МЕЙРАМ БАЗАРҰЛЫ: АЛПЫСЫНШЫ КӨКТЕМ

Уақыты: 29.04.2019
Оқылды: 2379
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Шандоздап шапқан кәрі ағаштың асыл сүйегі қасиетті аспаптың алты мүшесіне бек жарады. Айналасы бір ай көлемінде асықпай-аптықпай жона жасаған қара домбырасының кем түскен жері бар ма дегендей аударып-төңкеріп ғұмырлық серігі болған аспабына бажайлап қараған ақын шоқша сақалын сипалап отырып, қапы кетпегеніне іштей қуанған. Содан барып тірлікте көрген зор қуанышы мен ел билеген бекзадалардың басынан өткермеген дәуренді сүргеніне бір сүйсініп алды. Іле қабағын қою мұң күреукелей жөнелген. Азапты күндері, күндері дейміз-ау, жылыстаған жылдар легі еске түскен. Сонда барып: «Кіндігімнің қаны тамып түскен бұл медиенде, құтты өлкеде сөз ұстайтын талай асыл перзент өмірге келер. Ел мұңын толғар. Мендей мұңлық шайырдың шекпенінен шыққандай есімімді айтып, Сал Біржан туған өңірденмін деп өр еңсесін биік ұстар», – деп іштей күбірлей жөнелген. Одан кейін ғана егіз ішектің үстіне салалы саусақтарын билетіп, арқыраған зор да қоңыр даусымен «Ләйлім-Шырақ» деп әндете жөнелген.

Ел еңсесін езген кері жүйенің, кесір қоғамның қылбұрауынан әз басын ала қашқан, сұрқылтайлардың сойылын жеп, соққысына жығылғанымен, асылында арда болмысын шыңнан шыңырауға бойлатпаған текті Біржан қамыққанында да, қуанғанында да әнге иек артушы еді. Арта жүріп, өмірдің азабын тарта жүріп өзі сүйген медиеннің топырағын қымтанған. Дей тұрғанмен, күрсінгенде жанынан шыққан жалқы пікірі аттай жылдар мен ғасыр тізбегі арқырай өткенде орындаларын сол кезде өзі де білмеген-ау. Иә, әулие кейіпті ақын туған қасиетті Көкше жерінен талай марғасқа азаматтар түлеп, қанатын қомдап, қияны бетке алып қазақ сахарасының түкпір-түкпіріне тарады. Талай сөз ұстар перзент туып, текті жұрттың бекзат өнеріне сүйемдей болса да өз үлесін қосуға тырысты. Сондайлардың сарқыты деп «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, белгілі журналист Мейрам ЖАНӘДІЛОВТІ айтуға толықтай негіз бар.

Мейрам Базарұлы 1959 жылы мамыр айының 1-ші жұлдызында киелі Көкшетау облысына қарасты Еңбекшілер ауданындағы Құдықағаш атты жүз түтінді ауылда өмірге келген. Қарағай мен қайыңы жықпылдасып өскен ну тоғайдың ішіндегі керім ауылда қарапайым тірлік кешкен отбасында дүние есігін ашқан ол ауыл-аймаққа сыйы мен қадірі мол Базардың он бір баласының бірі. Бірі де болса, бірегейі. Балдәурен шағын орманды өлкеде, тұмса табиғат аясында өткерген Мейрамның жансарайының сұлу болып қалыптасуына сол өлкенің көркем көрінісі, саф ауасы, қыз күлкісіндей сылдырлап аққан өзені мен тоғай-көлі, сайрауық сандуғашы мен көмейінен бал тамған бұлбұлы сынды түрлі құстары, былайша айтқанда, тәңірдің назары түскен құт мекені әсер еткен. Табиғат-ананың көрікті келбетіне еліткеннен бе, әлде Біржан сал сынды асыл перзенттердің құтты мекені болғандықтан ба, туған жерден берілген қасиеттің арқасында ол ә деп әріп танығаннан бастап сөз өнерінің кенішінен кеудеге қазына жиюға іңкәрлік тынытқан. Бұл тұрғыда кейіпкердің өзі: «Сонау балғын шақта, мектеп қабырғасында жүргенде әдебиет пен журналистика саласындағы үрдістен үзіліп қалмадық. Күнделікті шығып жатқан жаңалықтар мен кең құлашты танымдық материалдарды, ақын-жазушылардың әңгіме, жырларын оқып өстік. Мектепте жүріп балаларға арналған «Балдырған» журналы, «Қазақстан пионері» сынды газеттер мен «Жалын», «Жұлдыз» сынды әдеби басылымдарға өз еркімізбен жазылып, оларды жата-жастана оқитынбыз. Қарапайым механизатор болған әкеміздің өзі бізге газет-журналыңа жазылдың ба, оқып жүрсің бе деп сұрайтын», – деп тебіренеді.

Тебірене отырып тележурналистика өкілдерінің бірі болған шағына дейінгі ғұмырлық баспалдағының қайдан, қалай басталғанына өзі жол ашады. Рас, Мейрам Базарұлы желкілдеп өсіп келе жатқан тал-шыбықтай шағынан сөз өнерінің кілкілдеген кілегейіндей көрінген мөлдір туындыларға қанып өскен. Ұлы жазушылардың отты шығармасын оқып тағылым мен тәрбие алып, солардай сөз сойылын соғуды ғұмырлық мақсатым деп айқындаған. Орта мектепте қарапайым оқушылардың арасында жарқырай төбе көрсетпесе де, өз мақсатын мығым ұстанған ол журналист боламын деп шешкен-ді. Оны алтын ұяда білім нәрімен сусындатқан ұстаздары қолдап, орта мектепті тамамдағанда журналистика мамандығына жолдама алып беруге уәде еткен көрінеді. Алайда асқақ арманға жету оңай емес. Осы орайда қазақтың алдаспан жазушысы Мұхтар Мағауиннің: «Талант - тәңірдің берген сыйы. Ол бір қырынан тарқатып айтқанда несиесі. Кімде-кім сол берген талантының қарымын қайтармай, бойындағы қасиетін құнттамай, бөтен жолда уақытын сарп етсе, онда жаратқанды жазғырып қажеті жоқ! Ал бойыңдағы күшті сезіне отырып, жарқын болашағыңа ұмтылсаң, онда несиеңді өтегенің, ел алдында да, тәңірі тағаланың құзырында да арыңның алмастай жарқылын көресің», – деген сарындағы даналық сөзі еске түседі. Көрнекті жазушы айтқандай, Мейрам Жанәділов те бойындағы қабілетті дер кезінде түсініп-түйсіне білген. Алайда бірден өзі қалаған мамандық бойынша білім ала алмады. Оған мектеп бітірген шақта журналистикаға жолдама болмайтынын білгені бір кедергі болса, екіншісі, әулеттің үлкендерінің айтқан пікірі үлкен әсер еткен-ді. Асқар таудай әкесі: «Сонау қияндағы Алматыда нең бар, сен тұрмақ ата-бабаңның аяғы тимеген жер ғой ол. Оданда Көкшетаудағы техникумға немесе анау іргедегі Қотыркөл зоветтехникумына барып құжат тапсыр. Анау кеңшардың директоры да соны бітірген», – депті.

Сөредегі сірескен кітаптың алтынын аршып, лек-легімен үйіне келіп жататын газет-жураналдардағы тағылымды дүниелермен ауызданған Мейрам Абайдың «Асыл адам айнымас» деген даналығына сай тұрпат танытқан. Үлкендердің кеңесіне көңілі қанағаттанбай, қайтсем де ақпарат айдынында жемісті желкен көтерген журналистің бірі боламын деген мұрадым мұраты жолында іздене бастайды. «Ізденген жетер мұратқа» демекші, түбінде сол саланың білгір маманы атанары белгілі болғанымен, демалысқа келген кіші әкесінің үгіттеуімен сол кездегі Қарағанды педагогикалық дене тәрбиесі институтына барып түседі.

Өмір даңғылы солай болған соң әр нәрсенің жақсылығын аңсайтын пенде баласы алдындағы жолдан тек шарапатты дүние күтеді емес пе?! Арманы басқа болса да, жастайынан күреспен айналысып, балуандықтың қыр-сырын бозкілемде меңгерген Мейрам Базарұлы: «Үлкендердің үгіттеуімен дене тәрбиесі институтына түстім. Бастапқыда қатты қынжылғаным рас. Алайда мектеп қабырғасынан «Балдырған» сынды журналдарға кішігірім дүние жазып, одан: «Мейрам жазғаның жақсы екен. Ендігіде бұдан да көркем дүние күтеміз. Жазып тұр», – деген сарында хат алып, содан барып редакциялармен байланыс орнатып дәніккен бізге институт қабырғасында да жазу бақыты бұйырды. Бастапқыда науқандық жұмыстарды облыстық газеттерге жолдап тұрдым. Олар күн құрғатпай астында «М.Жанәділов» деген есімі бар мақалаларды лек-легімен басылым беттеріне жариялап жатты. Содан барып кеудемдегі бұғынып жатқан асыл арманның өзегіне нәр келгендей шабыттана түстім», – дейді.

Иә, сонау 1976 жылы институт қабырғасына түсіп, спорт саласы бойынша білім ала бастаған Мейрам Базарұлы студенттік шақтың алғашқы жылдарының өзінде-ақ өз саласын айқындап қойған. Оған себеп, өзі оқыған білім ордасынан шыққан спорт саңлақтары үлкен әсер еткен көрінеді. «Мен институт қабырғасына түскен жылы ауыр атлетикадан әлем чемпионы болған Юрий Зайцев бітірсе, қара шаңырақтан түлеген жылы Виктор Осакаров деген азамат әлем чемпионы атанды. Сол секілді спорт саласының көптеген түрі бойынша талай әлем, олимпиада, КСРО чемпионы шықты. Мен солардың жетістігін басылым беттеріне жазып жүріп, осы саланың, яғни спорт журналисі болудың алғашқы парағым ашқандаймын. Ендігіде неге журналистикаға түспедім деген «әттеген-айды» санамнан біржолата алып тастап, «спорт журналисі боламын» деген қадамға бардым. Сол жолда еңбектендім, іздендім», – дейді кейіпкеріміз.

Алдандырмас арманы, өкіндірмес өмірі туралы тағы да бір естелігінде Мейрам Базарұлы: «Спортшы болған соң мен сол салаға қатысты терминдерді жетік білдім. Облыстық газетке жазғанымды оқыған ректорымыз бір күні мені арнайы шақыртты. Бастапқыда неге шақыртқаны күңгірттеу болған соң имене басып алдына барғаным рас. Алайда кабинетінен шыққанда сондай риза кейіпте едім. Өйткені ректор бөлмесіне енгенде-ақ институттың басшысы: «О, Мейрам, кел, келе-ғой! Сені жақсы танимын, жазғандарыңды оқып тұрамын», - деп қанат бітірген болса, келер сөзінде біздің білім ордасы жайлы хабар түсір деген өтініш айтқан еді. Міне, қарап отырсақ, мен сол қасиетті қара шаңырақта жүріп-ақ журналист екенімді көпшілікке мойындатыппын-ау», – дейді. Тебірене термелеген Мейрам расымен де оқи жүріп ақпарат айдынына құлаш ұрды. Үздіксіз материалдар жазды. Тұшымды да тағылымды хабарлар түсірді. Сөйтіп, оқу ордасында тең құрбысының алды болып, белсенді студент ретінде маңдайы жарқырап, шәкіртақы алып жүрді.

Мейрам Жанәділов 1980 жылы институтты абыроймен бітірді. Оқуды шығармашылық жұмыспен ұштастыра жүріп қара шаңырақтан түлеген ол сол жылы-ақ Қарағанды облыстық телевизиясына қызметке алынды. Спорт туралы хабарларды газет пен телевизияға үздіксіз беріп отырған жас таланттың тұлғасы мен еңбегі, жанкештілігі сол кезде көпке мәлім болған. Содан да шығар, көп өтпестен Алматыға телевизияға қызметке келуге ұсыныс түседі. Жарқын жолдың алтын көпіріне табаны тиген ол бұл ұсынысты қуана қабылдайды. Кейіннен естісе, Қазақ мемлекеттік телерадио комитетінің төрағасы, ұлттық журналистикадағы қара нардың бірі Камал Смайлов Мейрамның шығармашылығын сырттай бақылап жүріп, көңілінен шыққан соң жұмысқа шақыруды тапсырған екен. Бұл тұрғыда журналистің өзі: «Спорт редакциясына қызметке алындым. Теледидардан ғана көріп, радиодан ғана дауысын еститін қазақстандық мықты спорт коментаторлары: Диас Омаров, Өмірзақ Жолымбетов, Рабат Жәнібековтермен бір бөлмеде отырдым. Осылайша бала кездегі арманыма тағы бір табан жақындадым. Көңілімде мақтанышпен бірге қорқыныш сезімі де болғаны рас», – деп сондағы жүрек сөзін ақтарыла термелейді.

Рас, ол кезде Мейрам Жанәділов шашы иығына түскен бозбаланың бірі еді. Жастық оты жалындап тұрған шақ. Аты мен атағы жер жарған журналистердің ортасына түссе де жастыққа тән жігерімен еңсесін биік ұстап, ақпарат айдынына өзіндік үнімен құлаш ұрды. Республикалық телевизияда спорт коментаторы болу, күн құрғатпай елдің алдына шығу, мәртебелі жарыстардан репортаждар жүргізу қаншалықты жауапты екенін жан дүниесімен түсінді. Өзімен қарайлас, журналистика факультетін жаңадан бітірген, хабарды орыс тілінде жүргізетін Қайрат Жантикин екеуі алдыңғы толқын ағалардың нұсқауымен отқа да, суға да түсті. Спортты өте жақсы білетін, әкесі де журналист болған Қайрат екеуі тынбай ізденіп, өз саласына қатысты дүниелерді көп зерттеді. Содан біртіндеп хабарлар дайындап, жарыстардан репортаж жүргізді. Сонда, күрес пен бокс, коньки, бадминтон, спидвей, ватерпол, ауыр атлетика, суға жүзуден репортаж әзірлеп, коментатор ретінде өз мүмкіншілігін көрсетті. Осылайша көпшіліктің үлкен сеніміне ие болып, халық іздеп көретін спорт шолушысына, білікті коментаторға айналған.

Бір адамның ғұмырында халық үшін істеген, өзінің арман мұраты жолында тындырған шаруаны сырт көз болып саралайтын болсаң кез келген халық құрметіне бөленген тұлғаның табандылығын, зор мүмкіншілігі мен күш-қуатын аңдап, еріксіз таңданасың. Сол секілді Мейрам Базарұлының журналистика саласындағы қырық жылға жуық, тіпті, бала күнінен жаза бастағанын ескерсең, жарты ғасырға таяу шығармашылық сорабына қарап, оның осы бір бекзат өнер үшін туғанына еріксіз иланасың. Иә, Базардың баласында байтақ Қазақстанның түкпір-түкпіріне хабар тарататын, байрақты бәсекелерде саңқылдай сөйлеп, сайыпқыран спорт саңлақтарының жеңісін паш етіп, алты Алашынан сүйінші сұрайтын күндер көп болған. Мәселен, Мейрам Базарұлы Алматыдағы Медеуде спидвейден өткен әлем чемпионатын, сонымен қатар, Алматыда өткен бокстан КСРО чемпионатында қазақ тілінде репортаж жүргізді. Сол секілді, 1988 жылы Бішкекте бокстан болған КСРО чемпионатынан Орта Азия елдеріне тұңғыш рет қазақ тілінде тікелей репортаж жүргізіп, спорт журналистикасындағы  қазақ тілінің мәртебесінің артуына өз мүмкіндігінше үлес қосуға тырысқаны көнеккөз көрерменнің есінде болар?

1984-2002 жылдар аралығында "Қазақстан" ұлттық арнасында әртүрлі лауазымды қызмет атқарған Мейрам Базарұлы өз кезегінде қазақтың біртуар балуаны Дәулет Тұрлыхановтың жастар арасындағы жарқ еткен жеңісін БАҚ арқылы алғаш рет таратып, оның болашағының зорлығын жаһанға бірінші жариялаған-ды. Осы қуанышын ақпарат толқынын арқылы исі қазақты бір желпінткені үшін Дәулет Тұрлыханов Мейрамды көргенде «ағалап» тұратыны, жанына жақын тұтып, құрметін көрсететіні де сол бір айтулы күннің тарихи оқиғасын тасқа қашанғандай бедерлеген журналистке деген ілтипаттан болса керек деп топшыладық.

Талай жайсаңмен қызметтес болып, өмірдің соқтықпалы- соқпақты жолдарын өткеріп, кешегі тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда талай талант иесі өзге саладан нәсібін теріп кеткен жылдарда бойдағы арда қасиеттің шырағданын сөндірмеуді, осы жолда табандап қызмет етіп, журналистикаға адал болуды мақсат еткендерің санатында Мейрам Жанәділов те бар. Ол Кеңес одағының қиырандылары ғана қалған жас мемлекеттің тәуелсіздік жылдардағы журналистикасын қалыптастыруға өзіндік үлес қосқандардың санатында ерен еңбек атқарды. Егеменді ел болған соң Елбасы басқа мемлекеттердегі аса маңызды үлкен жиындарға жиі сапарға шықты. Сондай кездері Мемлекет басшысымен бірге жүрген журналистер арасынан табылып, ұлттық арнадан сол кездесулер мен Самиттер, тағы басқа да ресми жиындардан репортаж жүргізді. 1995 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Швейцарияның Женева қаласында өткен БҰҰ-ның кезекті мәжілісінде сөйлеген сәтін де халық Мейрам Базарұлы дайындаған хабар арқылы көрді. Сол сияқты Елбасының Корея, Сауд Арабиясы, Франция, АҚШ, Норвегия және тағы басқа алыс-жақын шетелдердегі сапарларынан репортаж дайындады.

Әрбір саналы азамат, парасат иесі өз қабілет-қарымына қарай саласы бойынша ізін қалдырып қоймай, кезі келгенде мемлекеттік қызметтің де шылбырын ұстап, ел үшін еңбек етеді емес пе? Бұл жағынан алғанда Мейрам Базарұлы да мемлекеттік жүйенің аса жауапты қызметін абыроймен атқарған-ды. 2002-2006 жылдары Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшілігіне сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетовтің шақыруымен барып, оны абыроймен алып жүрді. 2002 жылы көне Тараздың екі мыңжылдық мерейтойын атап өтуге өзіндік үлесін қосып, Тараз жайлы түсірілген тарихи фильмге кеңесші ретінде атсалысты. Қазір ол фильм республикалық арналардан жиі көрсетіліп жүргенін де атап өткен жөн.

Мейрам Базарұлы мемлекеттік қызметтен кейін қайтадан өзінің журналистік жолының алғашқы баспалдақтары қаланған «Қазақстан» ұлттық арнасына қызметке келіп, бірер жыл Алматы облысындағы меншікті тілші болды. Одан кейін облыстық «Жетісу» телерадиокомпаниясы бас директорының бірінші орынбасары кейіннен директоры болып, жұмыс істеп, өңірлік телеарнаның дамуына өзіндік ықпалын жасады.  Ал қазіргі таңда қасиетті сөз өнерінің жүгін көтеріп, ғасырлық тынысын еркін алған ата басылым «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттері біріккен «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. Ғибратқа толы, тағылымы мол қос газеттің шығуына басшы ретінде зор ықпал етіп отыр.

Журналист қашанда өзінен гөрі ел жағдайына алаңдап тұратыны белгілі. Қайтсем де көпке шарапатымды тигіземін дейтін қайраткерлік те қоғамның борометрі саналған журналистердің көкейіндегі дүние. Бұл орайда Мейрам Базарұлының қарайткерлік болмысына бірқатар мысал келтіруге болады. Соның бірі сонау тоқсаныншы жылдары Зайсаңда болған зілзалада құлаған саман қабырғаның астында қалып, мерт болған бір бүлдіршіннің ата-анасына табандылығының арқасында Үкіметтен баспана алып бергені бір мысал. Сонымен қатар, өткен бір жылы «Жастар» деген атауға сыңсып тұрған Талдықорған шаһарында орналасқан «Жастар» спорт кешеніне қазақтың балуаны Әбілсейіт Айхановтың есімін беру тұралы да алғашқы болып үн қатқан осы Мейрам Базарұлы еді. Дегенмен, қайраткер журналистің сол бір ұсынысы әлі орындала қоймады. Алайда әлемнің «мен» деген атақты балуандарының бәрін бозкілемде умаждаған, жұмсартып айтсақ, жауырынын жер искеткен Алаштың арда балуанын жоқтап, оның ерлігіне сай құрмет көрсетуді алғашқы болып көтергендігіне іштей тәнті болып, сүйсінгеніміз рас.

Жас шыбықтай желек атып келе жатқан шағынан бүгінгі таңға дейін журналистика жолында талмай еңбектеніп, осы салада барлық күш-қуатын, білім-білігін сарп еткен Мейрам Базарұлы қазақ тележурналистикасының маңдайы қарыс ардагерлерінің бірі. Ол тәуелсіз қазақ тележурналисткасында алғашқылардың бірі болып хабар таратқан, спорт журналистикасың дамуына ұстазы Сейдахмет Бердіқұловтардың сара жолымен өзіндік үлес қосқан табанды да талапшыл жан. Сонымен қатар, ол өмірі шұғылалы сәттерге толы, Гүлбаршындай қосағы екеуі Бейбіт пен Ілиястай перзент сүйіп, олардан балдай тәтті немере көрген асқартаудай ата-ана, тағылымы терең ата-әже. Енді, міне, алпыс деген асқаралы жасқа жеткен тұста ғұмырбаяндық хамсасын тебірене толғай отырып, елге берері әлі де көп екенін іштей топшылаймыз. Алдыңғы аға буын «талтүс» деп кеткен осынау асқарға аяқ салған арда азамат бүгінде өзі сүйген мамандықтың майталманына айналған, сол баяғы балғын арманының шыңынан көжиекке көз қадап тұрған қайраткер журналист.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ,

"Жетісу"