ЕСІМІ ЭНЦИКЛОПЕДИЯҒА ЕНДІ

Уақыты: 14.04.2019
Оқылды: 1784
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Нұра ауылында тұратын мектеп оқушысы Назерке Әбдірейдің есімі дарынды балаларға арналған халықаралық энциклопедияға енді. Редакция ұжымы оның ерекше талантын осылай бағалады.

Назерке – Ораз Жандосов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы. Ол бастауыштан бастап барлық пәнді үздік меңгеріп келеді. Соның арқасында республикалық интеллектуалды ойындардың бәсекесіне қатысып, бірнеше рет айтулы жүлделерге ие болды. Оның ғылыми жобалары үздік жұмыстардың қатарынан көрінді. Талантты жас тек білім мен ғылымдағы ізденістерімен шектеліп қалған жоқ. Спортта да өзін-өзі шыңдап, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Мәселен, ақпан айында Талдықорғанда өткен жасөспірімдер арасындағы бокс бәсекесінде дара шығып, облыс чемпионы атанды. Оның шығар биігі, алар асулары әлі алда.

– Болашақта әскери маман атанып, еліміздің қорғаныс саласында қызмет еткім келеді. Әрине, ол үшін терең біліммен қатар қайрат пен жігер керек. Спортқа қызыққаным, оның ішінде боксты таңдағаным сондықтан. Менің осындай дәрежеге көтерілгенім ең алдымен ұстаздарым мен бапкерлерімнің арқасы. Олардың үміттерін ақтап, сенімдеріне селкеу түсірмеуге тырысамын. Маған көрсетілген құрмет – менің мектебіме көрсетілген құрмет деп ұғамын, – дейді сұрағымызға жауап берген жас чемпион Назерке Әбдірей.

«Болашақ бүгіннен басталады» дегендей, есімін ел таныған Назеркенің алғашқы қадамдары оның арман жолдарына баспалдақ болатыны анық.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы