Нұрлан ОРАЗАЛИН: "ҚАНАТ ЖАЙҒАН ҚАРА ШАҢЫРАҚ"

Уақыты: 13.06.2019
Оқылды: 1850
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақта «өскен-өнген, қанатын жайып, көгеріп-көктеген» деген ежелден келе жатқан сөз бар. Менің ұғымымда Медеуовтер отбасы – сол сөзге толық жауап беретін өнегелі, өрісті әулет. Әулеттің үлкенімен де, кішісімен де таныспын. Есенгелді, Үсенгелді, Қыдыргелді секілді есімдері елге белгілі бауырларыммен жиі кездесіп тұрамыз. Өмір, қоғам, заман туралы ой бөлісіп, адами асыл қасиеттер жайлы сырласып та қалатын сәттеріміз болады. Көбіне-көп сол сыр мен ойларымыздың тоғысар тұсы – Алматы қаласының іргесіндегі Медеуовтер үшін аса қадірлі де қасиетті ақ үй. Әкеміз – Өміржан Медеуұлы мен апамыз – Нұрбүбі Медеукеліні тұратын ауыл ортасындағы осынау шағын ордада алғаш рет өткен ғасырдың 90-шы жылдары болған сәт-сағаттарым есімнен кетпейді. Бұрын атын естігеніммен жүздесу мүмкіндігі болмаған Өміржан ағамен де, ардақты ағаның ұлы төрін пейішке айналдырып отырған Нұрбүбі апамызбен де осыдан отыз жылдай бұрын таныстық.

Әуелі...
Әулеттің алтын төрінде отырған әкеміз бен шешеміз туралы жүрек қылын қозғар сөзді Есенгелді Өміржанұлынан естідім. Таныстық сол Есенкелдіден басталды.

Өткен ғасырдың тұрлаулы тарихына айналып бара жатқан 90-шы жылдардың басы... Тараған империяның солығы әлемді алаңдатып отырған кез.
Баламалы негізде сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылымының әр сөзі, әр шешімі ел аузында жүретін сәт-сағаттар. Қолымызда – депутаттық мандат, аузымызда азаттық дейтін қасиетті сөздің лапылдап тұрған шағы.

Уақыты есімде жоқ. Ескі Үкімет үйінің Министрлер кеңесі орналасқан қанаты. Ол шеті мен бұл шеті атшаптырым болып көрінер кең коридор...
– Нұреке! Мандат құтты болсын! – деген дауысқа бұрылдым.
Алдымда тұрған түрі таныс, ұзын бойлы, аққұба өңді әдеміше жігіт қолын созды.
– Рахмет!
– Қуанып жатырмыз. Әсіресе, әкеміз қатты қуанды. Көрші-қолаң, таныстарына шай да беріп жіберді, – деді аққұба жігіт ескі танысын көргендей жымия күліп. 
– Атым – Есенгелді. Фамилиям – Медеуов. Осында қызмет етемін. Сіз туралы Тұрарбек Асановтан естігем. 
– Медеуов дедіңіз бе?
– Өткен жолы ауылға барғанда әкей де айтып отырды... Теледидардан сөзіңізді естіпті. Риза... – деді. 
– Қаскелеңде тұратын қадірлі ақсақалымыз ба? 
– Иә...
– Ел білетін ағаны біз де сырттай жақсы білеміз. Сәлем айтыңыз... – дедім. 
Әңгіме аяқталды... 
Медеуовтер әулетімен таныстығымыз осылай басталды.

Екінші кездесу араға біраз уақыт салып барып, Алматыдан отыз шақырымдай жерде – атақты Үшқоңыр жайлауына барар жолдағы Жандосов ауылында болды. 

Бір нәрсе бір нәрсеге сеп болады деген... Алматыда тұратын зиялы жұрт қала айналасынан жер үй алып, қадір-қасиетінен айналайын қара жерге жақындай бастаған кез. Біреулер саяжайларын кеңейтсе, енді біреулер алыс-жақын демей үй сатып алып, уақыттарының бос кезін бау-бақшаға арнауға бұрып жатты... Мен де жұрт қатарлы жер үй іздедім. Сәті түсіп, Жандосов ауылынан үй сатып алдым. Отбасымыз болып, жұма күні кештетіп келіп, сенбі, жексенбіні жер үйдің қызығына арнаймыз.

Сондай күндердің бірінде есігімізді қағып, сыртынан атына қанық Өміржан аға Медеуов пен Нұрбүбі апамыз босағамызды аттады. 
Мәре-сәре кездесу...
– Менің атым – Өміржан... Мына кісі – апаларың... Нұрбүбі... Қоныс құтты болсын айта келдік, шырақтарым. Түнеукүнгі сөзің, теледидардан сөйлегенің бәрімізге ұнады. 
– Апыр-ай, әкесі-ау, құтты болсынды кемпір-шалдың төрінде отырып айтпайтын ба еді?!. Әуелі үйге шақыра келгеніңді неге ұмыттың? 
– Оны, шешесі, саған қалдырдық... – деп жымия күлді ұзын бойлы, қапсағай денелі, күн қақты болған Өміржан аға.
Сөйтсек...
Біздің қонысымыз осы ауыл қабағына қараған Медеуовтер үйінен көп алыс емес екен. Көрші болып шықтық. 
«Адам сыйласқанның  құлы» дейді біздің қазақ.
Таныстықтың басы  қашанда түзу сәлем.
Сәлемнің түзу болуы сөз бен әңгіменің түзелуіне жол ашады. 

Түтіні түзу ұшқан абыройлы әулеттің әуелі атын, атағын, елге үлгі болар сырлы сипаттарын естіп, бейіл-берекесі мен өнегелі ұл-қыздары жайлы ел аузында тараған жақсы әңгімеге қанықпыз. «Медеуовтер – өскен-өнген, тәрбиелі тұқым. Үлкені үлкендей, кішісі кішідей сыйласуға кәміл. Жөн білетін, берісі – аудан, әрісі облыс, республика көлеміне танымал әулет» дегенді бұрын да сан естігенбіз... 
Сонымен...
«Көрші ақысы – құдай ақысы» деп... Айтқан күні, белгіленген сағатта қадірлі әкеміз бен аяулы анамыздың төрінде болдық.
– Төрлетіңдер, шырақтарым! – деп Нұрбүбі апа аналық мейірімін төгіп қарсы алды. – Өміржан, Нұрландар келді... – деп, маңдайымыздан иіскеп, бауырына басты. Анамыз бен әкеміздің көл-көсір ықыласынан ба, қас-қағым сәт ішінде мына кең дүние одан бетер кеңейіп кеткендей болды. 
– Әкелерің: «Еңбектен қалған адам елден қалады. Еңбектің орны – төр» деп өскен кешегінің көзі ғой. Атамыз марқұм да айналасын ақылмен жұмсап, еңбекпен қайырып өскен жетелі кісі еді... Сол қасиет осы әулетті қолдап, қорғап келеді... – деп сөйлеп келеді. 
– Шешелерің әңгімені жек көрмейді. Үйге кір, балам, – деді Өміржан аға. 
– Сенің «Егемен Қазақстан» дейтін үлкен газетте отырғаныңа қарамай, жеті сайын балаларың мен келінді ертіп келіп, от жағып, жер қопарып жүргеніңе мына әкең де риза, біз де ризамыз... – деп апамыз бәрімізді үйге қарай бастады.
– Шырағым, Нұрлан «Жер – күткендікі, мал – баққандікі» дейді біздің қазақ. Қазақтан сөз қалған ба?! Отырсаң – отырып қаласың. Жас келді деп, кемпірімнің жылы-жұмсағына уақыт өлтіре бермей, ертелі-кеш қимылдағанды жөн көремін. Жас кезден қалған әдет. Әйтпесе, жетпей жатқан жоқ. Мына шешең екеуміздің бауырымыздан өрген он баланы Құдай аман қылсын. Аллаға да ризамын, адамға да ризамын... Осылардың рыздығы болар. Мына сары кемпірімнің тілеуі болар... Бір емес, екі соғысты көрдім. Финді де, немісті де көрдім. 
– Мына келініңіздің де папасы екі соғысты көрген адам. 
– Аман ба? 
– Аман. 
– Өз әкең ше? 
– Қайтыс болған... Сталинград пен Курскіні көрген.
– Е-е... Қу жанымызды құдіреті күшті Алла олжаға қалдырған адамдармыз ғой... Сендер де соғыс көрген әкелердің тұяғы екенсіңдер, балаларым. Біз шүкіршілік айтып, әр таңды тәубеге жүгіндірген ұрпақпыз... 
– Біз не көрмедік? Біздің көргендеріміздің әр сәті, әр сағаты бір-бір дастан ғой... – деді Нұрбүбі апа. 
– Шешесі, шайың сұйылып кетпесін... Самауырыныңа қара! – деді Өміржан аға әңгіменің аяғын қалжыңға жығып. 
– Біздің өмірімізді, бастан кешкенімізді... Қайран Мұқағали, қалай жеріне жеткізіп жырлаған! – деп ауыр күрсініп, апамыз сөзін әрі жалғады: – Мұқағалидың «Дариға, жүрегін» оқып, екі күн өзімді-өзім қоярға жер таппай қиналғаным бар... Есіл ер-ай! Біз сүрген өмірді, біз көзімізбен көрген соғыстың тылдағы қиындығын дәл Мұқағалидай жазған ақынды білмеймін?! Марқұмның өмірі де қалай қысқа болған? Шолақ үзілген?! Соны өзі де білген сияқты... Әйтпесе...
Өлеңдерім жай болып атылғанда,
Атылғанда, аспаннан оқылғанда!
Мылқауларға тіл бітіп, керең естіп,
Жанар пайда болады соқырларға...
– деп адамның арқасын шымырлатып, жүрегін солқылдатар өлең жазар ма еді?! – деп, үнсіз күрсінді.
– Апаларың әдебиет пен тіл пәнінің мұғалімі. Арғыдағы Абай, Жамбылдарды қойып, бергідегі Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсыноваларды жібермей оқиды. Енді... Бұйырса, сені де оқиды... – деп күлді Өміржан аға. 
Көз алдыма Есенгелді елестегендей болды. Күлісі, бойы, ширақтығы әкесіне тартқан екен. 
– Әй, әкесі-ау, сен мені артық мақтап кеттің ғой... 
– Барды бар деп айту керек... 
– Мына Нұрлан не деп ойлайды... Қой! Болды енді... 
Әңгіме қыза келе апамыздың шынында да өз пәнін жақсы білетінін, көркемсөздің жаратылысын терең түсінетінін аңғардым. 
– Әкең біздің өмірімізді қарумен қорғап, еңбекпен еліне құрметті болса... Біздер, ұстаздар, ұрпақты сөзбен тәрбиеледік. Абайдың данышпандықпен айтқандары ұрпақтан-ұрпаққа сабақ болып келе жатқан жоқ па? «Сөз сүйектен...» деген сөз бекер емес пе?!
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған,– деп анамыз сөзін аяқтағаны есімде... 
Содан бері де аттай арқырап, 26-27 жылдай уақыт өтіпті...

«Бір көрген – біліс, екі көрген – таныс... Ар жағы – туыс» деп мені бауырына басқан Ұлы майданның қаһарман бітімді куәгері, әлденеше орден мен медальдардың иегері, салтынан жаңылмай, қалпынан өзгермей, алысты жақындата жүріп, жақынды бітістіре жүріп, еңбегімен еліне қадірі асқан, маңдай тер, табан ақысымен ұл-қызын бағып-жеткізіп, адал ғұмыр кешкен Өміржан аға Медеуов 2001 жылы өмірден озды. Марқұмның жаназасына қарақұрым ел жиналды. Ауыл, аудан жұртшылығы ғана емес, сексеннің сеңгіріне көтерілген абыз қарияны Алаш жұрты ақырғы сапарға жөнелткендей болды. Елі-жұрты Өміржан ағаның отбасына көңіл айтты.
Өмір...
Қоғам...
Тіршілік...
Қысқасы, менің де жадымды жаңғыртқан сол 90-шы жылдардан алыстаған сайын Жандосов ауылындағы саяжайға баруым сиреді. Анда-санда ат басын бұрып, кейуана қалпынан жаңылмайтын, сөзі мен ойы тыңдаушы жүрегіне жол табар Нұрбүбі апамызға амандасып қайтамын.
Әр барған сайын жаным жадырап, жүрегіме тіл біткендей, көкірек-сарайым күмбірлеп, әлемдегі мейірім атаулы ұйқысынан оянғандай, жер үстіндегі жақсылық пен шапағат жанын шүберекке түйіп жүріп, ұл өсіріп, қыз баққан – өнегелі әулет қалыптастырған Медеуов Өміржан ағаның төріне қыдыр дарығандай сезім құшағында боламын. 

Соңғы жылдар ауласы саябаққа айналған кең жердің шетіне таман үлкен үй түсті. Баяғының тілімен айтқанда, кең сарайдай ақ шаңқан боз үй. «Әулетім мен кеткен соң да тегіс жиналып тұруға жазсын» деген әке үміті мен арманын орындаған ұрпақ ойы болар?! Ұлдың үлкені Амангелді болғанда, ұлдың кішісіне Қыдыргелді деп әкесі бекер ат қоймаған болуы тиіс. Қара шаңырақ иесі Қыдыргелді әкелері мен аталары бақиға кеткенімен, рухы бәрімізді қолдап жүрсін дегендей, Медеуовтер үшін киелі, қасиетті әлгі ақ үйді әдемілеп, ақтап-көктеп сақтап отыр.

Құт қонып, бақ дарыған, қақпасы жабылмайтын, төрі қонақтан арылмайтын ақ үйдің өзі де, ауласы да ыстық... Өйткені өңі күнге тотығып, еңбек пен адалдықты серік еткен үй иесінің жүріс-тұрысы, адамдарға деген көзқарасы өзгеше еді. 

Соның арқасында қала мен даланы кезген нарық дейтін әбжелмен, шіркін, сол өз қолы өз ауызына жетпей жатқан кездің өзінде бұл ауланы айналып өтетіндей көрінетін. 

Отасқандарына жарты ғасыр өтіп, бауырларынан өрген ұл-қыздарының алды үлкен-үлкен қызметтерде жүрген, немере-шөберелерінің өзі бір тайпа елге айнала бастаған ауыл төріндегі ақ үйдің иелерімен жолыққан сайын жаным марқайып, ана дәуірдің қойын-қолтығында қалған бала күніммен қайта бір ұшырасқандай болатынмын. Қазақтың кең даласының иісі танауымды қытықтап, «қызыл кітапқа» еніп бара жатқан кісілік пен кішіліктің, адалдық пен тазалықтың кескіні елестейтін. Адасқаныммен табысып, жоғалтқанымды тапқандай болушы ем... Ақ үйдің босағасын аттаған сайын өмірден озған нар тұлғалы әкелеріміз бен жандары жайсаң, жарқын мінезді аяулы аналарымыз еске түсетін.

Адамдарға деген сеніміне селкеу түсірмей өмірден өткен Өміржан аға мен елі-жұртына деген ықыласы тарылмай, өскен-өнген әулеттің киесін үркітпей, иесін жоқтатпай отырған Нұрбүбі апамыздың кең ауласынан жылылықтың лебі есіп тұратынын аңғарамын. 
Иә...
Адам баласына мына қара жер мен көк аспан арасындағы Ұлы Жаратушының пешенеге жазғанын біреудің алдын кесіп, ала жібін аттамай, ақ жолынан таймай ғұмыр кешу міндетін адал атқарудан үлкен абырой жоқ екенін екінің-бірі біледі. 
Бірақ... 
Ұлы Жаратушының сол міндетін мүлтіксіз орындау екінің-бірінің қолынан келе бермейді. Таратып айтсақ, «келмеудің» себебі көп... Оның бәрін түгендеп жату – ақтау мен ақталудың жолы! Пенделік әлсіздіктің нышаны! Осы бір мәңгілік сауалдың жауабын іздеген сайын есіме ылғи Шыңғыс Айтматов пен Қалтай Мұхамеджановтың бірігіп жазған «Көктөбедегі кездесу» пьесасы түседі... Бүгін де, міне, сол сауал мені мазалап отыр. Биік таудың басына көтеріліп, «ағымыздан жарылып, әділіне жүгініп, осы жасқа келгендегі көрген-түйгенімізді жасырып-бүкпей, бір айтайықшы адалынан...» деп жиналған жас кездегі «есейген» достардың әртүрлі себеппен сөздері қабыспай, жан күйзелтер бір сәтте күйініп отырып, бір кейіпкер ауызымен айтылатын: «Қашанда адам қалмақ, адам болып?» дейтін сөзі еске түседі.

Іргелі жауап күтер күрделі сұрақ...
Сұрақты қойдырған да, жауапты іздеткенде әлгі өнген-өскен өркенді әулеттің, өзі келмесе де «жүз» дейтін ғасырлық ұлы белге ұрпағымен көтеріліп отырған, рухы ел жүрегінен орын алған Өміржан ағаның кісілік кескіні мен ірілік қалыбы! Адал еңбек етіп, тер төккен жайдары болмысы! 
Осыдан біраз бұрын апамыз 80 жасқа толғанда ұл-қыздары той жасап, той Өміржан ағасыз өтсе де, рухы той төрінде қатар болсын деген оймен Нұрбүбі Медеуованың өз қолынан шыққан «Нұрлы дүние – сырлы дүние» деген әулеті, ағайын-туысы, құда-жекжаттары, қала берді ұлдары мен қыздарының жолдас-жоралары, алыс-жақын таныстары білсін, оқысын деген оймен шағын кітап шығарыпты. 

Сол кітаптың 78-79-беттеріндегі мына бір жүрекжарды сөздерге көзім еріксіз тоқтады. Қазақта «отау үй», «қара шаңырақ» деген ертеден қалыптасқан ұғым бар. Бұл – ұлтты, ұрпақты тәрбиелеудің мектебі. Амангелді, Есенгелді, Үсенгелді, Рыскелді, Дәулеткелділерді бір-бір отау етіп, оңашалап, қыздарын қияға ұшырған ардақты әке мен аяулы ананың қара шаңырақ деген ұғымға ерекше мән бергенін көреміз. «Одан үлкен ұл-қыздарым өз алдына үй болып, бөлек тұрғандықтан ба, өзіме ең жақын сүйікті балам Қыдыргелдімді көрмесем, тұра алмаймын. Рая екеуі бірі әкемдей, бірі шешемдей болып көрінеді. Қыдыргелдім маған барлық жағдайды жасап отыр...» депті аяулы ана бір сөзінде.

Қайран, ана жүрегі-ай! Неткен шешен, неткен көсем еді?! Кітапта әр баласы жайлы терең тебіреніс бар. 
Осы әулеттің бас иесі Өміржан ақсақалдың тебінгілі текті әулеттен екені де соншама ұғынықты ұстаныммен жазылған. Абыз мінезді Медеу ақсақал туралы, енесі Ділдә апа жайлы айтқандарына (тәрбиелі келіннің ауызымен айтылған) еріксіз риза боласыз.

«...Шалым жарықтық фәни дүниеден бақи дүниеге аттанарында: «Мына дүниеге де, тағдырыма да, сол тағдырым түйістірген саған да, екеуміз жарық дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген ұл-қыздарыма да, олардан тараған немере-шөберелеріме де, жалпы ел-жұртыма ризамын. Мен көрмеген қызықты сен көр. Қуанышты күндерің көп болсын!» деп бақұлдасып еді...» деген жолдар төркінінде кейінгіге үлгі болар, өнеге болар қаншама тәрбие мен тағылым жатыр?!
Заман өзгерді...
Адамдардың ойы мен санасында да түбірлі өзгерістер көп.
Бірақ... Әлдекімдер «Құдай кейпіне» еніп, «пайғамбарлық» жасап өзгертуге тырысқанымен, өзгермейтін бір ақиқаттың барына көзіміз жете түсіп отыр. Ол – Ұлы Жаратушы алдында ерте ме, кеш пе, бір есептің барын ұмытпай, Адам болып өмір сүру!
Мен білетін Өміржан аға сондай жан еді. Ол елін қалай жақсы көрсе, әулетін де солай аялай білген үлкен жүректі адам болатын.

Уақыт дейтін жүйрікті ырықтап, дегеніне көндірген жұмырбасты пендені естіген жоқпыз. Уақытты тыңдай білудің өзі – үлкен өнер. Уақытты тыңдап қана қоймай, оның күнгейі мен көлеңкесін, озығы мен тозығын дәл аңғарып, дәл тану, соған орай мезгіл, заман талабына сай ақылмен ғұмыр кешу, ұрпақ сүю, ұрпақты бағып-қағып, «қатарыңның алды бол» деп бойына жақсы қасиеттерді егу – Алланың адамға сыйлаған ең ұлы тартуы! Бұл – адам адам болғалы, саналы пенде боп, ақылға құрық салғалы жер бетін өрістетіп, өркендетіп келе жатқан ата-ана дейтін ұғымға қанат бітірер ғажайып қасиет. Ол үшін әр пенде мына он сегіз мың ғаламның бірі саналар жұмыр жерге, жұмыр жерге өмір, тіршілік еккен Құдіретке шексіз қарыздар екенін ұмытпауы тиіс. Қазақ атаның кемеңгер мінезі мен мыңдаған жылдық үлгі-өнегесіне салып айтсақ, ұмытпаудың басты белгісі – ұлды ұяға, қызды  қияға дейтін тәрбие мен тәртіптен жаңылмай, адал ғұмыр кешу, абыройды ардақ тұтар ұрпақ өсіріп, жеткізу.

Өміржан аға мен Нұрбүбі апамыздың пешесіне сондай ұлы бақыт жазылыпты.
Мен ғана емес, бұл әулетті білетін әр адам осындай тәрбие мен үлгіге қазығын қағып, көгенін байлаған отбасы қайсы десе, алғашқылардың бірі ретінде Медеуовтер отбасын айтарына еш күмәнім жоқ.
Өміржан аға өмірден өткелі он сегіз жыл өтіпті.
Он сегіз жыл ішінде ел де, адамдар да өзгерді. Кешегі аяғын апыл-тапыл басып есік аттаған тәуелсіздік нарық пен жаһанданудың қиын-қыстаулы сындарынан аман өтіп, Қазақ Елі дамудың жаңа кезеңіне көтерілді. Өміржан ағаның артында қалған ұлдары мен қыздары (Амангелді, Есенгелді, Ханымбүбі, Үсенгелді, Рыскелді, Гауһар, Дәулеткелді, Гүлнәр, Қыдыргелді, Мейрамгүл) он сегіз жасқа есейіп, келін-кепшік, немере-шөберелердің, құдай көп көрмесін, саны да артты, сапасы да молайды.

Алаш жұртының киелі де қасиетті ұлы тауы – Алатауды бөктерлеп, Алматыдан батысқа қарай жол сызсаңыз, отызыншы шақырымда алдыңыздан шығатын  Жандосов есімді іргелі ауылда тағдырлары табысып, үрім-бұтақ өсіріп, тәрбиелеген Медеу қарияның ұлы мен келіні Өміржан есімді ер тұлғалы жігіт пен Нұрбүбі есімді аққұба жүзді әдемі қыздың өткен өмірі де, немере-шөбере болып, болашаққа бет түзеген бүгінгі баянды тіршілігі де кім-кімге болсын үлгі тұтуға лайық өнегелі өмір.
Қолыма тағы да апамыздың 80 жасқа толғанда жарық көрген әлгі ғұмырбаяндық кітабын алдым.
Кітапты ақтарыстырып отырып, әулет дейтін қасиетті сөздің мәні мен мазмұнын жан-жүрегіммен сезінгендей болдым.
«Ағзу-биллаһиминаш-шайтан, эр-рахим! Биссимилләһи-ер-рахманир-рахим! Шарапатты шалқар мұхиттай Алла Тағалам! Шапағатыңды шашып тұрсың маған. Атар таңды Сенің дидарың  деп қарсы аламын. Батар күнді Сенің дидарың деп  шығарып саламын!
Алда қанша ғұмыр қалғанын білмеймін. Білетінім – маған оң қабақ танытқаның. Сол үшін Саған мың тағзым, Алла Тағалам!
Міне... Бір әулеттің көшін бастаған ару ана-әжемін.
Шүкір!
Жан Жак Руссо «Жастық шақ – даналықты меңгеруге арналған уақыт. Кәрілік – оны қолдануға арналған уақыт» деген екен...» деп басталыпты Нұрбүбі анамыздың өз өмірі туралы хамса-кітабы.
Нұрбүбі апа Аллаға қалай сенсе, ұлы аруақтарға да солай сенетін, кешегі Алаштың ардақты батырлары мен от ауыз, орақ тілді ақындарын ауызынан тастамайтын адам. Екі сөзінің бірінде бабалары Қарасай мен Райымбекті қатар айтып отырады. Ұлы Абай мен Жамбыл тәтесі ауызынан түспейді... Мұқағалиды екі елі есінен шығармайды. Елді, Елбасын айтып, қашан көрсең, бірлікке шақырып отырғаны... Өміржан ағаны айтып, мойнынан бұршағын тастамай Медеу ақсақалдың атын әйгілеп жүрген қара ормандай қаулаған ұрпақтың тілеуін тілейді.
Шамасы...
Әулет бақыты деген осы шығар?!
20.05.2019 ж.

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

ақын, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты