БИ-АПАМНЫҢ БИІК ОРДАСЫ

Уақыты: 28.03.2019
Оқылды: 1166
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ұлы Дала сахнасындағы ұлттық болмысымызды айқындайтын асыл мұраларымызды айтпағанның өзінде өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебегімен» қазақ топырағында театр шымылдығы ашылғалы да біраз аумалы-төкпелі заманды басымыздан өткердік. Екі дәуірдің бедерінде Ғабит атамыздың сөзімен суреттесек, «Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер – театр»  әлемі  де ұлттық руханияттың қара шаңырағына айналып кеткеніне көз жеткізесіз. Сан түрлі өнерді бір арнада тоғыстырған осы бір бекзат өнердің басында әртістер әлемінде «әкемтеатр» атанып кеткен, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы атындағы тарихының тамыры тереңде жатқан қасиетті шаңырақ тұр. Яғни, театр әлемінің алып бәйтерегі десек қателеспейміз. Ал Атырау мен Алтайдың, Алатау мен Арқаның арасын жалғап жатқан әр облыс орталығындағы театрлар сол бәйтеректен таралған, тамырынан нәр алған өнер ордалары. Солардың бірі – Жетісудың жүрегі Талдықорған төріндегі Би-апамның, Бикен Римованың есімін иеленген өнердің қара шаңырағы.

 

Диірменнің тасындай шыр айналған уақытта тоқтам бар ма? Шағын қалаға келіп театр ғимаратының шамшырағын жаққалы да жарты ғасырға табан тірепті. Күні кеше ғана емес пе еді, көрікті қыз бен бөрікті жігіттердің театр шаңырағын көтеріп, уығын қадағаны. Жастық қуаты алпыс екі тамырын тулатқан бозбала мен бойжеткендер еді-ау. Бүгінде қайратты қара шашы бозаңданып, ағалықтың ауылына ат басын тіреп, қайталанбайтын, қайта оралмайтын сол бір дәурен еске түскенде еріксіз бір күрсініп алып, немересін жетектеп кетіп бара жатқан ақсақалға айналған. Кеше ғана қылығына күн қызыққан қыз бала бүгін маңдайынан уақыттың сызығы айқын көрінетін ақылман апа болып, көз алдында еркелеп жүрген жастардың бойынан өзінің жастығын іздейтіндей. Ең алғаш кірпіші болып қаланған театрда өздері жаққан өнер ошағының оты өшпесе екен деп тілейді.

Қас-қағымда өте шыққан жарты ғасырға жуық мезгіл, соқтықпалы, соқпақты өнер жолы – Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуымен» басталып еді. Содан бері Талдықорған театрының сахнасында небір туынды қойылып, арғы-бергі тарихымызды түгендеумен бірге, уақыттың тынысын дөп басқан спектакльдерді бірінен кейін бірін көрермен назарына ұсынып келеді. Бір білетінім, бұл театр ұлт тарихының асыл қазынасы. Тегіңізді танып, жоғыңызды тауып, өшкеніңізді жандырып, өткеніңізді қайтарғыңыз келсе осы театрдың тарихын бір парақтап шығыңыз. Түркі жұртына жолығып, Күлтегін мен Білге қаған, Тоныкөктің дәуіріне еніп кетесіз. Тұлпарының тұяғы Ырымның тас көшесін дүбірлеткен аттылы батыр Атилланың заманы қарсы алады. Үш жүздің басын ақ туының астына біріктірген Абылай ханмен айбарланып, Бұқар жыраумен кеңесесіз. Жоңғар мен қалмақты аңырата қуған қазақтың хас батыры Қабанбайдың ерлігімен еңсеңізді тіктейсіз. Ілені қақ жарып өткен Райымбек батырдың Көкойнағын ойнақтатып келе жатқанын көресіз. Қара күйе жағылып, ұлтым дегені үшін жазықты болып «халық жауы» атанған ұлттың дара көсемі Бөкейханның Әлиханы мен Құлагер ақын Ілиястың әлеміне үңіліп, Ақын Сараның жауһар жырынан нәр аласыз. Жігітінен қазақтың дос таба алмай, қыз да болса Фаризамен мұңдасқан Мұқағалимен сырласасыз.

Иә айта берсек, қырық жылдың қақ ортасына келген ғұмырында өзінің берік тұғырында тұрған Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының тарихымызды түгендеп, жәдігерлерімізді жаңғыртқан қойылымдары жіпке тізген маржандай тізбектеле берері сөзсіз. Дәл осы спектакльдер театрдың алғашқы қарлығаштары, бүгінгі күні ақсақалы мен анасына айналған алдыңғы толқынның табан ет, маңдай терінің жемісі. Толқыннан толқын туып, аға буынның өкшесін баса келген кейінгі лек те, біздің қатарымыздағы топ та орта буыннан асып, ізіне ерген жастарға жолбасшы болып үлгерген. Театрға қатысты барлық жанрды қамтыған дүниелер аз емес бұл сахнада. Содан болар, жыл сайын өтіп келе жатқан театрлар фестивалінде бірнеше мәрте топ жарып, көштің басында жүрсе, жекелеген әртістердің де жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай.

Бір мақалада бір театрдың тарихын түгендеп шығу мүмкін емес. Дегенмен, «Халықаралық театр күні» деп айдар тағып, атап өтіп жатқан төл мерекесінде азды-көпті өткен мен бүгінді сабақтастыра ой қозғағанымыз жөн шығар. Ақсақалдары мен анасына айналған үлкендері амандаса барсақ, құшағын ашып, бауырына басып жатса, жас толқындар өнеріне тән ізеттілік көрсетіп жатады. Осының бәрі тағылымы мол қойылымдардан бойына сіңіріп, ойына түйген тәрбиенің жемісі болса керек. Тірілерімен мақтанып, өмірден өткендерін осындайда бір ескеріп, есімдерін атап қоймасақ, «өзі болған Құдайын танымастың» кері болмай ма?! Өзімнің де театр сахнасында өткен бесжылдық өмірімнің өлшеміне салсам, көргенім мен көңілге түйгенім аз емес бұл өнер ордасынан. Қазір есімдері аталып, өмірлері естелікке айналған ағалардың алдын көріп, ақылын тыңдадым. Бір жылдары Талдықорғаннан Сыр өңіріне ауа көшкен (өткен ғасырдың екінші жартысының басы) театрды Қараталдың жағасындағы талды қалаға қайта әкеліп, басшылық тізгінін ұстаған Сағымбек Рақышев атамның сахнада рөл сомдағанын көзім көрді, баталы сөзін тыңдадым.

Театр шымылдығы ашылғанда Қарабайды сомдаған Асан Исаев ағамды көрмегеніммен осындағы әріптестер әңгімесі арқылы етене таныспын. Ал қу дүниеге берілгені соншалық, байыған сайын қалтырауық болып, жанынан малын артық жақсы көріп, шығайбайлықты шыңына жеткізе ойнап, қарынбай Қарабайды сомдаған Оразғали Әбділманов ағаммен бір қойылымда ойнадым. Солақай саясаттың сойылы әлі де болса төбемізден төніп тұрған кеңестік қоғамның өзінде Абылайханды театр сахнасына ең алғашқылардың бірі болып алып шыққан Тілек ағам Әбжәлиевтің әлемі бөлек еді-ау, жарықтық.

Облыс орталығы Алматыға кетіп, Талдықорған хан талапайға түскен кезеңде театрдың отымен кіріп, күлімен шығатын жанкештілері ғана қалған тұста, өнер шаңырағының қара нарына айналып, әртістікпен қоса әкімшілік жұмысын қоса алып жүріп, көрерменмен қамтыған Құдайберген Әлдибеков ағамның Қодарын көрдім. Бар болмысымен Қодарға айналып кететін еді, марқұм. Өмір болған соң ара-тұра сахнадан тыс әлемде қызу пікірталастар болып жатқанда ешкіммен дауласпай да, жауласпай «үйімдегі он бес тауығым аман болсын», – деп жымиып қана отыратын Нұрлан ағамның жаратылысы мүлдем бөлек жан еді. Жаз бен күзде сан түрлі гүл мен шөптен қайнатып, дәрі-дәрмек жасап алатын да, қақаған қыстың өзінде жеңіл киініп, бұрқырап жүретін ағам 100 жасайтындай көрінетін. Комедия жанрының хас шебері еді, ойда жоқта ол кісі де бақилыққа аттанып кетті. Екі жылдан аса уақыт басшылық тізгінін ұстаған Қайрат Сүгірбеков те аққан жұлдыздай тура қырық жасында өмірден өтті де кетті.

Директор болып келе салып, Тәкен Әлімқұловтың «Қош бол, Қарой» әңгімесі желісімен Махамбет жайлы қойылымды сахналап, Мысыр астанасы Каир қаласында өткен халықаралық театрлар фестиваліне апарып келді. Театрдың Қаракерей Қабанбайы атанған және осы рөлі үшін Елбасының қолынан «Парасат» орденін кеудесіне таққан, дана Абайдың жауһар жырын жаттап қана қоймай, жастардың санасына құйып жүруді әдетке айналдырған Өмірсерік Қалиұлы да сағынышқа айналғалы екі жылға аяқ басты. Сахна рөлі сомдамаса да театрға басшылық жасап, өнер көшін алға сүйреген Базарбек Тезекбаев ағамыздың да аты осы театрмен біте-қайнасып кеткен.

Есімдері аталған аға буынның кез келгенінің әрбір рөлін талдап, актерлік келбетін ашып жазуға болады. Оны алдағы күннің еншісіне қалдырайын. «Халықаралық театр күні» деген мерейлі мереке болғанымен өткендерді еске алғанды жөн көрдім. Төл мерекесінде төрімізге шыға алмайтын аға буынға көңіл төрінен орын бергім келді. «Өз елі, өз ерлерін ескермесе, ел, тегі, алсын қайдан кемеңгерді?» – депті Ілияс атам. Есімдерін атап, жарқын бейнелерін санамызда бір жаңғыртып өткім келді. Ал жарты ғасырға жуық тарихы бар театрдың тамырына қан жүгіртіп келе жатқан аға буын, орта топ, кейінгі толқын әр қойылым сайын көрерменнің тік тұрып қол соққан қошеметіне бөленіп, алғыстарын алып, еңбектері еленіп келеді. Мақала соңында келер жылғы мерейлі мерекеге төрт көзіңіз түгел, он екі мүшелеріңіз аман, тағылымды һәм талғамы жоғары қойылымдармен жете беріңіздер деймін.

Жұматай ОСПАНҰЛЫ,
ҚР Мәдениет қайраткері