АҚ ЖҮРЕК АЗАМАТ

Уақыты: 04.08.2019
Оқылды: 1214
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Сіз де жетпіске келдіңіз, Мықтыбек аға! Ғұмыр-дарияның қызығы мен шыжығы қатар ілесті соңыңыздан. Өмір атты үлкен мектептің ұстазына айналдыңыз, әне. Сізді желдей жүйткіген жылдар тәрбиеледі. Ұршықтай айналған дүние уысыңыздан сырғып кетер сын сағатта  жүрек құтысында өнген үкілі үміт желкенін көтерді. Уақыт сынына мүжілген киіз кеуделердің көкейіне сенім ұялаттыңыз сосын. Ол сенім қоғамдағы түйткілдің шешілуіне қыран қанатының суылындай өзінің лебін қосты. Енді басқан ізіңізге қараңызшы!? Сіз бастаған көшке ілескен ұрпағыңызға қандай ұран тастар едіңіз? Сенім саясына ықтаған болашақтың бүгінгі кейпіне нендей баға бересіз? Ата деген абыройлы есімді арқалап жүру ауыр емес пе?!

Бүгінде таң бозынан елең қағып оянар едіңіз. Құлқынсәріден неге мазаңыз кеткенін білмейсіз, әйтеуір, енді жанға тыныштық жоғы рас. Осы сәтте шығыс көкжиектің қызыл мұрттана бастағаны байқалады. Сіз асыға тұрасыз, асыға киіне бастайсыз. Тезірек қимылдамасаңыз бәрінен кешігетін сияқтысыз. Сағатқа қарайсыз алаңдап. Сегізге дейін әлі екі сағат бар. Сағат тілі сегізге  тақалғанда бір жаққа баратын сияқтысыз. Қайда? Қайда екенін ойласаңыз әлдеқайдан сыңғыр-сыңғыр қоңырау дауысы естілгендей, әлдекімдер бейкүнә кейіпте күлетіндей. Жанарыңызда жатталып қалған бір таныс суреттер көз алдыңыздан көше бастайды. Алдыңыз кілең білімгерлер. Сізді бар зейіндерімен тыңдайтындай. Түсіндіріп тұрғаныңыз әлдебір заң саласына қатысты теорема.
– Мыкее-е-ң! – ойыңызды Қалқа апайдың дауысы бөледі. Ояу екеніңізді көрмей-ақ сезетін күндегі әдеті. Оның қай уақыттан бері ас үйде жүргені сізге де аян. Қазір не айтайын дегені де түсінікті.
Ертеңгілік дастарқан басында екеуіңіз ғана қаласыздар. Қоңыржай әңгімемен шай ішіледі. Бүгінгі әңгіме де өзгеше. Оның бір ұшы қашанда өткенмен жалғасары хақ. Қалқа апай да, сіз де көп сырларыңызды «есіңде ме?» деп бастар едіңіздер. Естегі дүниелер таусылмас еді, естегілер жалықтырмайды да. Өйткені өткен күндердің қойыны толған қазына, қойнауы толы шежіре. Ойланасыз, бәрі-бәрі есіңізге оралар. Бәрі-бәрі қаз-қалпында елестер. Еске түскендер сізді бірде күлдірер, бірде күрсінтер. Мұндай күйге зайыбыңыз да түсер. Түсетіні, оның да бүкіл өмірі сіздікіне ұқсас. Кешегі күні екеуіңіздің отбасылық тағдырларыңыз ғана табыспаған, еңбектеріңіз де бір алқаптан өріс тапқан.

        * * *
Ұшы-қиырсыз далада ұзақ жүріп келе жатқан жолаушы алдындағы алыс көкжиектен көз тоқтатар бір белгі көрсе, шіркін-ай, соған жетсем-ау дейді. Жеткен бойда ат шалдырып, аяқ суытып алсам-ау деп әлдебір үміт, әлдебір алданыш жетегімен алға тынымсыз асыға түсер еді. Көздеген жерге жетем деп көк дөнен ойын тепеңдеп, төзім мен жүйкені тоздырып барып, ерте ме, кеш пе, әлгі бір белгіге, әйтеуір, табан тіреген кезде, ол енді алдағы бағытын анықтап алмас бұрын жаңағы жүріп өткен жолына көз талдыра қарап тұрады. Ұзақ ойланып барып, осынау жерге дейін не көрдім, қай соқпақта сүрініп, қай сонарда ізім қалды, жолай кезіккен біреуге жөн сілтей алмасам, көргенім мен түйгенімнен не пайда деп өзіне-өзі есеп беріп алатыны және бар. Ат жалын тартып мінгеннен бүгінгі жетпіске келген шағына дейін бүкіл ғұмыры құба дала төсінде, кейін қаланың қауырт тіршілігінің тізгінінде өткен Мықтыбек Рахымбек те соңғы жылдары сонау көкжиектен көрініп қалған қазына қарттық жақындаған сайын көңілі әлденеге алаңдап, әлденеге қобалжи бергені рас-ты. Бірақ бұл ертеңгі күні еңбекпен қалай қоштасам, маңдай тер – мәуелі кәсіпті қалай қиып тастаймын деген жалаң ойдан тумаған. Жаратылысынан жасанды сөйлеп көрмеген ол аудан, облыс басшыларына көптен бергі шешімін көлгірсіз-ақ жеткізген: «Бойымдағы барымды аяп қалған жерім жоқ. Күш-қуатым барда ел игілігі үшін қызмет істеуге бармын. Артымдағы ұрпағымның аспаны ашық, болашағы баянды болуына жол ашуға тиіспін. Ұлт мүддесіне еңбек еткеннен артық не бар? Менің халықтың кішкентай бастамасының басы-қасында болуды жақсы көремін. Өйткені әр қазақ елдің жүрегі іспетті», – деген. 
Бұл сөзіне орай облыс басшылығы: «Бабамыздың қасиеті мен өсиетін бойыңызға сіңірген азаматсыз. Қазықты қай жерге қағуға да сіздің қақыңыз бар ғой», – деп еді. Мықтыбек ағаның көңіліне қуаныш ұялатқан осы жай. Әрине, бұдан кейін қалаған жерде сөз бастауға қымсынбайтын болды. Қолдан келгенше қарашадан көмегін аяған емес. Өздерін қойшы, жолдасы Қалқа Балжанова екеуі кез келген ортадан ойып тұрып өз орындарын табар, бәрінен де соңдарынан қуалап өсіп келе жатқан анау қара орманы – қара домалақ немерелерін айтсаңызшы, солардың болашағын айтсаңызшы! Шүкіршілік,  өз балалары оқыды, арысы Америка, берісі Алматыдан үлкен оқу бітірді. Оқып жатқандары да бар. 
Иә, кейде біреулер: «Бала деген – еліміздің ертеңі, халқымыздың болашағы, қоғамның бір-бір бөлшегі», – деп сайрай жөнелгенде аузыңды ашып, көзіңді жұмасың. Айтылғанның бәрі рас. Алайда ақиқатына жүгінсек, бала деген,  ең алдымен, өз отыңды өшірмейтін үмітің, өз шаңырағыңды құлатпайтын уығың, өз жаныңа демеу болар тынысың емес пе?! Үмітіңді үрлей білсең – отың өше ме?! Уығыңды көбірек шанышсаң – шаңырағың құлай ма?! Тынысыңды кең алсаң – тынбай қалар жұмысың бола ма? Ертеректе үлкендер: «Әкесіне қарап баласын таны» деуші еді, енді баласына қарап әкесін танитын кез келген. Дәл солай. Мықтыбек ағаның бұдан мүлт кеткен тұсы жоқ. Кейде құрдастарының балаларының әнтек әрекетін көргенде, құлындарына қарап іштей «тәубе» дейді сыйынып. Кіндігінен тараған ұл-қыздың қызығын көріп, қолынан қымыз ішіп отыр. Шүкіршілік, өз алдына бәрі де жібектей есіліп, қыздай сызылып тұрғаны. Қазақ өзі ұрпағымен мақтанады ғой! Өз алдында өсіп келе жатқан кішіпейіл ұрпағы бар адам өзгенің алдынан қиып өтер деймісің... 
Жайсаң ағаның ендігі қуанышы мен жұбанышы, базары мен байлығы сол соңынан ерген тұяқтары ғой. Маң даланың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүріп, әйтеуір, олардың ешбірін қатарынан қалдырмай өсірді, жеткізді. Енді өздері де бір-бір үй болып, жеке шаңырақ көтеріп, оны төңіректей түтінін түтетіп отыр. Бірақ мұнымен парызым бітті деп ойламайды. Білген жанға ұрпақты өсіріп қою аз, олардың алдынан өнер-білім өрісін де ашу керек. Және ұрпақ деген – тек өз кіндігіңнен өрбіген жаңағы тұяқтарың ғана емес, немере атты шұнақтарың және бар. Олардың да оқып, білім алуына жағдай жасаған жөн. Міне, енді қарттықтың жағалауына жақындай түсті. Ұрпағым деп, ел мен жер деп өрікпіген көңілдің бұл жақтан табар қызығы шамалы сияқты. Десе де бойындағы қуаты әлі сарқылған жоқ. Ел жасаған жастың бірі ғана деп түсінеді. Балалары елге сыйлы, жұртқа жұғымды болса, ол – кішкентай күндерінен өзіне қолқанат еткен, қозы өсіріп, қой өргізген, айналайын, сол еңбектің арқасы шығар. Мүмкін еңбек үстінде адамдық, аяушылылық сезімдерін оята білгендерінен де болар. 
Осы жерде өткен күнгі бір тәтті естеліктің шетін шығара кетсек. Сізге де қызық болар, құрметті оқырман. Біз отбасы тақырыбында әңгіме өрбіткенде мысалға алар үлкен шаңырақты іздейтініміз бар. Себебі, отбасы – еліміздің алтын діңгегі, тірегі, темірқазығы. Әрбір шаңырақтың ынтымағы жоғары, бірлігі бекем болса, мемлекетіміздің іргесі де мығым болары анық. Еліміздің көркейіп, гүлденуінде, жас ұрпақ тәрбиесінде отбасының өнегесі айтарлықтай орын алады. Берекесі мен ынтымағы жарасқан шаңырақта тәрбиеленіп өскен ұл-қыздан күтеріміз де мол. Сондықтан да мемлекет үшін отбасының маңызы ерекше. Осыны алға тартқан біздің зайырлы мемлекетіміз отбасылық құндылықтарды насихаттауға айрықша мән беріп келе жатыр.  Бұл мақсатта былтыр бесінші жыл қатарынан еліміз көлемінде "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауы шымылдық түрді. Тағылымды шара облысымызда да өз деңгейінде ұйымдастырылып, оған 400-ден аса отбасы қатысты. Олардың ішінде үздік деп танылған 38 отбасы облыстық байқауға жолдама алды. Қызығы сол, салт-дәстүріміз бен ұрпақ сабақтастығын сақтаған сайыста Рахымбеков әулеті топ жарды. Таңданатын ештеңесі жоқ, үлгілі әулеттің мерейі биік болатынын жарыс басында-ақ аңғарғанбыз да. Тек тіл тиіп кетер деп үндемедік. Әділқазы алқасы да біздің пікірімізбен тақылеттес болып отырғанын сайыс соңында аңғартқан-ды. Сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар: «Мықтыбек ағамыздың шаңырағы да, танымы да мықты. Өзі атына сай азамат қой. Қараңызшы, әулеттің шамын жағып отырған жеңешеміз де инабаттылықтың көрінісін көрсетті. Жалпы елімізде осындай жарасымды да жарқын отбасылар көп болса, іргемізді ешкім сөге алмас еді», – деген. «Лайық лебіз» деп біз де іштей сүйсініп қайтқанбыз.
Бүгінгі біз сөз етіп отырған кейіпкеріміз Рахымбековтер отбасының отағасы Мықтыбек Рахымбекұлы өнегелі отбасының иесі ғана емес, білікті басшы, білімді заңгер, меценат азамат.  Ол Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық да-муына, ел ішіндегі мәселелерді шешуге, білім саласының өркендеуіне атсалысып келеді. Алматы облысының аумағы мен Талдықорған қаласында тарихи тұлғалар: «Үш ата», Жалайыр баба, Қабанбай батыр, Ескелді, Балпық билердің ескерткіштерін салуда алғашқылардың бірі болып бастама көтеріп, қомақты үлес қосты. «Айналайын» балалар үйінің түлектері мен жағдайы төмен отбасыларынан шыққан 100 баланы тегін оқытып, мамандық меңгеруіне септігін тигізді. Оқу озаттары мен өнер иелеріне де қаржылық тұрғыда демеу көрсетіп жүрген қайырымды жан. Бұл бізге жеткен деректердің бір парасы ғана.  Әулеттің отанасы Қалқа Балжанова да білім саласында еңбек етуде. Талдықорған қалалық «Аналар алқасы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Өнегелі отбасының ұл-қыздары да табысты еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосуда. Әке тәлімі өмірлік азық екенін ешбір баласы есінен шығарған емес. Оған куәгер елдің ең сүйікті әртісі, қазына қарт, "Тақиялы періште" атанған Әлімғазы Райымбеков атамыз. Інісінің аузын ашса жүрегі көрінетін ақжүрек азамат екендігін көрген жерде көсіле айтатыны бар. 
– Тағдырдың әртүрлі соқпағынан сүрінбей өтіп, артыңда қалдырар ізің, өнегең болған қандай жақсы. Біздің қоғамда жақсы адамдар көп. Соның бірі де бірегейі, жүрген жерінде ортасын шаттыққа бөлейтін Мықтыбек бауырымызды айтуға болады. Ел арасында өзінің игі бастамалары мен халыққа көрсеткен көмегін ешкім жоққа шығара алмас. Мықтыбектің бойындағы ең бір жақсы қасиет өзін емес, әрдайым халқын, елін ойлайтыны. Болашақ ұрпақтың қамын жеп жүргендігі. Қазақта «жүзі жылыдан түңілме» деп жатады. Мықтыбек сондай адам. Көңілі пәк, мейірімді, жомарт, қайырымды. Қайда барсам да жастарға осы баладан үлгі алыңдар деп айтып жүрем. Неге? Себебі, үлгі алуға тұрарлық тұлға. Талдықорған қаласы мен жалпы Алматы облысы көлемінде Мықтыбекті білмейтін адам кемде-кем. Барлығынан еститінің оның тек жақсы қасиеттері. «Ағалық ақылыңызды берсеңіз» деп қайда жүрсе де құрметтеп, сыйлап жүргені. Үлкен, кіші деп бөліп қарамай, екеуіне де ілтипат көрсетіп, көмек қолын созуға дайын тұрады. Сол мінезінің арқасында ортасына сыйлы адам. Қазір қандай жиында болмасын Мықтыбек болса сөз сөйлетуге дайын тұрады. Себебі, айтары бар. Оның тағы бір қасиеті – жігіттік мінезі, басқа мінезінен бөліп айтар – жомарттығы бөлек әңгіме. Әрдайым ізгі бастамалардың, біреудің басына түскен ауыр немесе қуанышты жағдай болсын қол ұшын созуға дайын. Оған мен ғана емес, Талдықорған қаласының жұртшылығы да куә. 
Сенің бейнең – ұрпағың. Мықтыбектің соңынан ізін басып келе жатқан ұл-қыздарының болмысы мен тәрбиесіне қарап ата тәрбиесін көрді деп нық сеніммен айтуға болады. Әке қанымен дарыған қасиеттер ұрпағынан да көрінеді. Аяулы жар, асқар тау әке, сүйікті атадан бұрын Мықтыбек – азамат, ертеңгі қазыналы қарт. Халқымыз: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», – дейді. Сондықтан болмысының белін мықтап бекіген арда азамат көпке үлгі. Өзінің ортасына, артынан келе жатқан ұрпағына, халқына және «ұстаз» деп қарайтын білімгерлеріне. Бауырымның ғұмыр жолына берекет тілеймін. Жұртының адал да құрметті азаматы болып жүре берсін, – деп ақтарылды Әлімғазы атамыз.

        * * *
Қайбір жылы Алматыны  көктей өтіп, ұзақ сапарға аттанғаны әлі есінде. Бұл мінген пойыз қаладан жүйткіп ала жөнелді-ау! Терезе жақтауынан жанға жайлы бір леп есті. Көз ұшында ұшы-қиыры жоқ дала жатты. Сол далаға ендеп кірген сайын бұның да тынысы кеңіп,  сарайы ашылып, көңіл қошы көтеріле түскендей еді. Сонда соңғы уақытта ойын он саққа бөліп жүрген әлгі зейнетақысы түрткі болды ма, әлде кешегі қаладан көргендері көңілін нілдей бұзды ма, ол сыртқа қадала қарап отырып, ел мен жер туралы тағы да ұзақ ойға батқан-ды. Сонда қарсы алдында отырған қараторы жігіттің бір ауыз сұрағы да талай дүниеге дәнекер болғаны әлі жадында. Сұрақ болғанда қандай!
–  Аға, – деген ол. – Адамға ғұмырлық жолдас не осы? 
– Ой ғой, шырағым... Ойдан айырылсақ, бәрінен де айырылатын шығармыз, – деді бұл.
Деді де жігіттің жүзіне барлай қарады. Оның күнге тотыққан өңінен даланың қоңыр лебі есіп тұрғандай екен. Сөзі де, сырт тұлғасы да осы даланың дәл өзіндей қарапайым. Оған қараған сайын көптен көз жазып қалған адамына енді ғана жолыққандай іші жылып сала берді. Бәрінен де жаңағы сауалын айтсай! Өмірдің тура өзінен ойып алғандай-ау тіпті...
          * * *
Адам деген айналасымен ажарлы ғой. Мықтыбек аға бұрын қала ішінде жүріп көп нәрсеге көңіл бөлмеуші еді. Енді, міне, үлкен жиынға жолы түсе қалса, жан-жағына барлап-бажайлап, түстенген жерде ойын түгендеп, тілдескен жанның түсіне ғана емес, түпкі болмысына да үңіле түсуге тырысып, әйтеуір әр құбылысты әр түрлі қырынан қарай бастаған. Сондағы бар түйгені – елдің еңсесінің  биіктегені. Тәуелсіздік тамырында тулаған ұрпақтың елге, жерге деген сүйіспеншілігі. Көше толы көлігің анау, дүниесі мол дүкендерің мынау, қыдыратын, қызықтайтын жерлерің де жетерлік. Бәрінен де жанға жайлы үй-жайларын айтсаңшы! Шала басын ысырар шаруасы аз. Бөлмең өзі жылиды, суың өзі ысиды,  көгілдір отыныңыз да әнеки, бұдан артық не керек?! Болашаққа осындай бақытты күн сыйлаған бабаларына тағзым етеді сосын. Өзі де үлкен көштің басында келе жатқанын сезетіндей, үнсіз! «Ата» деп еміренген жанындағы немересінің маңдайынан иіскеп, алысқа көз тастайды.

Мұхтар КҮМІСБЕК