәуледей көңіл түкпірінен мынау сақи жалғанның жарығына бір шықсам деген пікір мен ойлар легі де баршылық емес пе?! Оларды әдеби көркемдеп бейнелеуге қасиетті Жетісу топырағында туған Әбен ақынның осы бір өлең жолдары жеткілікті көрінді. Сондықтан да ой қазанын сапыруға сеп болған бірқатар оқиғаны айрықша айтып өтуді жөн санадық.

 

    Иә, оқиға дегенде бәлендей талайлы тағдырлар термеленер, ғажайып әрі шым-шытырық ғұмыр сипатталар дүние емес-ті. Бастан кешкен... ойда қалған жайттар. 
    Бірде халық аяғынан босамайтын саябақтың бір қалтарысындағы жалғызаяқ жолмен келе жатып бебеу қаққан бір әйелді ұшырастырдық. Телефонын құлағына жабыстыра буынсыз тілін безеп отыр. Үйден оңаша шығып, көңіл жақын жамағайынына ақтарыла сыр шертіп отырса керек. Жарғақ құлақты жабарлық қауқар болмаған соң әңгімешіл жаннан алыстағанша біраз жайтқа қанық болып үлгердік. ...Баласы бірнеше жыл бұрын кісі қолынан қаза тауыпты. Қара жамылған ана жан күйзелісінен арыла бастағанда белгісіз бір әумесерлер үйіндегі бар жиғанын үптеп кетіпті. Тағы да көлденең келген кесапаттар бір басына жетіп артылатын сыңайлы. Осының бәрін телефонның ар жағындағы рухани сырласына күйіне қайталап отырған әлгі әйел әңгімесінің ортасында «аса ресми» түрде сөйлей бастады: «Қазақтың жауы – қазақ! Енді не істей аламыз. Кеудеде жан барда бәрін көріп, үнсіз төземіз де...». Әңгіме жүлгесі осы араға келгенде сонадай жерден жалт бұрылып күйінген жанға жанар отын жарқ еткізіп, қайта айналып өз жөнімізді тапқанбыз.
   Өз жөніңе кетпей қай түленнің түртпегіне ермексің. «Айналайын-ау, қазақтың жауы – қазақ», дегеніңізге жөн болсын?! Мұныңыз не? Не айтып отырсыз?» деп шаужайына жармассаң бар ашуын бізден алмасына кім кепіл? Бірақ, сол әйелдің сөзінен кейін осы бір жанға жақпас пікірді жүз мәрте, бәлкім, мың мәрте естіген болармыз. 
   Иә, ести-ести мәтелдей қабылдайтын болдық. Тіпті, жанар отын жарқ еткізіп, реніш білдіруді де ұмыта бастағандаймыз. Бүйте берсек, сол мәнісі жоқ пікірді бір күні біз де сөз қорына қосып алатын жайымыз бар.
Қай кемеңгердің ұраны екенін кім білсін, бұл күні осы бір мәні мен мағынасы жоқ сөз он адамның тоғызының сөз тіркесіне айналған. Сонау қатпар-қатпар тарихқа зер салсаң да, бабалар өмірін көз алдына алып келсең де қазаққа қазақ жау болғанын аңғара алмадық. 
   Хош, қазақтың жауы – қазақ делік. Ал неге солтүстігіміздегі алып империя өкілдері «орыстың жауы – орыс» деп айтпайды? Тарихын оқысаң оспадарлық пен үстемдік, тақ үшін тартыс, қызыл қырғын, орыстың етін орыстың үйткенін көресің. Мәселен, Әбілмәмбет пен Абылай хан заманындағы орыс тағы үшін тартысты алып қаралық. Ресей империясын бірнеше ғасыр билеп келген Романовтардың ақсүйектері бір-бірін алтын тақ үшін өлтіріп, халқын сан мәрте солқылдақ көпірмен жүргізіп отырды емес пе?! Әйелі мен еркегі алма кезек таққа отырып, алтын әулет өз сүйегін өзі кемірді. Сонда неге осы жұрт өз дұшпанын өзім деп атамайды? Ал қазақтың тарихына көз жіберсең тәж бен тақ үшін тартыс болмапты. Тек еңсегей бойлы ер Есім Ташкент билеушісі Тұрсынның басын алса, Барақ сұлтан мен Әбілхайыр ханның арасындағы қантөгіс қана тарихымызда мың жылда бір рет болған оқиға. Содан да болар, «ханның басын хан алар» дейтіні халықтың. Бірақ одан бергі ғасырларда қазақта қандай қанды қырғын болып еді? Кешегі Кеңес заманындағы арыстардың «халық жауы» деген айыппен қынадай қырылып кеткеніне өз ұлтымыздың өкілдері кінәлі ме? Жоқ! Рас, шолақбелсенділер саясаттың құйтырқы ойынына алданып, ел үшін зор іс тындырғандай болып асыл тектілердің бірегейін ұстатқан болуы ықтимал. Алайда күллі неміс халқын оққа таңып берген Гитлердің қанды жорығы, күйрей жеңілуі, қаншама миллион фашистің оққа ұшуы сұрапыл жағдай емес пе? Сонда өз қолымен от көсеген неміс халқы «немістің жауы неміс» деп пе? Негізінен өз ұлтына өзі жау болып, ақыр соңында Еженханның отарына айналып, жер бетінен жойылып кеткен бір ұлт бар, ол – хойт, дүрбіт, чорш, хошут сынды төрт ұлысты жоңғар халқы! 
   Өткенімізге мың мәрте зер салып қарасақ та «қазақтың жауы қазақ» деген сөзге негіз таба алған емеспіз. Арғы-бергі ғасырдағы бабаларымыздың қақтығысы, тақ үшін болған өкпе, барымта-қарымта, жер мен жесір дауы, азамат өлімінің құны үшін болған ит-ыржың, сөз таласы шежіремізде жазылған. Бірақ мұның бәрі біздің халықтан өзгелерде болмаған дегенге кім сенеді? Нақ қазақ халқының басынан өткендей, салт санасына ұқсас жайттар болмаса да бірін-бірі аяқтан шалу, жарға итеру, қанға бөктіру басқа ұлтта да орын алып тұрған-ды. Оны дүние жүзі тарихына зер салған жандар мойындамақ. Осының бәрін ой жүлгесінен өткізген жандар қазақтың жауы қазақ емес, оның кертартпа мінезі екенін аңдап, біздің халық өкілдерінің бойындағы кемшілік өзгелерде де барына иланар еді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.