Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТІЛ БІЛІМІНІҢ ҚАРА НАРЫ

Уақыты: 24.01.2019
Оқылды: 329
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Университетіміздің құрметті профессоры, филология ғылымдарының докторы, профессор,  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі Байынқол Қалиұлы Қалиев жақында 80 жасқа толады. Ол кісінің тіл ғылымымен айналысқанына 55 жыл, біздің университетте қызмет етіп жүргеніне 25 жыл болыпты. Біз оған, әрине, қуаныштымыз. Бірге қызмет істеп, жастарға білім беру ісінің қызығы мен шыжығын бірге көріп келе жатырмыз. Мамандасымызды алда  тұрған қуанышты мерейтойымен шын жүректен құттықтап, ғалымға зор денсаулық, байсалды да парасатты қарттық тілейміз!

Байынқол Қалиұлы академик І. Кеңесбаевтың жетекшілігімен 1967 жылы «Қазақ және қарақалпақ тілдеріндегі қысаң дауысты дыбыстардың редукциясы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды да сол жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының Түсіндірме сөздік бөліміне ғылыми қызметкер болып орналасады. Содан бастап ғалым Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкер (1967-1970), аға ғылыми қызметкер (1970-1986), жетекші ғылыми қызметкер (1986-1990), бас ғылыми қызметкер (1990-1991), бөлім меңгерушісі (1991-1995) болып табан аудармастан  29 жыл еңбек етеді.

1995 жылы Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы Қазақ халық- аралық қатынастар және әлем тілдері университетіне ауысып, алдымен қазақ тілі, содан кейін қазақ және шығыс тілдері кафедрасының, кейіннен қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі болып қызмет істеді. 2002 жылдан бастап қазіргі күнге дейін ол аталған университетте профессорлық қызмет атқарып келеді.

Б. Қалиұлының ғылыми-зерттеу тақырыптарының ауқымы өте кең. Оның басты еңбектері қазақ тіл білімінің фонетика, лексикология, терминология, терминжасам, семасиология, фразеология, лексиколография, орфография, тіл теориясы, тіл мәдениеті, этнолин- гвистика салаларына арналған. Бұл салалардың ішінен, әсіресе, төменгі төрт саланы жеке бөліп атаған жөн. Олар: қазақ тілінің фонетикасы, лексикасы, лексикографиясы, терминологиясы және сөз мағыналары.

Б. Қалиұлы қазақ тілінің фонетика саласы бойынша «Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың редукциясы» атты монография (Алматы, 1984), 20 ғылыми мақала жариялады. Соңғы кезде жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Қазіргі қазақ тілі. Фонетика» оқулығын жарыққа шығарды. (2004, 2006, 2009). Ғалымның қазақ тілінің фонетикасы жөніндегі бұл еңбегін «Қазақ фонетикасына жаңаша көзқарас» деп атауға әбден болады. ¤йткені мұнда қазақ тілінің дыбыстарына деген кеңестік көзқарастың көбісі сөгіліп, ол ұлттық мүдде тұрғысынан сипатталған.

Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының Түсіндірме сөздік бөлімінде қызмет ете жүріп  Б. Қалиұлы «Қазақ тіліндегі өсімдік атаулары» деген тақырыпта өзіндік  зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көп жылдық еңбектің нәтижесінде осы тақырып бойынша 20 шақты ғылыми мақала жазды. Ол мақалаларды жинақтау, қорыту арқылы ғалым 1988 жылы «Қазақ тіліндегі өсімдік атаулары» атты монографиясын (Алматы, «Ғылым» баспасы, 10 б.т.) шығарды. Зерттеу жұмысын ары қарай жалғастырып әрі оны толықтырып, орыс тіліне аударып, 1991 ж. «Названия растений в казахском языке» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.

Бұл еңбегінде Б. Қалиұлы қазақ тіліндегі 5 мыңға жуық қазақша өсімдік атауларына тілдік тұрғыдан талдау жасаған. Онда өсімдік атаулары лексикалық, фразеологиялық, семантикалық, морфологиялық, ономасиологиялық, этимологиялық тұрғыдан сипатталып, жан-жақты зерттелген. Оған қоса әлгі атаулардың тіліміздегі қолданылу аясын, стильдік өрісін, олардың әдеби, жергілікті, кәсіби лексикаларға қатысын айқындаған. Аталған мәселелер ғалымның 1996 жылы шыққан «Лексио-семантическая и морфемологическая структура названия растений в казахском языке» атты орыс тілінде жазылған монографиясында кеңінен сөз болады.

Қазақ тілінің лексикасына байланысты Б. Қалиұлы тек өсімдік атауларын ғана зерттеп қойған жоқ, ол, сонымен бірге, төл сөздер мен кірме сөздерді, әдеби сөздер мен жергілікті сөздерді, жаңа сөздер мен көне сөздерді, кәсіби сөздер мен терминдерді, арнаулы сөздер мен елтаным сөздерді, бейтарап сөздер мен стильдік бояуы бар (сыпайы, тұрпайы, табу, т.б.) сөздерді, сондай-ақ, кісі есімдері мен жер-су атауларын, тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдерді үзбей зерттеп келеді. Нәтижесінде ол «Қазақ тілінің көкейкесті мәселелері» (1997), «Қазақ терминтанымының өзекті мәселелері» (2008) және «Сөзстан» (2009), «Тіл білімінің жаңа бағыттары» (2012), «Қазақ тіл білімінің мәселелері» (2018) деген аттармен мақалалар жинағын, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Қазіргі қазақ тілі. Фонетика. Лексикология» (2004, 2006, 2009, 2011) оқулығын жарыққа шығарды. Кейін осы кітаптың «Қазақ тілінің семантикасы» деген тарауын теориялық-практикалық жақтан толықтыра түсіп, «Сөз мағыналарының негіздері» атты (А. Жылқыбаевамен бірге) екінші кітабын бастырды. Бұл да жоғары оқу орындары филология факультеттерінің студенттеріне арналған оқу құралы еді.

Б. Қалиұлының орасан зор күш жұмсап, өзінің қажыр-қайраты мен күш-жігерін, қуатын сарп етіп, ерекше еңбек сіңірген саласы – сөздік түзу, яғни, қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігін жасауы. Бұл сөздікке Байынқол Қалиұлы авторлардың бірі ретінде әрі осы көлемді еңбектің жауапты редакторы ретінде қатысты. Ол сөздіктің инструкциясынан бастап, оның жасалу ұстанымына дейін айқындауға, оларды жүзеге асыруға белсене атсалысты. Жауапты редактор ретінде Б. Қалиұлы бүкіл 710  баспа табақ сөздіктің қолжазбасын түгелдей редакциялап шығып, оларды баспаға әзірледі; гранка, версткаларын оқып, оның барлық ауыртпалықтарын мойнымен көтерді.

Әрине, ғалымның бұл көрнекті еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 1988 жылы осы сөздіктің авторлар ұжымы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып, лауреаттар атағына ие болған 5 адамның алдыңғы қатарында Б. Қалиұлының да есімі аталады.

Б. Қалиұлы – тіл білімінің теориялық мәселелеріне де еркін барып, бұл салада да қомақты үлес қосып келе жатқан маман. Оған дәлел ретінде ғалымның жалпы тіл біліміне қатысты жазып бастырған оқулықтары мен оқу құралдарын, мақалаларын келтіруге болады. Ол жоғарыда айтылған 3 оқулықтан («Қазақ тілінің фонетикасы», «Қазақ тілінің лексикологиясы», «Сөз мағыналарының негіздері»), одан басқа тағы да 2 оқулықтың, атап айтқанда, «Тіл біліміне кіріспе» (А.,1-басылымы, 1997; 2-басылымы, 2003) және «Жалпы тіл білімі» (А., 1999, 2000, 2004) оқулықтарының авторы.

Байынқол Қалиұлы кейінгі жылдары қазақ тіл білімін дүниетанымдық тұрғыдан зерттеумен айналысып жүр. Бұл тақырыпқа байланысты оның өзіндік ой-пікірлері бұған дейін мақалалар көлемінде әр жерде, әртүрлі деңгейде айтылып, жазылып жүрсе де оны ғылыми-теориялық тұрғыдан тек «Қазақ тіл білімінің ғылыми бейнесі» (2008) мен «Танымдық қазақ тілі» (2009) атты монографияларында (соңғы еңбек С. Исаковамен бірге жазылған) және «Тіл білімінің жаңа бағыттары: концепт, прагматика, дискурс, мәтін» (2012) деген мақалалар жинағында жан-жақты әрі жүйелі түрде толық баяндап шыққан. Ғалым монографияларында дүниенің тілдік бейнесін, тіл мен таным, олардың арақатынасын, танымдық концептілер мен фреймдер, бұл – құрылымдардың тілдегі көрінісін, қазақ тіл білімін, оның терминдері негізінде теориялық тұрғыдан жан-жақты сөз етеді.

Байынқол Қалиұлы – саналы ғұмырын тынымсыз еңбектенумен өткізіп келе жатқан ғалым. Ол өз өмірінің 55 жылын Қазақ КСР Ғылым академиясы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде ғылыми ізденістерімен, ғылыми-ұйымдастыру және педагогтік, оқу-тәрбиелік, қоғамдық жұмыстарымен айналысуға арнап келеді.

Б. Қалиұлы өзінің бір сөзінде: «Әдетте біз «қазақ тілі өте бай деп жатамыз. Менің ойымша, байлық сөздердің санында ғана емес, сөз мағыналарының молдығында», – деген еді. Шындығында да солай екендігі рас. Қазақ тілінің ауызекі сөйлеу тілінде де, көркем әдебиеттер мен публицистикада да сөздер тура мағыналарынан гөрі ауыспалы мағыналарда көп қолданылады. Мүмкін бұл пікір ғалымның «Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігі» (1974-1986), «¤сімдік атауларының түсіндірме сөздігі» (2012), «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (15 томдыққа қосымша) (2014) деген сияқты түсіндірме сөздіктерді көп жасағандығынан туған ой болар.

Қалайда Б. Қалиұлы сөздердің ауыспалы мағыналарына ерекше көңіл аударып, олар туралы жазудан ешқашан жалыққан емес. Оған дәлел –  Л. Жеребаевамен бірігіп жазған «Қазақ тіліндегі тілдік перифраздар» (2011) деген монографиясы. Еңбекте тілімізде бейнелі, образды, экспрессивті, эмоционалды мағынада жиі қолданылатын троптардың түрлеріне, атап айтқанда: метафора, метонимия, синекдоха, эпитет, теңеу, перифраз, плеоназм, эвфемизм, табу деген сияқты құбылыстарға жан-жақты талдау жасайды.

Осы жерде жаңадан жазылып, сиясы әлі кеуіп үлгермеген «Мұқағали тілі сөздігі» (2018) туралы бірауыз сөз айтпай кетуге болмас. Бұл сөздікті Байынқол Қалиұлы шәкірттерімен бірігіп, ұжымдасып жасады. ¤йткені ол бүкіл бір институттың қызметкерлері болмаса, бірлі-жарым адамның қолынан келмейтін ауқымды жұмыс еді. ұжымдасу өз нәтижесін берді де. Айналдырған 5 жылдың ішінде көлемді және ерекше типті 35 баспа табақ сөздік жасалып бітті. Сөздікте 13348 сөз, 5035 тұрақты тіркес қамтылып, оларда 21453 мағына айқындалғанын айтсақ, соның өзі оның көлемі мен мән-мағынасының қаншалықты ауқымды екендігінен хабар берсе керек.

 Біз бұл жерде жоғарыда көрсетілген сөздер мен тұрақты тіркестердің, грамматикалық тұлғалардың Мұқағали шығармаларында қанша рет қайталанып қолданылғаны туралы мәліметтерді көрсетіп отырғанымыз жоқ. Оларды білу үшін сөздіктің өзін қолға алып қарау керек.

Байынқол Қалиұлы осы уақыт аралығында тіл біліміне байланысты жалпы алғанда 475-тен астам еңбек жазып, бастырып шығарыпты. Есептеп отырсақ, ғалымның әр жыл сайын орта есеппен ірілі-уақты 7-8 еңбегі жарық көріп отырыпты. Мұндай жетістікке күндіз-түні дамылсыз еңбек еткен адамның ғана жететіндігі түсінікті.

Осы мақаланы жазу үстінде біз Байынқол Қалиұлынан: «¤зіңіз университетте сабақ бересіз. Соған қарамастан бір өзіңіз бір институттың ғылыми қызметкерлері істейтін істі тындырыпсыз. Осынша еңбекті жазуға уақытты қайдан тауып жүрсіз?» – деп сұрадық.

 Байағаң: «Бір нәрсе істеймін деген кісінің алдына қойылған нақтылы мақсаты және оны орындаудың жоспары болуы керек. Мақсат қойған екенсің, оны орындауға шындап кіріс. Күнде таңертең: «Бүгін мен нелерді істеуім керек?» деп ойлан. Кешке ұйықтар алдында: «Бүгін мен не бітірдім? Нелер істелінбей қалды? Оның себебі не?» деп, өзіңе-өзің есеп бер. Сонда бітпейтін іс болмайды», – деп жауап берді.

Шындығында да жасының 80-ге таяп қалғанына қарамастан Б. Қалиұлы өте ширақ. Ол кісі қандай іске болса да белсене араласады. Тіл біліміне байланысты, мейлі, өз елімізде болсын, мейлі, шетелдерде болсын ғылыми жиын немесе конференция болады дегенді естісе болды, Байекең оған міндетті түрде өз баяндамасының тақырыбын жібереді. Егер тақырыбы қабылданған жағдайда Б. Қалиұлы әлгі қалаға барып, баяндамасын жасайды, жарыссөзге қатысады, ғалымдармен танысады.

Мәселен, ғалым 2013 жылы Қытай елінің астанасы – Бейжіңге барып, халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға қатысып, «Түркі тілдеріндегі түбіршек түбірлер мен түпкі түбірлер» деген тақырыпта баяндама жасап қайтыпты. 2011, 2012 және 2017 жылдары Ресей Федерациясының құрамындағы Башқұртстан Республикасының астанасы Уфа қаласына барып, 3 рет баяндама жасады.

Сондай-ақ, қазақ тіліне, терминологияға, латын графикасына көшуге байланысты Алматы мен Астанада немесе Қазақстанның басқа да облыс орталықтарында (Семей, Ақтөбе, Павлодар, т.б.) болған ғылыми конференциялар Қалиев Байынқолсыз өткен емес. Ғалым ондай жағдайда тек баяндама жасап қана қоймайды, сонымен бірге, сол қаладағы университет ұжымымен, студенттермен кездесіп, оларға мемлекеттік тіл жайлы, оның дүниетанымдығы, ұлт мәдениетін қалыптастырудағы атқаратын рөлі туралы және президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы  жайлы, латын графикасына көшуіміздің мәні мен маңызы жайында әңгіме-дүкен құрып қайтады. ¤ткен ғылыми конференция туралы журналистерге сұхбат береді.

Б. Қалиұлының бұл жетістіктеріне өзі туын көтеріп жүрген қазақ тіл білімі саласындағы әріптестері ғана емес, қазір өзі қызмет атқаратын университет ұжымы да, бұрын қызмет еткен А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қауымы да риясыз қуанады әрі мақтаныш етеді.

– Құрметті Байынқол Қалиұлы! Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және  әлем тілдері университетінің ұжымы мен профессорлары және қазақ филологиясы кафедрасының ұстаздары атынан Сізді келе жатқан 80 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Деніңіз сау, мерейіңіз үстем болып, ендігі жерде еңбегіңіздің зейнетін көріп ұзақ жылдар бойы жасай беріңіз! – деп, әңгімемізді аяқтай келе: – «Бұл жасыңыз жайлы өзіңіз не айтасыз, Байеке?», – деп өзіне ебедейсіздеу сұрақ қойдық.

Ол кісі: «80 жас өз өмір жолың мен еткен еңбегің туралы есеп беретін жас қой... Иә, 80-нің сеңгіріне шықтым. «Не бітірдім, не тындырдым?»  деп, артыма бұрылып қарадым. Сондағы бітіргендерім жөнінде осы кітапта түгел болмаса да біразы айтылған екен. Ірілі-уақтылы бірталай кітап жазыппын, толып жатқан ғылыми мақалаларды дүниеге келтіріппін, әлденеше сөздіктер түзіппін. Кейбіреулер құсап, ғалым атын жамылып, жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүріп, «мен сондаймын» деп, сызданып, қомпайып, қоқиланып көрмеппін. Есіл уақытымды босқа өткізбеген сияқтымын. Жазғандарым оқырмандардың түйсіктеріне түрткі салып, ойларына ой қосса, еңбегімнің зая кетпегені деп білемін. Ел-жұрт алдында, мамандастарым алдында арым таза, жүзім жарқын. Қолымнан келгенше елімнің игілігіне ерінбей еңбек еттім. Ендігі жерде шын мәніндегі демалысқа шығып, қара жанды күтудің, денсаулықты баптаудың кезегі келіп тұрған сыңайлы», – деп жауап берді.

– Демалысыңыз жақсы өтсін! ұзаққа созылсын, Байеке! – деумен біз де сөзімізді тамамдадық.

А. Саханова,
Абылай хан атындағы ҚазХҚӘТУ-дің ғылыми
және инновациялық қызмет жөніндегі проректоры,
экономика ғылымының докторы, профессор,
Б. Аққожина, Т. ҚалибекҰлы,
филология ғылымының кандидаттары