ТАЛДЫҚОРҒАНДЫ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТАМЫН

Уақыты: 22.04.2019
Оқылды: 1784
Бөлім: ЖАНСАРАЙ
Арай ҚАНАПИЯ
Біздің анықтама: 
 2001 жылы 25 шілдеде Талдықорғанда дүниеге келген. 
 Облыс орталығындағы №2 орта мектепті 2018 жылы тамамдады. 
 Бүгінде Қытайдың Гуанси ауданына қарасты Наньнин қаласында аудармашы мамандығы бойынша білім алып жатыр. 
 Қолөнермен айналысады. Фотограф және актриса. 
– Әр елдің салты басқа. Сен оқуға барған орта қалай? 
– Мәдениеті өзгеше. Жол білмей, көшеден кетіп бара жатқан кез келген жаннан бағыт сұрасаң, бір емес, бірнеше мәрте, ашуланбастан тәптіштеп түсіндіріп береді. 
Маған ұнаған ер­ек­ше­ліктерінің бірі – қонақты күту. Мәселен, менімен бірге тек қана қазақтар емес, Америка, Африка аймақтарынан да студенттер оқиды. Ал ұстаздар, жергілікті халық бәріне бірдей құрметпен қарайды. Ең бастысы, күліп жүреді. Бір нәрсе дұрыс болмай жатса да күліп қабылдайды.
Осы тұста бір ұстазымның ерекше құрметін айта кетсем болады. Алғаш барғанда қытай тілін білмедім, ал ұстазым ағылшын тіліне шорқақ еді. Маған жеке тапсырма бергісі келсе, басқа да жұмыстарды жүктегісі келсе телефонын ашып, қазақша-орысша аудармасын жасап сөйлесетін. Ал мен оқып жатқан топта 26 студент бар. Негізгі баса айта кететін жағдай, қытайлардың басым көпшілігі ағылшын тілін біліп тұрса да өз тілдерінде сөйлесуге тырысады.
– Білім ордасы өзі таңдау жасады ма, әлде сен бе? 
– Арнайы тестілеу болған жоқ. Маған білім грантын өздері берді. Өйткені, менің ұтқан тұсым, ағылшын тілін білдім. Шақырту түскенде неге бармасқа деген ой келді. Ал ағылшын тілін 10-сынып оқып жүргенде арнайы курстарда оқып, үйрендім.
– Біздің елде не дегенмен «Қытай фобиясы» бар...
– Иә, елімізде «Қытай фобиясы» бар. Мен көрген ел мен жұрт айтып жүрген мемлекет басқа. Есту мен көрудің айырмашылығы жер мен көктей. Мәселен, мен мына жерде отырып «Жапония анандай, олар мынандай» деп еркін көсіліп айтып, даттап та, мақтап та аламын. Сол сияқты елімізде Америка десе де үрке қарайтындар бар. Шынтуайтына келгенде, барып келгендер көргенін ғана айтады ғой.
– Өзіңнің әлеуметтік желілер арқылы бұйымдар жасап, сататыныңды да білемін. Осы турасында айтып өтсең. 
– Әлеуметтік желілерден сатуға қойған бұйымдардың барлығын өз қолыммен жасаймын. Керек-жарақтары бар болса болғаны, іске кірісе беремін (күліп). Бұл істі игеруім қызық. Екінші сыныпта тоқыманы үйрендім. Ал төртінші сыныпқа барғанда еңбек пәнінен ұсақ бисер моншақтармен жұмыс жасадық. Мен ваза, гүл, білезік жасап, жақындарыма сыйға тартып жүрдім.
Сөйтіп жүргенімде бір күні қатарластарымның бірі келіп «білезікті қанша теңгеден сатасыз?» деп сұрағанда, «неге сатпасқа?!» деп кірісіп кеттім. Бірінші сатылған білезікті 10 теңгеге бердім (жымиып). Одан кейін жасалу жолын күрделендіріп, әдемі болу үшін тастарды қосып, түстерін өзгерттім. Қиындығына қарай қаржысы. Бисерден жасалған білезіктерімнің бағасы 20 теңге, 50 теңге болып өсті. Ал оны негізгі кәсіптің бірі есебінде қолға алып, еңбектенген кез – тоғызыншы сыныпты бітірген жаз. Әлеуметтік желі арқылы сауда жасау енді дамып жатқан уақытта мен де қалыспай Инстаграмнан @aray.handmade.kz деп ашып, тапсырыстар қабылдадым.
Ұйқысыз түндер өтті. Сол кезге дейін ұзақ болып көрінетін жазғы демалыс  зымыран жылдамдықпен өте шықты. Ал қолға алмас бұрын дәл осындай іспен айналысатындардың бәрін ерінбей аралап, көріп шықтым. «Біреуінде қорап жоқ, менде болу керек. Ананың тастары былай екен, менікі мынандай болу керек, визитка міндетті, этикетканы өзіме ыңғайлап қолдан істеймін», – деп өзімше сызба сыздым, сол бойынша жүріп отырдым. Шүкір, бүгінде тапсырыстар жиі түсіп тұрады.
– Дүкеніңдегі ең арзан және ең қымбат бұйым?
– Қазір үш бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмын. Ерлерге, қыздарға және балаларға арналған заттарды табиғи тастар мен маталар арқылы жасаймын. Өз өнімдерімді брендке айналдырғым келеді. Ал ол үшін әлі де талмай еңбектену, іздену керек. Ал менің дүкенімдегі ең арзан зат – кішкене балаларға арналған білезік (500 теңге), ал қымбаты – қыздар көбінде ұзату тойына басына кию үшін тәжді арнайы тапсырыспен жасатады, дизайнын өздері айтады. Ал бағасы әрлеуіне, тастармен көмкеруіне байланысты (Шамамен 10 – 15  мың).  Жасауға уақыт та көп кетеді.
– Арайдың келесі бір қыры – фотограф. Бұл салаға қалай келдің? 
– Кішкене кезімде модель болсам және суретке түсірсем деп армандайтынмын. Телефон арқылы фотолар жасап жүрдім. Ал фотоға деген қызығушылығымды оятып, бала махаббатты арттыра түскен – Оқушылар сарайындағы фото үйірмесі. Талдықорғанда Оқушылар сарайы ашылады дегеннен бастап күнде баратынды шығардым. Есік жабық. Білетіндер, көргендер әр келгенімде келесі айда ашылады деп төрт-бес айға жеткізді ғой (күліп). Содан ашылды. Бірден жеті үйірмеге жазылдым. Бастапқыда үлкен ғимараттың ішінде кабинеттерден де адастық. Фотография үйірмесінде Жеңіс Ысқабай сабақ берді. Сенесіз бе, таза қазақ тілінде сөйлегенде қуанышымда шек болмады. Біздегі «күйген» түсінік техниканы орыс тілділер ғана біледі деп тұрады ғой. Ол ой  қате! Ол кісі бізге фотоға түсіруді ғана емес, қалай жүріп-тұруды, дұрыс сөйлеуді үйретті. Ол кісі бізге арнайы қалың дәптер бастатты. Фотографияны фотоға түсіре беру деп ойлап жүрген басым, фотоаппараттың ішкі құрылысын түсініп, ISO, жылдамдық, диафрагма дегендерді білген сайын және аппаратта орналасқан әр тетік маңызды екенін ұқтым. 
– Ең алғаш фотосессия жасаған кезің есіңде ме? 
– Арнайы тапсырыспен фотоға түсіремін. Ең алғаш тапсырыс алып, «Жастар» саябағында фотосессия жасағаным есімде. Өзіме ұнады. Қызығушылықпен, оның үстіне сапалы, жақсы түсіремін деп жүріп қол-аяғымның сырылып, қанталап кеткенін де байқамаппын. Алғашқы түсірген фотоларым сақтаулы тұр. Көрген сайын күліп аламын. Қазір өзіме серік етіп «Canon 700D» маркалы фотоаппаратты ұстап жүрмін.
– Тағы бір қырың бар. Оны да сәтті алып жүрсің. Театр сахнасынан көріп едім...
– Мен бала кезімде түрлі өнерге ғашық болып, өзімді әр салада елестететінмін. Ал солардың ішінде алабөтен ұнатқаным – актриса болу. Ес білгелі жақсы көремін. Айнаның алдында өзімді талай мәрте басқа кейіпкерлер болып сынап та көрдім.
"Жас ұлан" жасөспірімдер мен балалар киностудиясы түсірген, Еркін Рақышевтың режиссерлігімен 2008 жылы жарық көрген «Жетімдер» фильмі көңілімде айрықша қалды. Сол кинода Аружан образын сомдаған Меруерт Қасымбекке таңғалдым. Керемет ойнады. Маған қатты ұнады. Мені актрисалыққа жетелеген кейіпкерлердің бірі осы.
Ал актрисалық жол былай басталды. Оқушылар сарайында бір емес, бірнеше үйірмеге жазылдым деп айттым ғой. Соның бірі осы. Қабылдау үшін арнайы кастинг жүргізді. Мен өттім. Сенесіз бе, залда жиналып отырған оқушылар қол соққанда көзімнен жас шығып кетті. Іріктеуде акробатика көрсеттім, Айқынның «Алтыным менің» әнін орындадым және Олжас Сүлейменовтың «Мәссаған» поэзиясынан «Сенен басқа...» өлеңін оқыдым. Өткеннен кейін Кендебай Темірбайұлы мені 82 балаға топ жетекшісі етіп сайлады. Маған сенгеннен шығар. Ал сол балаларды дайындыққа келгенде тексерудің өзіне жарты сағат уақыт кететін. Микрофонмен тексеріп жатқанымды көрген Кендебай аға: «Үйреніп ал. Келешекте керек болады», – дейтін. Мен сол ағамның арқасында көп нәрсені үйрендім. Кішкене рөлдерден бастап, негізгі кейіпкерлерге дейін сомдадым. Студент болдым, жаңа жылда Ақшақардың рөлінде болдым. Ал негізгі рөлімді «КарЛаг» лагері туралы қойылымда ойнадым. Сол рөлді ойнағанша Кендебай аға әр сөзіме жеке тоқталып, қимылыма мән беріп отырды.
Өзімді дамыту үшін Бикен Римова атындағы драма театрына қойылым болған сайын баратынмын. «Ромео мен Жулетта» қойылымына қанша рет барғанымды білмеймін, көре бердім. Ондағы мақсат: әр қойылымнан бір нәрсе түйіп қайту. Мәселен, бүгін ана әртіс былай шықты, кеше басқалай шығып еді, болмаса осы актриса кеше сөзін ұмытып, іс-қимылымен-ақ ойнап кетіп еді, бүгін заулатып тұр деп өзімше ой түзетінмін. Әр актрисаның, әртістің үстіндегі көйлек-жейделердің түсіне дейін бақылайтынмын.
– Мен білетін, танитын Арай тек театрда ғана ойнамайды, бір-екі фильм, сериалдардан да көрдім...
– Сенсеңіз, мен «Жетісу» арнасындағы «Болмыс» бағдарламасында бір жыл бойы тұрақты көрермен болып шықтым. Одан кейін қолөнер мамандарына арналған бағдарламаға қонақ болдым. Ал соңынан сол кезде «Ақкербез» бағдарламасының жүргізушісі Салтанат Спандиярова шақырып, көп уақыт өз өнерімді көрсеттім.
Талдықорғанға Алматы жақын болғандықтан жиі кино кастингтеріне барып тұрдым. Ал менің бірінші эпизодтық рөлім «Welcome to Zhetysu» фильмінде бұйырды. Одан Қытай елімен бірлесіп түсірген «Сазгер» киносында да қысқаша екі түрлі рөл болды. Біріншісінде домбыра шерттім, екіншісінде пойызға билет алатын қыздың рөлін ойнадым. Сол кезде өз қаламды әлем білсін деген оймен сценарий бойынша емес, өз бетіммен: «Талдықорғанға билет бола ма?», – дедім. Сол кезде кеуде тұсымды мақтаныш кернеді. Туған қаламды әлемге таныту – негізгі мақсатым.
Ал қазір соңғы ойнаған рөлім – режиссері Қанағат Мұстафин болған «Арманға 20 қадам» сериалы. «Қазақстан» арнасынан көрсетілді.  Ол жерде хатшының рөлін ойнадым. Қысқаша, кинодағы Арайдың жетістігі әзірге осы. Бұйырса әлі де көп фильмдерден көріп қаласыз. 
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Серік ҚАНТАЙ