БІР КҮНДЕ ЕКІ МЕДАЛЬ АЛҒАН

Уақыты: 18.07.2019
Оқылды: 1584
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

"Тектіден текті туады – тектілік тұқым қуады".  Атам қазақ айтқыш-ақ қой.  Тоқсан ауыз сөзді тобықтай сөзге сыйдырған. Роза есімді журналистің атасы Шұлғаубай баласы Нұрғали Алакөл өңірінің атақты байы, ел-жұрттың берекесі, от ауызды, орақ тілді, беделді азаматы болған.  Қызылдар билікке келіп, кедей мен байды теңестіреміз деп  байлардың малына қырғидай тиген заманда Нұрғалиға да  тықыр таянады. Қызылдар онымен ата жауындай қастасады. Кінәсі – дәулетті өмір сүргендігі. Малының көптігі. Саудамен айналысып, өрісін кеңейткендігі.  «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп байдың малын қызылдар тартып ала бастағанда  Нұрғали бай кеңес өкіметінен өзіне жақсылық келмесін біліп, бала-шағасын ертіп, бүкіл малын алдына салып, Алатау асып, қытай жеріне көшіп кетеді.  Тонаушыларға ақсақ  лақ та қалдырмаған екен. Мал-мүлкін түгел тартып аламыз, өзін ұстасақ абақтыға жабамыз деп жүрген жендеттер бір түнде көшкен елдің жұртын сипап қала береді.   Роза  Нұрбекқызы атасының Алакөл жеріндегі  сән-салтанатты өмірі,  арғы бетке қалай өткендігі жайлы тамсана әңгімелейді. Тамсанбағанда ше, Нұрғалидың беделі, Тоқжайлауды жайлай жатып,  аңызға бергісіз ғибратты өмір сүргені өз алдына бір роман жазарлық жайт.  

Қытай жерінен келген соң Розаның әкесі Нұрбек басқа да тағдырлас замандастары сияқты  мал бағуды кәсіп етеді. Себебі, қанша зерек болғанымен қытай мен екі ортада ары-бері  өтіп жүргенде оқып-тоқи алмай  қалады.  Бірақ, балаларын оқу-білімге тәрбиелейді.  Өзі мал соңында жүрсе де  екі етігінің қонышынан «Жалын», «Жұлдыз» журналдарын тастамайды. Араб тілінде ғана сауаты бар  әкелеріне журналдарды қасында мал бағысып, еріп жүрген балалары оқып береді.   Бала  әке-шешеден көргенін істемей ме?! Олар да кішкентайынан кітапқұмар болып өседі.  Розаның шағын ғана радиосы бар. Мал соңында жүргенде  соны қасынан тастамайды. Түнде ұйықтағанда да көзі ілінгенше радионы жастап, тыңдап жатады. Ол аз болса жайлауға шығып бара жатқанда ауыл кітапханасынан  он шақты кітапты жаздырып, тауға  ала кетеді. Бердібек Соқпақбаевтың  «Менің атым  Қожа», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», Кемел Тоқаевтың «Сарғабанда болған оқиға», Саттар Ерубаевтің «Менің құрдастарым» романын Роза  мектеп қабырғасында жүріп-ақ оқып тастаған.  Алтыншы класта оқып жүргенде  «Қазақстан пионері» журналына «Кітап – білімнің бұлағы» атты мақала жібереді. Содан жазғы демалыс басталып, шопанның қызы ата-анасымен жайлауға шығып кетеді.  Жаз бойы  мал қайырып, тай үйретіп жүрген бүлдіршін қыз республикалық басылымға  мақала жібергенін мүлде ұмытып кетеді. Аттай үш айдан кейін «дала салтын» артқа тастап,  қыз бала кейпіне еніп, көйлек киіп, бантик тағып, сабаққа келген  Розаға кластасы  Бекен Қосымханов мынаны көрдің бе деп жарты беті бар, жартысы отқа жағылып кеткені белгісіз журналды алдына әкеліп лақтыра салады.  Ашып қараса өз аты жөнімен білімнің бұлағы кітап екендігі жайлы жазған мақаласы. Төменгі жағында өзінің аты-жөні. Төбесі көкке бір-ақ елі жетпей қалды. Өзін кәнігі жазушылардай сезіне бастады.  Қаламның құдіреті оны алда жазылар мақалаларға талпындырды.  Ұстаздары, көзі қарақты ағайын-туыс бұған  құрметпен қарай бастады. Бала тілші енді  аудандық «Жаңа өмір» газетіне де мақалалар жазуды қолға алды.  Арасында сын мақалаға да қалам тартады. Керек болса өзі оқитын мектепті де сынап жібереді. Мен осы мектепте оқып жатырмын. Өзім оқыған білім шаңырағын жамандағаным қалай болады деп жатпайды. Мектептегі кемшіліктер, оған директордың кінәлі екендігін  де  сыдыртып жібереді. Аңғал да, батыл шақ қой. Оның үстіне  өз заманының беделді  азаматы, Нұрғали байдың ұрпағы болса тайсалсын ба?!  Ақырында мектеп директоры: – Айналайын, кемшілікті түзейміз. Енді бұл мәселені газетке жазбай-ақ қой, –деп тілшінің сөзіне лайықты жауап береді.   Сол кездің адамдарының адалдығы ғой.  Мектеп директорыңмын. Мені, мектепті жамандауға қандай қақың бар, – деп қоқан-лоқы көрсететіндер де бар емес пе?!  Бірақ, ол бірден баспасөздің пәрменінен ығып, кемшілікті қалпына келтіру үшін жұмыс істейді. Осылайша, ол  қоғамға сыни көзбен қарайтын кәнігі журналиске айнала бастайды.  Бір шаңырақтағы  үш қыз Дәрия, Раушан, Рита филология мамандығын меңгереді.  Ал мұның аңсары журналистикаға ауады. Абырой болғанда Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсу бақыты бұйырады.  Әлгі малшы ауылда жүріп тыңдаған радионың жұмысымен танысып, хабар қалай тарататынын бір көруге асығады. Сәті түсіп, Қазақ радиосының табалдырығын аттады. Қазақтың дара дауысты дикторы Сауық Жақановаға жолығудың сәті түседі.  Сауық апайы  Розаның жағымды, жүрекке жылы тиер даусын бірден ұнатады. Кем-кетігін өзі үйретеді. Сонымен радиодағылар оған «кішкентай Сауық» деп ат қояды.  Розаға «Ұшқын» жастар бағдарламасына шағын хабарлар ұйымдастырып,  жүргізу тапсырылады.  Сабақтан бос уақытының барлығын радиода өткізеді. Ол жерде  журналистиканың жампозы Қайнар Олжайдың жары, танымал радиожурналист Гүлжанат Құстановамен танысады. Болат Оңғарбаев, Махмет Түменбаев,  Қаншайым Құлжабаева, Бақыт Досымовтармен қызметтес болады.  Өзін әріптестеріне еліктеу арқылы шыңдайды. Жазда курстастары  туған жеріне кеткенде бұл Ақмола, Көкшетау, Қостанайға бет алады. Себебі, ол жақта қазақ журналистері аз. Розаның қол-аяғын жерге тигізбей, бірден  екі-үш айға штатқа жұмысқа алып, толыққанды айлық төлейді. Студент болса да керек-жарағын өзі түгендеп алады.

Оқуды бітірген соң бірден Талдықорған облыстық телерадиокомпаниясына қызметке орналасады. Мұнда ол Майра Нарышева, Жармұханбет Иманбақов сынды мықты, тәжірибелі дикторлардан   сөйлеу шеберлігін үйренеді.  Таңғы және  кешкі жаңалықтарды жүргізеді. Журналистикада жылдамдық, жауапкершілік, адамзатты нәсіліне қарамай жақсы көру, басқаның жан дүниесіне үңіле білу, тығырықтан тез арада дұрыс жол тауып шығу, қала берді отбасы мен жұмыстың тізгінін тең ұстау міндетін бұлжытпай орындауың тиіс.  Мұндай сынақтар Розаның да басынан өтеді. Соның біріне тоқталайық.  Бірде Талдықорған телерадиокомпаниясының ұжымы демалуға Балқаш көліне барады. Қызық көріп, таңның атысы, күннің батысы судан шықпай қояды. Одан қалса ұзақты күн  құмда жатып, күнге  қыздырынады.

Сонымен екі күн демалыста болғанның соңы Розаның сырқаттануымен аяқталады. Үйіне келіп, түнде төсекке жатқаны сол еді үсті-басының күлдіреп кеткенін байқайды. Дене қызуы көтеріліп, жүрегі айнып, жаны қиналады. Бірақ, таңертең эфирге шығу керек.  Ауырдым, орныма басқа біреу шықсын деп айтуға жауапкершілік пен намыс жібермейді. Сөйтіп, арпалысып таңды атырады. Қырсық қылғанда эфирге шығуға бір сағат қалғанда ұйқы қысып, көзі ілініп кетеді ғой. Оянып, қараса  7-ге он бес минут уақыт қалған. Ал жетіде радио таңғы хабарды ашуы тиіс. Киімін киейін десе денесі күлдіреп кеткен, шүберек тисе ашиды.  Қолына ілінген халатты асығыс-үсігіс денесіне іле салады да телерадиокомпанияны бетке алып, жүгіреді. Ол кезде тілшілерді көлікпен таситын қызмет жоқ. Жүгіргеннен жүгіріп келсе студияның есігі айқара ашық, алдына режиссерлер қағаздарын дайындап қойыпты. Микрофонның тетігін басады да «Қайырлы таң, құрметті радиотыңдаушылар!» деген сөзді алқына айтады. Арғы жағында «Сәлеметсіздер ме?» деген сөз эфирден өтпей қалады. Себебі, режиссер бұл ентігін басып алсын деп пультты басып, микрофонды өшіріп, ән қоса қояды. Сол күні радиотыңдаушыларға «сәлеметсіздер ме?» деп амандаспадыңдар деп  басшылар Розаны шақырып алып, жақсылап, «қуырып» алады.  Адамды шыңдау үшін Алла тағала осындай, тығырыққа тірейтін сынақ береді. Сынақтан сүрінбей өтсең бағытың  айқындала түседі. Ал ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүретін жол іздесең әр төбеге бір шығып, ізің үзіледі. Алма ағашы бір жерде тұрғанда ғана  өседі, өнеді, бүршік жарады, жеміс береді. Роза да журналистикада үздіксіз, басқа түскен сынақтан сүрінбей өтіп, сүрінсе де қайта тұрып, өзіндік ізін салып келе жатқан майталман маман.  Роза Дүйсебаева бұрынғы Талдықорған облысы тарап,   телерадиокомитеті өз жұмысын тоқтатқаннан кейін   қалалық «Жерұйық» телерадиокомитетінде істеп жүргенде тоқырау жылдары басталып, қызметкерлерге айлық берілмейтін күндерді бастан өткізді. Бірақ, комитет өз жұмысын біржолата тоқтатқанша, айлық алмай-ақ жұмыс істеді. Ақпарат тарату тоқтағаннан кейін де әріптестері Тұрсынбек Айтбек, Ырысбай Кенже ағаларымен мекеменің тоналып кетпеуі үшін ғимаратты күзетті. Жұмыссыз қалғаны аздай  өмірлік қосағы Ержан жол апатына түсіп, тұрып-жүре алмай қалып, бірнеше ай қасында тапжылмай отырып, бағып-қағуына тура келеді. Қайсар жан қиындыққа тап болған жарын балаша мәпелеп бағады.  Ержан табаны күректей  он жыл еңбекке жарамай қалады. Сол кезде Роза әйелдің де, ердің де міндетін орындап, шаңырағын шайқалтпай, табыс тауып,  бала-шағасын бағып, қайсарлық танытады.  Ал 2001 жылы Талдықорған облыс орталығына айналып, телеарна қайта жұмысын бастағанда Роза Дүйсебаева штатқа алынады. Журналистің қызық та, қиын жолы оны алды-артына қаратпай алғы сүйреп әкетеді.  Роза «Нұр-Отан» партиясының қоғамдық қабылдауы бойынша хабар ұйымдастырды. Партиядан көмек сұраған халықтың талап-тілегін телехабарға айналдырып, мұқтаж жандардың мәселесінің шешілуіне ұйытқы болды. Ол «Шипагер»,  «Өзекті мәселе», «Ой түбінде»,  «Көзқарас»студиялық хабарларымен бірге  «Жетісу тынысы» апталық шолуын жүргізді. «Оңтүстік корея» елімен бірлесіп,  қайырымдылық жұмысымен айналысты. Шетелмен қарым-қатынастың нәтижесінде талай адамның денсаулығының түзелуіне септігін тигізді. Журналист телеарнаның жұмысымен көптеген шетелге барып, облыс үшін мәнді-мағыналы хабарлар ұйымдастырып, тыныс-тіршілігін көріп қайтты.

Роза әріптесіміз бүгінде м«Жетісу» телеарнасының өзінен кейінгілерге журналист болудың үлгісін көрсететін ана қыранына айналған. Әріптестері Роза Дүйсебаеваны «Жедел жәрдем» дейді. Оның себебі, Роза мейірімді, қайырымды. Ұжымда біреудің басына қиын-қыстау күн туса өзінің бұрыннан істейтінін, таныстарының көптігін пайдаланып, қиналған жанның жел жағына шығып, панасына айналады. Өмірдің өкпек желінен аман  алып қалғанша сол адаммен бірге күліп, бірге жылайды. «Ақкөңілдің аты арып, тоны тозбайды» дейді қазақ. Роза тәрбиелеп, өсірген ұл мен қызы еңбекқор, білімді азамат болып өсті.Үлкен ұлы Жанәділ былтыр отбасын құрды. Мәдина атты құсын қолына қондырды.   «Биыл   менде той», – дейді ол ағынан жарылып. Шынында да жақында ғана баласы Жанәділ Қытайда Пекин, Далян қаласында Домбей қаржы университетін грант жүйесі бойынша оқып бітіріп, халықаралық сауда және бизнес  мамандығының магистрант   дипломын алды.  Қызы Жансая ана жолын қуып, бүгінде  Будапешт қаласында Метрополитен  университетінің медиакоммуникация факультетінің студенті. Қазір елде халықаралық тілшілік мамандығын меңгеріп  жүр. Үш тілді біледі. Биыл Журналистер күнінде Розаның мерейі өсіп, бір күнде екі бірдей медаль алды.  Түске дейін Қазақ журналистикасының  қайраткері, түстен кейін Қазақстан Республикасы ақпарат  саласының үздігі деген екінші медальді иеленіп, мейманасы тасыды.  Бірнеше жыл бұрын   Республикалық «Нұр-Сұңқар» журналистер байқауының лауреаты атанып, ұжымының беделін асырған.  

Журналистің жұмысында ауыр, жеңіл деген болмайды. Ақпарат тарату – ұжымдық еңбектің жемісі. Онда істейтін әр адам  хабар таратудың бір-бір тетігі. Былтыр ғана  «Тұмар» республикалық  ұлттық телевизиялық байқауында  «Үздік өңірлік телеарна»   атанған «Жетісу» ақпарат таратуда  әріптестерінің алдынан көрінуде. Бүгінде Роза қызмет істейтін арна алыс-жақын шетелдерге хабар таратады. Онда Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Роза Дүйсебаева сынды өз мамандығына адал,   көрермен көңілінен шығу үшін күн мен түнді алмастыра еңбек ететін қамшы  салдырмас мықтылар еңбек етеді.   Бір күнде екі медаль алған әріптесіміздің  шығармашылық жолының жемісін көріп, ұзақ ғұмыр кешіп, бала-шаға бақытына бөленуіне тілектеспіз.

                                                                           Гүлжан Тұрсын