ҒЫЛЫМҒА АРНАЛҒАН ҒҰМЫР

Уақыты: 03.04.2019
Оқылды: 1609
Бөлім: ЖАНСАРАЙ
Қазақ ауыз әдебиетінің көкейкесті мәселелерін, көнеден жеткен көркем нұсқаларын жан-жақты зерттейтін фольклортану ғылымына зор үлес қосқан ғалым Болатжан Абылқасымовтың азаматтық келбеті биік. Ғалым қазақ фольклорындағы қыртысы мен қатпары мол аса күрделі, қаға беріс қалып келе жатқан келелі тақырыптардың ғылыми жүйесін айқындап, өзекті зерттеу нысаны ретінде ғылыми  айналымға түсірді. Оның соңында қазақ әдебиеті тарихы мен теориясының, фольклорының сан саласына арналған мол мұра қалды. 
Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауылындағы орта мектепті 1973 жылы өте жақсы бағаға бітіріп, қазақ ғылымының қара шаңырағы Қазақ  мемлекеттік университетінің филология факультетін  үздік тамамдаған жас маман 1975-1977 жылдары аспирантурада оқып, Мәскеудегі Шығыстану институтында тағылымдамадан өтеді. Мәскеу ғалымы, белгілі шығыстанушы И.В. Стеблеваның ғылыми жетекшілігімен «Қазақтың ауыз әдебиетіндегі толғау жанры» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. 
Болатжан ағаның ғылымдағы өмірінің басым бөлігі Қазақстан Ғылым академиясының М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында өтті. Еңбек жолын аға лаборанттықтан, ғылыми  қызметкерліктен бастап, институттың ғалым хатшысы, жетекші ғылыми қызметкері дәрежесіне дейін өсті. Он сегіз жыл ғалым-хатшы болып істеген жастың болашағына асылдың сынығындай, ғұламалардың көшірмесіндей Ләйлә Мұхтарқызы, Шәмшия Қанышқызы, жастарға әкелеріндей қамқор болған Әди Шәріповпен, батыр, фольклортанушы ғалым М. Ғабдуллинмен, Ә. Тәжібаев, Ә. Дербісалин, Е. Лизунова, М. Базарбаев, Р. Бердібай,  Б. Уахатов, Б. Адамбаев, Н. Төреқұлов, К. Сейдеханов тәрізді қазақ ғылымының корифейлері оң ықпалын тигізді. Алыптарымен бірге еңбек етуі ғылыми әрі үлкен өмір мектебі болды. Болатжан ағаны ғылымның тереңіне бойлатып, биігін бағындыруға баулыған ортада әріптес ағалары Е. Тұрсынов, М. Дүйсенов, Р. Нұрғали, С. Қасқабасовтар да жүрді. 
1989 жылы академия жүйесінде ашылған докторантураға түсіп, 1992  жылы «Қазақтың  көне наным-сенімдерге қатысты ғұрыптық фольклоры» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 
Тоқырау жылдарының салқыны Ұлттық ғылым академиясын да айналып өтпеді. Ғылым қаражатсыз, ғалымдар еңбекақысыз күй кешті. Сол 90 жылдардың басында Қыздар педагогикалық институтының ректоры Сейілбек Исаевтың шақыруымен филология факультетінің деканы қызметіне ауысып, 10 жыл қызмет жасап, кейіннен «қазақ әдебиеті» кафедрасы меңгерушілігінің тізгінін қолына алды. 2006 жылы Астанаға, Л. Гумилев атындағы мемлекеттік  университетке профессор болып ауысты. Осында абыройлы, жемісті еңбек етіп жүрген ұстаз, ғалым ағамыз 2009 жылдың 15 наурызы күні кенеттен жүрек дертінен өмірден озды.
Студент күндерінен-ақ ғылымға ден қоя бастаған бір шоғыр ізденімпаз жастармен бірге Болатжан ағаның Ғылым академиясына алғаш қызметке келуіне белгілі Ғалым Тұрсынбек Кәкішұлының шапағаты тиді. Мұны ұстазымыз өзі де ризашылықпен айтып отыратын. Бұл жайында Тұрсынбек Кәкішұлы өз естелігінде «атақты партизан, белгілі қоғам қайраткері, жазушы, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сол кезеңдегі директоры Әди Шәріпов адамға жақсылықты іздеп жүріп жасайтын кісіліктің иесі еді. Университетті енді ғана бітірген, өзім қолдарынан жетектеп әкелген жастар Болатжан Абылқасымов, Балтабай Әбдіғазиев, Шәкір Ыбыраев, Жанғара Дәдебаев, Құлбек Ергөбеков, Серік Негимовті бірден жұмысқа алғанын», кейіннен осы шәкірттерінің ұстаз үмітін ақтап ғылым жолында биік белестерді бағындырғанын сүйіне жазды. 
 Жақсыдан шарапат, жасқа қол ұшын созып, жол сілтер ағаларың болғаны қандай ғанибет. Болатжан ағаның осы институттағы еңбегінің бағасын кандидаттық диссертациямды жазып жүрген кезде анық сезіндім. Академик Зәки Ахметовтан бастап, институт директоры Ш.Ыбыраев, курстас досы, профессор Б. Ыбырайым, бүгінде Прламент депутаты Б. Мамыраев, директордың орынбасары, профессор С. Қорабай бәрі мені «Болатжанның шәкірті» деп атап кетті. Диссертациямды бөлімде, ғылыми кеңесте талқылаудан өткізгенде де Қазақ қыздар педагогикалық институтында факультет деканы қызметіндегі жетекшім қатыса алмады. Ұлтжанды фольклортанушы ғалым Рақманқұл Бердібай ағамыз: «Әсет Найманбайұлының мұрасын Болатжан өзі де жинастырып, жазып жүр, бірақ әлі де терең зерттеуді күтіп жатқан келелі тақырыпты дер кезінде беріпті», – деп жұмысыма оң бағасын беріп, қорғауыңның алдында кел, пікірімді жазып беремін деді. Автореферат бойынша пікірді көбінесе қорғайтын адам өзі жазып, тек қол қойдырып алады деген сөздерді жиі еститінмін. Бірақ бұл сөздің қатысы болмады. Қарағандыдан, Семейден, ҚазМУ-дан, ҚазҰПУ-дан, Қазақ ұлттық консерваториясынан келіп түскен оң пікірлер жетекшімнің беделінің арқасы екенін сезіндім. Ұстазымның ғылым саласындағы еңбегі мен адамгершілік қасиетін, мінезін: «Болатжан жұмысын таза,  адал атқаратын, іскерлік қабілеті мен жауапкершілігі мол, елмен қарым-қатынастың сыпайы жолын жақсы білетін, көп сөзі жоқ, үндемей, ылғи да жымиып күліп тұратын, тартымды, кішіпейіл жігіт еді. Ғылым саласында ол фольклортанушылар тобында жемісті еңбек етті», – деп бағалайды Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Қирабаев.
Ұстазыммен таныстығым Қабанбай батырдың дүниеге келгенінің 300 жылдығы қарсаңында Талдықорғанда өткен ғылыми конференциядан басталып еді. Сол кезеңде “Хан батыр – Қабанбай” атты көлемді ғылыми еңбегі жарияланды. Мақалада 1940  жылдары М. Әуезовтің ұйымдастырумен жазылып, сол беті жарық көрмей мұрағатта жатқан Қайым Мұхамедхановтың «Қазақ әдебиеті тарихына» арнап дайындаған “Қабанбай батыр” атты көлемді ғылыми еңбегіне сілтемелер жасалып, Қабанбай батыр өмірін зерттеудің үш қайнар көзін: ауызша жеткен көркем сөз үлгілерін (ақын-жыраулардың толғаулары, аңыз-әңгімелер, өлең-жырларды); шежірелерді (генеологиялық аңыздарды); тарихи құжаттарды бір-бірімен сабақтастыра қарастырғанда ғана тарихи шындықты толығырақ тануға мүмкіндік туатындығын атап көрсетті. Қабанбай батыр жөніндегі ауызекі жырлар, батыр баба жөніндегі аңыз әңгімелер мен жазба деректер өзара ұштастырыла, батыр жасаған дәуір шындығы, оның ерлік жорықтары жайлы жазба деректер қатар қойылып, ҚР Ғылым академиясының қолжазбалар қорында сақталған “Қабанбай батыр” атты жыр-дастанның  барлық нұсқасы салыстырыла зерттелді. Тарихи жыр-дастандардың ұқсастығын, өзіндік ерекшеліктерін нақты мысалмен, деректермен дәлелдеп, ғылыми айналымға енгізді.
Үлкенге құрмет, кішіге ізет жасауы тектілігі мен тәрбиесінің айғағындай Болатжан ағаның «Шәкірттер отырысы» дейтін де бір шуақты дәстүрі бар еді. Аспиранттары мен кафедрасындағы жас мамандарды да бір уақ өз дастарқанына жинап,  көңіл төрінен орын алатын мағыналы, шуақты кездесу ұйымдастыратын. Әдемі әзілдерімен Үміт апайға да дем беріп, орынды жерінде көтермелеп, жан семіртер сөздерімен жігерлендіріп қоятын. Ұстазымыздың ондай отырыстарын Үміт апайымыздың жарқын қабағы мен риясыз көңілі, мол дастарқаны толықтырып тұратын. Біз емін-еркін өлең оқып, ән айтып, бүгінде ғылым докторлары Р. Зәйкенова, С. Ержанова, ғылымдағы шәкірттері А. Көшекова, Н. Нұрақыш, Г. Рахымбаевалармен әзіл-қалжыңымыз жарасып, талай сыйласымды, сыйымды әдемі басқосулардың, жаныңызды жадырататын, шабытыңызды шақыратын талай кештердің куәсі  болдық. «Жүрегі жылылыққа, адалдыққа, жақсылыққа жақын адам жастардың әрбір ісіне шабыт беріп,  ән-жыр мен өнердің ұйытқысын жасап қоймай, кенін де жинап  отыратындығын кейіннен білдік», – деп еске алады Қыздар педагогикалық университетінің профессоры Сәуле Баймырзақызы. 
Жан семіртер жақсы сөз арнауға, әдемі әзілге шүлен, өзі жайлы айтуға сараң ағамыздың алдында бір қызарғаным бар. Ағамыз өзінің дәреже, мансабын айтқанды аса жақтырмайтынын сонда білдім. 2000 жылдар басында Алматының маңындағы бір шипажайға емделуге келген Болатжан ағаның әкесі Шайзада ақсақал тиянақты, әңгімешіл адам екен. Ақсақалмен танысып, әңгімелесіп, ұстазымның Қабанбайдың он екінші ұрпағы екенін сол кісіден білдім. Бірде Талдықорғанға келгенде дастарқанда бас қосқан жолдас  жігіттерге «Бұл кісі Қабанбай батырдың ұрпағы, ғылым докторы» деп таныстыра бастап едім, ұнатпай әңгімені басқа арнаға бұрып жіберді де, артынан жеке қалғанда жайма-шуақтап ескерту айтты.
Кішіпейіл мінезді, атағын шығаруға жан әуестігі жоқ, баладай аңғал ғалымның атын былайғы жұрт біле бермесе де, оның еңбегінің мән-маңызын түсінетін ғалымдардың, шәкірттерінің арасында абырой-беделі аса зор. Өткен күндері мағыналы, өмірден көрген-түйгені мол, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, қазақ ғылымының дамуына, өнері мен мәдениетінің өркендеуіне  арнаған, “арттағыға сөзі мен ісі қалған”  ғалым-ұстаздың еңбек жолы бәрімізге өнеге. Ақыл, қайрат, жүрекке төрелік айтып, жөнге салатын ғылыммен айналысу ізгі ниетті, асыл мұратты, қажырлы қайратты қажет етері хақ. Тереңіне бойлаған сайын жаныңды нұрландыра түсер ғылымның берерінің зор екенін ғалымның ғибратты ғұмыры тағы бір дәлелдей түскендей. 
 Көңілі – шуақты көктем, жаны – жайсаң жаз, пейілі – берекелі күздей жомарт, ниеті ақша қардай таза жан 2009 жылдың Наурыз мерекесінің қарсаңында көңілімізге қимас сезім, қабырғамызды қайыстыра қайғы жүктеп, бақи дүниеге аттанды. Жазмыштан озмыш жоқ, Алланың қалауы сол.
Асыл жары Үміті мен қыздары асқар таудай әке туралы естелік кітап шығармақ ниеттерін айтқанда ғылымдағы ұстаздары академик С. Қирабаев, Т. Кәкішевтен бастап, академик әріптес, ағалары, Р. Нұрғали, С. Қасқабасовқа дейін, курстас достары, қоғам қайраткері Т. Естенов, профессор Б. Майтанов, Г. Смағұлова және басқа ағайын-туыс, дос-жаран, құда-жекжаттары да Болатжан ағаның кісілік келбетін, әділдігі мен адалдығын айтып, ақжарма көңілден естелік жазып беріпті. Қаламдарына қанат бітіп, тындырған ісіне масаттанбайтын, өзінің артықшылығын көрсетіп, кеудесін кермейтін, дәреже салыстырудан бойын аулақ салатын, артық мадақ, дабыраны қаламайтын бекзат бейнесін, Қабанбай батырдың ұрпағы бола тұра, ата даңқымен мадақталудан ат-тонын ала қашатын тектілігін, риясыз күлкісі мен дарқан көңілін де  алқаусыз ақтарыла баяндапты. Шәкірттері – біздер де шынайы ынта-ниетімізбен жарыса жазғанымыз есімде. «Саңлақ ғалым. Қадірлі тұлға» деген кітаптың үш данасын Үміт апай: «Екеуін Болатжанды танитын достарыңа берерсің», – деп бір данасына өлеңмен  батасын жазып берді.    
Естелік – екінші өмір. Көзден кетсе де көңілде қалған әрі ұстаз, әрі аға, сыйлас дос туралы жазылған естеліктер оның шынайы екінші өмірінің басталуы. Естелік ешқашан ескірмейді, ұрпаққа өнеге, ғибрат, өсиет болып атадан балаға мәңгілікке жалғасады.
 
С. ҚОЖАҚҰЛ,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің
қауымдастырылған профессоры