АЛМАШ АНА АМАНАТЫ

Уақыты: 03.08.2019
Оқылды: 1265
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Мына тіршіліктегі әр адам – құбылыс. Әрқайсысы бірін-бірі қайталамайтындығымен ерекшеленеді. Олар алдына қойған арман-мақсаты, түсінік-түйсігі мен іс-әрекеті, пайым-парасаты, қалдырған істерімен дараланып тұрады. Жетпіс жасқа таянып, самайын ақ қырау шалған, сөзі мен ісіне берік еңселі азаматтың өткен ғұмырындағы жан сырын тарқатқанда менің де Анаға деген сағынышым көңіл тегенесінің ернеуінен асып, қайнаған сүттей көбіктеніп, көтеріле түсті. Көптен білетін Жанжігіттің жаны тіпті нәзік екен. Оқушы дәптерінің төрт бетіне маржандай төгілген жазулар ана мен бала сағынышына толы... 

Ол хатты тебірене оқып отыр. Бірте-бірте дауысы бәсеңдеп, жанарына жас үйірілді... Мен басу айта алмадым. Өйткені, ол дәл қазір атпал азамат емес, сонау жылдардағы балалығының шырмауынан шыға алмаған, жол таппаған шағында. Бұл – өмірдегі ең жақын, ең асыл жаннан көз жазып қаламын-ау деген кезіндегі жан қиналысы еді. Сол кезде есіме ақынның «Өлгеннен кейін көп жоқтап жүрміз біз сені, өлмеске аяқ басқаның шығар, бұл – сенің»... деген өлең жолдары ойыма оралды. Жеті бала, жеті жүректің лүпілі анасын іздеп дүрсілдей соққан. 
Жанжігіт анасы Алмаш Опабекқызының 1968 жылдың 23 ақпанында торкөзді дәптерге жазған аманат хатын оқуды толқыған күйі одан әрі жалғады. Көз алдымда отты жанары мөлдіреген жас келіншектің суреттегі бейнесі. Қасында тағдыр табыстырған асыл жары. Ауру меңдеп, тал қармаған кездегі ананың баласына берген аманаты. 
Хат одан әрі Шәмшәгүл құрбысына жолдаған соңғы сәлемдемесімен жалғасқан. «Шәмшәгүл, мен қаңтар айынан бері бір ауыр дертке шалдықтым. Ас ішкенде өңештің төменгі жағынан түйіліп қаламын. Қызылордаға келіп тексертіп едім, өңештің асқазанға құяр тұсында жара бар деген диагноз қойды. Бұл – кәдімгі тамақ жүрмейтін ауру. Алматыға тексеруге, емделуге жіберді. Мұндай кеселден тәуір болғандарды көргем жоқ. Ауруханадан өмірмен қоштасқандарды көрдім. Сондықтан мүмкіндік болса Москваға кетем бе деп ойлап тұрмын. Менің бұл шешімім «Ауру өлгенше жаннан дәмелі, жарлы өлгенше малдан дәмелі» деген жандалбасам ғой. Шиеттей жеті баланың тілегіне орай ауруға бір шипа болар деген соңғы үміт. Шәмшәгүл, жасымыздан бірге өстік. Сондықтан жағдайымды айтып хат жазып отырмын. Мен о дүниелік болсам, менің балаларыма көз қырларыңды салыңдар. Өмірлік серігім Байжігітпен хабарлас, осы аманатымды орындар деп ойлаймын...» деп одан әрі отбасындағы жағдайды жайып салыпты. Ауыр ой, ауыр шешім бұл.
Жанжігіт әуежайда хатты оқып, көз жасына ерік береді. Анасының бұл сөздері жүрегіне тікендей қадалған. Мәскеудегі онкологиялық ауруханадан үлкен үмітпен шыққан Жанжігіт анасы Алмашпен жаңа ғана қимай қоштасты емес пе? Өзін бауырына басып, маңдайынан сипаған аялы алақанының ыстығы басыла қоймаған. Енді сол сезімі мен үмітінің быт-шыты шыққандай. Мынау қоштасу хат қой. Анасы бәрін шешіп қойыпты. Бәрін, балаларын Шәмшәгүл тәтесіне табыстап отыр. Ол кісі аяулы анасының тұрмыс құрмаған құрбысы. Сонда да анасының орнын толтыра алмайды. 
Көк жүзіндегі ақ шарбы бұлттарды жарып ұшқан әуе лайнерінің ішінде отырып Жанжігіт хатты тағы да қайталап оқыды. Сосын төрт бүктеп қалтасына салды. 
Анасына деген балалық махаббаты сонда да жамандыққа қимады. Бойындағы бар мейірімін, шуағын, аялы алақанын, тәтті сөзін туған анасынан артық кім берер дейсің?! Ана мен бала махаббатынан өзге биіктік бар ма екен?  
– Анам мен әкемнің бауырмалдығы ерекше еді. Жақсы жандармен таныса салып өздеріне тартып, сыйласып, сырласып кететін. Кішіпейілдіктерімен орталарына сыйлы болды. Өзгелерге көмек көрсетуден жалықпай үнемі шапқылап жүретін. Ұстаз болғандықтан шығар, балаға деген көңілдері таза. Анамның өмірге деген талпынысы, көзқарасы бәрін таңқалдыратын. Отбасындағы көңілді, қызықты сәттерді көбейте түсуге тырысатын. Бізге: «Менің екі көзімнің шырағысыңдар. Сендердің табандарыңа кірген тікен менің маңдайыма кірсін. Біз әкең екеуміз сендер үшін ғана өмір сүреміз» дегенді жиі қайталайтын. Бізді жасымыздан берік тәртіпке, адамгершілікке баулыды. Әр заттың қадірін білу қажеттігін түсіндірді. Үлкенді де, кішіні де сыйлау, тіл табысып, араласу қажеттігін бойымызға сіңірді. Қазір анам мен әкемнің әз бейнелері көз алдымда, жай ғана сабырмен шығатын дауыстары құлағыма келетіндей. Иә, шын айтамын, сіз сенбейсіз бе? – деп маған таңырқай қарады. – Қазір ойлап қарасам, соның бәрі анам мен әкемнің біздің құлағымызға құйып кетейін деген өсиет-өнегесі екен. «Өткеннің қайтып келмейтінін, алғанын құдай бермейтінін» кейін ұқтым. Сосын қиналсам да алға ұмтылдым. 
Әкесі Байжігіт өмірдің қиын сәттерінде ешқашан саспаған. Бауырмалдығы да ерекше жан болғандықтан отбасындағы ұл-қызы да осы қасиетті жандарына серік еткен. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген үнемі қайталап айтатын сүйікті мақалы екен. 
«Әр сөзі алтын қазақпыз ғой. Сондықтан асыл сөзді, асыл қасиеттерді бағдар тұтқан адам ғана өмірде ұтады екен. Оған өзімнің жүріп өткен өмір жолым дәлел», – дейді Жанжігіт. Сосын біраз ойланып барып:
Өмір деген осылай,
Орғи-орғи өтеді.
Құрдымына өмірдің
Кімнің көзі жетеді.
Жарық дүние адамның 
Қия алмайтын мекені.
Неге артына сол дүние,
Бір бұрылмай кетеді,
Жалт ете қап өтеді?
Шын екен-ау өмірдің
Тіпті шолақ екені.
Бесік пенен табыттың,
Аралығы екі елі,
– деп атамыз Әбділда Тәжібаевтың өлеңін оқи жөнелді. Тағы да тебіреніс, толқыныс.
Осы тұста сәл шегініс жасауға тура келеді. Хат иесі Алмаш Опабекқызы 1923 жылы Қызылорда облысы, Жалаңаш ауданының Аламесек ауылында өмірге келген. Қаладағы Гоголь атындағы мұғалімдер институтын 1951 жылы математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіреді. Көңілдері жарасқан Байжігіт екеуі жолдамамен Қазалы ауданындағы     № 421 Қазақ теміржол орта мектебіне барып еңбек жолын бастайды. Алмаш математика, Байжігіт қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, өмірдің қызығы мен қиындығын бастарынан өткізген. Бақытты шаңырақта Мырзагүл, Жанжігіт, Нұрсәуле, Нұржігіт, Нұржамал, Нұрсұлтан, Нұргүл есімді ұл-қыз бірінен соң бірі өмірге келеді.
Бақыт деген ұлы ұғымның кейде өмір арнасын басқа жаққа бұрып жіберетін сәттері болады ғой. Алмаштың денсаулығы 1968 жылы кенеттен сыр беріп, Қызылорда, Алматы қалаларындағы емдеу мекемелерінің табалдырығын тоздырады. Қайсар ана қалай да құлан-таза айығып отбасына, шиеттей балаларының қасына оралуды армандаған. Аты жаман сырқатқа шалдыққандықтан Мәскеудегі онкологиялық институтқа барады. Осында білікті дәрігерлер ота жасап, Алмаш ананың сауығып кетуі үшін тер төгеді. Өмір мен өлім арпалысқан сәтте Алмаш ана жоғарыдағы хатты жазып, ұлы Жанжігітке «Осы хатты Шәмшәгүлге апарып бер» деп тапсырады. 17 жастағы Жанжігіт бір сұмдықты сезгендей анасының аманатын ашып оқиды. 
Жетпістің белесіне қадам басқалы тұрған Жанжігіт бауырымның бұл хатты осы кезге дейін сақтап келгенінің өзі анасына деген үлкен сүйіспеншілігінің дәлелі. Сарғайған дәптердегі маржандай тізілген сөйлемдерді денең тітіркенбей оқып шығу мүмкін емес. Хаттың соңында «18 ақпан 1969 жыл» деп уақыты көрсетіліпті. 
Әлдеқашан жаттап алған хаттың әр сөзін қайталаған сайын жанарыңа жас келеді. Анасының «Талпын, балам, жақсы оқы. Жаман әдеттен аулақ жүр» деген ақылын естен шығармайды. Өзінен кейінгі іні-қарындастарына қамқор болады. Анасының соңғы хаты, аманаты Шәмшәгүл құрбысына сол күйі жетпейді...
Өмір – өзеннің арнасынан асып, төгілетін кездері болады. Алмаш ана қанша қайраттанса да ауру алып тынады. Байжігіт тағы да шаңырақ көтеріп, Мариям деген әйелмен тағдырын тоғыстырады. Үлкен отбасында Гүлмира, Нұртуған, Раушан дүниеге келеді. Мариям ана аналарының орнын баспаса да қамқор болады. Әрі ол кезде есейген балалардың бірі Мәскеуге, бірі Ленинградқа, Алматыға білім қуып кетеді.
Ана сөзін жүрегінің түкпірінде берік ұстаған Жанжігіт Байжігітұлы 1951 жылдың 31 мамырында дүниеге келген екен. Қызылорда облысы Қазалы мекеніндегі № 16 орта мектепті ойдағыдай бітірген соң Алматы қаласындағы политехникалық институттың инженер-құрылысшы факультетіне түседі. 1973-1977 жылдары «СМУ 37» Алматы үй-құрылыс тресінде мастер, прораб, аға прораб, бас инженер қызметін атқарды. 1977-1984 жылдары Қаскелең ауданындағы Чапаев атындағы ұжымшарда аға прораб болып істеді. 1984-1993 жылдары Алматы қалалық атқару комитеті құрылыс бөлімінің бастығы болса, 1993-1999 жылдары – жеке кәсіпкер, ал 1999 жылдан бастап осы күнге дейін «Жанн» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің бас директоры.
«Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де шығасың» демекші, Жанжігіт Байжігітұлы 2009 жылы зайыбы Полинамен және қызы Розамен бірге жеке отбасылық бизнесін құрып, жұмыстарын дөңгелентіп әкетеді. 
Серіктестік Қарасай ауданындағы Қайнар, Бекболат ауылдарының және Жамбыл ауданындағы Қарғалы ауылының халқына табиғи газ құбырын тартып, халықты жылумен қамтамасыз етумен айналысып келеді. Аталған елді мекендердегі тұрғындардың 90 пайызының табиғи газбен қамтамасыз етілгені оның өз ісіне деген жауапкершілігінің дәлелі. Халық оның есімін ерекше атайды, елжанды, қарапайым азамат ретінде сыйлайды.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген кәсіпкер өзінің жеке қаражатына Алмаш анасының құрметіне «Жаңа Алмаш ауылы» атты қымызхана және ұлттық ойын-сауық кешенін салып, қарғалылықтардың алғысына ие болды. Аталған кешенде аудан жұртшылығы үйлену мен қыз ұзату, құда күту, тілашар, бесік тойы және тағы басқа ұлттық дәстүрімізге сай мерекелік шараларды жиі өткізеді.
Алмаш ауылының басшысы Жүсіпова Полина мен қызы Розаның  қаржы директоры ретінде отбасылық бизнесті абыроймен атқарумен қатар көрсетілетін қызметтің сапасына да ерекше назар аударатыны қуантады. 
Жанжігіт Қарасай, Жамбыл аудандарының экономикалық-әлеуметтік жағдайының жақсаруына үлес қосып жүр. Бұл орайдағы жемісті қызметі үшін Қарасай, Жамбыл аудандарының Құрметті азаматы атағына ие болды.
«Батаменен ел, жаңбырменен жер көгерер» деп атам қазақ айтқандай, әз Наурыз, Жеңіс күні, Ораза, Құрбан айт, тағы басқа мерекелерде «Жаңа Алмаш ауылында» қайырымдылық шаралары жасалып, оған ардагерлер мен ақжаулықты аналар шақырылады. Ақ дастарқан жайылып, сый-құрмет көрсетіледі. Анасы Алмаштың рухына арнап Құран бағышталатыны өз алдына. 
Жанжігіт Байжігітұлының отбасында Роза, Диана деген қыздарымен бірге Дарын есімді немересі өсіп келеді. Бірін бірі қадірлеген жандардың шыққан биігіне қуанасың.
Байжігіт кезінде аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Құмжиек атындағы орта мектепте директорлық қызметте болған. Ұстамды, білімді азамат балаларының ақылшысы болып, өмірден адаспай өз орындарын табуына әкелік ақыл-кеңесін бергенін ұрпақтары ұмытпайды. Үлкен шаңырақтан тәлімді тәрбие алған ұл-қыздың бәрі дерлік жоғары білімді азаматтар. Олардың өздері де ұл-қыз өсіріп, ұрпақ сабақтастығын жалғаған жандар. Ал, анасының рухына тағзым етіп, соңғы сәтінде қасында болған Жанжігіт Алмаш анасының әр сөзін бойтұмар етіп, бір сәт те есінен шығармай келгенінің нәтижесінде талай қиындықтарды жеңе білді. 

САҒЫНЫШ САЗЫ
Адам мына дүниеден өтеді. Бірақ артында асыл сөздері, ұмытуға болмайтын естеліктері қалады. Қуанған, мұңданған сәттеріңнің жаныңды тербейтіні тағы бар. Адамның басқа тіршілік иелерінен артықшылығы да осы. Данагөй бабалар «Темір сырын оқта танытады, адам сырын жоқта танытады» деген ғой. Жүсіповтер бұл күнде аналары Алмаштан ерте айрылғандарын өкінішпен еске алып, жандары жабырқайды. 
Бір данышпан, иә есіме түсті, кеңес дәуірінің педагог-ағартушысы Василий Александрович Сухомлинский «...баланың жақсысы – әке мен шешенің ары, ата-ананың абыройы, жаманы – қайғысы, азап-соры» депті. Ал одан кейін ағартушы: «Адам өзінің ұрпағы арқылы өмірде көп жасайды. Адамның өлмейтіні осында» деп өсиет етіпті. Және өз ойын одан әрі әрлеп: «Өлгендердің бейнесін үнемі еске сақтап, айта жүріңдер. Жан дүниесінде өткеннің бейнесі жоқтың болашағы да жоқ», – деп ой қосады данагөй ұстаз. Бұдан асырып айтамын деу әбестік.
Дүниенің тізгіні әке мен шешенің, ұрпақтарының қолында. Сондықтан әке сөзі – ұлағат, шеше сөзі – тәлім-тәрбие, адамгершілік. Кім де болсын ешкімді ренжітпеуге, бетіне жел боп тиюге, соңынан суық сөз ілестірмеуге тырысады ғой. Жүзінің жарық, айтары анық болғанын кім қаламайды дейсіз? Бірақ мұның бәрі әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен берілетін қасиеттер. Осы орайда «Босағасын алтынмен соқсаң-дағы, перзент сүймей адамның мейірі қанбас» деген Шал ақын бабаның түйінді нақылы ойға оралады екен.
Марқұм Байжігіт пен Алмаш анадан өсіп-өнген ұрпақтарының өз биіктерін бағындырып жүргені қуантарлық. Үлкені кішісін, кішісі үлкенін құрметтейді. Бәрі де бақытты шаңырақтың түтінін түзу шығарып, соңдарынан ондаған немере, шөбере еріп, өсіп-өнгенін көреміз. 
Қарғалыдағы «Жаңа Алмаш ана ауылында» күнде думан. Әсіресе, Жанжігіттің азаматтығын танытатын кездесулер, еске алу кештерінің орны тіпті бөлек. Жанжігіт өзім дегенге жанын жайып, пейілін үйіп-төгетін азамат. Қыстың көзі қырауда алдына келіп, жылуға жете алмай жүрген бала-шағасы көп отбасыларына жиі демеушілік жасайтыны да содан болар. Осындайда әйелі аурушаң, шиеттей бала-шағалы Қуандық деген азаматтың өтінішімен үйіне тегін газ тартқаны еске түседі. Мұндай мысалдарды айта берсек көп-ақ.
Кемді күн қызық дәурен – тату өткіз,
Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!
Күншілдіксіз тату боп шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз! – деген данышпан, ойшыл бабамыз Абайдың ұстанымын көңіл түкпіріне берік сақтаған Алмаш ана мен Байжігіт ұрпақтары осындай. 

Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысының Құрметті азаматы