ЖАНЫМА ЖАҚЫНЫ - ЖУРНАЛИСТИКА

Уақыты: 12.04.2019
Оқылды: 1617
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Мен оны сонау тоқсаныншы жылдардан білемін. Салмақты, сабырлы, қоғамда, әріптестерінің арасында өзінің орны бар, сыйлы азамат. Жұмысына тыңғылықты. Бір қалада, бір жүйеде қызмет істеп келе жатқандықтан көзқарасын, көппен тіл табысуын, тіпті, өмірді пайымдауын да айна-қатесіз түсінетін сияқтымын. Ол - Бейбіт Мәмлеев. Шығармашылық әлеуетІ зор кейіпкеріміз журналистиканы 1992 жылы облыстық телерадио компаниясынан бастады. Жоғары оқу орнының соңғы курсында оқып жүргенде баспасөз бетінде телеарнаға дикторлыққа іріктеу жарияланғанын оқиды. Университеттің дипломы әне-міне қолға тиейін деп тұрған жалындаған жастық шақ. Бейбіт ойланбастан бағын сынап көруге бел буады. Оң аяқпен аттаған мекеме оның өміріне жаңа жол ашты. Бейбіт өмірін баспасөзбен байланыстырды.

Телерадио компаниясының директоры Аркадий Есенов қоңыр дауысты Бейбіт Серіктайұлын бірден жұмысқа алды. Басшының пайымы алдамапты. Дара дауысты диктор қызметті бірден шыр көбелек айналдырып, алып кетті. Берілген тапсырманы бұлжытпай орындау, сенімге селкеу түсірмеу оның табиғатында бар асыл қасиеті.

Диктор – өте жауапты жұмыс. Камера өзіңе бұрылып, микрофон қосылғанда дауысың мен келбетің келісіп тұруы керек. Эфирдің екінші жағындағы көрермен сенің сөйлеу мәнерің мен қас-қабағыңның қозғалысына дейін сүйсініп көруі тиіс. Көрерменнің талғамы жоғары.  Эфирдегі өзіңе берілген уақыт аяқталғанда сөзіңнің мән-мағынасын сақтап, әдемі қоштасуың керек. Бұл Бейбіт Серіктайұлына қиындық тудырмады. Болмысынан асығып-аптығуды білмейтін, ешкімнің қабағына кірбің түсірмейтін, рухани жан дүниесі бай жігіт үшін халықтың алдында қызмет ету қиындық тудырмады. Өйткені оның ісі де, сөзі де шынайы. Компания басшылығы оған радионың таңғы, кешкі жаңалықтарын жүргізуді де табыстады.  Радио күн сайын хабар таратады. Бейбіттің дауысы күн санап Жетісу халқына таныла берді. Үлкендер сүйсініп, кішілер қызығып тыңдайтын дауыс көпшіліктің құлағына жақты.

Талдықорған облысы 1997 жылы тарап, көптеген мекеме қысқарды. Мұндай жағдай облыстық телерадио компаниясының да басына түсті. Облыстық  ақпарат құралы қалалық телевидение болып, эфирге шығатын уақыты азайды. Қаржы жағынан да қиындық басталды. Ол кезде «Жерұйық» деген телеарнаны танымал журналист Қанат Асқаров басқаратын. Бюджетте ақша болмағандықтан айлық бірнеше айға дейін берілмей қалып жүрді. Мамандар күнкөріс көзі үшін басқа қызметтерге ауыса бастады. Бейбіт Серіктайұлы да ақша тапшылығының салдарынан Құқық және нарық академиясында орыс тілі және әдебиетінен сабақ берді. Бірақ қоғамдық ойды қозғап жұмыс істеп қалған журналистке бұл кәсіп ұнай қоймады. Ол көп ұзамай сол кездегі республикалық «Асар» партиясына жұмысқа кірді. Ел-елді аралап, партияның жұмысы, мақсаты туралы айтып, түсіндіру шараларымен айналысты. Республикалық «Асар» партиясының басшысы, танымал тұлға Дариға Назарбаева еді. Бейбіт мұндағы жұмысын бар ынта-ықыласымен атқарды. Тыңғылықтылығы мен көпшілікпен жұмыс істей білу қабілетімен көрінген оны «Асар» партиясы жастар қанатына басшылық ету міндетін жүктеді. Кейіннен саяси ұйымға «Асар» «Нұр Отан» партиясының құрамына кірген соң Бейбіт Серіктайұлы аталмыш қызметке ауысты.

Тілшілердің арасында «журналистикаға бір келген адам шыға алмайды» деген тәмсіл бар. Ол өз үйірін, яғни журналистердің арасын аңсай берді. Сол кезде қалалық «Талдықорған» газетінің жұмысы жанданып, тілшілер ала бастаған кез еді. Қалалық газеттегі жұмыс оның тынысын ашты. Бір күнінен екінші күні қызық. Творчестволық ізденіске толы жылдар басталды. «Жас келсе – іске» деп журналисті газеттің барлық жұмысына жұмсады.

Тәжірибесі шыңдалған Бейбіт Мәмлеевке «Жәрдем» қоғамдық-медициналық газетіне бас редактор болу бақыты бұйырды. Дәрігерлердің мақаласын жариялау, сырқаттың алдын алу, ел көлеміндегі  әлеуметтік бағдарламалардың орындалу барысын көрсету тынымсыз еңбекті қажет етеді. Дәрігерлер қызмет бабындағы санатын көтеру үшін газетке мақала жариялауы тиіс. Олардан келген жазбаларды қайта қарап, басылымның тіліне бейімдеу үшін біраз тер төгуге тура келеді. Жалпы журналистің жұмысы қашан да үздіксіз ізденуді қажет етеді.

Бүгінде отыз жылдай уақытын журналистикаға арнаған Бейбіт Мәмлеев облыстық «Огни Алатау» газетінің елге белгілі тілшісі. Замандас ретінде: «Беке, талай жұмыстың басын қайырдыңыз, жаныңа жақыны қайсы?» – деп сұраймын. Ол ойланбастан: «Журналист мамандығы», – деп жауап береді. Содан кейін «Оқырман біздің таныс емес бір сөздің мағынасын табу үшін қанша машақаттанатынымызды білмейді-ау», – деп күлді. Шынымен де бір қарағанда жаңадан қосылған термин сияқты. Бірақ сол сөздің орынды қолданылуы үшін бірнеше сөздікті, әр жылдары шыққан орфографиялық кітапты ақтаратынымызды оқырман қайдан білсін?!

Бейбіт оқырман алдындағы міндетін адал атқару және тілге деген құрметті сақтау үшін аянбай еңбек етіп келеді. Аянуға қақысы да жоқ. Газеттің жұмысы бір күнмен бітпейді. Аптаның басында келесі апта немесе келесі айда қандай мақала жазатының  жайлы тапсырма беріліп қояды. Құрылысшылар бүгінгі шаруасын аяқтаған соң үйіне барып демалады ғой. Ал журналист ертең шығатын газет үшін түнімен мақала дайындап, оны өткізе салып, жаңа тапсырманы орындауға аттанып бара жатады.

Бүгінде біздің әріптесіміз Бейбіт Мәмлеев ердің жасы елуге толып отыр.  Жазарың таусылмасын дейміз әріптеске. Бейбіттің Динара есімді ақылды, үріп ауызға салғандай көрікті қызы бар.  Өте дарынды. Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебін аяқтаған соң, Қытай еліндегі Хайнинь қаласындағы Джедзян алдыңғы қатарлы жоғары оқу орнына оқуға түсті. Әріптесіміз қызын әрқашан мақтан тұтып, амандығын тілеп отырады. Айлығын ала сала Динарасына салып жіберуге асығады. Қамқор әкенің мейіріміне шомылып өскен қыздың ілтипаты да өзгеше. Динара Мәмлеева өзі оқитын жоғары оқу орнының газетін шығарушы. Әкенің бойындағы асыл қасиет ізбасары  Динара Бейбітқызына берілген. Бейбіт те мектепте жақсы оқып жүргенде ең мақтаулы «Артек» пионер лагеріне барған еді. Мектептің қабырға газетін шығаратын. Әке жолын бала қуса, одан артық бақыт бар ма?

Бейбіт өмір жолында өзіне талай жақсы адамның кездескенін, олардың бойынан өзіне адамдық, адалдық, еңбекқорлық, білімге құштарлық қасиеттерін сіңіргенін айтады. Журналистикаға бейімдеген, осы мамандыққа келуіне ұйытқы болған Аркадий Есеновке ризашылығы шексіз. Телеарнаға хабар дайындаудың қыр-сырын Татьяна Царева, Любовь Киндюшенко, Рымгүл Максимқызы, Вера Максименколардан үйренгенін айтады. Ал «Огни Алатау» газетіне келіп, облыстық беделді басылымның  тілшісі болу бақытына ие болғаны үшін сол кездегі газеттің бас редакторы Әміре Әріннің қамқорлығын айтып тауыса алмайды. Замандасымыз «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Саламұлына, бас редактордың орынбасары Забира Сайдильдинаға, осы газетте талай жыл жұмыс істеп, мерзімдік басылымды шығаруда үлкен жүректілігімен қызметкерлердің алғысына бөленген Виталий Пекельник, Асхат Алтынбеков және Ольга Кременцоваға жеткен жетістігі үшін ризашылық білдіреді.

Ол бүгінде бесаспап, кез келген тақырыпты «ойнатып» жазатын жүйрік журналист. Бөлім басшысы Жәмилә Атибаевамен әлеуметтік, рухани тақырыптарды жазып, көптің көкейіндегі ойдың шешілуі барысында еңбек етіп келеді. Бейбіт замандасымыздың  сабырлы, зиялы, жайлы мінезі ортамыздағы сыйлы орнын көрсетеді. Қуанғанмен қуанып, қиналғанмен бірге қиналатын қызметте шығар тауың биік болсын, Бейбіт әріптес.

Гүлжан ТҰРСЫН