АУЫЛДАСТАРЫ ШОЛПАН ЖҰМАДІЛОВАНЫ ЕСКЕ АЛДЫ

Уақыты: 08.04.2019
Оқылды: 2261
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Кеген ауданы Саты ауылындағы Айтжан Түркебаев атындағы орта мектепте әріптесіміз, "Жетісу" газетінде еңбек еткен, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Желтоқсан көтерілісінің қаһарман қызы Шолпан Жұмаділованы еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті.

Шолпан Жұмаділова 1966 жылы 15 наурызда Райымбек ауданын­дағы Саты ауылында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. Еңбек жолын «Дәуір» газет-журнал баспаханасында бастаған. Алматы қалалық «Алматы ақшамы», облыстық «Жетісу» газеттерінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған. Оның қаламынан туған «Ауыл деп соққан жүрек», «Біздің елдің жігіттері», «Әкелер мен балалар», «Қырық шырақ», «Найзағай-намыс» атты кітаптары бар.

Алмас Жүнісбайдың ұйымдастыруымен өткен жарысқа ауыл жастарынан құралған 11 команда қатысты. Алғашқы кезеңнен-ақ  шағын футбол шеберлері бұл сайысқа тыңғылықты дайындықпен келгенін көрсетті. Жоғары дәрежеде өткен бәсеке жиналған жұртты бір серпілтіп тастады. Жарыс қорытындысы бойынша бас бәйгені мектеп оқушыларынан құралған команда жеңіп алды. 2-орынды «Ұстаздар» командасы еншілесе, «Ауыл жастары» командасы 3-орынды қанжығасына байлады.

Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен және ақшалай марапатталды.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ