ПАРАСАТ БИІГІ

Уақыты: 25.06.2019
Оқылды: 922
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ел мен жердің, ертеңгі болашақтың қамы үшін тер төгіп, бойындағы бар асыл қасиетін сарқа жұмсап жүрген азаматтар арамызда баршылық. Олардың игілікті істері бүгінгі қоғамның алға жылжуы мен ертеңгі болашақтың нұрлана түсуі үшін бағдаршам болып келеді. Сондай ғалымдарымыздың бірі – Қалибек Ыбыраимжанов. Жаркент жерінде туған оның тұтас болмысында жеті ықылымның білімі мен ғылымын меңгеретін іріліктің болуы табиғи ма дерсің. Оның үстіне өскен ортасы, көрген-білгені, ауылдың дария кеуде қарияларынан жиып-терген білім-білігі оның ғылым жолындағы үлкен жетістіктеріне көп көмек берді десек те артық емес. Бала шағынан ауылдың ақжарма тірлігінен адамгершілікті, батылдықты, байсалдылықты, қажырлылықты бойына жинап өскен ол мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ болашақта елдің жүгін арқалайтын азамат болатынын аңғарта бастады. Сол ізгілік бүгінгі күні үлкен жетістіктерге ұласты. 

Өзі қатарлас жастармен бірге туған ауылындағы орта мектепті 1985 жылы жақсы көрсеткішпен бітірген Қалибек Тұрдығазыұлы арман қуып Алматыға жол алды. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне оқуға түсіп, 1992 жылы «Бастауыш  оқыту педагогикасы және әдістемесі»  мамандығы бойынша «Бастауыш сынып мұғалімі» біліктілігін алып шықты. Сол жылдары, яғни, 1986-1988 жылдары бастапқы алты айда Украина, қалған бір жарым жылда Чехословакия Республикасында әскери борышын абыроймен өтеп қайтты. Көргенді ортада өскен оның ата-анасы да көпшіл жандар еді. Тұрдығазы аға мен Күләйхан анамыз 10 перзентін (9 ұл, 1 қыз) үкілеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты жандар. Балаларының бәрі де жоғары білім алып, қатарынан оза шауып, бүгінде ел өміріне елеулі еңбек етіп жүрген атпал азаматтар. Олар да  өз кезегінде ұрпақ өсіріп отырған асыл жандар. Осындай көпбалалы отбасында өскен Қалибек Тұрдығазыұлы әрдайым аға-әпкелеріне деген бауырмалдықты сезініп, іні-қарындастарына қамқор болып ержетті. Ағамыздың сол кезден бойына сіңген сол адами асыл қасиеттері әлі күнге алға жетелеп келеді. 
Оның жеке болмысының қалыптасуына ата-ананың тәрбиесі мен өмірде жолықтырған әріптес-ұстаздарының да ықпалы көп болды. Мәселен, «Не істесең де шын пейіл, ниетіңмен жаса, бірақ төңірегіңдегі адамға, халыққа пайдасы көп болатын болсын, сонда сенің де өз несібеңе орай пайдаң мен абырой, беделің де болады» деген әке аманаты мен «Елге, жұртқа қызмет жасау үшін ұл немесе қыз бала деп бөлінбейді, тек ата-анасынан алған тәрбиесі мен біліміне байланысты болмақ»  деген ана өсиетін де ешқашан жадынан өшірген емес. Өмірлік мектептегі және ғылым жолындағы ұстазы,  профессор Р. Қоянбаевтың: «Қолыңнан келгенше адамға жақсылық жаса, көмектес, қалғанын өзінің тағдырынан көрсін, зияндық жасама. Адамдарды қалай бар, солай қабылдап үйрен және әрқайсысын өзіңнен ақылды деп бағала, аралас, содан кейін қарым-қатынас жасап үйрен» деген ұсынысы мен профессор     Т. Сабыровтың: «Бір жеке адамға айтатын ренішің болса артынан айтпа, өзінің көзінше айт, бірақ айғайлама, мәдениеттілікті сақта, сонда ол адамның саған деген құрметі артады, бұл сенің абырой мен беделіңнің артқаны болады және сыйластықты сақтап қаласың» деген ескертпесі, профессор М. Сарыбековтің: «Сенің іс-әрекетің – санаңның, ақылыңның  бейнесі, жазған ғылыми еңбектеріңнің мазмұны – кәсібилігіңнің, білімділігіңнің және мамандыққа қатысты ғылымдарды меңгергеніңнің көрінісі» деген талабын өзінің әлі күнгі өмірлік ұстанымы етіп жадында  ұстап келеді. 
Осындай ізгілікті қасиеттерді бойына сіңіру арқылы ол бар күшін ұлтқа қызмет етуге жұмсап келеді. Оқу, үйрену, алға ұмтылу, ұстаздық, ғылыми ізденіс жолдарында сан қиындыққа бетпе-бет келсе де, ойындағы өрлілік, бойындағы асқақ мұрат, санасындағы ширақтық қашанда жігерін жанып, жанын жақсы ойлармен сусындатып отырды. 
Ол ең алғашқы еңбек жолын өзі бітірген Абай атындағы беделді жоғары оқу орнынан бастап, 1992 – 2001 жылдар аралығында университеттің бастауыш  оқыту педагогикасы және әдістемесі факультетінің №3 жатақханасының меңгерушісі, бастауыш мектеп педагогикасы кафедрасының оқытушысы, факультет деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, факультет деканының күндізгі және сырттай оқу бөлімінің оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, аға оқытушысы сияқты сан түрлі қызметтер атқарды. 2001-2010 жылдар аралығында А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті философия, педагогика-психология кафедрасының аға оқытушысы, педагогика-психология кафедрасының меңгерушісі, педагогика факультетінің деканы,  тарих-педагогика факультетінің жалпы педагогика және этнопедагогика кафедрасында доцент міндетін атқарды. 2008 – 2014 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында педагогика факультетінің деканы, институттың 12 жылдық білім беру мәселелері орталығының директоры, бастауыш оқыту педагогикасы және әдістемесі кафедрасының профессоры, 2013-2015 жылдары Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің бастауыш оқыту педагогикасы және әдістемесі  кафе-драсының профессоры, университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры болып қызмет етті. 
 2015 жылдың қазан айынан І. Жансүрігов атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқыту және тәрбиелеу әдістемесі кафедрасының профессоры, бүгінде педагогика және психология факультетінің деканы болып өз қызметін жалғастырып келеді.
Айта берсек, 2002 жылдың қазан айында  Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жанындағы докторлық кеңесте «Жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы, этнопедагогика» мамандығының бағытында профессор Р. Қоянбаевтың жетекшілігімен «Ахмет Байтұрсыновтың бастауыш мектеп жайлы педагогикалық мұралары» атты тақырыптағы диссертациясын қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін, 2007 жылы Түркістан қаласындағы А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жанындағы докторлық кеңесте «Жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы, этнопедагогика» мамандығы бағытында профессор М. Сарыбековтің кеңесшілігімен «Қазақстандағы бастауыш мектептердің қалыптасуы  мен дамуы» атты тақырыбында  докторлық диссертациясын қорғап, педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін иеленді. 
Ғылым жолындағы үлкен белестерді бағындырған Қалибек Ыбыраимжанов – сан қырлы талант иесі. Алғаш өзінің болашақ ғылымдағы бәсін басым ете түсу үшін бірнеше тілді меңгеруге ден қойды. Қазақ халқының өткен ғасырдың алғашқы жартысында қолданған төте жазуын терең меңгеріп, ондағы ұлттық құндылықтарды да зерттеуді есінен бір сәт шығарған жоқ.  2017 жылы «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде бастауыш сынып пәндері бойынша педагогика кадрларының біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша  тренерлерді оқыту курсын аяқтады.  2018 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институтында «Білім берудегі менеджмент»  курсын тамамдады. Басқасын айтпағанның өзінде, білім жолындағы осыншама әрекеттері оның парасат биігіне жол алған байыпты бағытының  бірден-бір дұрыстығын көрестеді.
«Еңбегі бардың  –  өнбегі бар» дегендей, еңбегі еленіп, ел үшін сіңірген үлесі екшеліп, талай рет құрметті атаққа  бөленді. Оның бәрін тізудің қажеті жоқ. Десе де 2009 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын және 2011 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығымен Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгімен марапатталғанын айтпай кетуге болмайды.  Ғалымның жеке және авторлық бірлестіктерде орындаған 4 ғылыми туындыға авторлық куәлігі де бар. Айта берсек, ғалымның өз қолынан шыққан ғылыми-әдістемелік еңбектерінің жалпы саны 150-ден астам, соның ішінде, 1 монография,      3 оқу құралы, 4 оқу-әдістемелік және әдістемелік құралдары Қазақстан ғылымының саласына қосылған үлкен еңбек деп бағалауға әбден болады.
Автордың республика көлемінде ғана емес, жақын және алыс шетелдердің танымал журналдарында жарық көрген ғылыми мақалалары да өзінің маңыздылығы жағынан әлемдік ғылым саласының дамуына қосылған  үлкен олжа ретінде бағаланып отыр.
Жуырда Қалибек ағамыздың өмірінде тағы бір елеулі оқиға орын алды.
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде ғылымды заманауи бағытта жетілдіру және кәсіби біліктілігі мен білімі бәсекеге қабілетті болатын маман даярлау мәселесіне ерекше мән беріп отырған ректор, география ғылымдарының докторы, профессор                           Қ. Баймырзаев мырзаның ұтымды ұйымдастырушылығының арқасында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының 29 желтоқсан. 2018 ж. № 2058 бұйрығымен /«2» мамыр 2019 ж. №432. (30 сәуір 2022 ж. дейін)/ 6D010000 – Білім (педагогикалық ғылымдар) (PhD) философия докторы ғылыми дәрежесін тағайындау және бейіні бойынша докторлық диссертацияны қорғайтын арнайы Докторлық кеңесі ашылды. Бұл біздің Жетісу өлкесіндегі І. Жансүгіров атындағы жоғары оқу орнының арғы-бергі тарихында бірінші болып ашылған ерекше ғылыми  жаңалық екендігін де атап өткеніміз жөн болар.
Осы PhD  докторлық диссертация қорғайтын кеңестің төрағасы болып     І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті педагогика және психология факультетінің деканы, п.ғ.д., профессор, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының корреспонденті мүшесі Қалибек Ыбыраимжанов тағайындалды. Бұл да болса университет басшыларының  ғалым ағамызды кәсіби біліктілігі мен білімі жоғары маман ретінде бағалап, оған нардың жүгіндей үлкен сенім артқандығын білдіреді. 
Сол үшін де біздер Қалибек Тұрдығазыұлын  өз бойындағы күш-жігер, қажыр-қайраты мен бар білімін отандық ғылым мен ел болашағына арнаған, келешегі кемел, ер тұлғалы, парасатты,  қазағымыздың аймаңдай азаматы деп білеміз. Демек, оның ел үшін еңбек етер тағы бір тынысы ашылды. Сапарыңыз сәтті болсын!

Қажет АНДАС