ЗЕРТТЕУ ЗЕЙІН АШАДЫ

Уақыты: 22.04.2019
Оқылды: 1302
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Білім саласына енгізіліп жатқан жаңалықтардың келешек ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде нәтижесі барына бұл күнде көзіміз жеткен. Мектеп базасында жүзеге асырылатын іс-әрекеттегі зерттеу үдерісі арқылы практика мамандары мектеп проблемаларын қарастырып, оларға жан-жақты жауап беру мүмкіндігіне ие болады. Мектептегі ең басты іс-әрекет сабақ үдерісі екенін бәріміз білеміз. Осы орайда зерттеу сабақтары бізге не береді деген сұрақ туады. Сол жөнінде біраз сөз қаузасақ.

Сабақты зерттеу – іс-әрекет негізінде мұғалім тәжірибесін таңдау формасы, тәжірибеге өзгеріс енгізе отырып, білім беруді жетілдіру арқылы сапалы білімді қалыптастыруға бағытталған ерекше педагогикалық тәсіл. Бұл әрекет ХІХ ғасырдың 70-ші жылдарында Жапонияда «Lesson Study әдісі» деп бастау алып, қазір қазақстандық білім беру  үрдісіне де  енгізілді.
Білім сапасын көтеру – барлық білім беру мекемелерінің басты мақсаты. «Мұғалім – өз жұмысын үздіксіз жаңартып отырғанда ғана мұғалім», – деп К. Ушинский айтқандай, бұл күнде жаңашыл ұстаздар ғана биік мақсатқа қол жеткізеді. Динамика мен өзгерістерге толы бүгінгі күні әр педагогтың негізгі мақсаты – өз кәсіби деңгейін үнемі дамытып отыру. Ал бұл жұмыстың ең тиімді екі түрі бар. Біріншісі, сабақтарды бірлесе жоспарлау, кейінгісі өзара сабақтарға қатысып, оларды жақсарту мақсатында талдау мен талқылау. Осы екі әрекетті де қамтитын бірден-бір құрал – Сабақты зерттеу (немесе Lesson Study) әдісі. 
Осы  орайда, мектепте білім сапасын көтеру, тәлімгерлік үдеріс арқылы педагогикалық ұжымның кәсіби деңгейін көтеру мақсатында мектепке «Сабақты  зерттеу (LESSON STUDY)» әдісін енгізу жоспарланып, 2016 жылдан бастап  оқыту  үрдісіне енгізілді. Сондай-ақ, қажеттілікті іске асыру мақсатында экономикалық ынтымақтастық даму ұйымының оқыту мен оқу саласындағы халықаралық зерттеуі (TALIS) сауалнамасы «Ата-ана, оқушы, мұғалім» үштік қоғамдастықта жүргізіліп, зерделеу қорытындысы бойынша нақты проблемалар айқындалды. Анықталған проблемалар бойынша педагогикалық ұжымға «Оқу мен оқытуды бағалау  арқылы оқушы үлгерімін жетілдіруге бола ма?», «Белсенді оқыту әдістерін қолдану арқылы оқушы  ынтасын арттыруға  бола ма?» деген  зерттеу  сұрақтары  аясында  жұмыс атқару  міндеттелді.
Осы  зерттеу  сұрақтарына  жауап  алу мақсатында мектепте 2017-2018 оқу  жылдарында «Зерттеу  сабағын  қалай жүргіземіз?», «Зерттеу  сабағын  жүргізудің ерекшеліктері», «Зерттеу сабағы  не  үшін  қажет?» сияқты сұрақтар  мен  тақырыптар  аясында  коучингтер,  кәсіби сұхбат  алаңдары мен 3 циклдан зерттеу сабақтары жүргізіліп, әр сабаққа талдау жасалды. 
Соның нәтижесінде биылдан бастап мектебіміз Назарбаев зияткерлік мектептерімен, ДББҰ-ның Алматы қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығымен және облыстық білім басқармасының білім беруді дамыту орталығымен, сондай-ақ, облыс бойынша 10 мектеппен  бірлескен  зерттеу тобын  құрып, бүгінгі таңда жұмыс атқаруда. 
Жыл басында Алматы қаласындағы педагогикалық шеберлік  орталығының  басшысы Берік Асубаев, шеберлік орталығының тренері Ғалия Толықбаева, облыстық білім беруді дамыту орталығының бөлім меңгерушілері Эльмира Тұрсынбекқызы мен Жанат Тельманұлының қатысуымен «Сабақты зерттеуді қалай сапалы ұйымдастыруға болады?» атты облыстық тәжірибе алмасу алаңы  Боралдай кентіндегі №39 мектеп-гимназияда өткізіліп, зерттеу сабақтарының жүргізілу тәжірибесі таныстырылды. Осы  үдерісті терең  және  нәтижелі  жүргізудің бағыт-бағдары  талқыланып, ортақ  пікірлер  мен ұсыныстар  айтылды. Ал Алматы  қаласындағы  Сағадат  Нұрмағамбетов  атындағы  мектепте «Сабақты зерттеу» әдісін елімізде насихаттаушы Нагоя университетінің профессоры, жапондық ғалым Тошия Чичибудің қатысуымен зерттеу сабақтары бойынша іс-тәжірибелері көрсетіліп, бұл әдістің Жапонияда қалай қолданылатындығы туралы сұрақтарға жауап алынды. Сонымен қатар, Қазақстанда  қалай жүргізіліп жатқандығы туралы пікір  алмастық.
Жалпы «Зерттеу  сабақтары  бізге  не  берді?» деген  сұраққа  менің жауабым дайын. Бұл нысанаға алынған сыныптардағы оқу белсенділігін, оқушылардың сабаққа деген  қызығушылығы мен ынтасын арттыратын ең үлкен құрал. Сонымен қатар, сыныптан  тыс  іс-шараларда оқушылардың еркін сөйлеуін қалыптастырады. Ең маңыздысы – мектептегі  білім  сапасының артуы соның  дәлелі.
Ең  бастысы, мектепте «Сабақты  зерттеу» Lesson Study тәжірибесін өзімізге тиімді, қолайлы, жақсы нәтиже  беретін өзіндік  нұсқа  қалыптастырып, сабақты  зерттеуді өзіндік тұрғыда  жүзеге  асыруымыз керек.

Ғалия АҚШОЛАҚОВА,
№22 орта  мектептің  директоры
 Талдықорған  қаласы