ЕҢ БІРІНШІ "ЖЕТІСУ" ГАЗЕТІНЕ ЖАЗЫЛАТЫНБЫЗ

Уақыты: 27.06.2019
Оқылды: 1577
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жазиралы Жаркент өңірінен керіле ағып жатқан Іле өзенін кесіп өтсеңіз созылып жатқан Қарадала деп аталатын қасиетті мекенге табаныңыз тиеді. Бұл аймақ Сәдіқожаның әнімен тербеліп, Нұрлан Оразалиннің кесте жырымен өрнектелген қадірі бөлек дала. Жер қойнауынан шығып жатқан емдік қасиеті бар ыстық суымен де аты шыққан. Алыстан асқақтап көрінетін Кетпен тауын бөктерлей орналасқан бірнеше ауылдың бірі – Сүмбе деп аталады.

Береке мен бірлігі тарқамаған осы ауылда менің анам Алмажан Абдықалыққызы 1958 жылы қарапайым отбасында  дүниеге келген. Әкесі Абдықалық анасы Кенжехан тыл еңбеккерлері. Жастайынан қара жұмыс істеп, дүниеге үш ұл, алты қыз әкеліп, тәрбиелеп-өсірген өнегелі шаңырақ. Анам үйдің үлкені болғандықтан ес жиған шағынан шешесіне көмектесіп, үй шаруасымен айналысып, артынан ерген бауырларына қараған. 1976 жылы әкем Әл-Айдар Төлегенұлымен бас қосып, шаңырақ көтерді. Дүниеге 4 қыз әкеліп, адал жар, аяулы ана, жақсы келін бола білді. Арнайы жоғары білім алмаса да көзі ашық, көкірегі ояу анам оқымай қалдым деп қамықпай, үнемі ауылдың барлық ортақ тіршілігіне араласып жүретін. Мынау ауыр жұмыс, мынау қиын деп бөліп-жармайтын. Бізге «Жетісу» газеті бала күнімізден таныс. Мұны айтып отырғаным анам 1980 жылы Сүмбе ауылдық пошта бөлімшесіне газет-жорнал, хат тасушы болып орналасып, қиын да қызықты салаға 30 жылын арнады. Сол 30 жылдың ішінде, әрине, біз де барамыз. Ауылға таратылатын барлық газет-жорналдар ең бірінші болып біздің үйге келетін. Бәріміз де мәз болып, ең әуелі облысымыздың айнасы «Жетісу» газетінен бастап, «Ұлан», «Балдырған», «Қазақстан әйелдері» сияқты көптеген басылымдарды таласа оқитын едік.

Анам әр үйге беретін газетті маңдайшасына иесінің есімін жазып, поштаның үлкен сөмкесіне салып, тарқатуға кететін. Облыстық болғаннан ба, ауыл халқы ең бірінші «Жетісу» газетіне жазылатын. Ол кезде жаңалықтарды телеарнадан көріп, газеттен ғана оқитын. Оқырман қауым «Жетісу» газеті келе жатыр деп қашаның сыртына шығып, тосып тұратын. Мен анамнан бір елі қалмайтынмын. Кім қандай газет, қандай журнал алады бәрін үйреніп алғам. Аптасына 2-3 рет газет таратуға шығамыз. Кешкісін жұмысы бітіп, үйге шаршап кіріп, енді бір кесе шайын аузына ала бергенде ауыл адамдары келе бастайтын. Біреуіне қабақ шытып, «менің жұмысым бітті» демейтін. Ол кезде алыс-жақындағы туысқандармен хабарлау үшін 5-10-15-20 минутқа талон алатын. «Тәте, осындай жағдай, Алматыдағы қарындасыммен сөйлесейін деп едім» немесе «хабарлама айтуымыз керек» деген сияқты өтініштерімен үйде толып отыратын. Анам ең бірінші ауданға хабарласады, олар басқа қалалармен қосады. Сөйтіп, 5 минутқа талон алғандар осы уақытқа бәрін сиғызып, барлық жаңалықтарын айтып үлгеретін. Сосын үзіліп кететін. Осы көрініс түнгі 12-1-ге дейін жалғасып жатушы еді. Әрбір келген адамға қабақ шытпай, шын ықыласымен көмектесетін. Кейде түннің бір уағында ауданнан шұғыл хабарлама келеді. Анам тез-тез жазып алып, тау ішіндегі алыс үйлерге жеткізуге асығатын. Алған сәтте жету керек. Себебі, біреудің жақыны, туысы дүниеден озады немесе той жасайды, тағы басқа да жағдайлар кездеседі. Әкем түннің жарымында атын ерттеп, шауып кететін.

6-сынып оқып жүргенімде газетті тарқатуды өз мойныма алдым. Анам шаршап келгенде кішкене демалсын деп ойлаймын. Басылымдар толған үлкен-үлкен төрт сөмкені көтеріп, тарқатуға шығам. «Көтере алмайсың, ауыр болады» десе де, бой бермейтінмін. «Қазір қоршауына қыстырғанда азаяды» деп көнбейтінмін. Газетті тарқатып жүріп, ауыл балаларына қосылып, ойнап кетем кейде. Сонда да әр үйдің қақпасына барып, дауыстап шақырып, газеттерін қолдарына берем. Кейде ит қуалайды. Кімнің үйінде қабаған ит бар, қай үйде ұрысқақ апа, қай кісі кәмпит береді, қандай жолмен жүрсем тез жетем бәрін біліп алғам. Сөйтіп, түнгі сағат 10-11-де бітіріп, үйге келем. Ертесінде ұйқымнан ояна салып, әкеме еріп шөпке кетем.

Қыстыгүні далада қақақған аяз қысып, қар жауып тұрады. Жүретін жол болмаса да, анам газетін арқалап таратуға кетеді. Көктем, жаз, күзде ақ жауын себелеп, кейде төгіп тұрады. Оған да қарамай газет-жорналдарды иесіне уақытымен жеткізуге тырысады. Міне, осылай ауыл жұртына аяулы анам аянбай 30 жыл еңбек етті. Ешкімді ренжітпей, үлкен-кішінің батасын алып, біздерді де оқытып-тоқытып жеткізді. Ол кезде бала болғаннан білмейміз. Кейін: «Мама, ауыр сөмкелерді отыз жыл арқалап жүргенде қанша айлық алдыңыз», – деймін. «Бүгінгі ақшамен есептегенде 2000 теңге алатынмын, кейін зейнетке шығарда төрт мыңға өсті ғой», – дейді. Анам сол қаражатпен-ақ әкемнің бір  жағына шығып, бала-шағаны асырады.

Бір кем дүние, сонша жыл еңбек еткенде ауылдан немесе ауданнан басшылар басына ақ жаулық салып, бірауыз рахмет те айтпады. Анам рахмет дәметпейді ғой, пошташының жұмысы оңай емес екенін білген соң, қызы болғандықтан анама кішкентай ғана көңіл бөліп, мерейін өсіріп қойса дегенім ғой. Бұл өз ойым. Қазіргі қоғамда 2-3 жыл жұмыс істеп, Мәдениет саласының үздігін немесе ауданның Құрметті азаматын алып жатқандар қаншама?! Менің анам сияқты әр ауылдың елеусіз қалған ардагерлері де аз емес. Айтпақшы, нағашы атам да сол ауылдағы малшылардың газет-жорналдарын таситын.

Аяулы анам менің, отыз жыл ауыр сөмкелерді арқалап жүрсе де белі бүгілмеген сүйегі асыл қамқоршым. Мемлекеттен марапат алмасаңыз да адал еңбегіңіздің бәрін көзіммен көрген перзентіңіз ретінде, өзіңіз отыз жыл арқалап жүріп, оқырманға жеткізген облыстық «Жетісу» газеті арқылы сізге алғыс айтқым келді. Сіздің 2000 мың теңге айлығыңызбен оқып, білім алдым. Сіз таратқан сол «Жетісу» газетін оқып өстім. Солай өнер жолына келдім. Сіздің алдыңызда қарыздармын.

Осы кішкентай естелік жазбамды иығыңызға жапқан шекпенім, басыңызға салған жаулығым деп қабыл алыңыз! Әкеммен тең қартайып, ендігі ғұмырларыңызда ұрпағыңыздың қызығын көріп, бала-шаға бақытына бөлене берулеріңізді тілеймін.

Жаңыл МЕРСИМОВА