ЕҢБЕК АДАМЫ: ҚЫРЫҚ ЕКІ ЖЫЛДЫҢ ҚУАНЫШЫ

Уақыты: 24.05.2019
Оқылды: 1686
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Адами болмыс-қасиеті, кәсіби шеберлігімен өзгелерден айқындалып тұратын, еңбегімен елеулі жанның бірі Талғар ауданы, Тұздыбастау ауылы №13 орта мектепте қызмет ететін Жанат Қаленұлы дер едік.

Жанат Қаленұлы 1994 жылдан бастап Тұздыбастау ауылындағы № 31 орта мектеп директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары болса, 2014 жылдан №13 орта мектепте қызмет етуде. Өз жұмысын мектептің өрт қауіпсіздігі техникасын, еңбек тәртібі мен ережелерін, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды  сақтай  отырып жүргізеді. Мектептің  шаруашылық ісін басқару оңай шаруа емес. Мектеп мүліктеріне уақытылы санақ жүргізу, ішкі, сыртқы тазалықты қадағалау, бұзылған жерлерді қалпына келтіру, техникалық қызметкерлер жұмысын бақылау, оларға басшылық жасау, уақытылы жұмысқа келуін қадағалау, қажетті заттар мен құрал-саймандарға сұраныс қабылдау үлкен жауапкершілікті талап етеді.

«Сайына қарай саласы, әкесіне қарай баласы» деген сөз тегін айтылмаған. Әкеден ақыл, шешеден мейір көріп өскен Жанат Қаленұлының бойындағы асыл қасиеттердің бәрін тегінен іздеген жөн шығар. Апайымыз Күлән Молдахметқызы екеуі екі  ұл, екі  қыз тәрбиелеп өсіріп, 11 немере сүйіп отырған шырайлы шаңырақ иелері. Ел игілігі жолында атқарған еңбегі елеусіз қалған жоқ. «Патриоттық тәрбие үшін» төсбелгісімен, аудандық білім бөлімінің, ауыл әкімінің Алғыс хаттарымен, Мақтау қағаздарымен марапатталды.

Бейнетті еңбектің зейнетін көретін кез енді басталады. Алайда мектепте өткізген күндері туралы Жанат ағамыз:

– Қайырылып ұзақ қарап өткеніме,
Арнадым еңбегімді мектебіме.
42 жыл өтіпті ғой, ұжымдастар,
Мектепте қызмет еткеніме,
 – деп ой толғайды.

Ақылы дария, шежірелі қария Жанат ағаның айналасына шашар шуағы, берер тәлімі әлі де зор. Бүгінде зейнет жасына жеткен құрметті әріптесімізге  ұзақ ғұмыр, отбасына береке-бірлік тілейміз. Қызмет деген бір белестен өтіп, құрметті демалыс деген кезеңге жеттіңіз. Еңбектің зейнетін көріп, ауырмай-сырқамай немере-шөберелерінің ортасында аяулы ата деген атты иеленіп жүре беріңіз. Ағайын-туыстың құрметіне, немере мен шөберелердің күлкісіне, ұл-қыздарыңыздың бақытты сәттеріне бөленіп, әдемі ғұмыр кеше беріңіз демекпіз.

Құтты болсын, мерейлі күн, шаттығың,
Тілек еттік көңілдің тек ақтығын.
Алда әлі талай ғұмыр бұйырсын,
Берсін Аллам өмір бойы  бақ күнін.
Еңбегіңмен сіңірдің тек адалдық,
Көрсетпесін тағдыр ешбір жамандық,
Шаттық күнде көңіліміз марқайып,
Деп тілейік болсын ылғи амандық.

Эльмира МОЛДАШЕВА,

№ 13 орта мектептің кәсіподақ ұйымының төрайымы

Тұздыбастау ауылы,

Талғар ауданы