МАМАНИЯ МЕКТЕБІНІҢ ШӘКІРТІ - 70 ЖАСТА

Уақыты: 23.05.2019
Оқылды: 1281
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Райхан апай – бала жанының бағбаны. Бүкіл ғұмырын өзінің және өзгенің ұл-қызын тәрбиелеуге арнаған. Өмірі – өнеге. Оқытқан балалары – мақтанышы. Сабаққа келмей қалған балаларды үйіне барып, ұйқысынан оятып алып келетін. Жұмысына адал болды.

– Ол кезде ауыл мұғалімдері кешке рейдке шығатынбыз. Бейсауыт жүрген балаларды жетектеп, үйіне алып баратынбыз. Ата-анасымен сөйлесетінбіз. Солайша балалардың жаман жолға түспеуін, амандығын қадағалайтынбыз, – дейді  Райхан Рахымбекова.

Ұлағатты ұстаз Мамания мектебінде білім алады. Бала кезінен арманы мұғалім болу еді. Себебі, елгезек қыз үлкендерге жақсылық жасаса, қолына су құйып берсе, «мұғалім бол» деп алғыс айтатын. Сол алғыс қабыл болып, бойжеткен Қыздар педагогикалық институтына оқуға түседі. Жоғары оқу орнының жаратылыстану факультетінің химия, биология бөлімінің студенті бірден сабаққа ден қойды. Бітірген соң білімді, талапшыл мұғалім атану керек. Әйтпесе, елді алдап, аңқау елге арамза молда болудың қажеті жоқ деп топшылады. Сол ұстанымын өмірде де, ұстаздық жолында да ұстанып келеді. Райхан қыздың осы ұстамды, ісіне мығым қалпы жас жігіттерді де тәнті етті. Бірі көңіл білдіріп, бойжеткен талғамынан шыға алмай жатса, енді бірінің сөз салуға жүрегі дауаламайтын.

Сол тұста малдәрігерлік институттың студенті Кеңесбай есімді бозбала батылдық танытып, Райхан бойжеткенге сөз салады. Ол Райханнан жақсы жар, мейірімді ана, жауапты маман шығатынын алдын ала байқайды. Кейіннен сол ойының дұрыстығына, таңдауының алдамағанына риза болған еді. Ал Райхан болса, қазақы қалпы бұзылмаған, еңбекқор, түр-тұлғасы келіскен жігіттен өзінің болашақ жарын көре білді. Қосылған қос өзендей екі жүрек осылайша бірге соқты. Екеуі бірін-бірі толықтырып, бір бағытқа қарай жүрді. Студент кездерінде-ақ алғашқы сәбилерін сүйді. Тұңғыштары – Жанар сәби күлкісімен қуантты. Оқу орнын қатар аяқтаған олар Кеңесбай ағаның жұмысына орай Қосағаш ауылында тұрды. Райхан ұстаз химия, биология пәнінен сабақ берді. Содан аудан басшылығы Кеңесбай Дүйсенбековтің іскерлігі мен еңбекқорлығы, мал өсірудегі білім-білігін бағалап, Басқан ауылына бас зоотехник етіп жіберді. Содан бүгінге дейін Басқанда тұрды. Тәубе, елді мекен жұрты бұларды жақсы қабылдады. Бірден ел-жұртпен араласып, дос-жаранның алдында абыройға жетті. Жары күндіз-түні ұжымшардың мал басын көбейтемін деп малшылардың қасынан табылды. Қыста төрт түліктің  басын санап, жемшөбін түгендеп, қыстауда, көктем шыға қойды дәрілеу, қырқу, күпкілеу мақсатында  жайлауда жүрді. Осылайша, үй тірлігі, балалардың тәрбиесі бір өзінің жауапкершілігінде болды.

Балаларды оқыту, ашық сабақтар өткізу, оқушыларды жарыстарға дайындау, қосымшалардың барлығына Райхан апай уақыт табатын. Соның арқасында еңбегі еленіп «Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі»  атағын алды. Ұстаздық еткен 43 жылда Райхан мектепте оқу ісінің меңгерушісі, тәрбие ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Білім ордасының отымен кіріп, күлімен шықты. Шеберлігі шыңдалды. Облыстық шығармашылық шеберлігі байқауына қатысқаны да жинаған тәжірибесі, бар уақытын мектепке арнағандығының арқасы. Облыс бойынша сабақта көрнекіліктер қолдану бойынша 2-орынды иеленді. Облыста осындай марапатқа ие болып жатқаны аудан үшін де жетістік еді. Аудандық білім бөлімінің басшылығы Райханды аудандық биология әдістемелік кабинетінің меңгерушісі қызметіне қойды. Бөлімнің ұйымдастыруымен Ақсудағы барлық мектепке ол кісінің іс-тәжірибесі үлгі етілді. Жас ұстаздар білмегенін білді, балалардың сабаққа ынтасын ояту барысындағы әдісін үйренді.

Пән сабақтарынан жыл сайын бірнеше мәрте олимпиада өткізіледі. Оған ең білікті деген ұстаздар әділқазылық етеді. Бұл орайда, Райхан көп жылдар олимпиада әділқазылығында жүзден жүйрік оқушыларды анықтауда тер төкті. Ол кісінің балалардың білімін сарапқа салуда әділдігі басқаларға үлгі еді. Сондықтан Райхан зейнетке шығып кетсе де білім бөлімі олимпиадаларға төрелік етуге шақырып тұрды.

Шәкіртсіз ұстаз – тұл. Райхан Егеубекқызының да мақтан тұтар оқушылары көп. Ол елдің алдында жүрген, ғылымға бет түзеген оқушыларын мақтанышпен атайды. Мысалы, жауапты қызметтегі Берік Мұсанов, Жетісу мемлекеттік университетінде  ғылым жолында өзіндік сара жол салып келе жатқан Берікжан Өксікбаев, болашағын  ғылымның биігінен көруге талпынған Дамира Әубәкірова және басқа да қыз-жігіттер апайларының берген білімін жалғастыруда. Елдің білім-ғылымының жетістігіне үлес қосуда. Бүгінде өз оқушысы Ақпейіл Талғатова апайының орнына биология пәнінен сабақ беруде. Ол өмірінде өзімен бірге қанаттас келе жатқан әріптестері жайлы да жақсы лебізін айтудан жалықпайды.

Адамды тәрбиелейтін орта. Ендеше, Райхан Егеубекқызының да дос-жараны пейілі дарқан, жүрегі кең жақсы адамдар еді. Осы орайда ұстаз әріптестері Дөсен Сейітова, Қағазбек Қайшыбаев, Жаңылтай Қойшыбаева, Ұлтуған Батқановтарды ілтипатпен атайды.

Бүгінде Райхан ұстаз 70 жасын тойлауда. Өмірі өнегеге толы ана өмірге бес бала әкеліп, тәрбиелеп, өсірді. Барлығы егемен елдің бір-бір кірпіші болып қаланған. Мысалы, Жанары – медбике, Ержаны – әскери қызметкер, Ерланы – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, Марал мен Гаухар есімді қыздары ел тыныштығын сақтау үшін әскери қызметтің ыстығы мен суығына көніп, абырой биігінен көрінуде. Райхан ананың бүгінгі бар тілеуі – елдің тыныштығы, бала-шаға, немеренің амандығы. Жүз жасаңыз, тәте!

Гүлжан ТҰРСЫН

Ақсу ауданы