ДАНИЯЛЫҚ ТҰРҒЫН: "ОТБАСЫНДА ҚАЗАҚША СӨЙЛЕСЕМІЗ"

Уақыты: 20.02.2019
Оқылды: 1386
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Біздің анықтама: Қажы Ақпар АЮБИ 1972 жылы Ауғанстанның Герат қаласында дүниеге келген. 1981 жылы Иранға, 1988 жылы Данияға қоныс аударды. Қазақстанда 2014-2016 жылдары тұрды. Бүгінде Данияның Орхус қаласындағы «Siemens» компаниясында жұмыс істейді. Жары Назгүл екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.

- Ауғанстанда төрт қабырғаны баққаннан басқа амалың жоқ. Үйде отбасымызбен қазақ тілінде сырлассақ, тысқа шыққанда пушту және дари тілдерінде сөйледік. Соғыс болып жатқандықтан, жергілікті тіл аса қажет болмады. Оны үйренгеніңмен, шығар биігің белгілі еді. Одан Иранға қоныс аударып, сол елде жан бақтық. Артынша арнайы жәрдемақыға ие болып, Данияға көштік.

Атақонысымыз – Қызылорданың Қармақшы ауданы. Атам Молдабазар елге сыйлы қажы адам болды. 1930 жылы қуғынға ұшырап, елден кеткен. Бастапқыда Өзбекстанның Үшқұдық ауылында тұрыпты. Ол жерде ұзақ қоныстанбапты. Ауғанстанға 500 қазақ отбасымен бірге көшіп барған. Соғыс жүріп жатқан елдің ортасын көргеннен кейін, шетте жүріп, Қазақстанның тыныштығын үнемі тілеп жүресің, – деп бастады әңгімесін Аюби мырза.

Шет елде дүниеге келіп, жат жерде тіршілік кешіп жатса да, ана тілінде еркін ойлап, сөйлегеніне тәнті болдық. Ары қарай тыңдайық.

- Мен Ауғанстанда дүниеге келсем де, әкем мен анам үнемі «қазақсың» деп айтып, өздері білетін, көрген жөн-жоралғыларды үйретті. «Қазақсың» деген ұстаным болды. Содан да болар, Қазақстанды ес білгелі көргім келді, бір бүйрегім үнемі тартып тұрды. Үй ішінде қазақ тілінде сөйлесеміз. Оның үстіне елде екі жылға жуық уақыт тұрып, тілімді жетілдіріп алдым. Қазір әлеуметтік желілер арқылы ел жаңалықтарын оқып, өз ойымды білдіріп отырамын. Бұл ананың сүті, әкенің қаны арқылы бойға дарыған қасиет. Ұлтымды ешқашан есімнен шығармаймын. Өзімнің ұл-қызымды жиырмаға толғанша елге жылына бір, болмаса екі рет апарып, апталап, айлап қонақ болып кететінмін. Ондағы мақсат: ұрпағым тегін біліп, кім екеніне жете мән берсе деген ой. Қай елде болмайық, қазақы болмысты жоғалтпаймыз, – дейді кейіпкеріміз.

- Соғыс жүріп жатқан елдерде болғандықтан, сауатым ашылған жоқ. Мен 15 жасымда алғаш Даниядағы мектепке барып, 2000 жылы бітірдім. Ол елде дат тілін білмесең, ешкім емессің. Азын-аулақ төленетін жәрдемақыға малдансаң, отыра беруге де болады. Бірақ алға ұмтылу керек қой. Дат тілін үйрендім. Мектептен кейін техникалық гимназияда үш жыл оқыдым. Жоғары білім алғаннан кейін «Grundfos», 2010-2017 жылдары «Vestas»,  бүгінде «Siemens» компанияларында бизнес-кеңесші, қызметкер болып жұмыс істедім. Білімге құмарлық жан дүниеңді нұрландыра түседі. Еш уақытта бір нәрсені бастау кеш емес екенін ұқтым, – дейді шетелде жүрген қазағымыз.

«Өзіңіз елде екі жылға жуық уақыт тұрыпсыз. Не үшін кеттіңіз, келешекте келетін ойыңыз бар ма?» – деген сауалымызға кейіпкеріміз үлкен тебіреніспен жауап берді.

– Мен елді сағынамын. Бірақ менің жұмысымды бағалап, ойымды түсінетіндер, айтқанымды ұғатындар сирек. Ал керек етіп жатса, шақырса, неге бармасқа?! Ұсынысқа байланысты.

Еліміз тәуелсіздік алар тұста, Орхусқа Манаш Қозыбаев бастаған азаматтар келіп, қазақ мәдениетін көрсететін жәдігерлері бар музейді арнайы таныстырды. Хабарландыруды газеттен оқып, білдім. Мені жігерлендіретін, естігенде елең ете қалатын бір сөз болса, ол – «қазақ». Бардым, көрдім. Келгендерді үйге қонаққа шақырдым, терең таныстық. Елге бару үшін Қазақстанда да бір танысың болу керек қой.

Жоғары білім алып жүргенде практикалық жұмысымды Қазақстанда бітірдім. Одан кейін елге келіп, Алтай қазақтарының қауымдастығында жұмыс істедім. Екі жыл болған сәтте бизнес бастап, Түркия, Даниядан заттар алып, саттым. Кедергілер болды. Кейбір «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол бермеу үшін, Данияға қайтып, сол жақта жұмыс істеймін деп шештім. Екі жыл мен бизнеспен жүргенде жарым университетті тәмамдады.

Бүгінде қазақылықтан ажырап қалған жоқпыз. Еуропа қазақтарының қауымдастығына мүшемін, төраға орынбасарымын. Жоспарларымыз өте көп. Бұйырса, биыл 23-наурызда Германияның Гамбург қаласында Еуропада жүрген қазақтардың басын қосып, Наурыз мерекесін ерекше атап өтпекпіз. Келем деген қандастарым болса, есік ашық.

PS: Дания мен Қазақстанның уақыт айырмашылығы төрт сағатты құрайды. Уақыттың осыншалықты алшақтығына қарамастан, қиырдағы қандасымызбен тілдесу үш жарым сағатқа созылды. Орхус пен Талдықорғанның арасын түн ортасы ауғанша «WhatsApp» желісінің бейнеқоңырауы байланыстырып тұрды.

Серік ҚАНТАЙ,

«Жетісу»

Алматы облысы