АРМАН АДАСТЫРМАЙДЫ

Уақыты: 01.04.2019
Оқылды: 1543
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қойылым мәресіне жетіп, шапа­лақ соғылды. Қалың көрер­мен сах­нагерлерге көрсеткен ұзақ қошеметінен соң шы­мыл­дық жабылды. Шымыл­дық­пен бір­ге әлгінде ғана екі сағат бойы­на бір­тұтас әлемге айналып, бір­ге ты­ныстаған сахнадағы актер­лар мен залдағы көрермен ара­сын­да­ғы шекара да, толассыз толағ­ай әсер­лер де шорт үзілді.

 

Ендігі сәтте көрермен үшін актер әле­мі тылсымға айналып қалуы керек. Өнер­дің заңы сондай. Себебі сахна – киелі мекен. Оған тек құпиялылық қана жарасады. Бірақ біздің көрерменнің спектакльден кейінгі «спектаклі» енді бас­талды. Тайлы-тұяғы қалмай сахнаның ар­ғы бетіне ағылып жатыр. Суретке тү­суге... Сөйтіп, әлеуметтік желі ар­қы­лы актермен жақсы қарым-қаты­на­сын жаһанға жария етіп мақтануға... Ал әлгінде ғана мағынасы күрделі, әрекеті ауыр қойылымды аяқтаған актер демін алып, қара терге малшынған кейпін енді қалпына келтіруге оқтала бергені сол еді, өнер иесін межелі жеріне жет­кіз­беді. Орта жолдан тоқтатып, қол­­тық­тап алып, жарқ-жұрқ суретке тү­су­шілердің қарасы да, кезегі де толас­тар емес. Амал жоқ, актер жылы ға­на жы­миып, көрерменнің тілегін үн­сіз орын­дауда. Себебі, бұл – театр мә­де­ниеті. Иә, мәдениет қай жерде де, кім-кім­ге де қажет. Осыдан бір-екі күн бұрын заман­дас актермен сапарлас болу мүм­­кіндігі бұйырды. Жол қысқарту үшін өнер жайлы, істеп жүрген жұ­мысы, алдағы жоспарлары тура­лы әңгіме қозғадық.

- Театр – менің әлемім, - деп бастады жолсерік сөзін. – Оқу бітіргеннен кейін сахнадан алыс болдым. Олай дейтін себебім жұмыс іздеп, қай қаланы таңдаймын деп біраз уақытымды өткізіп алдым. Бос жүрмеу үшін басқа да жұмыстарды істеуге тура келді. Бірақ бәрібір жүрегім сахнаны аңсап тұратын. Сонда ұққаным менің көңілім сахнада жүрсем ғана тоқ екен. Кейде жай көрермен ретінде театрға бара қалсам сахнаға еріксіз жүгіріп шыққым келетін. Міне, Алла қалап ол күнге де жеттім. Шүкір, саxнаның тылсым күші бар. Өз өміріңді бір сәтке ұмытып, кейіпкеріңнің тағдырына еніп кетесің. Ол жыласа жылап, ол күлсе күлесің. Барыңды салып шынайы өмір сүруің керек, себебі, xалық көріп отыр. Әр айтқан сөзің жүрегіңнен шықпаса xалық сенің образыңды қабылдамайды. Шыны керек, әр рөліме ерекше мән беріп дайындалып шығуға тырысамын, кейде ойымдағыдай болмай қалса, тіпті xалықтың алдына шығып басымды июге ұялып кеткен кездерім болған, – дейді Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының жас әртісі Әсем Жетпісова.

Оның театрға деген сүйіспеншілігін жанарынан-ақ байқауға болады. Көзіндегі от алып армандарын көктеп өтердей ыстық. Қиялы ақиқатпен астасып, кеудесінде сахнаға деген мұңсыз іңкәрліктің сәулесі тұтанған. Осындай қаршадай қыздың өнерге деген құштарлығы бізді де еріксіз баурап алды. Өзі жаңа рөлге дай­ындық үстінде екен. Жақында қойылым. Рөл төл классикамыздан бұй­ы­рып­ты. Басты кейіпкердің бірі. Жүзінен аздап шаршағаны да байқалып-ақ тұр. Өнер жанкештілікті талап ететіні бар ғой. Есімізге атақты режиссер Асқар Тоқпановтың Абай бейнесін шығару барысындағы актер Қалибек Қуанышбаевпен дайындығы түсті. Абайдай алып бейнені тудыру үшін Шыңғыстауға дейін барып, сол аймақтың тыныс-тіршілігімен, адамдарының мінез-құлқымен танысып, том-том кітапты жата-жас­тана оқы­ған актер еңбегі сонда аңыздай кө­рін­ді. Бірақ ол тіпті де қиял-ғажайып емес, өнер иесінің сомдамақ рөліне де­ген сүйіспеншілігі, күнді түнге, ап­таны айға жалғаған жанкешті еңбе­гінің жемісі еді. Нәтижесінде, сах­наланғанына 80 жылға жуық өт­се де, Қалибек Қуанышбаевтың кейіп­теу­індегі сол Абай күні бүгінге дейін сом­далып жатқан ақын бейнесінің эта­лонындай. Сапалы ізденіс, тың­ғы­лықты дайындық, кейіпкеріне деген шексіз махаббат пен жұмысына де­ген сүйіспеншілік актер есімін мәң­гілік етті. Абай бейнесі Қалибек Қуанышбаев ойыны арқылы қалың көрерменнің көңіліне берік бекіді. Сахнагер есімі аңызға айналды. Бұл бір ғана мысал. Әсемнің әңгімесінен ауанына қарап әрбір қойылым маңдай тердің өтеуіндей қадірлі екенін тағы бір байқадық. Бір сахналық образды толық алып шығу үшін күн-түн демей тынымсыз ізденіс ауадай қажет.

– Мен негізі Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласының тумасымын. Отбасымда әкем-анам, әпкем және екі сіңлім бар. Мектеп бітірген соң барлық түлектер секілді өз мамандығымды  таңдауға кірістім.  Жасымнан ағылшын тілін сүйіп оқығандықтан аудармашы болғым келді. Әртіс болу мен үшін орындалмайтын армандай көрінетін. Бірақ әкем әртіс болсаң Әмина апаң секілді мәңгі өмір сүресің деп өз батасын беріп шығарып салды. Сонымен арман қуып Алматыға аттандым. Жанымда жолсерігім әпкем бар. Т.Жүргенев атындағы Өнер академиясына келіп сұрастырсам, Тұңғышбай Жаманқұлов курсына өзім секілді жас қыздар мен жігіттер оқуға тапсырып жатыр екен. Әпкеммен ақылдасып менде бағымды сынап көрейін дедім. Аудиторияға кірген бетте жылы жүзбен Тұңғышбай ағайым қарсы алды. Бар дайындаған өнерімді көрсеттім, ағай бірден емтиxанға жолдама берді. Сөйтіп арманыма бір табан жақындадым. Емтиxаннан жоғары балл жинап оқуға түстім. Әртістік өмірдің қандай болатынын оқып жүріп білдім. Ұстазым саxнаға адал бол, әріптесіңмен шынайы өмірде де сыйласып, ренжіспеуге тырыс, себебі саxна ол өмірдің айнасы, әріптесіңмен ара қатынасың жаман болса өнер шықпайды дейтін. Міне, осылай 4 жыл бойы Тұңғышбай Әл-Таразидің шеберxанасында Дәрия Жүсіптен білім алып шықтым. Диплом алғаннан кейін бірден театрға жұмысқа тұруға асықтым. Көп каланың ішінен осы Талдықорғанға келу бұйырыпты. 2017 жылдың қазан айында Б. Римова атындағы облыстық драма театрына жұмысқа қабылдандым. Бүгінгі таңда көптеген рөлді сомдап жүрмін, атап айтсам: У. Шекспирдің "Ромео-Джульеттасында" – Джульетта, Е.Төлеубайдың "Алаштың Әлиxанында" – Лиза, Қ. Мұраттың "Орбұлағында " – Баян, С. Балғабаевтың "Ең жақсы еркек" комедиясында – Ләтипажан, Қ. Мұxаммеджанов, М. Әуезовтің "Айман-Шолпан" комедиясында – Шолпан рөлдерін сомдадым. Осы айтылған «Айман-Шолпан» комедиясымен өткен жылы ғана жаңа ғимаратымыздың есігін аштық. Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының бастамасымен салынған жаңа театрымыз ұжымымызға жасалған үлкен сый болды. Бүгінде біз  су жаңа театрда тың туындыларды саxнаға әкелу үшін талмай еңбек етіп жатырмыз, – дейді жолаушы жолдас көңілдегісін ақтарып.

Әйгілі Лев Толстой: «Өнер дегеніміз – адамның бойындағы қабілеттің ең биік көрінісі» деп тәпсірлейтіні бар. Шын мәнінде, кез келген адам қабілетті. Ол өнердің қандай да бір түріне бейім болуы заңдылық. Театр біздің “адамдық қалпымызды” тәрбиелейді әрі өз қабілетімізді тануға, жан дүниемізді зерттеуге ұмтылдырады. Сондықтан ол – тағылым. Театр тарихы – ұлт тарихының өлшемі. Сапарластың сыры соны аңғартады. Өнерге деген сүйіспеншілігі өне бойын тербеген өрімдей қыздың театрға деген махаббаты жүрек тебірентеді. Оның жастық жалыны бізді де шарпып өтті. «Әртісті ұлы өнер жасауына көрерменнің ыстық ықыласы болса жетіп жатыр» дейді сөз соңында Әсем Зарлыққызы. Расында, «хас сұлудың көз жасындай мөлдіреген» тылсым өнерді сүю арқылы біз сахнадағы әртісті ғана емес, ұлтқа деген жанашырлығымызды оятамыз. Бұл «театр – тәрбиенің бесігі» дейтін қағиданың жанды көрінісі.

Қабыл ИСА