"ТУҒАН ЖЕРДІ ҰМЫТТЫҢДАР ҒОЙ": АСЫЛ АЗАМАТТЫҢ ЖОҚТЫҒЫ ЖАНҒА БАТАДЫ

Уақыты: 09.09.2019
Оқылды: 1318
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жақсы адамның қадірі көзі кеткен соң тіптен арта түсетіні ақиқат. Егер ол өз мақсат-мүддесін елдік үдеден шығумен байланыстырып, қолынан келгенше қоғамға қызмет етіп өтсе, мұндай жанның қадірі тіпті қымбат емес пе?! Елуден сәл асатын ғұмырында ел мен жер алдындағы перзенттік парызын орындап кеткен осындай азаматтың бірі – көп жыл бойы Ұйғыр аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері, Алматы облыстық мәслихатының депутаты болған, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының үздігі Ақжолтай Мәмбеталиев.

Шонжы ауылында туып-өскен Ақжолтай Тұрдалыұлы осындағы мектепті 1977 жылы Алтын медальмен тамамдап, Алматы мемлекеттік медициналық институтының емдеу факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын бітірген 1984 жылы Ұйғыр аудандық орталық ауруханасына хирург-дәрігер болып жұмысқа орналасады. Еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің арқасында қызмет баспалдағымен сатылап өрлеп, осы аурухананың бас дәрігері лауазымына дейін көтеріледі. Өмірі ерте үзілмегенде биыл 60 жастың асуына шығатын ақиық азамат туралы айтатын сөз аз емес.

Қарапайым жұмысшы отбасында туған Ақжолтай қаршадайынан ақылды, ойлы бала болып өседі. Әсіресе кітап десе бүкіл дүниені ұмытатын. Басқалар сияқты күні бойы ойын қумай, ой қуған баланың мектепте қатарының алды болуы заңды да. Бірінші сыныпқа барарда өзі орыс мектебін қалапты. Он жыл бойы үздік оқиды. Қандай мамандықты таңдаса да сақадай-сай Ақжолтай соғыстың салдарынан денсаулығы жиі сыр беретін әкесі Тұрдалының тән жарасын жазғысы келді ме, әлде жүз жасаған көзіқарақты Тоқбала әжесінің ықпалы ма, медициналық оқу орнына түседі. Институтты қызыл дипломмен бітіріп, туған ауылына оралған алғыр да зерек жігіттің оқуын әрі қарай жалғастыруға мүмкіндігі болса да ата-ана мен туған жер алдындағы перзенттік парызы оның болашағын Шонжымен байланыстырды. Талабы таудай жас маман іздену мен үйренуден еш жалықпады. Жасынан спортты жанына серік етіп, өнерге де жақын жүрді. Жайсаң жандарға үйір болып, досқа адал, туыс-туғанға жұғымды азамат болып қалыптасты. Аудандық ауруханаға жұмысқа тұрған талапты жас алдындағы Тұрарбек Төлендиев, Шынтай Асрандин, Өмірхан Садықұлы сияқты ұстаздарының үлгісімен тек алға ұмтылды.

Дәрігер, оның ішінде кез келген уақытта ота үстелінен табылатын хирургтің жұмысы оңай еместігі белгілі. Жергілікті тұрғындармен қоса, тоғыз жолдың торабына орналасқан Шонжы ауылына ат басын тірейтін жолаушы да аз емес, кейде олардың да басы ауырып, балтыры сыздайды. Сондай сәттерде уақытпен санаспай, науқас жанға қол ұшын созуға дайын тұратын Ақжолтай Тұрдалыұлы талай жанды өлімнен арашалап қалды.

Кеңес одағы тарап, одақтас елдер іргесін енді бекітіп жатқан қиын-қыстау кезең көпшіліктің есінде. Шегаралық аймақ саналатын Шонжы ауылында орналасқан арнайы әскери бөлімге Ақжолтай Тұрдалыұлының дәрігер ретінде қолғабыс жасағаны ел ішінде көп айтылады. Ол жайында әскери дәрігер, осы саланың ардагері Сейсен Игембердиев: «Сырқаттанып қалған әскерлерді Ақжолтай аяғынан тік тұрғызып, науқасы ауырларын госпитальға жіберетін. Ауырып жатқан сарбазбен сөйлесіп, жөн сұрап, көңілін көтеріп қоятын. Тікесінен-тік тұрып талай адамды ажалдан алып қалды. Оның шегара отрядына сіңірген еңбегі зор» – деп еске алады.

Құрметті мамандықтың иесі Ақжолтай Мәмбеталиев ауруханадағы қызметінде ғана емес, айналасына да немқұрайды қарамайтын. Қандай шаруа болса да демеу болуға ұмтылатын. Алдына келген адамнан ақыл-кеңесін аямай, дұрыс бағыт-бағдар бере білетін. Осындай елге жағымды іс-әрекетімен, іскерлігімен, біліктілігімен көзге түскен Ақжолтай Тұрдалыұлы көп ұзамай аудандағы алдыңғы қатарлы, беткеұстар адамның біріне айналды. Тынымсыз еңбегінің нәтижесінде 1999 жылы Ұйғыр аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері қызметіне тағайындалды. Денсаулық сақтау саласын ұйымдастырудағы еңбегі үшін 2002  жылы «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының үздігі» белгісімен марапатталды.

Ұжымы қалтқысыз сыйлап, әрдайым қолдап отырған білікті басшы туралы әріптестері әлі күнге дейін қимастықпен еске алады. Мәселен, осы аурухананың қызметкері Гульминам Баратова: «Ақжолтай Тұрдалыұлы дәрігер болып туған адам. Көп жыл бойы аудандық аурухананың басшысы болған ол өзіне де, қызметкерлерге де жоғары талап қойды. Әрбір науқастың дәрігер қабылдауынан риза болып шығуына мән беретін ол өте қарапайым әрі адамдармен тіл табысқыш еді. Ақжолтай Тұрдалыұлын жақсы танитын адамдардың бәрі оны ешқашан ұмытпайды» – дейді. Дәрігер-хирург Бақытжан Тохтахунов А. Мәмбеталиевті өзінің ұстазы санайтынын айта келіп: «Он алты жыл бойы Ақжолтай Тұрдалыұлы екеуміз ағалы-інілідей қатар жұмыс істедік. Ақжолтай аға кішіпейіл, елмен араласуға, пациентпен қарым-қатынас жасауға шебер еді. Соның бәрін бізге де үйрететін. «Айналайын», «қарағым» деген сөздерді жиі айтатын. Қазір мен Ақжолтай Тұрдалыұлының осындай жылылық пен мейірімге толы сөздерін үнемі айтып жүремін» – деп ризашылықпен еске алады. Басқа әріптестері де А.Мәмбеталиевтің нағыз кәсіби маман, әділетті басшы болғанын баса айтады. Оның басшылығы тұсында Ұйғыр ауданының орталық ауруханасы облыс бойынша «Үздік орталық аудандық аурухана» атағын жеңіп алды. Осы жетістіктің өзі көп нәрсені аңғартып тұр және оның артында тынымсыз еңбек, қызметке деген биік талап пен жауапкершілік жатыр.

Жігерлі де қайсар білікті маман, білгір басшы Ақжолтай Мәмбеталиев бірнеше рет облыстық мәслихаттың депутаттығына сайланып, аймақтағы көкейкесті мәселелердің оң шешімін табуға өз ықпалын тигізді. Депутат ретінде де, «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде де алдына келген  адамды тыңдай білетін, мұқтаж жанның мәселесін шешуге кірісіп кететін. Ақжолтай Мәмбеталиевтің жақсылығын көргендер әлі күнге алғысын жаудырып жатады.

Ақжолтай Тұрдалыұлының досқа деген көңілі ерекше еді. Шонжы ауылында кішкентайынан бірге өскен достарынан бастап, кейінгі ғұмырында аралас-құралас болған жанның бәрі оның достыққа адалдығының куәгері. Салауат Бектемісов досын: «Ол біреудің жақсылығына өзінің жақсылығындай қуанатын. Біреудің құлаған жеріне тіреу болып тұрғысы келетін. Сондықтан оны Шонжының әрбір тұрғыны жақсы көретін. Ешкімді бөлмейтін, бәрін тең ұстайтын» – деп мұңая еске алады.

«Туған жерді ұмыттыңдар ғой,  қайдасыңдар?» деп іздеп тұратын асыл азаматтың жоқтығы әлі күнге дейін достарының жанына қатты бататыны рас. Бір көріп, жақын тартқан адамының өзін баурап алатын Ақжолтай аға көптің есінде ерекше мінезімен, бауырмашыл болмысымен қалды. Өйткені айналасындағы адамдарды алысқа, жақынға, досқа, жауға бөлмей, ісі мен ниетіне қарай бағалайтын. Жүрген жерінде жақсылықтың, жарастықтың жаршысы болатын, кеңпейілдік пен қайырымдылықты үлгі қылатын. Қолындағы барымен сүрінгенге сүйеу болды, адасқанға жол сілтеді. Міне, осылай айналасына шашқан шарапаты мен мейірімді мінезі үшін оны көп те жақсы көрді, бал іздеген арадай жанына үйір болды. Алдыңғы буын ағаларына «көке» деп еркелей ізін жалғаса, соңынан ерген інілері мен шәкірттерінің дұрыс бағыт-бағдар сілтер, арқасүйер тірегіне айналды. Бүгінгі күні сол шәкірт-інілері жеткен жетістіктеріне Ақжолтай ағалары себепкер деп біледі.

Қазақша қалай сөйлесе, ұйғырша мен орысшаға да жетік А.Мәмбеталиевтің бұл қасиеті адамдармен оңай тіл табысуына көп септігін тигізді. Үш тілде ән шырқап, спортқа жақын болған ол аудан көлемінде өтетін футбол, баскетбол, волейбол жарыстарына белсене қатысатын. Содан да болар, дүниеден кеткелі бері аудандық әкімдік пен достарының ұйымдастыруымен жыл сайын Ақжолтай Мәмбеталиев атындағы волейбол турнирі өткізіліп келеді. Елге елеулі азаматты есте қалдырудың бұл да бір  жақсы үлгісі дер едік.

Хакім Абай Құнанбайұлының: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дегеніндей, барша жанға мейірім мен адамгершілік танытқан, ағайын-туыс, дос-жаран, қызметтестер арасында беделі артқан, адам деген ардақты атқа дақ түсірмей өткен Ақжолтай Тұрдалыұлының өмірі мен қызметі жайлы бір үзік әңгіме осындай. Кәсіби маман, білікті басшы, ең бастысы абзал азамат болған ол әрдайым адамгершілік дейтін ұлы қағиданы биік ұстап, өмірден тура жүріп өтті. Сондықтан да Отанына адал қызмет етіп, бар адамға бауырмалдық танытқан, ер мінезді Ақжолтай Мәмбеталиевтің парасатты ғұмыры өзінің отбасы, жақын-жұрағатына ғана емес, өскелең ұрпаққа да үлгі-өнеге.

Дина ИМАМБАЕВА

Сурет ғаламтордан алынды