Бекжан ТҰРЫС: "ҰРАНДАУДЫ АЛҒА ШЫҒАРДЫҚ"

Уақыты: 22.03.2019
Оқылды: 1523
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ұлттың рухани негіздерінің бірі – театр. Тіл мен дәстүрдің, сана мен салттың насихаты да осы жерден басталады. Сондықтан театр мен әдебиетті, сахна мен мәдениетті бір-бірінен ажырату мүмкін емес. Мәселен, қаламгердің жақсы шығармаларын жұрт қызығып оқыса, актердің сомдаған образын көрермен көңіліне тоқиды. Екеуі де адам жанын байытады.

Өзім еңбек етіп жүрген Мұхтар Әуезов атындағы әкемтеатрдың тарихына көз салсам, кешегі өнердің ұлы қайраткерлері қалдырған өрнекті іздерді көремін. Театрдың негізін қалаған алыптар тобы оны оңайлықпен жасаған жоқ. Табиғи таланттарын өнер жолына арнады. Тынымсыз еңбек етіп, тоқтаусыз ізденді. Театрдың әр сәті үшін аянбай күресті. Қараулықтармен тіресті. Қазақтың қанындағы қасиетті шығармашылықтарына арқау етті. Нәтижесінде бізге осы әкемтеатрды, оның аласармайтын даңқын, сарқылмас мол қазынасын қалдырды.

Осы бір ізгілікті сабақтастықтар, өнердің эволюциялық дамуы ойдағыдай жалғасуы керек. Өзінің өзегін сақтай отырып, уақыт жаңалықтарымен ажарланып және құнарланып өрісін кеңейтсе қандай жақсы?! Өкінішке қарай, біз кейде бұл мәселеге атүсті қараймыз. Өзімізді қоя тұрып, өзгенің дүниелеріне тамсана көз сүзетініміз бар. Солай етсек ғана күллі әлемнің алдына түсетіндей болып асығамыз. Қазақы көрерменнің жан дүниесін ескере бермейміз. «Жоғары деңгейдегі талғамға үйретеміз» деген сылтаумен көрерменді рухани құндылықтардан алыстатқанымызды байқамай қаламыз. Классикалық туындылардың әсері ескіргендей көрініп, түбі таяз арзанқол дүниелерге қол соқтыратынымыз сондықтан.

Меніңше, өнеріміздің тамыры әрқашан ұлттық рухпен ұштаспаса, ол қазақтың қажетіне жарайтын жемісін бермейді. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақалаларында жан-жақты айтқан болатын. Себеп-салдарын анық көрсетіп жол нұсқады. Ақыл берді, ой салды. Соның тереңіне бойлай алдық па деген заңды сұрақ туады. Менің байқағаным, біз көбінесе ұрандауды алға шығарып, мақаланың ішкі мәніне көңіл аудара бермейтін секілдіміз. Сонымен қатар, бұл мақсаттағы әрбір шарадан алған әсер нақты нәтиже көрсетсе, ең алдымен, ұлттық өнеріміз ұтады. Рухани жаңғыру дегеніміз – сананың кемелденуі. Бәріміздің армандап, аңсап күткен ұлы сөреміз осы емес пе?!

Кезінде Әзірбайжан Мәмбетов, Райымбек Сейтметов секілді режиссерларымыз театр өнеріне мол еңбек сіңірді. Жаңашылдықты жақтай отырып, ұлттық өнердегі ерекшеліктердің жоғалмауын қадағалады. Яғни, «күпі киген театр өнерін шекпен жауып» халыққа қайтара алды. Соның арқасында Алматыдағы тілдік ортаның аздық мөлшеріне қарамастан театр текті көрерменді сақтады. Мұны ерлік деп те, қайраткерлік деп те атауға хақымыз бар.

Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің қаламынан туған классикалық шығармаларға келейік. Олар – әлемнің рухани асылына қосылған дүниелер. Кезінде сол шығармаларды Мәскеу сахнасына қойғанда, талғампаз орыс жұрты оны сүйсіне тамашалады. Спектакльде айтылған ойларды түбіріне дейін түсінді. Көрермен кереметтей әсерге бөленді. Бұл оқиға сахарада, қазақ үйінің ішінде өтіп жатыр демеді. Қаны мен жаны араласып кеткендей күйге енді. Мұндай классикаға ешкім шек келтіре алмайды.

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» Франция сахналарында қойылды. Бұл жерде де спектакль жұртшылықтың ілтипатына бөленген. Еуропаны елең еткізген сол туындыларды енді ескірді деп айтуға бола ма? Әрине, болмайды. Оны сахналағанда осы жағына өте мұқият болуымыз керек. Жөні жоқ әлеміштеп, әсіребояу жағудың қажеті жоқ. Ол қазақы шекпен киген қалпымен-ақ бүгінгі жаңа буынмен тез тіл табысатынына сенімдімін. Қайта тіріліп сахнаға шыққан бабаларын жас ұрпақтың емірене қарсы алатыны ақиқат. Осы үндестіктерді бұзбауға тиістіміз. Классиканың қаймақты қалыбымен қазаққа қызмет еткенін қалаймын. Сонымен қатар, қазір театрда ортақол драматургтің ортақол пъесасын жоғары жақтан күштеп қойдыратын «дәстүр» пайда болды. Осындай әрекеттерге түбегейлі тосқауыл қойылса деймін.

Абай атамыз Гетені, Пушкинді, Крыловты, Лермонтовты қазақшалағанда ол шығармалар ұлттың санасына судай сіңді. Шетелдік сахна өнерінің әдіс-тәсілдеріне жүгінген кезде біз де Абай өсиетін ескеруге тиістіміз. Оны менталитетімізге сәйкес келмейтіндей етіп көшірсек, ұлттық өнердің бетіне шіркеу түсіріп алуымыз мүмкін.

Актердің ең бірінші құралы – тілі. Өкінішке қарай, көркем ойлаудан, көркем сөйлеуден алыстап бара жатқандаймыз. Себебі кітап оқуға енжармыз. Халықтың арасында жиі бола бермейміз. Құрғақ ақыл айтқанды – көсемдікпен, есіп сөйлегенді шешендікпен шатастырамыз. Сөйлеген сөзіңнен бейне мен бояу көрінбесе, ол жадағай тіркес ғана болып қалады. Бәріне бірдей қарапайым тілмен ұқтырудың оңай емес екендігін осыдан аңғарасыз. Тілдің қасиеті – елдің қасиеті. Қазір көптеген жастарымыз сөзбен жарысатын «жайдарманшылар» бәсекесіне қатысады. Бұл жерде жастардың көркем сөйлеуіне жете мән берілсе деймін. Жастардың шапалақ соғып, мәз болғанына ешкім қарсы емес. Алайда «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» деген Абай атамыздың өсиетін ескерген одан да маңыздырақ.

«Оңай жазылған дүниенің оңғанын көргенім жоқ» деген екен орыстың бір жазушысы. Бұл қағиданы театр өнеріне де қолдануға болады. Оңай дүние ешкімді ойландырмайды. Керісінше, көрерменнің талғамын төмендетеді. Тіпті, оған трагедиялық кейіпкердің жүрегінен жас тамшылаған монологы да әсер етпейді. Көрермен бара-бара сахнаны, актерді сыйламайтын дүмшелік халге ұрынады. Кейде мен осы жайға да алаңдаймын.

«Театр – киім ілгіштен басталады» деген тәмсіл бар. Ол бекер айтылған жоқ. Баяғыда театрға келгенде адамдар таза және көркем киініп көрермен залына енетін. Қазір ол заңдылық ескеріле бермейді. Мәселен, құрбы қызын ертіп келген жас жігіт бір қарасаң бойжеткеннің иығына басын қойып ұйықтап кетеді. Образға еніп жасты көзбен залға назар салғанда сөзіңді тебірене тыңдайды деген кейбір көрермен шәңкілдеп қалта телефонымен сөйлесіп жатады. Осының бәрі таязданудың белгілері. Адам санасын ақша билегеннің әсері ме деп тіксінем. Алайда бір нәрсеге сенімім кәміл, театр бәрібір жеңіске жетеді. Қазақ қоғамы қайта түлеп жасанады, рухани жаңғырады. Театр өнері де өркениет заманына сай рухымызға қажет оң өзгерістер әкеледі. Тек театрға баруды ұмытпайық.

Бекжан ТҰРЫС,
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері