САҒЫМ ЖЫЛДАР: МАЛ ЖҰТАЙДЫ, ӨНЕР ЖҰТАМАЙДЫ

Уақыты: 31.05.2019
Оқылды: 2308
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Адамның, шіркін, биікке шықсам, алысқа барсам деген арманы көңіл құсы болып өзімен өмірбақи бірге ұшып жүреді деген шынында да рас екен-ау. Өткен ғасырдың 1968-1969 оқу жылында сол кездегі Шымкент мемлекеттік педагогикалық институтының физика факультеті жанынан орта мектепке сызу және сурет пәні мұғалімі мамандығы бойынша мұғалім даярлайтын бөлім ашылып, біздер сол мамандықтың алғашқы қарлығаштары болып оқуға түстік. Кейіннен бұл бөлім адам санының көбеюіне байланысты өз алдына «Көркемсурет және графика» факультеті болып жеке бөлініп шықты.

Сол жылы мектептерде аталған мамандық иелері жетіспегендіктен бе, оқуға көп студенттер қабылданды. Ұлықбек бәріміз қазақ тобында бастан-аяқ бірге оқыдық. Осылайша қызығы мол студенттік өмір өз сарынымен өтіп жатты.

Ұстаздарымыз Е.Кан, И.Скородин, Л.Жилякова, Е.Айтбаев, Ю.Ломакин, Е.Лагутина сынды ағай-апайлардың күнделікті тапсырмаларымен түрлі бағыттағы жұмыстар қайнап жүріп жататын студенттік кезең этюдтер, жазу нұсқаға қарап тақырыптық суреттер салу, плэнерлік жұмыстар, бейнелеу өнері тарихымен айналысу, портреттер жазу, белгілі танымал суретшілердің шығармашылығымен танысу сияқты толып жатқан шаруаларымен ерекшеленетін. Соның біріне үлгеріп, біріне үлгере алмай жүрген студенттер арасында театр мен киноға баруды, туған күн өткізіп, группа болып қыдыруды, отырыстар ұйымдастыруды да ұмытпайтын.

Осындай абыр-сабыр шаруамен шапқылап жүретін көп достардың ішінде біз әңгіме еткелі отырған талантты тұлға, болашағынан үлкен үміт күттірген асыл досымыз Ибрагимов  Ұлықбек Шарахынұлы бар еді. Ол жайдары мінезді, ақжарқын да қарапайым, таза киінетін көрікті жігіт болатын. Содан кейін де оған группалас достарымен бірге сабақ беретін апай-ағайлар да құрметпен қарайтын.

Досымыз сызу мен сурет мамандығында оқып жүріп бос уақыт тауып спортпен (гимнастика) де шұғылданды.

Бір кездері ән салу, гитара тарту сәнге айналған болатын. Көп ұзамай бұл өнерді де игеріп, гитарамен тамылжытып ән салатын дәрежеге жетті. 

Ұлықбек Ибрагимов 1950 жылғы 25 мамыр күні Алматы облысының Жаркент қаласында дүниеге келіп, 1966 жылы сол қаладағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті бітірді. Аталған оқу ордасын үздік тамамдаған соң 1973-1974 оқу жылында жас маман ретінде жолдамамен Прежевальск мемлекеттік педагогика институтының (Қырғызстан) бейнелеу өнері кафедрасына, одан кейінгі жерде І.Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогика институтына қызметке ауысты. Онда аға оқытушы, кейіннен кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарды. Еңбек ете жүріп көп оқыды, талмай ізденді. Өз қатарларының арасында алғаш болып кандидаттық диссертация қорғап, ғалым, педагогика ғалымдарының кандидаты атанды.

1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары аттестациялық комиссиясының шешімімен Ұлықбек Шарахынұлына «Өнертану» мамандығы бойынша доцент ғылыми атағы берілді. 1995 жылы КазМКА-ның ғылыми кеңесінің шешімімен «Бейнелеу өнерінің профессоры» атанды. Сол кездері бейнелеу өнері Қазақстанда кенже дамыған өнер саласы болып есептелетін.

1982 жылы Мәскеу қаласындағы Педагогика ғылымдары академиясының аспирантурасына түсіп, онда белгілі ғалым Т.Комарованың жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Ұлықбек үшін бұл үлкен жетістік болатын. 

Әдетте бәйгеден аты озып келген кісінің мінез-құлқы мен жүріс-тұрысында үлкен өзгерістер болып жататын. Ал Ибрагимов болса, түк те өзгермеді. Сол баяғы сыпайы, қарапайым қалпында қалды.

Ұлықбек жас ұрпақтың көркем шығармашылығы мен мәдениетін дамытуға бағытталған 65 ғылыми мақала, оқу-әдістемелік құралдары мен оқулықтар жазды. Оның авторлар тобымен дайындаған, қазақ, орыс және ұйғыр тілдерінде жарыққа шыққан, 1-5-сынып оқушыларына арналған «Бейнелеу өнері» Қазақстанның жалпы білім беретін мектептері үшін сапалы оқулық болып саналады. Бұл суретші болам деген жас буын үшін, сонымен бірге бала бейімін, талантын ашып, олардың сурет өнеріне деген қызығушылығы мен шеберлігін арттыруда ұстаздарға таптырмас құрал.

Талантты тұлға ЮНЕСКО-ның қолдауымен жарық көрген «Рисуют дети мира «Казахстан» атты дүниежүзілік альбомдық топтамасының  бас редакторы болды. 

2002 жылдан бастап «Қазақстан музейлері» журналының ұйымдастырушысы әрі бас редакторы болды.

Қазақстанның шетелдегі мәдени күндері аясында орталық ұжымы Түркияда (2001 жыл), Катар Республикасында (2002 жыл), Эрмитажда (Санк-Петербург қаласы, 2002 жыл) көрмелер ұйымдастырды. Ресейдегі Қазақстан жылы аясында Мәскеу Кремлінің Оружейная палатасында «Алтын адам», «Сақ қорғанының асыл қазынасы», мемлекеттік Третьяков галереясында Қазақстан суретшілерінің «Жаңа Тенденциялары» (2002 жыл, ақпан), Жапониядағы Қазақстан мәдениет күндері аясында «Алтын адам. Сақ  қорғанының асыл қазынасы. Қазақстанның қолданбалы және бейнелеу өнері» (АИЧИ қаласы, 2005 жыл) атты көрмелер өткізді.

2004-2006 жылдары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда «Бейнелеу өнері» секциясының басшысы болды.

Ұлықбек Ибрагимов 1988 жылы Алматы республикалық көркемсурет мектеп-интернатын және 1991 жылы республикалық көркемсурет колледжін ұйымдастырып, соның директоры қызметін атқарды. 1993 жылы солардың негізінде Қазақ мемлекеттік Көркемсурет академиясын ұйымдастырды. 1993 жылдың маусым айында Ұлықбек Шарахынұлы Қазақ мемлекеттік Көркемсурет академиясының тұңғыш ректоры болып тағайындалды. Академиядағы оқыту жүйесінде «орта мектеп – арнаулы орта-жоғары оқу орны» принципін енгізді. Бұл Қазақ- стандағы үздіксіз көркемдік білім жүйесін ұйымдастырудың жаңа бағыты еді. 2000 жылға дейін жоғары білім және орта кәсіпкерлік бейнелеу өнері сабақтарының Республикалық оқу-әдістемелік бірлестігінің төрағасы болды.

2000-2001 жылдары ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің шақыруымен Ибрагимов Ұлықбек Шарахынұлы Астана қаласындағы ҚР Мемлекеттік мұражайы директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары болып еңбек етті.

Ұлықбек Шарахынұлы 2001 жылдың 26 желтоқсанынан бастап ҚР Президенті мәдени орталығының директоры қызметіне тағайындалды. Ол басқарған орталық ұжымы мемлекеттің мәдениет пен өнер саласындағы саясатын жүзеге асыруға белсене атсалысты. Мұнда Елбасының қатысуымен түрлі министрліктер мен ведомстволардың жиналыстары, мәдениет пен өнер қайраткерлерінің концерттері жоғары дәрежеде өткізілді. Орталық мұражайға шетел мемлекеттері басшыларының, дипломатиялық делегациялар мен қоғам қайраткерлерінің келуі дәстүрге айналды.

Орталық директоры өзінің күнделікті атқарып жүрген жұмысын насихаттамай-ақ, ұрандатпай-ақ шығармашылықпен еңбек етті. Бұл орайда белгілі бір жетістіктерге де жетті. 

Қазақстан бейнелеу өнері Ұлықбек Ибрагимов сияқты көрнекті мамандардың арқасында өзінің лайықты орнын алып отыр. Өз саласының білгір маманы ретінде есімі елге кеңінен танылды. Ол елімізде бейнелеу өнері мен мәдениетінің дамуына, жастардың эстетикалық талғамының, танымдық қабілетінің артуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға болып табылады.

Ұлықбек Ибрагимовтің докторлық диссертациясын «Бейнелеу өнері» бағытында даярлап жүргені белгілі болатын. Бірақ оған уақыттың мүмкіндік бермегені өкінішті. Алланың жазуы болар, әркімнің дегенімен санаса бермейтін ажал 2005 жылы осынау ізденгіш азаматтың өмірін қиып кетті. Асыл досымыз көп арманын өзімен бірге ала кетті. 

Аман болғанда көктемде жетпіс жасқа келер еді. «Мал жұтайды, өнер жұтамайды», «Жақсының аты қалар, ғалымның хаты қалар» деген осы шығар.

Осыдан он төрт жыл бұрын Ұлықбек туралы жазған мақаласында белгілі қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов: «Ол туралы сөз айту, оның еңбегінің әділ бағасын беру оны білетін адамдардың, онымен замандас болған адамдардың парызы деп есептелсін. Сол үшін де осы сөздерді қоғамға жеткізгім келген ниетте жазып отырмын», – деген екен. Қолға қалам алып, замандас болған Ұлықбек досымыз туралы сыр шертуге осы әңгіменің қамшы болғанын айтқым келеді. 

Ілесхан СМАНОВ,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті ардагерлер кеңесінің төрағасы