ӘРТІСТЕРГЕ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТ АТАҒЫ БЕРІЛДІ

Уақыты: 28.03.2019
Оқылды: 1426
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының майталман актерлеріне деген жетісулықтардың пейілі бөлек, сезімі айрықша. Оны Халықаралық театр күні мерекесіне жиналған көрерменнің көптігінен тағы бір мәрте айқын аңғарғандай болдық. Саф өнердің шырақшысындай сахна қаһармандары Халықаралық театр күнін жылдағы дәстүр бойынша ерекше атап өтті. Алдымен театр алдында көш бастаған ағалар, орта буын актерлер, жастар болып қызыл кілемшемен жүріп өтсе, салтанатты шара ары қарай сахнада жалғасын тапты.

Игі шара басында театр тарихы жайлы арнайы түсірілген бейнефильм көрсетілді. Одан кейін алғашқы болып облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев сөз алды. Ол:

Театр – қоғамның айнасы. Бекзат өнер жалпыға ортақ. Сондықтан, Халықаралық театр күні тек сахнагерлердің емес, күллі өнерсүйер қауымның мерекесі. Баршаңызды осынау айтулы күнмен құттықтаймын! – дей келе, өнер қара шаңырағының репертуары жаңа қойылымдармен толыққанын, театрдың жаңа ғимаратының салтанатты ашылуы Орта Азия елдерінің VII халықаралық театр фестивалімен тұспа-тұс келгенін, аталмыш фестиваль дәстүрлі түрде Жетісу жерінде өтетіні үлкен жетістік екенін атап өтті. Сонымен қатар, облыс әкімі Амандық Баталовтың ыстық сәлемін жеткізіп, өнер майталмандарына шығармашылық табыс тілейтіндігін айрықша жеткізді.

Ақ еділ ниеттен кейін Ақан Жылқышыбайұлы марапаттау рәсімін өткеріп, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын, облыстық мәслихаттың және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының Алғыс хаттарын өнер майталмандарына тапсырды. Сонымен қатар, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының арнайы дайындаған «Үміт», «Көрермендер көзайымы», «Дарын», «Ең үздік сахнагер», «Ең үздік әйел бейнесі», «Ең үздік ер бейнесі», «Жыл актері» номинациялары да сахна саңлақтарына табыс етілді.

Сонау жылдары облыс орталығы Алматыға ауыстырылып, Талдықорған қаласы қаңырап қалғандай болған аумалы-төкпелі кезде театрға басшылық етіп, өнерді өшірмеуге тырысқан жанкешті актерлерімен бірге театрдың шырағын жаққан Сағындық Жұмәділ мен соңғы үш-төрт жылда директорлық қызметті абыроймен атқарып, қара шаңырақтың ұлы жолдағы жетістіктерін еселеуге күш-жігерін салған, ұжым жаңа ғимаратқа көшкелі бері құрметті демалысқа шыққан Ғалия Темірбаеваға "Талдықорған қаласының Құрметті азаматы" атағы берілді. Оған қоса, туған топырағында еңбек етпесе де ел өнерінің көшін өрге сүйреп, халық үшін тер төгіп жүрген жерлестерінің ерен ерлігін ескерген шырайлы шығыс өңіріндегі ел ағалары ҚР Жастар одағы сыйлығының лауреаты Аян Қожбанова "Үржар ауданының Құрметті азаматы" атанды. Қарадаланың жұрты да қара баласының таланты мен қабілетіне, сара жолдағы жемісті еңбегіне сай Ерлік Қалибекке "Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы» атағын берді.

Марапаттау сәтінен кейін театрдың анасы атанған Қазақстанның халық әртісі Алмахан Кенжебекова мен «Құрмет» орденінің иегері Серік Нұрхалық сөз алып, ақ лебіздерін білдірді. Олар өнерге деген қамқорлығы мол облыс басшылығына алғыстарын жеткізіп, театр майталмандары мен көрермендері мерекемен құттықтады.

Шырайлы кештің соңы Сүйінбай атындағы облыстық филармония өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.

                  Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ