ЖАС ТҮЛЕК-1974: АРМАНДАСТАР ҚАЙДА, АБЗАЛ ДОСТАР ҚАЙДА?

Уақыты: 01.08.2019
Оқылды: 2258
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жылжып жылдар, адымдап айлар, сырғып сағаттар қарт тарихтың қойнауына сүңгісе де, жадыңнан өшпейтін жарқын сәттер көңіл түкпірінде сарғаймаған қалпы сақталады екен. Жүректе құндақталған кешегі көңілді күндеріміз, жыры мен жылуы таусылмайтын жастық шақтың бел-белестері басымыз қосыла қалса, таңды-таңға ұрып айтатын ұзын-сонар әңгімеге ұласа кетеді. Бүгін біз Қайнар ауылының тау-тасы мен қыраттары куә қызықты шақты қайыра еске түсіріп, осыдан 45 жыл бұрынғы бұрымды бойжеткен, мұрты енді тебіндеген бозбала болып, мектеп бітірген мерейлі сәтімізді атап өтіп отырмыз. Абай атамыз айтқандай, «ақырын-ақырын шегініп, алыстап кеткен» қызықты жылдарды сағынамыз, аңсаймыз. Амал нешік, уақытты кері шегіндірген ешкім жоқ, жүзіміз алпысты алқымдағанмен, жүрегіміз мәңгі он сегіз.

Жүрекке ыстық мезгілдер, күлкі ұялатқан керуен кезеңдер, бәрі-бәрі көңіл төрінде ән салып, жыр болып төгіледі. Біз айтатын айшықты әңгіме, біз бірге өткерген балалық шақ, мейлі, ғасыр аунаса да есті естелік болып қайта бүр жарып, тәп-тәтті жеміс шырынындай тамсандырып тұрары күмәнсіз. Міне, сондай мерейлі күндердің куәсі, Хантәңірінің етегіне қанат жайған Қайнар ауылы бізге қашанда ыстық. Сол алақандай ауылдан 1974 жылы бір топ түлек көкке қанат қағып, арманның жетегіне еріп, түу алысқа ұзады. Мұзарт мақсаттарының артынан із кесті. Не керек, уақыт оқтай зымыраса да, бір-бірімізге деген көңіл сол баяғыдай, суыған емес. Өмір жолы әр тарауға бөлсе де, туған топырағы табанын қыздырған түлектер әлі де бір атаның баласындай.

Қараңызшы, арада 45 жыл өте шығыпты. 45 көктем, 45 жаз, тағы күзі мен қысы бар. Бүгінде біздер немере сүйіп, ұрпақ қызығына кенеліп отырған ата мен апамыз. Біріміз елге елеулі тұлғамыз, біріміз шаруада аты шыққан, сан салада өрге басып, еңбегінің жемісін жеп отырған абзал азаматтармыз. Қайсы бірімізді тізбелеп жазайық, ең бастысы, басымыз біріксе, бір мектептің түлеп ұшқан жастары, оқу мен ойынды тең ұстаған баяғы парталастар болып қала береміз.

Кірпіш дүниенің кетігіне қалануға қол ұшын созып, сауатымызды ашқан, үлкен өмірге қанат қақтырған ұлағатты ұстаздарымызға мәңгі қарыздармыз. Алғашқы ұстаздарымыздың қатарында Нүсіп ағайдың, Рысты, Теңлік, Зағипа, Тамара тәтейлердің тағылымды сабақтарын қалай ұмытайық?! Жоғары сыныпта өмірлік жол көрсеткен Баян Әбітева, Сүйімхан Тілепбердиева, Әбдірасыл Әкебаев секілді ұстаздарымызды да айналып өте алмаймыз. Қай қиырда жүрсек те, ұстаз деген ұлы есімнің алдында басымызды иеміз. Көкірегімізді қазынаға толтырған қадірлі жандарға өмір бойы алғыс айтамыз.

Адам ғұмыры мәңгілік болған ба?! Бүгінде ортамызда қаншама абзал жанның орны ойсырап тұр. Абайбек, Аманжол, Бақдәулет, Баймұхамбет, Бақытнұр, Балқия, Жанарбек, Жанаргүл, Қабыл, Қанатбек, Көшербай, Қуаныш, Кәдірбай, Нұрболат, Сәуле, Салиха, Сәрсен, Сейсенбек, Сейілхан, Советбек сынды сыныптастарымыз қатарымызда жоқ. Оларға деген сағынышты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Тірі болғанда, 45 жылдық кездесу кешіміздің төрінен табылар еді.

Тағдыр-ай десеңізші, ортамызда кеше ғана күліп-ойнап жүрген кейбір замандастарымыз қара топырақты қымтанып жатыр. Ол ол ма, өмір мектебінде бізге ақылшы болған, зейінімізді ашқан, жалғаннан көшіп кеткен аяулы ұстаздарымыз қаншама!? Алла олардың жатқан жерін жайлы, топырағын торқа қылсын деп дұға етіп, Құран бағыштаймыз.

Бәрі де кешегідей көз алдымда,
Бәрің де биіксіңдер өз алдына.
Бәрің де ыстықсыңдар, құрдастарым,
Жастықтың кездескен кең базарында.

Иә, бәрі де кешегідей ыстық. Бәрі де кешегідей жайдарлы. Біз сөз соңында өткен күнге деген сартап сағынышымызды осы бір жыр шумағымен түйіндедік.

Қайнар орта мектебінің 1974 жылғы түлектері

Райымбек ауданы