ІЗГІЛІК ІЗДЕРІ

Уақыты: 20.07.2019
Оқылды: 765
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Халық арасында «Күндіз күміс, түнде алтын» аталған қасиетті Қаратал өңірінде туып, еңбекпен есейген жандар көптеп саналады. Солардың бірі әрі бірегейі 1941 жылы Үштөбе қаласының маңына орналасқан Жаңаталап ауылындағы тәлім-тәрбиесі мол қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген Орынбек Нұрахметов еді.  

Әкесі Нұрахмет Қайрақты разъезінде теміржол бойында еңбек етіп жүрген жерінен 1942 жылы соғысқа аттанып, содан қайта оралмай қалады. Сөйтіп, Уәзипа әжесімен бірге бес-алты жасар Орынбек Ділдәш тәтесі мен Молдахмет ағасының үйіне қоныс аударады.
Соғыстан мүгедек болып оралса да қатардан қалмай, өзінің жайдарлы мінезімен ауылдастарының құрметіне бөленген Молдахметті жергілікті тұрғындар Молдаш деп атайтын. Ділдәш тәтесі де қант қызылшасын өсіруде үлкен жетістіктерге жеткен еңбекқор жан болған. Осындай ақжарқын, көшелі кісілердің арқасында соғыс зардабынан жетім атанған  Орынбек ешнәрседен кемдік, таршылық көрмеді.   
Үлкенге қарап өскен, ағаларынан үлгі алған ауыл балалары тату болды. Солардың ішінде Жеткен, Наурыз, Күлік, Сайлау, Бағила, Жеңіс, Төрехан, Қаншайым сынды ұл-қыздардың есімін Орекең бір сәт естен шығарып көрген емес. Тай-құлындай тебісіп өскен ауыл қара домалақтары  еңбектен де қашқан жоқ. Ертелі-кеш балағын шаң қауып жүретін ойын балалары шаршауды білмейтін. Шуласа да ойнап жүріп істеген жұмыстары үшін үлкендердің алғысын ала салысымен бәрі бас түйістіріп ләңгі тебетін. Дегенмен, жастайынан оқыған, көргенін көкейіне түйіп өскен зерделі Орынбек оқу озаты деген саптан ешқашан түскен жоқ.  
Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан Орынбек ағамыз «1 Май» колхозында  катардағы колхозшы, одан кейін колхоз комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқарды. Шаруашылықта еңбек етіп, біраз тәжірибе жинақтаған жастар жетекшісі 1961 жылы Самарқан қаласындағы сауда институтына оқуға түседі. Бұл жерде де жас жігіт өзінің бастамашылдығымен, белсенділігімен жоғары оқу орны басшыларының назарына ілігеді. Сөйтіп, ол институттағы комсомол ұйымының хатшысы, студенттер кеңесінің төрағасы болады. 
Сол кездері Кеңес әскері қатарында қызмет ету әрбір Совет азаматының қасиетті борышы саналатын. Міне, осыған сәйкес белсенді жас 1962 жылы әскер қатарына аттанады. Иә, мұнда да сауатты әрі жауапкершілігі мол Орекең бөлімше командирі болды. Әскери борышын бірге өтеген өзбек, тәжік жігіттері Орекеңді көрген сайын әскердегі әдет бойынша бәрі «Алик ака» деп құрақ ұшып тұратын. Әскери қызметтен қайта оралған Орекең оқуын қайта жалғастырып, оны 1968 жылы тамамдайды. 
Өткенге көз жіберсек, бір қызығы, кейіпкеріміздің зайыбы Майдангүлмен танысуы да сол Самарқанда болған. Осындағы сауда   институтына оқуға түскен Майдангүл  қабылдау емтиханын бірге тапсырған жігітпен кездейсоқ кездесіп, оның жанындағы Орынбекпен танысқан. Алған бетінен қайтпайтын қайсар жігіт қандай жағдай болса да Майдангүлдің жанынан жиі табылып, үнемі сүйеу болды.
Қыз жүрегі сезімтал ғой, шіркін! Өзіне назар салған жігіттің турашыл, көпшіл, ақпейіл адал көңілі, езбе сөзге жоқ, уәдеге мәрт мінездері болашақ қалыңдықтың жүрегін жаулап алды. Несін айтасың, кезінде Үштөбенің де талай аруының жүрегіне шоқ салып кеткен Орекең Жамбыл елінің қазақи қалыбын тұла бойына сіңіріп өскен әдепті қызы, орынды сөйлей білетін, жүріс-тұрысы да келісті Майдангүлді Жаңаталапқа келін етіп түсірді. 
Майдангүл үшінші курста оқып жүргенінде тұңғыштары Салтанат дүниеге келеді. Сонда жездесінің: «Балалы болды. Майдангүлдің қол-аяғы жіпсіз байланды деген сөз. Енді оған оқу қайда? Үйде отырады», – деп қамыққаны бар-ды.     
Бірақ, көкірегі ояу, көзі ашық Орынбек Майдангүлді құшағындағы кішкентай Салтанатымен сонау Самарқанға емтихан тапсыруға ертіп  барғанда ел-жұрттың таңданғаны бар. Кейін Салтанат апасының қолында Үштөбеде қалды да жас келін оқуын жалғастырып, 1968 жылы дипломын қолына алды.     
Сөйтіп, соқа басы сопайып Самарқанға жалғыз аттанған Орекең туған жерге үшеу болып қайта оралды. Бақыттың кілті осыдан басталды.      
Жоғары білімді, ұйымдастырушылық қабілеті мол Орекеңді облыстың сауда орындарының басшылары құшақ жая қарсы алады. Бұл Талдықорған облысының Алматы облысынан екінші мәрте бөлініп, жеке шаңырақ көтерген өтпелі кезең болатын. Жер-жерде сауда орындарын ашу, қажет болған жағдайда сауда ғимараттарын салу, ең алдымен халық тұтынатын тауарларды тұрғындарға дер кезінде жеткізу, көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру міндеттері тұрды.   
Алғашында үлкен мекемедегі сауда қызметтерін ұйымдастыру, оларды   материалдық-техникалық жабдықтау, саланы арнайы көлікпен қамтамасыз ету бөлімдерінің басшысы болған Орынбек Құтымұлы сауда мекемесінің  басқарма мүшесі, партия ұйымының хатшысы қызметтерін мүлтіксіз атқарады. Одан кейін алты жыл бойы қатарынан Талдықорған қалалық партия комитетінде  жауапты қызметтерде болды.  
Сегіз жыл бойы облыстың сауда саласындағы жемісті еңбегінің нәтижесінде Орынбек Нұрахметов ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, көпшілікпен жұмыс істей білетін қасиеттерімен білікті маман ретінде әріптестері арасында құрметке бөленді. Талғампаз, талапшыл, істің нәтижелі орындалуына баса назар аударатын істерімен танылды. Әрдайым жақсы жағынан көзге түскен жас маман облыстық партия комитетінің жолдамасымен Алматы қаласындағы Жоғарғы партия мектебіне жіберілді. 
Жұмыс тәжірибесі де, білімі де толысқан Орекең 1976 – 1986 жылдары қатарынан он жыл бойы облыстық кітап саудасы мекемесіне басшылық жасады. 
Иә, өткен ғасырдың сонау 70-80 жылдары Кеңес одағының халқы кітап оқу жағынан әлемдегі ең сауатты халықтардың қатарына жатқызылды. Дәл осылай  насихатталды да.  Оның негізі де бар еді. Кітап рухани басты құндылық ретінде саналып, оны жұртшылық арасында насихаттау, тарату жұмыстары да мемлекеттік деңгейде жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыру мақсатында аймақтарда орталық және республикалық баспалардан шығатын саяси, әдеби кітаптар мен  оқулықтарды  сату және оны таратумен айналысатын «Кітап саудасы» мекемелері құрылып, жұмыс істеді. Әлем әдебиетінің көрнекті  тұлғаларының  шығармалары түрлі сериялармен  шығарылды. Осы кезеңде    кітапқұмарлар қоғамы  да өмірге келді.  
Бір күні облыстық партия комитеті үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі Петр Метельскийдің шақырумен оның кабинетіне бардым. Ол менің редактордың тікелей тапсырмасымен жазылған мақалам жөнінде ақылдаспақшы екен. Сөйтіп отырғанымызда кабинетке қайратты шашын артына қарай жатқыза тараған, аққұба өңді, киім киісі де талғамды жігіт ағасы амандаса кірді. Онымен бөлім бастығы орнынан тұрып сәлемдесті. Мен де амандастым. Бөлім бастығы ол кісіні облыстық кітап саудасы мекемесінің басшысы деп таныстырды.     
Міне, Орекеңмен алғашқы таныстығымыз осылай басталған еді. Соның нәтижесінде қолға түсе бермейтін «Жизнь замечательных людей» сериясы бойынша жеке жазылымдық тәсілмен таратылатын әлем әдебиеті марқасқаларының том-том кітаптарын алуға мүмкіндік туды. Қалай айтсаң да сөзі мен уәдесіне берік, біртоға адам еді. 
Сауда саласындағы көпжылдық тәжірибесіне байланысты облыс басшылығы Орынбек Құтымұлын облыстық жеміс-жидек саудасына басшылыққа ауыстырады.   Бұл аты жеңіл болғанымен заты салмақты жұмыс еді. Бұл мекемені тәжірибелі басшы еш кемшіліксіз табаны күректей бес  жыл  басқарды. 
Ал 1991–1999 жылдар аралығында ол облыстық «Агропромэнерго» акционерлік қоғамының директоры болды. Осы өтпелі кезеңнің ауыртпалықтарын халық әлі ұмыта қойған жоқ. Дегенмен, өмірлік тәжірибесі мол басшы қаржылық жағынан өте ауыр уақыттарда өндіріс қуатын арттыруға көп көңіл бөлді. Сонымен бірге, сауда саласының білгір маманы ретінде өндіріс орнында  өндірілген өнімді келісімшарттарға  сәйкес сату жұмыстарын жолға қойды. Бұл, ең алдымен, зауыт жұмысшыларының жағдайын жақсартуға зор ықпал етті. Тек Қазақстанға ғана емес, сонымен бірге ТМД  елдеріне де өз өнімдерін сату жөніндегі шарттар жасасып, әріптестік, іскерлік қатынастарды қалыптастырды. Қазіргі уақытта «Азия электрик» акционерлік қоғамы өнім өндіру жағынан Жетісу өңіріндегі ірі кәсіпорындардың бірінен саналады.  
Өз ісіне шынайы берілген, шындықты бұра тартпайтын әділ басшы және өте қарапайым азамат Орынбек Нұрахметов 1999 жылғы 21 шілдеде өмірден өтті. «Жақсының аты өлмейді» дегендей, соңында өлмейтін із қалдырды. Өзі басқарған «Азия электрик» акционерлік қоғамының жұмысшылары әлі күнге дейін: «Орекең бізге басшылыққа келгенде тоқырау кезеңі басталған еді. Зауыттың өз өнімін тұрақты өткізетін нүктелері тығырыққа тірелді. Бірақ, оның ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында біз аса қиындық көрмедік. Міне, бүгінгі күнге дейін қоғамның табысты жұмыс істеуі сол кісінің кә-   сіпорынның материалдық-техникалық жабдықталуына баса назар аударуының арқасында мүмкін болды», – алғыс сезімімен деп еске алады.
Орекең ұлағатты ұл, инабатты қыз өсірген отбасының иесі еді. Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтегі тұңғышы Салтанаттан кейін өмірге Айгүл атты қызы мен Қайрат есімді ұлы келді. Айгүл тәрбиеші, ал Қайрат Алматы қаласындағы ішкі істер органдарында қызмет атқарды. Кенжесі Айгерім – жеке кәсіпкер. 
Орекеңнің бойында адамға деген мейірімділік пен сыйластық басым еді. Оның балаға деген дарқан жүректілігі өз алдына бір төбе. Жұмыстан қолы босай қалған шақта ұл-қыздарының жанында болып, бір сәт олардың еркелігін көріп, масайрап қалатын. Тіпті балапандарына ілесіп секіріп те ойнайтын. Сырт көзге ерсі көрінгенімен Орекеңнің балаларына деген әкелік қарым-қатынасы өзіне жарасып-ақ тұратын еді.  
Орекең ерекше құрметтейтін Майдангүл апамыз ерінің орнын жоқтатпай, балалары мен одан тараған немерелерінің ортасында мәуелі бәйтеректей қанат жайып, солардың саясы болуда.  Өмір түгесілген жоқ. Артында ұрпағы қалған ердің  ізі жоғалған емес. 
 

Ғалым Жазылбеков,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Талдықорған қаласы