ТӨРТІНШІ БИЛІК: БҮКПЕСІЗ ЖАЗАТЫН ЖУРНАЛИСТ

Уақыты: 16.05.2019
Оқылды: 2115
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Заманына қарай – адамы, қоғамына қарай – маманы деген бар ғой. Заман жаңғырып, қоғам қайта түлеген тұста адамның да, маманның да өзгеріп, өзінше өсіп-өркендеуі заңдылық. Қызыл саясаттың қылбұрауы қырқылып, тас құрсауы күл-талқан болған қазіргі дәуір тың асуларға табиғатынан құмар мейлінше жаңашыл мамандықтың иесі – журналистерді де ізденіс биіктеріне самғатты. Бүгінде олар қарабайыр жаңалықтардың хабаршысы емес, қоғамды жаңғыртудың жаршысы, жақсы істердің насихатшысы, алданғандар мен ашынғандардың жанашыры. Қазіргі таңда әлемдік деңгейде ой толғап, пікір айта алатын қазақ қаламгерлері де біраз бар. Солардың бірі әрі бірегейі – бұл күндері жетпістің желкенін көтеріп отырған біздің Марат ТОҚАШБАЕВ.

Асылы, ақын, жазушы сияқты журналист те тума талант болуы керек. Табиғатынан ондай дарыны болмаса, қанша жыл оқытып, құлағына қағида-уағызды қанша құйғанмен, одан қарымды қаламгер шыға қоюы екіталай. Ал Марат болса, бар бейілімен, бүкіл болмыс-бітімімен журналистика үшін жаралған жан. Оның ауырлығы мен абыройы, қиындығы мен қызығы қат-қабат, ұдайы аттың жалы, атанның қомында жұмыс істеуге тура келетін осы бір күрделі де іргелі мамандыққа бас сұғуының бастау көзінде өзім тұрғанымды несін жасырайын?!

Алпысыншы жылдардың аяқ шені астаналық облыстың «Жетісу» газетінде редактор орынбасары едім. Бір күні жауапты хатшымыз Жанәбіл Темірбеков ботатірсек бір бозбаланы ертіп, кабинетіме кірді. Әдетімше оны көзімнің астымен бір сүзіп шықтым. Шекеден айырған шашы құлағын жасырып, сол жағында ұшы бұйраланып иығына таяп қалған сары сұр, қыр мұрынды, томпақ, ұртты, қағылез балаң жігіт екен. Кең балағына қарағанда сол кездің салтымен киінетін өнер адамдарына еліктейтін сыңайы бар сияқты.

– Еті тірі, пысық бала секілді. Сауаты да жақсы көрінді. Телетайп оқуға кісі керек қой. Сөйлесіп көр, – деп Жәкең шығып кеткен соң:
– Иә, хош келдің! Кәне, отыр. Мән-жайыңды баяндап көр, – дедім алдындағы орындықты нұсқап. Жүзі жылып, ойлы көзінен жылт еткен күлкі ұшқыны шашырап, ұсынған орынға имене жайғасып, жағдайын баяндай бастады.
– Жоғары оқу орнына түсу үшін екі жыл еңбек өтілі болу керек екен. Ал журфакқа аз да болса газет-журналда жұмыс істеген тәжірибең бары жақсы көрінеді. Кішігірім жұмыс табылып қалар ма екен деп сіздерге келген себебім сол. Өзім осы облыстың тумасымын.

Шынында да, мына тұрған Талғар қаласында мұғалімдер отбасында дүниеге келіпті. Әкесі Байділда да, шешесі Күлшария да қазақ жоғары оқу орындарының қара шаңырағы ҚазПИ-ді қатар оқыған, бірі жағрапия-жаратылыстану, бірі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы.  Байділда студенттік өмірінің алдында әскери борышын өтеп, Фин шайқасына қатысып, одан Екінші жаһан соғысының от-жалынынан түгел өтіп, Қиыр Шығысқа да жол тартып, жапон милитаристерін тізе бүктіруге атсалысып, әйтеуір, елге аман-есен оралыпты. Сөйтіп, институтта оқып жүргенде  Күлшария екеуі шаңырақ көтерген. Алайда үш бірдей соғысқа қатысып, оқ пен оттың астында қар төсеніп, мұз жастанып жүріп, әлденеше рет жараланып, денсаулығын дімкестендіріп алған қайран әке Марат дүниеге келген соң екі жылдан кейін өмірден озады.

«Өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірінің күні тірімен» деген бар ғой. Тәңірден тілеп алған тұңғышын құшақтап жалғыз қалған уыз жас ана, ер балаға әке тәрбиесі қажет екенін бек білетін ұстаз келіншек араға жыл салып, тұрмысқа шығады. От пен судан өтіп, өмір көрген майдангер азамат Досымғали Теменов те өнегелі азамат болып шығады, Маратты өкіл емес, өз перзентіндей көріп, бауырына басты. Кейін өз кіндігінен өрбіген бес перзенттің төлбасындай көріп, бар мейірімін төгіп, білімге құмар, білмеске іңкәр қылып өсірді. 

Кішкентайынан елгезек Марат үй шаруасына қолғабыс жасайды. Қалт етсе, қолында кітап жүреді. Ел тарихын, жер тарихын жетік білуге ұмтылады. Зерделі жас Шелектегі мектеп-интернат қабырғасында жүріп домбыра тартуды да, ән салуды да үйренді, ең бастысы кітапқа құмарлық өмірдің жаңа биіктеріне бастайды. Досекең 1976 жылы көктемде дүниеден өтерінде артындағы іні-қарындастарын бауырмалдықпен алға сүйреген Маратына риза болып, маңдайынан сүйгені бар. Марат расымен де әрқайсысының өмірден өз орнын табуына көмектеседі, адамшылық мектебімен өнеге болады.
Міне, сол балаңдығына қарамай байсалды көрінетін жас жігіт өкпелеген баладай бұлтиып тұратын ұрты бүлкілдеп, жатық тілмен тігісін жатқызып, әңгімені әріден толғап берді. 

– Жарайды, балақай! Әлгі ағаңа бар. Айтқан жұмысына қабылдау жайында бұйрық жазсын. Басшымызға өзім айтамын, – дедім кадр мәселесінде менің айтқанымды екі етпейтін бастығымыз Әбекеңе, Әбдуали Қарағұловқа сеніп. 
Айтқандай-ақ Марат табанды да талантты, сауатты қызметкер болып шықты. Телетайптан түскен материалдарды іріктеп, сұрыптап мұқият қараумен қатар, редактораттан өңделіп келген мақалаларды да қайтара оқып, әріп қателерін түзеп, түсінбеген сөздерін сұрап алып отыратын болды. Кейде кеңсенің алдындағы Көк базарға жалғыз барып қайтатыны бар. Бірде сол жақтан келе жатқанын байқап қап:
– О не, қымыз ішіп келе жатсың ба? – деп қағыттым.
– Ол да бар, аға. Бірақ қымыздан да қадірлі, қазыдан да дәмді басқа бір азық, жан азығы бар ғой онда, – деді ол жымиып.
– Ол қандай азық?
– Көкірегі дариядай қазыналы қариялардың сөзі. Жұма намазынан кейін мешіттен қайтқан қариялардың біразы базарға топталып келіп, қымыз ішеді. Қымызбен бірге әңгіме-дүкен де құрады. Көсіліп көсем сөйлейтін небір шешен шежіре қарттар бар арасында. Қымыз құйысып жүріп солардың сөзін тыңдаймын. Әсіресе, Димекеңнің әкесі Меңліахмет атаға еріп келетін қариялар жалғыз Жетісудың ғана емес, исі қазақтың көзі тірі тарихы.
– Оу, әңгіме сенде ғой, балақай. Жүр онда, баққа барып оңаша сыр шертейік, – деп сыртқы көшедегі бақтың шеткері бір орындығына жайғасып, әңгімені одан әрі сабақтадық.
– Алып-қашпа әңгіме Д. Қонаевтың түбі татар екен, қырқыншы жылдарға дейін «ұлты татар» деп жазылып кепті төлқұжатында, оны өзі Халком төрағасы болған соң «қазақ» деп түзетті дейді ғой. Әкесі татар ма екен? Көрдің бе өзін?
– Көргенде қандай! Кәдімгі қаймана қазақтың ақсары өңді, қойкөз ақсақалы. Қасында ылғи төрт-бес сыйлы қариялар жүреді. Анадайда сырттай бақылап милиционер екі жігіт тұрады. Димекеңді татаршатыс деп жүргені оның әжесі Хадишаның шешесі татар қызы болған көрінеді. Дәлірек айтқанда, оның нағашы әжесі ғана татар, ал нағашы атасы тағы қазақ. Және олар Алматының атақты саудагері, қазіргі «Қызыл таң» сауда кешенінің иесі болған саудагер Ысқақ Ғабдуалиевпен ілік-шатыс.
– Меңліахметтің әкесі Жұмабайдың арғын бәйбішесінен туған балалары шетіней берген соң бір балгер қан жаңарт, басқа ұлттан тоқал ал деп ақыл берген-міс деген сөз бар екен. Сонда да жарықтық қазақ қалыбынан айнымай, шешесі ғана татар қыз алған екен ғой.
– Дәл солай! Димекеңнің өз анасы Зәуре мынау Шелек маңындағы қаңлылардың қызы. Әйгілі Баубек батырдан тарайтын Байыр, Дайыр деген кісілердің Байырының қызы. Зәуренің туған бауыры Ахметжан Байырұлы Шымболатов Жетісуда Кеңес өкіметін орнатуға көп еңбек сіңірген кісі. Алдындағы шамшырақтай болып, Димекеңнің қалыптасуына көп еңбек сіңірген.
– Димекеңнің нағашысы қаңлы болса, өзің де осал болмадың ғой, бала, – деп арқасынан қақтым. Әйткенмен, оның қалайша татар боп жазылып жүргенін түсінбедім.
– Димашты Меңліахмет әуелі «Гаспринский мектебі» дейтін татар медресесіне берген ғой. Онда тек татар балалары ғана оқиды екен. Өзге ұлттың ұл-қыздарына орын жоқ. Сонда Меңліахмет нағашы шешесінің тегін желеу етіп, «татар» деп жаздырады. Білімі жөніндегі куәліктегі сол дерек орысша оқуға ауысқанда да өзгермей, Мәскеуде оқығанда да сол қалпында қала береді. Мамандығы бойынша тау-кен инженері боп қызметке кіріскенде 37-нің зұлматы басталып, қазақтың сүт бетіне шығар қаймақтай санаткерлерін қидай сыпырып, қырып-жойып, қудалап жатқан соң, аш құлақ та тыныш құлақ деп, құжатқа қарауға да мұршасы келмеген шығар, – деп сөзімді әзілмен аяқтап орнымнан тұрдым. 

Содан бастап Марат менің сыр ашар, сырласар әріптесіме айналды. Журналиске ауадай қажет құлағы түрік, көзі қарақты, қиялы қанатты болу қасиеттері оның бойынан сонда-ақ табылушы еді. Оның үстіне серілікке тым салынып кетпегенімен, сауыққойлық, өнерпаздық қабілеті де тәп-тәуір. Редакцияда жиі болып тұратын туған күнді атап өту, сауықкеш ұйымдастыру шараларын Рақымжан екеуі жүгіріп жүріп оп-оңай ұйымдастыра қояды. Жұмысқа тұрған бойда Жақыпжан екеуі журфактың сырттай оқу бөліміне қиналмай түсіп, білімдерін қатар жетілдіріп жатты.  Газеттің ішкі шаруасын егжей-тегжейлі біліп, тәжірибе жинай бастаған олар семестрлік сынақтардан сүрінбей өтіп, жақсы баға алып, жанарлары жарқылдап келіп жүрді. Білімі байып, қаламы ұштала бастаған олар қызмет бабымен де біртіндеп ілгерілей берді. 

Осылай ағып айлар, жылжып жылдар өтті. Әбекең жасы жетіп, құрметті демалысына кетті. Мені жоғарылатып үйреншікті орынбасарлық қызметімді ұсынып, «СҚ»-ға («Социалистік Қазақстан» газеті) жіберді. Дегенмен, табандатқан тоғыз жыл бойы барымды салып, жанымды салып жемісті қызмет еткен «Жетісумен» байланысым еш үзілген жоқ. Өзім қызметке алып, қанаттандырған жастардың аяқ алысын, қалам сілтесін ұдайы қадағалап отырдым. Кейін Марат «Білім және еңбек» журналына орналасып, табиғат, тіл, мектеп, тәрбие жайлы толғады.

Ақселеу Сейдімбеков бас редактор боп келісімен журналдың бағыт-бағдары мүлдем өзгерді. Тіпті, басылымның аты да өзгеріп «Зерде» атанды. Тарихымыздағы ақтаңдақтарды айқындап тұғырлы тұлғаларымызды жарыққа шығару, Алаш арыстарын түгел ақтау жайында жиі жазыла бастады. Ғылым мен білімнің көкейтесті мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Адырын аршыса астынан ежелгі қалалар шығатын, қабірін ашса, астынан алтын адамдар табылатын қазақ даласының тарихи ескерткіштері талан-таражға түсіп, қасақана қиратылып жатқанын айтты. Осы орайлас мәселелерді көтеруде ұлтжанды, ұлық ойлы ағасына Жұмабек пен Марат сынды жалынды жастар сенімді серік бола білді.

Елін сүйген едіге азаматтардың бұл игі ізденістерін қаламын қанға матырып, сабынан қарауыл қарайтын саяси бақылаудың сұрқылтайлары ұлтшылдық деп тізіп отырады екен. Оған Желтоқсан көтерілісі кезінде өзім де куә болдым. Көтерілістің алдында редакторымыз кезекті демалысқа кетіп, артынан орнынан түсіп, үш айдай «Социалистік Қазақстан» менің қолыммен шыққан-ды. Бір күні үндеместің бір майоры кабинетіме екпіндей кіріп, «Мына материалды басыңыздар, қазіргі таңға қажет мәселе» деп жеті-сегіз беттей мақаласын тастай берді. Өз қандасымыз екен, қазақша жазыпты. Оқып шыққанда төбе шашым тік тұрып, зығырданым қайнады. Қадірлес қаламдастарым, сыйлас сырластарым Ақселеу мен Марат және Шонаға жаппаған жаласы, тақпаған кінәсі, артпаған пәлесі жоқ. Ұлтаралық наразылықты қоздырып, жастарды ұйытқытып, көшеге шығарып жүрген осылар боп шыққан. «Қазақ ұлтшылдығының» ұйытқысы да осылар сияқты.

– Бұл мақалаңыз бізге бармайды, бастан-аяқ жала, – деп кесіп айттым. – Осында аталған үш азаматпен үш партиялық басылымда бірге істегенмін. Олардың қоғамымызға қарсы әрекет жасап жүргеніне ешқашан сенбеймін. Ал дұрыстығына көзім жетпеген дүниені басуға арым да, ожданым да жібермейді, – деп шимай-шатпағын өзіне қайтарып бердім. 

Қазақ басылымынан беті қайтқан әлгі жылпос жазғанын орысшаға аударып «Ленсменаға» барса, менің қайтарып жібергенімді естіді ме екен, редактордың орнында отырған Әділ Ибраев інім де бұрқ етіп беттетпей қойыпты. Жоғары жақ екі айдан астам ойланғанда бас редакторлыққа менің жағрапиям тағы да жараспай, бізге басшы боп облыстық газетте бір-ақ жыл әдеби қызметкер боп істеп, қалған ғұмырын хатшылардың көмекшісі болып өткізген Көрік Дүйсеев деген құрдасым келген. Үндеместің салпаң құлағы сып етіп, баяғы шатпағын соған бере қойыпты. Жаңа бастығым жалма-жан мені шақырып алып:
– Қауіпсіздік комитетімен ойнауға болмайды. Мына материалды басайық, – деп отыр. Мен де шарт кеттім:
– Көрік, қазір үш адам куә болса атып тастай беретін 37-ші жыл емес қой. Уақыт бір орында тұрмайды. Бүгінгі қасаң тәртіп ертең-ақ өзгереді. Сонда өз әріптестерімізді күстәналап ел-жұрттың бетіне қалай қараймыз? Алғашқы адымыңды былапыт, былық мақаламен бастауың өзіңе қарғыс айтқызбаса, алғыс айтқызбасы анық. Бірлесіп бірге жұмыс істейтін болсақ, бұл былшылды баспайсыз. 

Ойы орайлас, пікірі қарайлас жаны жақын үш әріптесті нақақ кінәдан, лас жаладан осылай арашалап қалған едік. Бүгінде мұны біреу білер, біреу білмес. 
Мараттың шабыты шарықтап, қаламы қанаттана түскен тұсы Қазақстан Парламентінің тұңғыш тілі – «Халық кеңесі» газетінде қызмет істеген кезеңі дер едім. Жоғары Кеңестің алғашқы да ақырғы үнжариясы болған ол басылымның дүниеге келуінің өзі қызық. 15 сәуірде мені Жоғарғы Кеңес төрағасының бірінші орынбасары шақырып алды да: «Орталық партия комитетімен келістік, сізді Парламент газетінің бас редакторы етіп бекітеміз. Басылымның аты – «Халық кеңесі». 24 сәуірде алғашқы саны шығуға тиіс», – деді. Сол күні-ақ көңіл жетер, сөзім өтер әріптестеріммен ақылдасып ұжым жасақтауға кірістім. Таңдауым алғашқылардың бірі боп тағы да М.Тоқашбаевқа түсті. «Жетісуда» бөлім басқарып жүрген ол үй алғалы жүр едім деп қипақтап еді, ұжымға бір пәтер берсе сол сенікі деген соң көнді.

Екі-үш күннің ішінде ұжымды жарым-жартылай жасақтап, көшіп-қонып жүріп, он күннің ішінде жаңа газетті сессия ашылған күні халық қалаулыларының алдына жайып салдық. Марат алғашқы нөмірді жоспарлағанның өзінде-ақ тапқырлық танытты. Қырық сегізінші жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған «Адам құқықтарының халықаралық декларациясы» соның ұсынысымен тұңғыш рет аударылып, бірінші нөміріміз сол ұлық құжатты ту ғып шықты. Сондағымыз дұрыс болды ма, бұрыс болды ма,  білмеймін, Қазақстанға президенттік билік керек деп бұрынғы компартияның басшысы, бүгінгі  Елбасының бірінші сессияда ел Президенті болып сайлануына белсене атсалысқан да біздің газет еді.

Газеттің алқа мүшесі, Парламент бөлімінің меңгерушісі, ең бастысы саяси шолушы ретінде Марат сессия мәжілістерінің бәріне қатысып, қаралған мәселелердің барлығына үн қосып отырды. Тәуелсіздік жарияланар алдындағы 1990-1991 жылдары тағдыр талайлы небір керемет оқиғалар етек жайды ғой. Референдум, егемендік, тамыз бүлігі, жаңа одақтық шарт ешкімді де енжар қалдырған жоқ. Солардың бәріне халық қалаулылары пікір білдіріп өз ойларын ортаға салып отырды. Солардың ой-пікірлерін жұртшылыққа жедел жеткізуге атсалысып Марат та қолма-қол үн қосатын-ды. Оралға арнайы барып келіп, Жайық казактарының ақ патшаға қызмет қылуының 400 жылдығын атап өтуіне тойтарыс беру керектігін алға тартты. «Азат» қозғалысының  белсенді әрекетінің арқасында бұл «тойсымақ» тоқтатылды. 1990 жылы 25 қазанда Егемендік туралы декларация, 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Тәуелсіздік туралы конституциялық заң» қабылданған кездері сол тарихи шешімдерге қуанып, халық депутаттарымен бірге қол соқты. Көңіл қошын білдірер «Тәуелсіздік» деген ат қойып, ұлы оқиға туралы мақала жазды. Тәуелсіздігіміз туралы тұңғыш лебіз де осы болар.

Тәуелсіз еліміздің «Мемлекеттік рәміздері туралы» Заң жобасы да ұзақ талқыланды. Сол тұста жазып, «Халық кеңесінде» жарияланған мақаласында Марат «Гимн» сөзін – Әнұран, «Герб» сөзін – Елтаңба деп алған еді. Сол терминдер заң жобасына кіріп ұғымымызға әбден сіңіп кетті. Оның орынды қолдануымен доғарыс (отставка), кәдесый (сувенир), нөпір шақ (час пик), сияқты атаулар сөздік қорымызды байыта түсті. 

Ол өз ойын күлбілтелемей, бүкпей, қашанда да ашық айтады, батыл айтады. Танымал тұлғалардың биік мансабы мен лауазымына қарамайды.  Соңғы кезде Марат оқшау ойларын, ұтқыр ұсыныстарын, ұрымтал пікірлерін өзінің «Президент және Халық» газетімен қоса әлеуметтік желілерде жиі жариялайды. Бірқатар басылымдар, сайттар оның пікірін өздерінде жариялап жүр. Өмір-бақи қаламнан басқа қару ұстап көрмеген қарт қаламгер мен үшін миым жетпейтін жаңалық. Ал Марат ақиқатты ту еткен мінезімен, тақырыбын тиянақты зерттеп, терең зерделеп, логикалық дәлелдермен тырп еткізбейтіндей етіп жаза алады. Шамасы, Марат блогер болса, блогердің де бірегейі шығар. Өйткені ол қыдыр дарып, сөз қонған шаңырақтан шыққан азамат. Оның талантты режиссер, қарымды қаламгер, Халық әртісі Талғат Теменов бастаған інілері түгел әдебиет пен мәдениет төңірегінде. Өз отбасына келсек, ұлы Қайрат редакцияда дизайнер, кішкентай Жанеркесі қазірден тарихқа бойлап әңгіме жазады. Ал зайыбы Раушан Каршалова жастар мен балаларға арналған бірқатар журналдарды шығарды. Қазір жасөспірімдерге арналған «Қазақстан патриоты» журналын басқарады.

Қазақстанда баспасөз әзір төртінші билік дәрежесіне жете алған жоқ. Алайда Марат бауырым сынды қаламгер ғана емес, қайраткер, күрескер, журналистер тұрғанда ол деңгейге жетерімізге сенімім кәміл.

Сарбас АҚТАЕВ