ӨНЕРМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

Уақыты: 19.08.2019
Оқылды: 1658
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жете таныспай тұрып, қаладағы адамның киімі мен сөзіне, жүрісі мен жүзіне қарап, оның қай әлеуметтік ортадан екенін анықтау қиын. Мәселен, көшеде галстук тағып, қолына дипломат ұстап бара жатқанның бәрін қызметкер деп ойлайсыз ба? Немесе үлкен кітапханаларда көз майын тауысып, қағаздан қамал жасап отырғанның бәрін ғалым, яки студент дейсіз бе?.. Олардың арасында қаншама құрылысшы, мата тоқушы, жіп иіруші, ағаш шебері бар десеңізші?! Азды-көпті өмір жолымызда біз ондай еңбек адамдарымен талай рет жүздескенбіз. Ал егер сіз жолыққан кісі басқа-басқа емес, театр адамы болса ше? Онда бұл әңгімеміздің бөгенайы бөлек.

САҒЫНТЫП КЕЛГЕН ҰЛ

Көпшілікке көмескі-ау деген сондай бір қағаберіс қалтарыстарға әлсін-әлсін үңіліп, әр кезде оған жақын жүргендердің жадысын қайта жаңғыртып, азаматтық ой-пікірлерді толықтыра түсу, біздіңше, ұрпаққа өнеге, ұлттық ғибрат үшін қажет. Неге өнеге үшін? Дәл осы сөзге мән беріп отыру себебіміз неде? Жауап мынау: егер аңдап байқасақ, бүгінгі біздің кейіпкеріміз жер жаннаты Жетісу өңірінің төл тумасы, облыстық Бикен Римова атындағы драма театрының белгілі әртісі Сағындық Жұмәділ жөнінде айтылған әңгімелердің негізгі діңі, түп қазығы болған дүние алдымен – адамгершілік. Оның өнерге деген махаббаты, біреуге жасаған жақсылығы, көрсеткен көмегі, үлкенге ізеті, кішіге ілтипаты, ұлтын сүюі, тілін құрметтеуі. Ендеше, осының барлығы өзекті жанға өнеге, ұлт мұраты үшін ұлағат емес пе? 
Өнер дегеніміз – сүйіспеншілік болса, оның бойындағы барша қасиеттің қайнар көзі осы – өмірге іңкәрлік, мамандыққа адалдықта жатса керек. Ал іңкәрлік, адалдық  жүрегіне ұялаған жан үшін: арпалысты әрекет, итжығыс күрес, табантірес тартыс, қайғыру да қуану, мұңаю да жұбану, қате жіберу де түзету, шегіну де ілгерілеу секілді адамға тән дүниенің ешқайсысы жат болмақ емес. Кейіпкерім де осының бәрін басынан кешірген. Ол өзінің ерік күшімен, сосын өмірдің сан қилы қайшылықты құбылыстарымен жағаласа, жанталаса жүріп, өмір-теңіз жағалауынан нысана еткені тек жақсылық болып, қамшының сабындай қысқа ғұмырда талай биікке құлаш ұрды. Ерте гүлдеді, ерте пісті. Көп қатарластарынан гөрі көздегеніне де бұрын жетті. Бірақ адамдығын ұмытқан жоқ. Ал адамдық дегеніміз – табаны жерден екі елі көтерілсе екі рулы елге сәлем бермейтін тоңмойын емес, сұңғыла болсын сыртымды көр де ішімді біл дейтін бітеулік те емес, ол – кәдімгі адамша жүру, адамша күлу, маңайындағылардың қай-қайсысына да жүрек жылуын бірдей шашу екенін ол жақсы біледі. Мұндай қасиеттен жан дүниесі жадау біреулер Сағындық ағамыздың кейбір қылығын «қызық», тіпті оғаштау да көруі кәдік. Қалай оғаш көрмейді, кейде биліктің әнтек әрекетіне көңілі толмай сөзбен қажап алатыны да бар. Бұқпантайламайды, ойын қашанда ашық жеткізеді.

МЕНІҢ ӘКЕМ

Әкемнің әкесі Жұмаділ жасынан сері болған екен. Батырлығы бір ауылға әңгіме. Үнемі белінен сапысы түспеген. Ал өз әкем өте момын, қой аузынан шөп алмайтын жансебіл жан. Кейде бір ән айтатыны бар. «Хәлләулім! Бір топ жусаның, бір тоқтыға балаулым» деген сөзі бар. Үнемі ыңылдап отырады. «Бұл қандай ән?» деп сұраймын ғой анамыздан. Сонда шешеміз: «әкең айтатын ән» деп күлетін. Біз мына Қарқаралының арғындарымыз. Негізгі қонысымыз Абыралы тауының етегінде. Әкеміз кіндік қаны тамған топыраққа «әне барам, міне барам» деп дүниеден озды. Көзкөргендерге әкемнің момындығын айта қалсам таңғалады. «Сенің әкең мықты көкпаршы болған. Қоңыр торы атынан жығылып, бас сүйегін зақымдап алған соң аузынан сөз ала алмайтын болдық» деп қалжыңға сүйейтіні бар. Серкені алып келе жатып, астындағы аты тасқа шалынып құлап, аяғы үзеңгіде қалып қояды. Үріккен жылқы маңдайынан теуіп, есінен тандырған. Қайта аман қалды. Көрер жарығы әлі таусылмаған-ау. Бертінге дейін дін-аман арамызда жүрді. 
Ауыл баласының шолжаң келетіні айтпаса да белгілі. Бірде ойнап  жүріп, үйде тұрған қымбат құмыраны сындырып алдым. Қырсыққанда әкем сол сәтте бөлмеге кіріп келмесі бар ма? Әй, біткен жерім осы шығар деп ойладым. Не керек, шашылған құмыраның сынықтарын теріп жатып: «Мынаны сындырып алма, құлыным, сындырсаң қолыңа кіреді сынығы» дейді әкем жайбарақат. Күліп жібердім. Адам сондай момын болады екен-ау. 
Ол ол ма, қой бағып жүріп, арғы ауылдың өрісіне түсіп кетіппін. Мал адасып, қосылып кетті. Әкем қамшымен жайлауды айнала қуалай жөнелді. Қашып келемін. Алдымда биік қамысты шөптер болатын. Соған барып қойып кеттім. Әкем атпен қасымнан ары-бері өтеді іздеген адамның кейпіне еніп. Мен таба алмағанына мәзбін. Кейін білдім, аттың үстінде бәрі айдан анық көрінеді екен ғой. Тек мені шошып қалмасын дегені болса керек. Шіркін, қанша ашуланса да мейірімділігі жүзіне төгіліп тұратын. «Әлемнің әтірлері татымайды, әкемнің иісі сіңген жейдесіне» деген өлең жолындағыдай бәрі. Сағынасың! Ойлайсың! 


Небәрі отыз төрт жасында қазір өзі еңбек етіп жүрген театрды басқарып тұрған кезінде жұмыссыз жүрген әріптестерін іздеп тауып, қызметке алды. Бұл не? Жалпақшешейлік пе, жақсы атты көріну ме? Жоқ, бірі де емес! Бұл – адамды сүйе білген, талантты сыртынан тани алған, кім-кімнің де жан дүниесін түсінем деген, өзгеге жақсылық жасау арқылы өз жаны рахат табатын адамның күнделікті тірлік, қарапайым қатынастағы ісі. Ал ұлттық мүдде, өнер мұраты, қызмет ыңғайы деген  мәселелерге келгенде оның мінезі бөлек-ті. Қажет жерінде қатал, сөзі тура, принципке берік, жұмысына тас түйін. Сөйлесе сөзімді кім қалай түсінер, арты қалай болар деп бүгежіктемей, нені айтса да жүрегін жалындатып, ойын жалаулатып айтады. Мұндай мінезге жеткізген театр майталманының өнерге деген құрметі, балауса балдәурен күндердің жаңғырығы, кино саласындағы жеткен жетістігі мен өріс кеңдігі шығар. Бұлар жөнінде бұрын да біраз айтылған, әлі де айтыла берер. Ал қазір өнер иесінің өмір-дастанынан ой қоламтасын қоздатар кезек келген сияқты.
Сағындық ағамыз отбасында тым еркін де еркелеу болып өскен. Бес бұрымдыдан кейін Құдайдан тілеп алған тұлымдының маңдайынан кім шертеді. Содан да болар, сағынып күткен ұлды Сағындық деп атағаны. Гүлсім анамыздай адуынды, Айтмұхамет атамыздай батыр мінез ата-ана мойындарына бұршақ салып жүріп көрген ұлдың бетіне кімді қаратады, одан басқа кімді әлпештейді? Соның арқасында тік жүрді, сәнді киінді, еркін сөйлеп, еркелей де білді. Бұл қасиет, бұл мінезден ғұмыр бойы айырылған да жоқ. Ата-ана қасынан шыққан соң ол өз отбасының, достарының, елінің де еркесіне айналды.
Әр адамның мінезі негізі әуелі жаратылысынан, сосын өскен орта, шыққан ұясында қалыптасатыны белгілі. Біздіңше, кейіпкеріміздегі қызуқандылық, ой иіріміндегі ұшқырлық, нағыз өнер адамына бітер арқа оған қанмен берілетін қасиет те, сырбаздық, шешендік, намысшылдық секілді мінездер отбасынан дарыған болса керек. Осы тұста есімізге ең алдымен Сағындық ағамыздың анасы – марқұм Гүлсім апамыз түседі. Ол кісі, жаны жаннатта болғыр, көзкөргендердің айтуынша, етекті жанның естісі, жаулық жамылғанның сестісі, қара көздің бетінен қаймақ қалқитын аузы дуалы, төсек үстінде отырып-ақ төр басынан төскейге дейінгі шаруаны түгел көре білетін көзі қырағы, сөзі өтімді адам болған екен. Ал әкесі Айтмұхамет атамыз тау қозғалса да қозғалмайтын кісі болыпты. Сағындық ағамен сұхбат барысында көп дүниеге қанықтық. Бүгінде өзі үш немересіне ақыл айтар ата болса да әкесі туралы сөз қаузағанда жанарына мөлтіл жас тұнды. Біз ғұмырын театрға арнаған ақжүрек азаматтың өмірбаянын үнсіз тыңдадық.

ӘР ҰСТАЗЫ БІР МЕКТЕП

– Ғасырды адам өмірі деп есептейтін болсақ, мен соның ортан белінен жоғары көтерілдім. Ендігі елу жылға жуық уақытта сүрінбей, қабынбай, адал жолдан айнымай өткеруім керек-ау. Шүкір, осы бір алпыстың ауылына еңкейген ғұмырымды жақсы өткердім. «Ес жиып, етек жапқан» тұстан бастап ата-анам, ет жақындарым мен қоршаған ортамдағы жайсаң жандарды жерге қаратып көрген емеспін. Тұлымшағым желбіреген балалық шақ та  өмірімнің көктемге бергісіз бір белесі. Одан бергі бозбалалық күндер де керім кез еді-ау! Ата-анам заң саласында қызмет еткенімді қалады. Десе де, мен ат-тонымды ала қаштым. Бала күнгі арманым байыз таптырмады. Айттым, әртіс болмасам оқудың қажеті жоқ деп шорт кестім. Сөйтіп бұлар қулыққа көшті. «Мына Талдықорғанда заң техникумы ашылыпты. Сонда 1 жыл, 10 ай оқы, ары қарай театрына тапсырасың», – деді. Олардың ойы әйтіп-бүйтіп мені ауылда алып қалу. Сонымен 1979 жылы Алдабергенов ауылындағы  М. Байсов атындағы орта мектепті аяқтағаннан кейін осы жылы заң техникумына оқуға түстім. Қазақы тәрбиеде өскенбіз ғой, ата-анамызды  аттап өте алмадық. Бірақ, бәрібір оқу жұқпады.
Демалыс күндері үйге қашып келіп жүрдім. Содан бір жылдан соң техникуммен қош айтыстым. Әке-шешем көңіліме қарады ма, ақыры ақ батасын беріп, театр институтына тапсыруыма рұқсат етті. 1980 жылы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтына оқуға тапсыруға бардым. Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпанов шәкірт жинап жатыр екен. Әйтсе де бағым жанбады, бірінші емтиханнан ұшып кеттім. Қалада не істейсің, ауылға қайтуға тура келді. Үйге келген соң анам «әне, көрдің бе, сенен әртіс шықпайды» деп оқуымды қайта жалғастыруымды өтінді. Бой бермедім. «Сендер дұрыстап бата бермедіңдер, сол үшін түсе алмадым» деп өздеріне айып тақтым. Бір жыл босқа кетпесін деген оймен шопырдың оқуын оқыдым. Келесі жылы театр институтына қайта тапсырдым. Алматыда бөлемнің үйінде бір ай жатып дайындалып, ақыры КСРО халық әртісі Хадиша Бөкееваның класына қабылдандым. Екінші ұстазым Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері Нұрмұхан Жантөрин болды. Одан соң  Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешовадан да сабақ алдық. Ол кісінің «Қарагөзді» ойнайтын кезі. Ары-бері шапқылап, жұмыстан шығуына тура келді. Оның орнына Тұңғышбай Жаманқұлов ағам келді. Қызықтың көкесі алда.

МЕНІҢ АНАМ

Қазақта «Киіз үйдің жақсы болуы ағашынан, жігіттің жақсы болуы нағашыдан» деген нақыл бар. Жалпы тектілік қыз баланың қанымен келеді. Мұны қазақ жақсы білген. «Көргенді жердің қызын ал» деп отыратыны сол бұрынғылардың. Нағашы атам Батырғали көпті көрген, сөзі уәлі адам болған. Ел ішінде «Батекеңнің айтқаны» деген тәмсілдер әлі де кезіп жүр. Бәзбіреулердің дауысын айнытпай салатын қасиеті де болыпты. Содан ба, ағайын-туыс «Сағындық, сенің әртістігің атамыздан келген-ау шамасы» деп баға беретіні бар. 
Анамыз әкесіне тартса керек, әнді өте жақсы айтатын. Бұлбұл үнді қазақ қызының бірі болған. Үлкендер «Гүлсім ән айтсын, Гүлсімнің әнін естиік» деп отыратын. Өзі қайын ағалары мен қайныларының есімін атамаған. Біреуін «жақсы ағам», біреуін «молда ағам», «кішкенем» деп бай дәстүрімізден аттап кетпей, баяғы аналарымыздың ізін жалғады. Сосын әулет келіндері мәселелерін анаммен ақылдасып шешетін. Омыраулатып сөйлегенде көзінің оты жанып тұратын анамыздың.
Бертін келе інімнің қолында тұрды. Қара шаңырағымыз сонда. Менің Талдықорғанға келіп театрға жұмысқа тұрған кезім болатын. Гастрольдік сапармен жер-жерді аралаймыз. Сонда анам «әлгі Сағындық неге келмей кетті, бар, біліп кел» деп інімді үйге жібереді екен. Күндегі әдеті сол. Ініме қайта-қайта хабарластырып, қал-жағдайымды біліп отырады. Ана жүрегі бөлек қой. Даладай пейіліне баладай еркелейміз. Кейде өзіміздің де әке болғанымызды ұмытып кетіп, бауырына тығыламыз.  Шүкір, ата-анамның үмітін ақтадым деп ойлаймын. Өмірден өткенге дейін қасынан алыстаған емеспін. Бәрі кешегідей көз алдымда. Бағана айтқан өлеңнің тағы бір-екі жолы бар еді. «Ғаламның сұлулары татымайды, анамның күліп тұрған бейнесіне». Иә, анаңдай мына жалғанда кім болсын! 
 


1984 жылы 3 курсты бітірген кезде кешкі сауық кеште төбелесіп, топтағы қыздар атыма арыз жазып, оқудан шығудан басқа амал қалмады. Бірақ деканымыз: «Сені қалдыруға болады. Ең бастысы, адам өлтірген жоқсың ғой. Әйтсе де мына топта оқып береке таппайсың. Сен әскерге барып кел. Келген соң жалғастырасың» деп арқамнан қағып шығарып салды. Содан қойшы, жүгімді жинадым да әскерге тарттым. Ол кезде екі жыл. Өмір деген өзі шыжығы мен қызығы қатар жүрмей ме? Менің шопырлық куәлігімнің көмегі тиді. «Бізге шопыр керек» деп Мәскеуге құрылыс батальонына алды да кетті. Бірақ онда жаман болған жоқ. Жасым 22-де, қатардағы сарбаздар «шал» деп атайды. Астымда судай жаңа «ЗиЛ-130». Сөйтіп, Отан алдындағы борышымды өтеп, сүйікті оқуыма қайта оралдым. 
Ауылдағыларға тіс жармадым. Бар ойым оқуымды қайта реттеп, туған топыраққа бірақ барсам деген ниет. Ұшақтан түсе салып бірден институтқа тарттым. Үстімде әскери киім. Декан қарсы алып, бірден: «Партияға өттің бе?» деп сұрады. Төбелесіп жүрген мені қайдан алсын партияға. «Жоқ» дедім. Сөзбен бір сыбап алды да «ректордың атына арыз жаз да, ертең кел» деп шығарып салды. Ертесіне сағат 10-да келдім. Қазақ КСР халық әртісі Шолпан Жандарбековаға хабарласып, жағдайды түсіндірдік. Ол кісі «Қарагөзді қойып жатыр едім, Наршаның рөлін сомдайтын жігіт керек» деп қуанып кетті. Әйтсе де тағы да бір келеңсіздіктер пайда болып, 3-курсты қайта оқуыма тура келді. Сонымен өтінішті қайта жаздым. Енді Қазақ КСР халық әртісі Ыдырыс Ноғайбаевтың курсына қабылдануым керек. Өтінішке Ыдырыс ағаның қолы қажет. Қолыма гүл алып, үйіне тарттым. Есікті зайыбы Фарида апай ашты. Амандық-саулық сұраған соң Ыдырыс ағай жағдайды түсініп, қолын қойып берді. Сонымен қойшы, 7 жыл дегенде оқуды бітіріп шықтым ғой. Бірақ, ең ғажабы, сол өнердің алынбас қаранарларынан білім алдым. Соны әлі күнге дейін мақтаныш тұтамын.
Тағдыр бір үміт пен бір күдіктен тұратынын есте сақтаған жөн-ақ. Күдікке беріліп, өмірдің күллі жақсылығы мен келер таңның арайлы сәулесіне сезікпен қарауға болмас. Үмітке беріліп тақымды бос жіберіп, тізгін тартпай қалудан да сақтану керек-ау. 
Міне, бүгінде облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен зәулім жаңа ғимаратқа ие болдық. Аймақтағы театр тарландары киноға түсіп, елдің алдында танылып жүр. Мұның бәрі үлкен жетістік. Шүкір, ізімізді басып жастар өсіп келе жатыр. Театрдың шырағын ары қарай маздатып, елдің іргесін берік ететін де солар.  Бұл жағынан келгенде, сөзімді Мағжан ақын сенім білдірген сезімнің заңды жалғасы деп пайымдасақ жарасым табатындай. Сонымен қатар, бүгінгі жастардың имани жолға бет бұрып, өзінің адами болмысына, рухани тазалығына ерте жастан мән беріп, еңсе тіктеп келе жатқаны жүрекке жылу ұялатып, ертеңге деген сеніміңді шыңдайды. 
Бұл кейіпкеріміздің айтқан әңгімесінің алғашқы парасы ғана. Қазақы тәрбиеден ошақ басында ауызданған ағамыздың еліне деген сүйіспеншілігі қайран қалдырады. Мұны біз тарихи киноларда билер мен батырлардың рөлін сомдап жүргенінен-ақ байқағанбыз. Тіпті, Ресейдің киноиндустриясында да өзіндік қолтаңбасы қалды. Жақында «Төле би» тарихи телехикаясында Төле бидің қартайған шағын ойнады. Режиссерлер Сағындық ағаны сол рөлге бірден лайық деп тапқан. Себебі, ағамыздың түр-тұлғасы, сөйлеу мәдениеті көз алдымызға кешегі бабаларымыздың бейнесін әкеледі. Өзі: «Театр әртісі тек талантты ғана болмауы керек», – деген пікірде. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Әңгіме барысында екі арудың әкесінен қыз бала тәрбиесі хақында да сұрадық:
– Олардың жаны нәзік қой, інім, қатты сөйлеп, батырып айта алмайсың, ақылмен, ишаратпен жөн сілтегеннен басқа амалың бар ма? Және әке екеніңді де қыз баланың алдында жақсы сезінесің. Бұл жағынан келгенде, олар өзіңе тәрбиеші де. Неге десеңіз, жөні түзу әке қыз баланың алдында оғаш сөйлеп, оқыс мінез көрсете ме?.. Біз жарым Сәуле екеуміз Аяулым, Арайлым атты екі қыз тәрбиелеп, өсірген отбасымыз. Шүкір, бүгінге дейін бірі алдымыздан кесе-көлденең өткен емес, қашанда қас-қабағымызға қарап тұрады. Сондықтан да ашығын айтсам, қыз баланы ерекше жақсы көремін. Екеуі де тұрмыста. Ол да табиғаттың заңы шығар, жасы жеткен баланы теңінен қалдыру да қиянат. Тек барған жерінде бағы жанып, ат басына жүген соқтырмаса болғаны. Жалпы, балаңның ертең тұрмыс құратынын ертерек ойлап, соған лайық тәрбие бергенің жөн. Мен қыз балаларымды түгел қазақша оқыттым. Бұл – ұлттық мінездерін жоғалтпаса дегенім, – деп сөзін түйді Сағындық Айтмұхамбетұлы.

Сағындық – тарихқа жүйрік, табиғатынан көңілі ашық, мінезді, өнерге өзін шынайы арнаған адам. Біз студенттік кезімізден, кейінгі облыстық театрдағы ұзақ еңбек жолымызда өзара толық түсіністік. Әсіресе, оның ел мен жер, тарих пен бүгінгі күннің шежіресіне жетіктігі басқалардан даралап тұрады. Көбінде гастрольдік сапарда болғанда Сағындықтың зеректігіне тәнті боламыз. Қай өңірге барсақ та сол жердің тарихи деректерін жан-жақты әңгімелеп, жалықтырмайтыны тағы бар. Жергілікті тұрғындар біле бермейтін аңыздарды алға тартқанда солардың өзі ойланып қалғанына талай рет куә болдық. Сонымен қатар, оның ұйымдастырушылық қабілеті басқаларға үлгі деп еш қысылмастан айтуға болады. Тағы бір артықшылығы, Сағындық өзі білген, түйгендерін, басқаларға көмек болар жайларды ашып айтып, жол нұсқап жүреді. Білгенін жасырмайды, ал білмегенін сұрап-білуден де арланбайтын жан.

Базарбек ТОҚЫМТАЕВ,
Б. Римова атындағы облыстық театрының әртісі, режиссер


Сонау жылдары облыс орталығы Алматыға ауыстырылып, Талдықорған қаласы қаңырап қалғандай болған аумалы-төкпелі кезде театрға басшылық етіп, қайта  шырағын жаққан Сағындық Жұмәділдің өмір айнасы – өнер. Сол өнерді өшірмеуге тырысқан жанкешті актердің өмірдерегін біз бүгін өзімізше бағдарладық. Ақсақалдар әлі күнге сол өтпелі кезеңнің өтінде қалып қалмай, ел игілігі үшін қақаған қыста шана сүйреп жүріп әр ауылда қойылым қойған театр ұжымына айтар алғысы шексіз. Сонымен бірге Желтоқсан оқиғасында да ұлт намысы үшін ұрандағаны ұрпақ жадында тұр. Осының бәрі Талдықорған қаласының Құрметті азаматы атануының алғышарты болды. Аяулы жары Сәуле Мәуленқызына деген махаббаты бәз-баяғы қалпында. Ұялы телефонның бетіне сүйгенінің суретін қойып қойғанына қарап солай болжадық, іштей. Әне, біз айтқанша телефоны да шырылдай жөнелді. Театр теңізінде еркін жүзген өнер дарабозын сеніміне қазық болған отбасы күтіп отыр. Одан артық қандай бақыт болсын!

Мұхтар КҮМІСБЕК