ҚАЛДЫРҒАН ІЗІҢ МӘҢГІЛІК

Уақыты: 27.06.2019
Оқылды: 1021
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақ баласы білім-ғылымға көптеп бет бұра бастаған өткен ғасырдың алғашқы жылдарында ашылған мектебіміз ұстаз, әнші-композитор, сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбаны Қапез Байғабылұлының есімімен аталады. Биыл мектебімізге 90 жыл толды. Сонау 1929 жылы іргесі қаланған алтын ұяның тойы – көпке ортақ. Мерейтойға орай ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, осы ауылдың туын көтеріп жүрген әрі тағылымды шараларды ұйымдастырушы ауыл азаматтарына алғысымыз шексіз.
Балалық шақ адам өміріндегі теңдесі жоқ бір ерекше кезең ғой. Өткен өмірге ой жүгіртсең, есіңе ең алдымен қызығы мол мектеп қабырғасында жүрген кездер түседі екен. Мен бүгін мектебіме, жандары жайсаң, кең жүрек ұстаздарға, ауылыма ақ көңілімді, алғысымды жеткізейін деген тебірініспен қолға қалам қапсырдым. 
Алғашқы мектеп табалдырығын аттағаның, соғылған қоңырау дыбысы, мұғалімнің сапқа тұрғызғаны, сыныпқа кіріп партаға отырғаның, алдыңда сабақ берген мұғалімің, бәрі-бәрі кеше ғана болғандай. Айтайын дегенім, сол бір сәтте ұстаздың бар бітім-болмысы, тұлғасы, жүріс-тұрысы, сөз саптау мәнері, дауыс ырғағы, балалық пәк жүрегіңнің түкпірінен салынған сурет сияқты орын алып қалады екен. Бұл ұстаз еңбегінің біздің санамызға өшпестей із қалдырғанының дәлелі болар.
Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген ұстаздарымыз –соғыс ардагері, «Қазақстан білім беру ісінің үздігі» белгісінің иегері, мектеп директоры Әріпбай Өскенбаев, соғыс ардагері Жотан Саламатов, Ділдаш Өміржанова, Күмісжан Асылбаева, Рахима Мансұрова. Кейіннен сынып жетекшіміз болған әрі қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген оқушылары бізден кейін республикалық олимпиадада бірінші орынды жеңіп алған Атаханова Несікен апай да өз ісінің шебері еді. Балалар жазуының әдемілігіне, сауаттылығына, тазалығына өте қатты мән беретін. Әрбір оқушыға бір-бір қалың дәптер арнатып, соған бір айдың ішінде оқыған көркем әдебиеттің авторын, қысқаша мазмұнын жаздыратын. Жақсы оқуға тырысып, бір айдың ішінде үлкенді-кішілі екі-үш кітапты қалай оқып тастағанымызды білмей қалатынбыз. Ал кітапханашы Күлипа апай болса, оқыған кітабыңның мазмұнын айтпайынша, келесі кітапты бермейтін. Кітапты бірімізден-біріміз алып оқитынбыз. Оқыған кітабымыз туралы бір-бірімізбен пікір алысатынбыз. Қазір ойлап отырсам, біздерді кітап оқуға осылайша үйреткен екен ғой деп тебіренеміз. Әрине, ол кезде теледидар, интернет болған жоқ. Қазіргі заманда ақпараттық технологияның қарқынды дамып отырған кезеңі дегенімізбен, рухани құндылық – кітап адамның серігі болуы тиіс деп ойлайтынымыз да жасырын емес. 
Химиядан сабақ берген жаны жайсаң Баққожа Майтыбаев, Жұмаш Ұйқасбаев, биология пәнінен білімімізді шыңдаған Қасиет Әбеуова, Исәділ Шыбынтаев, Сара Болсанбекова және Байтұрсын Қарағұлов ұстаздарымызды қалайша ұмытайық?! Ұстаздарымыз сабақтан тыс уақытта үйірме жұмыстарын жүргізіп, мектептің оқу-тәжірибе участогында сәбіз, қырыққабат өсіріп, гүл отырғызып, ағаштар егіп, оны күтіп-баптауды әр сыныпқа бөліп беріп жарыстырушы еді.
Физика және астрономия пәнінің мұғалімдері Төлеухан Жарқынбекова, Нұржібек Садырова,  Тұрымхан Қыдырова, математикадан білім жетілдірген Аманат Мамырбаева, Бағила Смағұлова, Ахметқали Ожанов, сондай-ақ, біздің кезімізде мектеп директорының орынбасары болған, бізден кейін ең алғашқы облыста өткен «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазы, «Қазақстан білім беру ісінің үздігі» белгісінің иегері Кеңесжан Сәдірмеков, «Қазақстан білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері Іргебай Иқымбаев ағайлар біздің мақтанышымыз. Ал, неміс тілінен тіл ұстартқан Асқар Серғазиев, географиядан сабақ берген әрі сынып жетекшіміз болған Ұлжалғас Сауранбаева, Балша Қашқынбаева апайларымыз оқушыларды қызықтыра отырып, сабағын әсерлі өткізетін. Әлі есімде, 5-сыныпта барлығымыз неміс тілі мен географияны ерекше жақсы көріп оқитынбыз. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Советхан Оспанова, Қасымәлі Қадырбаев, Угрюмова Полина Александровна, Серік Асанбаев, дене тәрбиесінен Әбділ Батырханов, Бектұр Қойшиев, әннен Жеңіс Зияханов, Рахия Шопахова, суреттен Батусов Владимир Александрович, сызудан Құсайын Сыбанқұлов, қоғамтанудан Жақан Оспанов, тарихтан Сәкен Манасуров, Бошан Абсалямов, алғашқы әскери дайындықтан сабақ берген Сайлаубек Құрманғалиев, Жеңіс Зияханов ағайларды әр кезде зор мақтанышпен еске алып отырамыз.
Менің әкем Тұрғынбай Абиров 1963 жылдың 1 қыркүйегінен өмірінің соңына дейін (1973 жыл) Тоғызбұлақ орта мектебінде шеберхана меңгерушісі болып, еңбек пәнінен сабақ берді. Әкем – оқушылар бойына өз пәнінің мазмұны арқылы ұлттық дүниетанымды қалыптастыру бағытында озық әдіс-тәсілдерді меңгерген маман. Өнер жолына өзіндік оқшау үн, өзіндік серпіліспен келген шебер екенін елдің көбі біледі. Әр оқушыға жеке тапсырмалар беру арқылы, әртүрлі станоктарда жұмыс істеуді, темір, ағаш үстіне сурет салып, оны дақтау, фанерден әртүрлі оюлар ою сияқты өнер түрлерін үйретті. Шәкірттерінің шеберлігін көрсеткен бірнеше көрмелерге қатысып, аудандық, облыстық пәндік байқаулардың жеңімпазы атанды. Оқу-тәрбие жұмыстарында жеткен жетістіктері мен қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқаны және мектептің оқу-тәрбие құралын нығайтқаны үшін 1973 жылдың тамыз айында «Қазақ ССР-нің Халық ағарту ісінің озаты» белгісімен марапатталды. 
Ескі аңыздарда былай деп жазылыпты: «Халық мұқтаждығына орай су көздерін, кен орындарын ашқан, бала оқытып, білім берген адамды қалай құрметтесе де лайықты». Осы мазмұндағы сөз Қасиетті Құранда да айтылады. Бұл тұрғыдан алғанда «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қазақтың ұлағатты сөзін алдыға тарта отырып, кеудесі кен ұстаздардың есімін осылайша атап өтуді жөн деп таптық. Сонымен қатар, ел азаматтарын білім бұлағымен сусындатқан мектептің педагогикалық ұжымын мерейтойларымен құттықтай отырып, ғасырға жуық тарихы бар мектепте қанаттары қатайған азаматтар санын көбейтіп, елімізге адал қызмет ететін ұрпақтар тәрбиелей берсін демекпіз. Оған қоса, «Алтын ұя – мектебім! Біз сенің саяңда ержеттік, сенен түлеп ұштық. Біз сен арқылы алдымызға мақсат қоя білуге үйрендік. Сен бізді мейірімді, көпшіл, бауырмал болуға тәрбиеледің. Қалдырған ізің мәңгілік! Әрбір түлегің мерейіңді асырып, мектеп атын зор құрметпен еске алатын болсын. Әрқашан Қапез Байғабылов атындағы мектебіміздің мерейі үстем, түлектерінің мәртебесі өсе берсін», – деген көңілдегі көркем ойды да айрықша атап өтуді жөн санадық.

Жібек ТҰРҒЫМБАЕВА, 
«Алтын белгі» иегері