ТЕКТІ ӘУЛЕТТІҢ ТҰЯҒЫ

Уақыты: 23.04.2019
Оқылды: 1866
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Тегі мықты, тегі жақсы, тегіне тартқан», – деп ақсақалдардың сүйсіне айтып, бір адамның сыртынан сүйініп отырғанын талай естігенбіз. Сол кезде аса мән бере қоймағанымызбен, «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады», – деген осы бір қорғасын ойды санамызда қорытып, көкейімізге тоқығанымызға да аз уақыт болған жоқ. Және ақсақалдардың дуалы аузындағы осындай бірауыз сөзді өзіміздің де естігіміз келетінін несіне жасырайық. Бүгінгі әңгімемнің кейіпкері Сұлтан Мырзабекұлының да өмірлік ұстанымы дәл осы қанатты сөзге байланып, нәтижесінде түтіні түзу текті әулеттің перзенті болғанын Жетісу жеріндегі, Талдықорған төріндегі жұртшылық жақсы біледі. Қарт тарихта ізі қалған бағзы бабаларын тізбелемегеннің өзінде атасы Тастабай өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу жандарының қатарында болған. Кеңес өкіметі тұсында Алаш арыстарының бірі Ораз Жандосов Жетісу жеріне келгенде қазақтың қайсар ұлымен бірігіп, ұлтқа еңбек сіңірген қайраткерлігі бір төбе. Әкесі Мырзабек ақсақал да тізгін ұстап, ел басқарғаны көпке мәлім. Осыдан-ақ, сөз басында айтқанымыздай, еліне қызмет ету ататегінен жалғасып келе жатқанына көз жеткізесіз. Әулет шежіресінің бір тармағы осылай сыр шертеді.

БОСТАН ДЕГЕН АУЫЛ БАР

Қысы ерте түсіп, көктемі жай шығатын таулы аймақтың тұмса табиғатынан қуат алып, тұма бұлағынан қана ішіп, даланың дарқандығы мен тауының асқақтығынан нәр алғаннан болар, бұл ауылдан небір ғалымдар, математиктер шыққан. Мырзабек ақсақалға «әке» деген, аяулы жары Күлзипаға «ана» деген қасиетті  есімді сыйлаған қос бәйтеректің тұла бойы тұңғышы Сұлтанның да қаз-қаз басқан, қадамын ашқан жері де осы ауыл. Бұл тауды қорған жасаған, асқақ шыңдар аясындағы бір кездегі аядай ғана Бостан ауылы. Осы топырақтың төл перзенті Сұлтан Мырзабекұлы жайлы сөзімді жалғастырмас бұрын, әңгімеме сәл шегініс жасайын.

Әуелі хал сұрасқанда «Мал-жаның аман ба?» – деп жанынан бұрын малын айтып, сөз бастайтын елдің ұрпағы болғандықтан да шығар, қазақ ұлысының тұрмыс-тіршілігін төрт түліксіз елестете алмаймыз. Кеңестік кезеңде одақтас елдермен орақ-балғалы қызыл тудың астына бірігіп, ұжымшарлар мен кеңшарлар құрылғанда мал шаруашылығы мамандары едәуір сұранысқа ие болған еді. Осыған орай Алматыда арнайы жоғары оқу орыны құрылып, ауыл балаларының көбі осы саланың маманы болуға тырысатын. Сұлтан ағамыздың әкесі Мырзабек ақсақал да мамандық таңдағанда асқақ Алатаудың бөктеріндегі ару Алматыға емес, шырайлы шығыстағы Алаштың алтын қазығы болған қарт Семейге бір-ақ тартады.

Арманы – қалаған оқуына түсу, мақсаты – ауылға келіп, білімді маман атанып, малшаруашылығының дамуына үлес қосу. Арманы адастырмады. Алғыр жігіт оқу ордасына алшаңдай басып кіріп, жастық дәуреннің қайта оралмас, қайталанбас ғажап сәттерінің алғашқы парағын ашқан. Студент атанып, білім көкжиегін кеңітіп жүргенде Күлзипа анамызға деген мөлдір махаббат оқуын бітірмей жатып-ақ болашаққа қол ұстасып, бірге қадам жасауға шешім қабылдатып, шаңырақ көтеріп, отау құрады. Осылайша Сұлтан Мырзабекұлы әке мен ана махаббатының студенттік кезеңінің тәтті жемісі болды. Айтуға болмайтын құпия емес, керісінше, өмір дәптерінің бір парағындағы қызықты оқиғаны еске алғанның еш сөкеттігі жоқ шығар.

Айы-күні жақындағанда Тастабай, Дүйсембі әулетіндегі ибалы келін Күлзипа ана мен отағасы Мырзабек әке тұңғыш перзенттерінің туған жерінде жарық дүние есігін ашқанын қалап, пойызбен ауылға тартады. Екі жас отырған купедегі бір орынға егде тартқан ақ сақалды қария келіп жайғасады. «Жол мұраты – жету» болғанда, жол қысқартатын ол – әсерлі әңгіме. Семейдегі туыстарына қыдырып келіп, шырайлы Шымкентіне кетіп бара жатқан дария кеуде қариямен әңгімелері жараса кетеді. Қыза-қыза екі жас тұңғыш баласын туған жерінде кіндік қаны тамғанын қалап келе жатқанын айтады. Ол кезде бүгінгідей құрсақтағы перзенттің ұл не қыз екенін біліп бере қою қайда? Бірақ кез келген отағасының ең әуелі шежіресін жалғастырып, шаңырағына ие болатын атұстар келуін қалайтыны ақиқат. Осы арманмен ұл күтіп отырғанын айтқанда жолаушы ақсақал: «Ұл болса, атын кім деп қоясыңдар?», – деп әңгімесін ары қарай жалғастырады. Қашан да үлкеннің алдына шықпай, солардың сөзін құптап үйренген Мырзабек ақсақал аталарының құран аударып, діндар болғанын айтып, соған орай әке-шешесі дүниеге ұл келсе есімін Абдрахман қоятынын жеткізеді. Сапарлас қария да текті атаның ұрпағы болса керек, сақалын саусағымен салалап тарап, сәл ойланып отырып: «Әлбетте, ата-ананың айтқанын орындаған дұрыс. Дегенмен әңгімелеріңді тыңдай отырып, сендерге көңілім ауып, ішім жылып қалды. Әкелерің діннен хабары бар жан болса, қарсы болмайды деп ойлаймын. Өздерің де «өз елінде сұлтан болсын» деп туған жерлеріңе алып барады екенсіңдер. Ұлдың атын Сұлтан қойыңдар», – деп тілегін айтып, батасын береді.

Жолаушы ақсақалдың соншалық көңілі түскеніне бір жағы таңғалып, екіншіден «Қырықтың бірі – қыдыр, мыңның бірі – уәлі» деген аталы сөзді есіне алып, бұл да бір жақсылықтың нышаны шығар деген ниетпен ауылға келгенде әкесіне жолда болған оқиғаны айтып береді. Діни сауаты бар әке «Жолаушының дұғасы қабыл» деген тәмсілді айтып, ұлы мен келінінің бұл жолғы сапарын жақсылыққа ырымдап, дүниеге келген ұлының атын Сұлтан деп қояды. Міне, дәл бүгін алпыстың асқарына шығып, ағалықтың төрінде отырған Сұлтан Мырзабекұлының өмірге келуінде осындай бір ғажайып оқиға болған. Неге ғажайып демеске. Бір купенің ішінде көп пенденің бірі емес, дуалы ауыз ақсақалдың бірге келуі. Танымайтын әулеттің шаңырағына келетін шаранаға жол үстінде ат қойып беруі. Ең бастысы сол аттың ақиқатқа айналып, мырза көңілді Мырзабек ақсақалдың тұңғышы Абдрахман деген есімнен Сұлтанға ауысып, ел тізгінін ұстаған сұлтан болып, алпыс деген асқаралы жасқа абыроймен жетіп отыруы шынымен де екінің басында кездесе бермейтін ғажайып жағдай емес пе?

Сөз басында айтқанымыздай, ғалымдар мен математиктер ауылы атанған Бостанда бірінші сыныпқа қабылданған Сұлтан мектепті Қоғалыдағы нағашы атасы Тілепбай мен мен нағашы апасы Шәлипаның қолында бітіреді. Қазақ болмысында туыстық қатынасты берік қылу үшін кейбір жағдайда тұңғышын нағашы жұрты бауырына басып алатыны бар. Бірақ Сұлтекеңнің нағашы жұртында оқуының себебі басқа. Сол тұста Жетісудың ақжал толқынды Балқаш аумағында Бөрлітөбе деген жаңадан аудан құрылады. Мал шаруашылығының білікті маманы Мырзабек аға сол Бөрлітөбе ауданында М. Горький кеңшарының директоры болады. Ал отбасының жылуы, азаматы қайда бастаса, қасынан табылып, бірге тартып отыратын отанасы, ұлағатты ұстаз Күлзипа ана да енді сол ауылдың мұғалімі атанады. «Әкең асқар тау болса, анаң биік шынарың. Ата-ананың ақылы, қанып ішер бұлағың. Аяласаң анаңды, ардақтасаң әкеңді, мезгілсіз сөнбес шырағың», – деген.

Осындай еңбекқор әке мен ұстаз-ананың әулетінде дүниеге келген Сұлтан Мырзабекұлының өмір парағының алғашқы беттері осылай сыр шертеді. Неге әңгімемізді алпысқа келген ағаның өмірі жайлы емес, әке мен ананың ғұмырымен бастап отырмыз. Аталарымыздан қалған «Әке – балаға сыншы» деген темірқазықтай қағылған қанатты сөз бар. Сол үшін бүгінгі әңгіме кейіпкерінің әкенің сынынан сүрінбей өтіп, шыңдалып өскенін айтқымыз келді. Өмір жолы мен өсу баспалдақтарында әке өсиеті мен ана өнегесін бағдаршамына айналдырғанын атап өтуді жөн көрдік. Себебі, Мырзабек ақсақал бір әулеттің ғана емес, өзінің туған жері мен Талдықорғанның еліне есімі етене таныс, өзіне деген ел-жұрттың сый-құрметі ерекше, той-томалақ пен ас-жиындарда алдына арнайы бас тартылып, ақ бата сұрауға лайықта қария еді. Оған өзім де сан мәрте куә болғанмын. Ақтарыла айтылған бұл ақжарма сөздерді – жақсының жақсылығын айту деп қабылдаған жөн шығар.

СЕН ДЕ БІР КІРПІШ ДҮНИЕГЕ...

Данышпан Абай атамыздың: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан», – деген нақылға айналып кеткен сөзі кез келген адамның өмірден өз орнын табуының жолбасшысы іспетті көрінеді. Сұлтан Мырзабекұлы да осы ұстаныммен асқақ арманға қадам басқан жастың бірі еді сол кезде.

Өткен ғасырдың жетпіс бесінші жылы. Қоғалыда мектепті ойдағыдай бітіріп, жаңадан он алтыдан асқан ұлын ертіп Мырзабек аға Алматыға келеді. Мақсаты – тұңғышының әке жолын жалғап, сол саланың маманы атанғанын көру. Осы оймен Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының босағасынан аттайды.  Ұлының ішкі әлемін қабағына қарап-ақ түсінетін әке бұл білім ордасының баласына ұнамағанын сезіп, ендігі кезекте халық шаруашылығы институтына әкеледі. Он жетіге енді ғана қадам басқан бала үшін ол жердегі студенттер орта жастағы ағалардай көрініп, жастық көңіліне қона қоймайды. Аталарының өнегесі – «Боламын деген баланың бетінен қақпа, белін бу» екенін есінен шығармаған Мырзабек әке таңдауды Сұлтан ағаның өзіне қалдырады. Алып таулар қойнауында өскен ұлдың аңсары басқа салаға ауып, сол кездегі ҚазПТИ-дің құрылыс бөліміне құжаттарын өткізеді.

Таңдауына түскен мамандық бойынша бір орынға сегіз баладан келуі үлкен сынақ еді. «Бұйырған кетпейді» дегенімізбен де, бәрі білім деңгейіңе байланысты болмақ. Нағашының қолында ерке болып өсті ме, әлде есті болып есейді ме? Оны сол күнгі білім таразысы анықтап, сынақтан сүрінбей өтіп, болашақ құрылыс маманы студент атанып шыға келді. Жастық дәурен тулаған аттай, зулаған оқтай емес пе? Қас-қағымда өте шыққан бесжылдық білімнің нәтижесі – Сұлтан Мырзабекұлын жолдамамен шалғай ауылдарға жібермей, Алматының өзінде қалдырады. Сөйтіп еңбек кітапшасының алғашқы парағы ашылып, оған Алматыдағы «Казколхозспецстрой» тресі №2 жылжымалы механикаландырылған колоннасының шебері деген тіркес жазылып, қол қойылып, мөр басылады. Бүгінгі күні адам танымастай өзгеріп, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің ошағына айналған ару Алматының біраз ғимаратында Сұлтан ағамыздың қолының табы, саусағының ізі қалды. Дәл қазір сырт келбеті заманауи үлгіге өзгергенімен түпнұсқада алпыстың асқарындағы ағаның жалындаған жастық шағында өз қолымен қалаған кірпіштері сол қалпында тұр. Алматыға барып қайтқан сайын Қапшағайдан өткенде сол бір жастық дәурен ара-тұра көз алдына келеді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы аумалы-төкпелі кезеңде жұмысы тоқтап, қаңырап қалған, бір кездері өндіріс ошағы болған, қазір қайта өңделіп ойынханаға айналған біраз ғимараттың қабырғасында да құрылысшы-шебер Сұлтан ағаның жастық шағының өшпес ізі қалған.

Уақыт бір орнында тұрған ба?! Сол сияқты адам баласы да алдағысын болжап біле алмайды. Біршама жыл Бөрлітөбе ауданында қызмет еткен әке мен ана Талдықорған маңындағы қазіргі Бақтыбай ауылына келіп, еңбек жолын жалғастырады. Осы кезде Алматыдағы Сұлтанының облыс орталығына келуін қалайды. Әке қабағынан сабақ алып үйренген ұл Тадықорғаннан бір-ақ шығады. Сөйтіп, 1982 жылы Талдықорған ауданаралық сауда базасына орналасады. Аталмыш база тұрғындарды азық-түліктің сан түрінен бастап, құрылыс заттары мен отын-су, көмірге дейін қамтамасыз етіп, ауқымды жүйеде жұмыс істейді. Осы бағытта облыстық тұтынушылар одағының прорабы, директордың орынбасары болып тоғыз жыл еңбек еткен Сұлтан Мырзабекұлы да кеңестік кезеңнен тәуелсіз елдің алғашқы сын сағатына елмен бірге қадам басты. Мүлдем басқа жүйе. Нені? Неден? Қалай бастау керектігі жекелеген мекемелер үшін ғана емес, тәуелсіздігін жариялаған жас мемлекетіміз үшін де күрделі кезең еді. «Өкімет өлтірмейді» деген Кеңестік дәуірдегі алаңсыз уақыт келмеске кетіп, жаңа қоғамның басында тұрған шақ. Уақыттың тамырын дөп басып, ағысқа қарсы жүзе білсең өткелден өткенің, тығырықтан шығар жол таппасаң, толқынға жұтылып кеткенің. Отыздан енді ғана асып, орда бұзар жаста тұрған жігіт сын сағаттан қалай өтпек? Бұл сауал дәл сол кезеңде жас пен кәрі, билік пен бұқара демей жалпы қазақстандықтардың санасында тұрған сұрақ еді.

Әркім өзінше жол іздейді. Дәл осы елең-алаң шақта, анығын айтқанда 1991 жылы «Қаблан» жан-жақты сауда-құрылыс кәсіпорнын құрып, бес жыл директоры болды. Кәсіпорын сауда-саттықпен қоса құрылыс заттары мен басқа да мүліктерді сатып алу және сатумен айналысып, тіршілік доңғалағын бір сәтте тоқтатпаған. Дәл осы сын кезеңде «ұқсата білген – ұтады» деген ұстаным керек болды. Жаңа дәуірдің бағытын біліп, уақыт тынысын дөп басқандардың ісі ілгерілегенімен, өндіріс орны санаулы Талдықорғанның тамыры әлзіз ғана соғып тұрған кез. Облыс әкімі Серік Ахымбеков болатын. Қашан да елімен етене жақын жүретін Серік Шаяхметұлы қасына қолынан іс келетін, осындай тығырықтан елді алып шығуға білек сыбана кірісетін жігіттердің басын қосып, жұмыс істей бастаған. Нәтижесінде облыс әкімдігі жанынан облыстық экономиканы ретке келтіру мақсатында «ФОРЭС» Қоры құрылады. Сол Қордағы Болат Тәкенов, Владимир Цой, Болат Мұхамеджанов, Илья Боярский, Владимир Поживилов сынды азаматтармен бірге жауапкершілігі жоғары жұмыстарды еңсереді. Ол кезде Сұлтан Мырзабекұлы Қор директорының орынбасары қызметін атқаратын. 1998 жылы Алматы мен Талдықорған облыстары қосылғанда бірнеше жылдан бері облыс әкімінің орынбасары болып келе жатқан Виктор Анатольевич Долженков «ФОРЭС» Қорының атқарған жұмысына қызығушылық танытып, оң бағасын берген еді. 

Ол жылдар шынымен де елдің ертеңі бұлыңғыр, келешегі көлеңкелі шақ еді. Ақша жоқ, бірнеше айлап жалақы алмаған халық. Кімге сеніп, кімге сүйенері белгісіз кезде жаңадан құрылған Қор тығырықтан шығудың жолын қарастырды. Қай салада болмасын қарыз көп. «Бірлік бар жерде – тірлік бар». Бұл бабадан келе жатқан айнымас қағида. Жоғарыда аты аталған ел ағалары жұдырықтай жұмылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, елдің еңсесін көтеруге әрекет ете бастаған. Жаңадан құрылған шаруашылықтар мен кәсіпкерлердің де берешегі шаш етектен. Аграрлы аймақ болғандықтан көп шаруашылық бидай өсірумен айналысатын. Қарыздың орнына солардың бидайын алып, оны Қарабұлақтағы ұн тартатын ауқымды зауытқа өткізіп, оны ұнға, ұннан нанға айналдырып, дүкендерге өткізіп, түскен ақшамен елдің жалақысын беріп, қолдағы барды ұқсата бастаған қиын-қыстау кезең бүгін кітаптан оқып отырған ертегідей ғана. Тек қана бидаймен емес, басқа да өнімдерді осындай жолдармен теңгеге айналдырып, басқа облыстармен тіпті, Қырғызстанмен байланыс жасап, шикізаттарын сол жаққа жіберіп, одан келген ақшамен халықтың жалақысын, зейнетақысын беріп, елдің иығына түскен ауырлықты жеңілдеткен күндер қазір еске алар естелік қана болып қалған. Ал шындығына келгенде қыруар шаруа атқарылған еді.

ӘКІМ БОЛ, ХАЛҚЫҢА ЖАҚЫН БОЛ

Қазіргі таңда облыстық мәслихаттың хатшысы қызметінде отырған Сұлтан Дүйсембіновтің әкімшілік саладағы алғашқы қадамы 1998 жылдан басталады. Облыс қосылғанда іссапарммен өңірге келген Виктор Долженков мырза Мырзабек ақсақалдың өнегесімен өскен Сұлтанның сол бір аумалы-төкпелі кезеңде «ФОРЭС» Қорымен атқарған жұмыстарын көріп, ризашылығын білдіріп кеткенін жоғарыда айттық. Содан болар, алғыр жасқа көңілі ауып, сол кездегі Ескелді ауданының әкімі Болат-би Құтпановқа қырыққа табан тіреген қырағы жігітті аудан әкімінің орынбасары қызметіне алып, бірге жұмыс істеуге ұсыныс жасайды. Облыс әкімі орынбасарының ұсынысын Болат-би Сатымбайұлы қабылдағанымен Сұлтан Мырзабекұлы бірден келісе кетпейді. Қашан да ақылын айтып, қандай істе болмасын анық басуын қадағалап отырған әкенің сөзіне жүгінеді. Ең алғаш құрылыс саласынан бастап, еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы тоқырау кезеңде кәсіпкерлікпен елдің нәсібін табуға аянбай еңбек еткен ұлының әр істегі жауапкершілігіне сенетін әке: «Бизнестің сырын ұқтың. Оны қай кезде де алып кете аласың. Егер сенім артып, ел тізгінін ұстайтын жауапкершілікті қызметке шақырып жатса, оны да көр. Мойныңда елдің аманаты тұрғанын сезіне еңбек етсең, ол жүкті де ауырсынбай көтеріп кете алатыныңа сенінім мол», – дейді.

Әке ақылынан кейін Сұлтан Дүйсембінов Ескелді ауданының орынбасары қызметіне тағайындалады. Арада бір жыл өткенде әкімшілік жүйеде ауыс-түйіс болып, аудан әкімі лауазымына Керімтай Әбдірахманов келеді де Сұлтан Мырзабекұлы бірінші орынбасары болып, өсу баспалдағының тағы бір сатысына көтеріледі. Сұлтан Мырзабекұлы орынбасарлыққа келген кезінде аудан Талдықорған деп аталатын. Ол кезде қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов Алматы облысының әкімі еді. Сол тұста ауданға әрі батыр, әрі би бабамыз Елкелді әулиенің аты беріліп, ақ шаңқан үйлер тігіліп, басқа да аудандар қуанышқа ортақтасып, Заманбек Қалабайұлының қатысуымен ас беріліп, ат шаптырып, дала төсін дүбірлеткен ғажап той болған.

Ал 2001 жыл – Жетісу жеріндегі ел үшін тарихи сәттің бірі еді. Үшінші мыңжылдықтың алғашқы жылында Алматы облысының орталығы Талдықорғанға көшіп келіп, ел еңсесі көтеріліп, ертеңге деген сенім артып, жарқын күндердің жаңа парағы ашылып жатты. Осы тұста облысқа әкім болып Шалбай Құлмаханов келіп, Керімтай Таңатарұлын Еңбекшіқазақ ауданының әкімі лауазымына қойып, ел мен жердің тарихын жақсы білетін, бұған дейін біршама қызметті жауапкершілікпен атқарып, басшылық салада өзін көрсете білген Сұлтан Дүйсембіновті Ескелді ауданының әкімі етіп тағайындайды. Бұл уақытта тоқсаныншы жылдардың ортасындағы тоқыру кезіндегідей емес, экономикамыз бір арнаға түсіп, халықтың әл-ауқаты жақсара бастаған еді. Аудан жұртшылығы да сауда-саттықпен айналысып, шағын дүкендер ашылып, кәсіпкерлікке қадам жасап, жаңа дәуірдің тынысын еркін сезініп, өмір-керуен өз сүрлеуін тапқан. Бұл аудан жалпы табиғаты тұмса сұлулыққа толы, көктен жауса ырыздығын молынан беретін жері бай өлке емес пе? Мал шаруашылығымен қатар, егіс алқаптары жайқалып, көкөніс пен жеміс-жидектің сан түрі өсетін, бір кездегідей қызылша шаруашылығын қайта жаңғыртуға қолайлы жер. Содан ба, бұл аудан қай саладан болса да төмен көрсеткіш көрсетпеген. Сұлтан Мырзабекұлы әкімшілік салада жүргелі бері Елбасының өзі бұл ауданға екі рет арнайы ат басын бұрып, оң бағасын беріп кеткен.

Бұл осыған дейін жоғарыда есімдері аталған Болат-би Сатымбайұлының, Керімтай Таңатарұлының атқарған жұмыстарын ары қарай жүйелі жалғастырып кетуінің жемісі болса керек. Бір қоғамнан екінші қоғамға өткендегі аумалы-төкпелі кездерде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен Мәдениет үйлерін, балабақшаларды, ел үдере көшкен қиын-қыстау кезден қаңырап бос қалған аудан орталығындағы көпқабатты үйлерді қайтадан жандандырып, тіршілік тамырына қан жүріп, атқарылған ауқымды жұмыстар өз нәтижесін беріп жатты.

Қарабұлақ кентінде тұрып қалған қант заводын іске қосу да үлкен жұмысты талап етті. Дегенмен, кездескен қиындықтарды еңсеріп, алға қоған мақсатқа да жетіп жатты. Сонымен бірге ел игілігі үшін Қаратал өзенің бойында үш ГЭС салынды.

2005 жылы елімізде әкімдерді сайлау қолға алынып, облыста осы бағыттағы пилоттық жобаға бірінші болып Сұлтан Дүйсембіновтің ілінуінің өзі қырықтың мол ішіне енген әкімге тағы бір кездескен сынақ еді. Дегенмен, алғаш тәжірибе жүзінде өткен сайлауда да қолдау тауып, өз орнында қалды. Бұл облысқа Серік Әбікенұлы әкім болып келген кез еді. Жалпы аудан әкімі ретінде абыройлы еңбек етіп, ел алдында еңсесін биік ұстауына жол көрсетіп, ақыл-кеңесін беріп отырған аға буын жайлы жиі айтады. Әсіресе, сол кездері облыс әкімінің орынбасарлары болған Амандық Ғаббасұлы, Әлихан Әбдіханұлы, Серік Мұқанов, Тынышбай Досымбеков және қиын кезеңдерде бірге бір ауданда еңбек еткен Әбдіқажым Рысдәулетов, Қалабек Тастанбаев, Битлеу Медеуов, Қайырғали Айтжанов, Қуат Алпысбаев, Елдос Ахметов сынды азаматтарды мақтан тұтып отырады. Аграрлы өңір болғандықтан экономиканың күретамырына айналған сан түрлі шаруашылықты жүргізіп, жоғары деңгейдегі көрсеткішке қол жеткізген Көшкінбай Жанатов, Виктор Хильниченко, Серік Сариев, Қосан Досанов, Абылқайыр Бексұлтанов, Мәлік Шайықов және басқа да кәсіпкер жігіттер Ескелді ауданының еңсесін бірге көтеріскенін бірауыз сөзбен болса да атап өткеніміз жөн шығар. Әрі батыр, әрі би болған әулие баба атындағы ауданда табаны күректей он жыл әкім болған жылдары осындай азаматтармен тіл табыса жұмыс істеп, жарасымды бірлікпен тірлік етуінің нәтижесінде өңір өркендеп сала берген.

Осылайша жүйелі жұмыс өз жемісін беріп жатқан тұста облысқа Аңсар Мұсаханов әкім болып тағайындалады. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Сұлтан Мырзабекұлын Қаратал ауданының әкімі қызметіне ауыстырады. Ел ішінде «Күндіз – күміс, түнде – алтын аққан» деп әспеттелетін Қаратал өзенімен аттас аудан Бостан ауылында кіндік қаны тамған Сұлтан ағаның арғы ата-бабасының қасиетті қонысы еді. Бабасының ізі қалған мекенге баласының келіп, еңбек етіп, ел-жұртының ішінде болуы абыройлы міндет емес пе? Сөйтіп, 2011 жылы жаңа орынға барған әкім аудан орталығын абаттандыра бастайды. Экономиканың күретамырына айналған теміржолдың бойында орналасқан Үштөбе қаласының тамырына қан жүргізіп, әуелі орталық жылу қазандығын салып, кәріз жүйелерін ретке келтіруі, саябақ пен аллеяларды жандандырып, көшелерін жасауы қала тұрғындарының да көңіліне жақсы әсер қалдырғаны анық. Бос қалған көпқабатты үйлерді қайта өңдеп, пайдалануға беруі де сол жылдардың жемісі. Қаратал ауданында өткен төрт жылдың еңбегі бағалануының арқасында 2015 жылы облыс әкімінің аппарат басшысы болып, Талдықорғанға оралады.

Бұл 2014 жылы Алматы облысының әкімі болып тағайындалған Амандық Баталовтың шешімі еді. Өйткені Сұлтан Мырзабекұлының әкімдік жолы Амандық Ғаббасұлының көз алдында өтті. Яғни, аппарат басшысы қызметін дөңгелентіп әкететіне сенім мол. Өйткені, облыстағы орынбасарлармен қарым-қатынасы жақсы, аудан әкімдігіндегі азаматтармен ара-қатынасы дұрыс. Себебі, өзі қызмет еткен жылдары аудан әкімдері арасында староста болғаны тағы бар. Яғни, облыстағы қала, аудан әкімдерімен тығыз байланыста, ақ еділ сыйластықта. Қызмет жаңа болғанымен барлық саладағы басшылар да өзінің етене таныс әріптестері еді. Аппарат басшылығына келген 2015 жылы еліміз бойынша саяси оқиғаның бірі – Президент сайлауын өткізуі болса, 2016 жылы мәслихат сайлауын өткізуі еді. Небір сыннан сүрінбей келе жатқан мемлекеттік қызметкерге қос сайлауды өткізуде тағы да табандылық танытуына тура келген. Әр сайлаудың өзіне тән мақсат-міндеттері барын ескерсек, аппарат басшысы ретінде бұл істің де көтеретін жауапкершілік жүгі бар. Президент сайлауы мен мәслихат сайлауындағы елеулі еңбегінің нәтижесінде арада жыл өткенде, яғни 2017 жылы Сұлтан Мырзабекұлына облыстық мәслихаттың хатшысы қызметі ұсынылды. Мәслихат өзінің салмағы бар құзыретті орынның бірі. Облыстағы кез келген ұсыныстар мен шешімдер мәслихаттың талқысынан өтеді. Сонымен бірге, облыс әкімінен бастап, қала, аудан әкімдері, басқарма басшылары мен департамент директорлары өзге де құзыретті орындар мәслихат алдында есеп беретінін ескерсек, бұл салада еңбек ету де асқан жауапкершілікті талап етеді.

Өмір – өзен. Бірде арнасынан асып, бірде ақ көбігін аспанға шашып, бірде байсалды, енді бірде асау мінезін көрсетіп қойып, ағысынан еш жаңылмай ағып жатыр. Мырзабек әке мен Күлзипа анадан екі ұл, үш қыз дүниеге келген. Алпысқа келген асқақ көңілді бір сәт толқытатыны бүгін сол қос бәйтерек қасында жоқ. Ізінен ерген бауыры Сәкеннің де әке мен ананың артынан мәңгілік мекеніне кеткелі көп бола қойған жоқ. Осындай бір кем дүние жанын тебіренткенде жанашыр үш қарындасы Сәуле, Зәуре, Гүлсімнің бауырмал пейілі бір сәт көңіліне көктем сыйлайды. Осыдан кейін өзі де шүкірлік қылып, өмір-керуенінің ары қарай шуақты болуын тілеп, алға қадам басады.

Міне, еңбек жолын құрылысшы-шебер болып бастаған Сұлтан Мырзабекұлы дәл осы алпыстың асқарына шыққанға дейін маңдайына бұйырған қызметтің бәрін абыроймен атқарып келеді. Қос ауданға әкім болған жиырма жылға жуық уақытта облысқа қарасты барлық аудан әкімдерімен ынтымақты-бірлікте еңбек етті. Әсіресе, Кенжебек Омарбаев, Ерғазы Қошанбеков, Николай Логутов, Аян Айтжанов, Махаббат Бигельдиев, Қыдыргелді Медеуов, Бердәулет Абдулдаев, Нұрбай Жантілеуов, Талғат Өміралиев сынды алдыңғы толқын аға буынмен қатар жүрген жылдары өмірінің елеулі сәттері болып қалмақ. Осылайша еліне еткен еңбегі де еленді. 2008 жылы «Құрмет» орденімен,  2015 жылы «Парасат» орденімен марапатталып, алпыстың асқарына шыққанда құрметке бөленіп, парасатты жанға айналды.

Ал бүгінгі күнге келсек, алдымызда тағы бір сын сағаты күтіп тұр. Ол еліміздегі елеулі оқиға – кезектен тыс Президент сайлауы. Алпыстың асқарына алқынбай шыққан ел ағасына бұл сайлауда да жүйелі жұмыс істеп, басқа да мәселелерде оң шешімін шығарып, еліне елеулі еңбек етіп, абыройы биіктей берсін дейміз. Әңгіме арасында Тұңғыш Президентіміздің сындарлы саясатының нәтижесінде еңсесі биік елге айналғанымызды мақтанышпен айтып, саясат сахнасында жылдар бойы шыңдалған Қасым-Жомарт Кемелұлының тәуелсіз еліміздің керуенін тоқтатпай, жарқын болашақа бастап әкете алатынына сенімі мол. Көп тілеуі де осы бағытта. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, іргеміз бүтін болса екен дейді.

СӨЗ СОҢЫ

Биыл мәслихаттың құрылғаныа 25 жыл. Ширек ғасыр уақыт. Осы жылдар ішінде мәслихаттың кезекті, кезектен тыс сессияларында көпеген өзекті мәселелер қолға алынып, экономикамыздың дамуы мен халықтың әл-ауқатының жақсаруына ықпал ететін шешімдер шығарылып-ақ жатыр. Әрбір шығарылған шешім ел игілігіне жұмсалғай. Қоғамдық жұмысқа да белсене араласатын кейіпкерім облыстық бильярд федерациясының президенті. Құрылғанына көп уақыт өтпесе де ерлер мен әйелдер арасында командалық жарыстарға қатысып, республика бойынша топ жарып келеді. Яғни федерация тарапынан қолдау жақсы. Сөз басында айтқанымыздай, түтіні түзу текті әулеттің бір бұтағына айналған Сұлтан Мырзабекұлы аяулы жары Рая екеуі Елдар, Әсем, Салтанат, Ұлар есімді ұл-қыз өсіріп, төрт немеренің атасы мен апасы болып отыр. «Өмірдің бір қызығы бала деген».  Қанаттандырған қарлығаш қыздарының арасында немерелерінің қызығына бөленіп, тамыры терең қос бәйтерекке айналғай.

Жұматай ӘМІРЕЕВ