АЗАМАТ ЕЛДІҢ ТІРЕГІ

Уақыты: 05.04.2019
Оқылды: 1684
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Емендей еңселі елдің пайымында «тектілік тұқым қуады» деген ұғым бар. Қарашаға әмірін жүргізген шырайлы шығыстың шынарындай Құнанбайдың арғы аталары аузы дуалы, исі қазаққа аты мәшһүр болған жандар. Заманның заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің қаламгерлік қайраткерлігінің арқасында арда бабалардың өмір жолы, тұлғасы мен болмысы, еткен ерліктері мен еңбегі ел жадында жатталып қалатындай бедерленді. Ұлы шығармаға арқау болды. Иә, романның басты кейіпкері – Абай! Дана Абай! Асылдың асылы болған сол Абай кемеңгер әкенің алдына барып: «Мен шығыс пен батыстың ілім-ғылымын меңгердім. Хақты таныдым. Өнер өрісін кеңейтуге тырыстым. Енді сізден асытым ба?» деп сауал тастапты деген аңыз бар. Аңыз емей немене, кемеңгерлік биікке көтерілген адам:  "әкеден асып тудым ба?" деп тебіренбес болар. Дегенмен  аңыз жүлгесіне жүгінсек, сол сәтте Құнанбай қажы: «Құнанбайдан  асқың келсе, Абайдай бала таптыр», деп жауап қатыпты-мыс...

Осы бір диалог ділмәр елдің терең психологиясын, таным-түсінігін, өмір ұстанымын айғақтайтын дүниедей көрінетіні бар. Әкеден асқар жан бар деген сөзді ешкім де қуаттамас. Құнанбайдың тектілігінен Абайдай алып өмірге келді. Бұл да жоғарыда айтылған «Тектілік тұқым қуады» дегеннің жанды бір мысалы. Біз сөз еткелі отырған азамат та бабаларының бар асылын бойына жиған, нардың белін шойырар намысы бар, елім деген ерлердің санатындағы – Барлық Төреханов.

Барлық Әдепханұлы 1979 жылы, сәуір айының 12-ші жұлдызында жұмақ мекеннің жазиралы өлкесі саналған Жаркент топырағында өмірге келген. Әбілхандай қылқалам шебері, Дәнештей жезтаңдай әнші, Бексұлтандай қайраткер-қаламгердің от жүрегі алғаш тулаған киелі атырапта сақи жалғанның есігін ашқан Барлықтың балалық шағы кешегі кеңесті дәуірдің соңғы жылдарымен тұспа-тұс келген. Дегенмен әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған Әдепхан Жақыбаевтай ақынның шаңырағында жарық ғалам нұрына көз суартқан ол жастайынан алаңсыз асыр салып, өлең көші дүркірей керуен тартқан сәттерді тамашалап, өнерге жақын өскен.

Ұстазы дана болса, шәкіртін шыңнан көру қиын емес. Сол айтылғандай, текті әулеттің ұлдарының кенжесі Барлықтың да бойында шабыт шалқыған кездер өткен. Сонау мектеп қабырғасында жүргенде қасиетті қара домбыра пернесінде салалы саусақтарын билетіп, қоңыр дауыс, жүйрік шабыс пен алғырлықты аламанға салып, сөз барымтасына түскені бар. Ауданаралық бір айтыста:

«Болғанда әкем ақын, шешем батыр,

Құдайдан тілеу тілеп, үйде жатыр.

Қағамын домбырамды туматайлап,

Шабытым қырдан асып келе жатыр», – деп балғын жырды түйдек-түйдегімен көмекейден саулатып, қарсыластарын састырған-ды. Бекзат өнердің өрісін кеңейтіп, айтыстың ақтаңгеріне айналып кетпесе де бойындағы қаннан берілген ақындықты балауса шағында берік ұстанған ол асқар таудай әке тәлімін көп көрген. Кенжелік еркеліктің арқасында өзін еркін ұстап, тау тұлғалы жанға келген талай сыйлы адамдардың сөз уызына қаныққан. Бұл жайлы Барлықтың өзі: «Әкем шаруашылыққа жастайымыздан бәрімізді бейім өсірді. Әрқайсысымызға бәсіре беретін. Әрқайсысымыздың ер-тұрманымыз бөлек болатын. Той-томалақ бола қалса тайға мінгізіп ертіп алатын, сол арқылы талай жақсы-жайсаңдардың әңгімесіне құлағымыз қанық болып өсті. Олар: Әбілхан Қастеев, Дәнеш Рақышев, Қуаныш Сұлтанов, Оразақын Асқар, Бексұлтан Нұржеке, Лұқман, Мырзағали ағалар», – деп әке жайлы толғанған бір естелігінде айшықтайды. Осы бір естелігі арқылы Барлықтың балалық шағы сал-серілердің көшінде, өнердің кенінде жүріп қасиетті сөз өнеріне бейім өсумен өрнектелгендей көрінетіні де жасырын емес.

Иә, шешендік пен көсемдіктің, ізгіліктің дәнегін еккен сол таудай ұлы жандардың ғибратты жолы Барлыққа ерекше әсер еткен. Содан да болар ол жасында жалындап тұрса да ең алдымен әке мен ананың батасынсыз іс бастамауды құп көрген. Үлкендердің алғысынсыз соқпақ салу мүмкін емес деген пайымды іштей қуаттап, түбінде елге пайдамды тигізер азамат боламын деген ойды жанына медет тұтқан. Жүрек қалауы солай меңзеп тұрғандықтан ба, туған топырағында орта мектепті тамамдаған Барлық Әдепханұлы бірден жоғары оқу орнына түспеді. Жалындаған жиырма жасына дейін әкесінің шаруасына қарайласып, қара шаңырақта қалып қойды. Өзінен үлкендердің бірі әскерде борышын өтеп, бірі жұмысқа тұрып жатса, ендігі бірі жаңадан үйленіп, өрісін кеңейту жолында жүрген. Осынау кезде әкеге қолғабысын тигізген ол жолдастарының университеттің бірінші курсын бітіріп келіп, алда жарқын жол, мансапты қызмет күтіп тұр деп масаттанғанына іштей намыстанады. Содан биікке талпынған талапшыл көңілдің әуеніне елтіп, жоғары оқу орнына түсуді мақсат тұтқан.  Осы ойдан арылмай, асау өмір ағысында өз желкенін біліммен ғана көтерерін күніге ойлаған Барлық анасына келіп: «Анашым, мен де оқиын, ертең сендердің зейнетақыларыңа қараймын ба, ер азаматша өз бетімше тірлік етейін», – деп ақ бата сұрайды. Тау тұрпатты әке айбынынан жасқаншақтап, жүрегі мейірімге толы анаға айтқан тілегіне ғазиз жан да қарсы шықпай, алған бетіңнен қайтпа деп ақыл қосқан көрінеді. Осылайша ата-ананың ризашылығын арқалап Алматыға аттанады. Студенттік жылдарда оқуға деген ізденісінің нәтижесінде бірқатар университетті үздік бітіріп, заңгер, қаржы және политология мамандықтары бойынша диплом алады. Жоғары білімді жан-жақтылы алып, заман ағымына қарай қауқарлы да білгір маман атану үшін оқуға деген ізденісінен бір танбай АҚШ-тың Дюк университетіне түсіп, оны да жоғары деңгейде тамамдайды.

Бозала таңнан бел жазбай жұмыс істеп, кейіннен жоғары оқу орнында да студент атана жүріп еңбек жолын бастаған ізденімпаз жан көптеген қызмет атқарған. Әкенің қанынан, ананың сүтінен дарыған тектіліктің арқасында өз міндетін қалтқысыз орындауды азаматтық борышы санаған Барлық Төреханов 2007 жылы Алматы қаласы Түрксіб аудандық Әділет басқармасының басшысы болып сайланып, оны бес жылдай абыроймен атқарса, 2012 жылдан 2018 жылға дейін Алматы облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Барлық Әдепханұлының еңбек жолы, азаматтығы мен іскерлігі тұрғысында сөз қозғалса Ермек Келемсейіт сынды Жетісудың марқаса азаматтары оның елге етене жүріп, халық үшін барын беруге, қолдан келгенше жұртқа көмек көрсетуге тырысатын азаматтық қасиетін екшеп, ерекшелеп, алға тартады. Шындығында Б. Төреханов лауазымды қызметтер атқара жүріп, елге заңгерлік кеңес беруден, өзекті мәселелердің өріс табыуына септігін тигізуден аянып қалған кезі жоқ. Міне, осындай адал еңбектің әрқашан алға жетелейтінін ескерсек, Барлық Әдепханұлы бүгінгі таңда «Samruk-Kazyna Тrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының жобалау басқармасы департаментінің директоры болып қызмет етуде.

Өмір соқпағын салып, мамандығына сай жемісті еңбек ету әр азаматқа тағдырдың өзі артқан ұлы міндет. Алайда, қазақ ұғымында "азаматы қорған, ұрпағы орман болуы керек", деген бір ғажайып пайым бар. Бірақ осынау ғажайып ойдың өресінен бой көрсететіндердің саны көп деп айту да, жоқ деп кесіп тастау да арқаға салмақ салады. Бұл жағынан келгенде Барлық Әдепханұлы бақытты жан. Облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Дүйсенбінов секілді атпал азаматтың: «Қызметінде табысты, ісіне тиянақты Барлық қазыналы жан. Оның білімі мен парасатын, жоғары санаттағы заңгерлік маман екенін ескерсек, елім деген ердің болашағы жарқын екеніне бек сенемін», деген пікіріне сүйеніп, біз сөз еткен жанның мамандығына сай ел игілігі үшін еңбек етіп  келе жатқанын бір төбе дейтін болсақ, көп баланың асқар таудай әкесі атанып, ормандай ұрпақ өсіріп отырғандығы бір төбе. Расымен де қырықтың қырқасына енді шыққан қазақтың қара домалақ баласы бүгінде жеті перзенттің әкесі. Жеті құлыны жетіліп, өнерімен де, тектен дарыған қабілетімен де Барлықтың көзқуанышына айналып, мерейін үстем етіп келеді. Перзенттері бірінен бірі озуға тырысып, бірі халықаралық олимпиадаларда жүлде бермей, бірі көркем гимнастикадан спорт шеберлігіне үміткер дәрежесіне жеткен.  Сонау 2002 жылы өмір жолын тоғыстырған зайыбы Алуа Сексембаева бүгінде «Алтын алқа» иегері. Екеуі талай белесті бірге асып, сан тауды бірге басып келеді. Бүгінде балаларының жетістігі мен жеңісіне сүйсініп отырған Барлық перзентеріне ата-анасының тектілігін дарытуды өмірдегі ең ұлы борыш санайтынын да айта кету парыз.

Атаның тектілігі демекші, жүйрік атқа жаны құмар, көкпар десе көктүріктің перзентерінше делебесі қозатын, қазақтың қасиетті ұлттық ойындарын жанымен сүйетін Барлық Төрехановтың арғы аталарынан бері тектілік қасиет үзілмей келеді. Мәселен, әкесі Әдепхан елге белгілі ақын, Алматы облысының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, 40 жыл білім саласында еңбек еткен Ы. Алтынсарин атындағы төсбелігінің иесі болса, Әдепханның әкесі, Барлықтың атасы Төрехан да аузы дуалы көсем, тілге шешен әулие кісі болған екен. Ал арғы атасы Жақыбай қара қылды қақ жарған әділ төре, елге қазылық еткен би болса, бабасы Салпық биді исі қазақ жете таниды. Бұл орайда Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әріннің Барлыққа берген саф теңеуі еріксіз ойға оралады. Қаламгер: «Түтіні түзу ұшқан тектілердің ұрпағы», – депті. Сол айтылғандай, асылдардың тұяғы саналатын Барлық та бабаларындай, тек заманға сай түрленген, жаңарғаны болмаса, сол кісілердей заңгерлік қызметті де атқарып, қолы қалт етсе ұлы өнерге ойысып, қара домбырасын құшақтап әуелете ән салатын, арасында жүректе жатқан жазуларды өлең қып өретін жан.

Хош, текті әулеттің асқардан қанат сермеген тегеурінді түлегі Барлық Төреханов адал еңбегінің абыройлы белесін сәт сайын бағындырып келеді. Ол төккен терінің өтемі ретінде бірнеше мәрте Алматы облысы әкімінің, облыстық мәслихаттың және минстрліктердің Құрмет грамотасын, «Әділет саласына қосқан үлесі үшін» және «Нотариат саласына қосқан үлесі үшін» медальдары, «Әділет саласының үздігі» төсбелгісі сынды бірқатар марапаттарды иеленген. ҚР Заңгерлер одағының мүшесі, «Бірінші санаттағы заңгер» төсбелгісінің иегері. Оған қоса өзіміз атап өткендей жеті қазынасындай болған жеті перзенттің асқар таудай әкесі, ормандай халқының бір қорғаны. Сол бір текті азамат бүгінде қамал алар қырық жасты еңсерді. Осынау мерейлі шағында тектінің тұяғына еңбегінің жемісін көріп, бұдан да асқақ мұраттар жолында қайраткерлік қасиетінен танбай ел үшін тер төге берсін демекпіз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ