БЕДЕЛ БЕЛЕСТЕРІ

Уақыты: 10.04.2019
Оқылды: 1508
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Алдына биік мақсат қойып, соған жету жолында қажымай-талмай еңбек ету арқылы өз тағдырын қалыптастыратын жандар болады. Бүгінгі кейіпкеріміз, Қарасай ауданындағы «Қарасай Құрылыс» компаниясының бас директоры, құрылтайшысы әрі кеңесшісі  Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ осындай санаулылардың қатарынан табылады.

Алдындағы үш ағасы бірдей майдан даласына аттанғанда Әкебай бар-жоғы 12 жастағы бала болатын. Алдымен шаруашылықтың жұмысына жегілген  Әкебайдың буыны бекімей жатып Қарағандыдағы еңбек армиясына аттанатыны да осы тұс. Төрт жылға созылған соғыс аяқталып, жауынгерлер елге қайтқан кезде Әкебайдың ағалары Нүсіпбай, Жақыпбай, Нүсіпбектер Жеңіс туын желбіретіп аман-есен оралды. Енді ағайынды төртеуі құлдыраған шаруашылықтарды қалпына келтіру жолында еңбек майданына араласып кетеді. 
1944 жылы Қасым мен Фатима Чочаевтардың отбасы Жылысайға табан тірейді. Еңбек армиясынан келіп, елдегі жұмысқа бел шеше кіріскен Әкебай балқар қызы Нипаны (Нұрипа) осы жерде жолықтырды. 1948 жылы олар шаңырақ көтерген. 
Аналары Нипаның ісмерлігі мен ұқыптылығын, үй шаруасын дөңгелентіп әкететін еңбекқорлығын, әкелерінің күндіз-түні тынымсыз жұмыс істейтінін көріп өскен ұл-қыздар ең алдымен еңбекті бағалауды үйренгендері анық. Алты ұл мен екі қыз өздері ес біліп, етек жапқаннан кейін ата-аналарының бір жағына шығып,  оларға қолғабыс жасауды басты мақсат етеді. Тұрмыстың ауыртпалығынан жоғары білім ала алмаған Әкебай қолы қалт еткенде қаламды серік етіп, өлең жазуды ұнатады екен. 
Әкебай ақсақал ғұмыр бойы орман шаруашылығында еңбек ете жүріп ұрпағының лайықты азамат болып өсуіне көңіл бөлді. Соның нәтижесінде балалары түгелдей жоғары білім алып, өмірден өз орындарын таба білді. Үлкен ұлы Амантай қара шаңырақтың түтінін түтетіп, Қарқарада шаруасын дөңгелентіп отырса, Мұхтар – Елбасының қолынан генерал шенін алған, бүгіндері құқық қорғау органдарының  зейнеткері. Жангелді жауапты қызметтер атқарып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты мәртебесіне ие болған елге танымал азамат. Сәуле, Қажымұрат, Марат, Света да әке-шеше аманатын арқалап, әулет абыройын асқақтатып жүрген аяулы жандар. 
1960 жылы Кеген ауданы Қарқара ауылында дүниеге келген Жанболат Әкебайұлы бала кезінен еңбектің дәмін татып өсті. Мектепті де үздік бағамен бітірді. Алдымен жүргізуші мамандығын меңгеріп, артынша Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанады. Әскерден келгеннен кейін Қазақ политехникалық институтына түсіп, машина жасау инженері  дипломын алып шыққан ол Талғар ауданындағы «Алматы бордақылау» кеңшарында мамандығы бойынша еңбек етуден бастаған. 
Алдымен ауылдық кеңестің депутаты болып сайланған Жанболат көп кешікпей Талғар ауданындағы 17 елді мекенді біріктіретін Киров ауылдық кеңесінің төрағасы қызметіне бекітіледі. Оның құрамына ауылдармен бірге үш кеңшар, су және мал шаруашылығы институттары, ипподром мен зоопарктің қосалқы шаруашылықтары да кіретін. Өз қызметіне жауапкершілікпен қарауының нәтижесінде еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін сол округтің әкімі болып тағайындалып, 15 жылдай жемісті еңбек етті. Жұмысын жалғастыра жүріп білімін жетілдіруді бір сәт жадынан шығармаған Жанболат алдымен Д. Қонаев атындағы мемлекеттік институтын, соңынан Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің жанындағы ауылшаруашылығы қызметкерлерінің жоғары мектебін тамамдап, заңгер және менеджер мамандығын қосымша меңгеріп шығады.
Осыдан кейін Жанболат өмірінің біраз жылын әкімшілік қызметіне арнаған. Атап айтқанда, 1997 – 2003  жылдар аралығында Талдықорған ауданы (қазіргі Ескелді), Қапшағай қаласы, Қарасай ауданы әкімдерінің орынбасары болып еңбек етеді. Елімізде шағын және орта бизнеске ерекше көңіл бөліне бастаған шақта осы салада еңбек етіп көруді ойға алған Жанболат Әкебайұлы түрік компанияларымен бірлесіп «Еділ-Ақсу» консорциумын құруға атсалысады. Негізінен құрылыс саласымен айналысатын бұл құрылымда жетекшілік жасаған ол кейіннен «Ақсу» акционерлік қоғамын қалыптастырып, алдымен оның жоба жетекшісі, соңынан директорлар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған. 2009 жылы «Қарасай Құрылыс» компаниясын жаңадан ашып, бүгіндері осы серіктестіктің бас директоры, құрылтайшысы әрі кеңесші лауазымын мойнына жүктеген. Аудандағы ауызсу және кәріз жүйелерін салудан бастап, гидротехникалық қондырғылар, электр жүйелері, біраз балабақша мен мектеп ғимараттары бой көтеріп үлгеріпті. Шеңгелді аймағындағы суландыру жүйесі, Арал қаласын ауызсумен қамтамасыз ету жобасы, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Көксарай» су қоймасы, Ақтау қаласындағы Неке сарайы мен 1200 орынды мектеп, 100 пәтерлік үш көпқабатты тұрғын үй осы корпорацияның үлесіне кіреді. Осы жобалардың ішінде Ақтаудағы Неке сарайын, Арал қаласының су жүйесін, «Көксарай» су қоймасын ашуға Елбасының өзі қатысқаны Жанболат үшін үлкен мәртебе. Бүгіндері «Қарасай Құрылыс» компаниясының әкімшілік қызметінде 22 маман еңбек етсе, жазғы науқан кезінде 150-ге жуық адам тұрақты жұмыс істейді. Серіктестік білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы күрделі құрылыстардан бастап, ағымдағы жөндеу, су және кәріз жүйелерін салумен айналысуда. Өздерінің өндірістік базасын, кірпіш шығаратын зауытын, қажетті техникаларын қалыптастырып алған мекеме аудан бюджетіне де қомақты қаржы түсіріп келеді.
Жанболат Әкебайұлы облыстық мәслихаттың депутаты ретінде қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, қайырымдылық көмек жасауды жадынан шығарған емес. Аудандағы тұрмысы төмен отбасыларына жәрдемдесіп, «Мектепке жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларына тұрақты қол ұшын беріп, ірілі-ұсақты шараларға белсене қатысуда. Сонымен қатар, ұлтымыздың рухын асқақтататын, азаттық ахуалын қалыптастыратын ірі істерге де мұрындық болып жүр. Соның бірі, еліне қорған болған Әлмерек абыздың қорына жетекшілік жасауы десек болады. Сонау бір жылдары Нұрғали Мамыров, Бек Құндақбаев, Ешімбет Байбарақов, Рауан Арипов, Бағашар Тоқмолдаев, Босатқан Ұлдарбеков,Стақан Белғожаев, Карл Байпақов сынды ел құрметіне бөленген ақсақалдар өздері құрған осы қорды Жанболат сынды жастарға табыстаған болатын. Ендігі кезекте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кезінде салынған Әлмерек абыздың кесенесінің жанынан жастарға ұлттық тәрбие беріп, патриоттық сезімін қалыптастыратын орталық  салу жұмыстары қолға алынған. Бұл ғимаратта оқу бөлмелерімен бірге қолөнер, бейнелеу өнерінің цехтарын ашу жоспарда бар. 
1916 жылғы Ұлт-азаттық қозғалысын насихаттау мақсатында «Тарихқа тағзым» бағдарламасын жасап, Қарқара көтерілісінің 100 жылдығын атап өтуге қордың төрағасы ретінде Жанболат Әкебайұлы үлкен еңбек сіңірді. Кеген ауылында еңселі мемориалдық кешен тұрғызылып, алты Алашқа сауын айтқан ас берілген-ді. Осы бағдарлама аясында облыс басшысы Амандық Баталовтың және аудан әкімі Жанат Тәжиевтің қолдауымен ауылдар абаттандырылып, көлік жолдары жасалып, көшелер жарықтандырылып, ауызсу құбырлары тартылып, мектеп, аурухана, Мәдениет үйінің ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізілгені ел игілігі үшін атқарылған шаруа. Осы шараға орай белгілі қаламгер Нұрлан Оразалиннің қолдауымен  Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» романы, Сейдәлім  Тәнекеев «Қарқара – 1916: Албан көтерілісі» сияқты елдің рухын оятатын жеті кітап қайта басылып, оқырманға жол тартты. «Қилы заманның» желісімен 45 минуттық бейнефильм түсіру де оңай шаруа болмағаны анық. 
Жанболат Жөргенбаев адал еңбегінің арқасында Талғар, Қарасай, Райымбек аудандарының Құрметті азаматы мәртебесіне, Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы атағына ие болған. Облыстық мәслихаттың депутаты болып  сайланған ол  2016 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Жары Дина екеуі өнегелі ұл-қыздар тәрбиелеп, бүгіндері немерелерін әлпештеп отырған берекелі отбасы.  

Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы