ЖЕҢІС КҮНІ КӨЗІМІЗГЕ ЖАС КЕЛЕДІ

Уақыты: 11.05.2019
Оқылды: 1082
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жеңіс күні дегенде кеудеге қуаныш пен мұң қатар келіп, көзге жас оралады. Қуанатынымыз – еліміздің азаттығы, бостандығы, Жеңіс туының көк аспанда желбірегені. Мұңаятынымыз – Отан үшін кеудесін оққа төсеген ардагерлеріміздің азайып бара жатқандығы және өз атамыздың соғыс даласынан оралмағаны жүрегімізге қанжардай болып қадалады.

Біздің атамыз Жақай Бүйенбаев 1902 жылы  дүниеге  келген. Сол  кездегі көптің  бірі ретінде бала тәрбиелеп, шама-шарқы келгенше оқу-білімге баулыған көзі ашық, көкірегі ояу азамат болған. Оқып білім алған атамыз бір ауылдың есеп-қисап жұмысын жүргізіп, көптің алғысына бөленген болмысы ерекше жан еді. Сол кездегі адамдардың кіршіксіз таза көңілін, бауырмашылдық сезімін, қолда жоқ болса да туған-туысқа деген жанашырлығын бүгінде аңсап қалдық. Атамыздың қандай адам екенін, оның жақсы қасиеттерін бізге үнемі әкеміз Жұмағали айтудан шаршамайтын. Әкем өз әкесі жайлы әңгіме қозғағанда дауысы өзгеріп, көзінен қуаныштың ұшқынын аңғаратынбыз. Бірақ сол жанардың арғы жағынан қимастықтың, сағыныштың сары уайымы менмұндалап тұратын-ды.

Әкеміз Жұмағали атамыздың асырап, баққан ұлы. Атамыздың  кіндігінен  бала  болмай, бажасы Мықтыбектің ұлын бауырына басып, туған баласындай өсірген. Бір рет те қабақ шытып, өгейлігін көрсетпегенінің өзі атамыздың адамгершілігінің жоғары екенін аңғартады. Тумаса да туғанындай болған әкесінің бұл қасиетін баласы ерекше бағалайтын.

Ел басына күн туған 1941 жылы атамыз соғысқа  осы  Тарас  ауылынан аттанған. Бұл туралы нақты дерек Ақсу ауданы әскери комиссариатының архивінде сақталған. Ол жерде 1943 жылдың қыркүйек айынан хабарсыз кеткен деген дерек те тіркеліп тұр. Атамыз екі жыл хабарсыз кеткенше елін, жерін, Отанын қорғағанын білгенде ұрпақтарының, немерелерінің бойын мақтаныш кернегені жасырын емес.

Жеңіс күні бәрімізге ортақ  мереке. Отанын қорғаған  аталарымыз  көптің көңілінен кетсе де, ұрпақтарына үлгі, өнеге. Алайда 1941-1945  жылдарда  балаларға соғыстың бар ауыртпалығын көтеруге тура  келді. Олар балдай тәтті балалық шақтың дәмін тата алмады. Қиын-қыстау кезеңде балалар ұйқысыз талай таңды қарсы алып, аштықпен талай күнді өткізді. Қара қағаз алып, қайғы жұтып, зар жылаған ана даусын естіп өсті. Осындай өмірдің ауыр сәтін әкеміз де бір кісідей көрді. Соғыс басталғанда әкеміз небәрі он бір жаста болған. Бала болса да, бір отбасының азаматы ретінде бар жауапкершілікті мойнына алып, анасы Бибіштің  қорғаны бола білді. Солайша Жақайдың артында қалған тұяғын, ізбасарын өмір ерте есейтті. Бала болса да жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалаған ол 1947 жылы анамыз Рысбала Рамазанқызымен бас қосып, шаңырақ құрады. Үш ұл, бес қызды дүниеге әкеліп, барлығымызды бағып, білім беріп, ата-аналық  борышын  абыроймен  атқарған  жандарға біздің айтар алғысымыз шексіз. Ерте  тұрып, кеш  жататын  әкеміз  бен  шешеміз  бұл күнде  өмірден озса да, біз оларды ешқашан ұмытпаймыз. Елін, жерін көркейтуге үлес қосқан әкем өмір бойы осы Тарас ауылында қант қызылшасын суғарып, сушы болып еңбек етті. Адал еңбегі мемлекет тарапынан ескерусіз қалмағанына ризамыз. Тынымсыз әрі жауапты еңбегі үшін медаль, ордендермен марапатталғанына баршамыз куә болдық. Анамыз да ертелі-кеш кеңшардың жұмысын істеп жүрсе де бала тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарайтын. Аяулы жан  бізді тазалыққа, адалдыққа, имандылыққа үйретті.

Бүгінде Жұмағали мен Рысбаланың тәрбиелеген балалары бір-бір шаңырақтың ұйытқысына айналды. Әрқайсымыз өз алдымызға отау құрып кетсек те, қос бәйтерегімізді, ауылдағы қара шаңырақты, ондағы балалық шағымызды, өскен жерімізді жүрегімізде сақтаймыз. Ұрпақ  жалғасы мәңгілік  деген  осы  шығар, бәлкім?!

ЖАҚАЕВТАР әулеті
Тарас ауылы,
Ақсу ауданы