ТРАКТОР ТІЗГІНДЕГЕН АНА

Уақыты: 29.01.2019
Оқылды: 1515
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қарқара ауылы жайлы сөз болса, Мейрамхан Мұқамедиева бірден ойымызға оралады. Еңбекқор ана аудандағы беткеұстар шаруа қожалығының жетекшісі. Анамыз Қарқара ауылында дүниеге келіп, 1967 жылы Ы. Көшкінов атындағы орта мектепті бітірген. Сол жылы Қарқара өңірінің бір тумасы Қуанышбек Нұрсұлтановпен отбасын құрып, төрт  ұл, бір қыздың анасы атанады.

Жігерлі, көкірек көзі ояу ана кезінде «К-700» тракторын меңгерген Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваның қыз-келіншектерге тастаған үндеуіне үн қосты. Сөйтіп, жас ана трактор тізгіндеді. Алғаш «ДТ-75» маркалы, кейін «Алтай», «СК-4», «МТЗ-80» маркалы тракторды жүргізді. Көктемде жер жырту, тұқым себу жұмыстары, жазда мал азығын дайындау, күзде егін орағы секілді қат-қабат жұмыстар бірімен-бірі жалғасып жататын. Жұбайы Қуанышбек те шаруашылықтың алдыңғы қатарлы озат механизаторы болды. Еңбек ете жүріп білімін жалғастыруды да ұмытқан жоқ. 1982 жылы Талғар қаласындағы ауылшаруашылық техникумын «Техник-механик» мамандығы бойынша бітіріп, қолына дипломын алды. Көп ұзамай картоп өсірумен айналысатын бригаданың бригадирі болады.

1987 жылы 1100 бастық ірі қара кешенін басқарды. Іскер ана өз тұсында «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медальмен марапатталды. «Ауылшаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісіне ие болады. 2009 жылы "Райымбек ауданының Құрметті азаматы" атанды. Бірсыпыра мерекелік медальдармен марапатталды. Үлгілі отбасының иесі ретінде аудан әкімінің Құрмет грамотасына ие болды.

Қуанышбектей асыл жарымен бірге өткізген өмірі туралы, мәнді де мағыналы, өзгелерге үлгі боларлық ғұмыры жайлы «Өмірім – өнеге» атты кітабы жарық көрді. Ғұмырын еңбекпен өткізген, әлі де ат үстінде жүрген ана үшін мұндай кітап жазу лайықты да. Анамыз өз тұсында облыстық кәсіподақ комитетінің пленум мүшесі болғанын, суретінің Алматы қаласындағы озаттар көрмесінде ілулі тұрғанын мақтаныш етеді. Бүгінде Қарқара ауылындағы аналар кеңесінің төрайымы. Бұл қоғамдық жұмысты атқарып келе жатқанына табаны күректей 35 жыл болыпты. Сондай-ақ, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының, аудандық аналар кеңесінің, аудандық қоғамдастықтың, аудандық кәсіпкерлер палатасының мүшесі. Ауданға танымал «Назира» шаруа қожалығының төрайымы. Реті келгенде Қуанышбек ағамыздың озат механизатор болғанын айта кеткен жөн. "Ерен еңбегі үшін" «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь революциясы» ордендерімен марапатталды. Еңбекқор ағамыз Мәскеудегі Бүкілодақтық жетістіктер көрмесіне қатысып, «Москвич» жеңіл көлігіне ие болған.

«Назира» шаруа қожалығы 1997 жылы құрылып, 2003 жылы заңды тұлға ретінде тіркелген. Қожалық қарамағында 23 гектар суармалы жер бар. 2013 жылға дейін картоп отырғызып, егін өсірумен айналысқан қожалық қазір мал шаруашылығымен айналысуда. Мейрамхан ананың ұлы Ерік Нұрсұлтанов өз алдына «Шүкір» шаруа қожалығын құрып, мемлекеттік бағдарлама бойынша асыл тұқымды «Архар-меринос» қойын өсіруде. Қазір оның қарамағында 588 бас «Архар-меринос» қойы бар. Ал «Назира» шаруа қожалығында 105 жылқы, сүт бағытындағы 37 сиыр бағуда. Қожалықтың мал азығын дайындайтын трактор, техникалары жеткілікті. 5 трактор, шөп шабатын комбайн, 2 «КамАЗ» жүк көлігі жұмысқа дайын. Екінші ұлы Асан Нұрсұлтанов Қарқара орта мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Келіні Рита Бабаханова бие, сиыр сауып, дастарқанның ырыс-құтын өздері дайындайды.

Бүгінде 13 немере, 6 шөбере сүйген, ауданға танымал Мейрамхан ананың күн сайын жеңіл көлігімен мал қыстауына, аудан орталығына сапар шегіп бара жатқанын көресің. Еңбекпен өскен ана істен, еңбектен бір сәт те сырт қалғысы келмейді.

Қанат БІРЖАНСАЛ,

"Жетісу"

Кеген ауданы