"МҰЗ ҚАТАЙЫП ТАС БОЛМАС": ЖЫРАУЛАРША ЖЫРЛАЙТЫН ҚЫЗ

Уақыты: 10.09.2019
Оқылды: 1574
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында халықаралық «Жанашыр» қоры жанынан құрылған «Назқоңыр», «Ақ желкен» клубтары ақын Бақыт Кемелбекқызы мен Нәпіған Зәпіханұлының шығармашылығына арналған әдеби кеш өткізді.

Аталмыш кешті ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Дәулетбек Байтұрсынұлы жүргізді. Шараға ақындар, өнер  қайраткерлері қатысты.

Біз осы мақаламызда әдеби кеште өлеңдері оқылған, шығармалары халыққа танылған қазақтың нәзік қызы Бақыт Кемелбекқызы туралы айтпақпыз. Бақыт – ана, ақын, аудармашы, ұлт жанашыры. Ол 1985 жылы 15 қыркүйекте Қытай Халық Республикасының Күнес ауданы, Қарабура ауылында дүниеге келіпті. 2003-2007 жылдар аралығында Шыңжаң педогогикалық университетінде «ағылшын тілі» мамандығы бойынша білім алған. Тұрмысы жақсы болғанмен, жүрегіндегі елге деген махабаты жанына тыныштық бермей, 2008 жылы атамекенге оралады. Елге келген соң, бойындағы білімін жастарға бермек үшін ұстаздық жолды таңдайды. Ең алдымен Еңбекшіқазақ ауданы, Көлді орта мектебінде ұстаз болып, шәкірт тәрбиелеген. «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім ізде» деген ұранды ұстанған Бақыт Кемелбекқызы 2009-2011 жылдар аралығында Тараз гуманитарлық университетінің «аударма ісі» мамандығы бойынша білімін толықтырып, магистрлік диссертация қорғаған. 2011 жылы Алматы облысы бойынша «Жылдың үздік мұғалімі» атағын иеленген. Бақыт ағылшын тілін жетік меңгерген.

Бақыттың жүрегін жарып шыққан өлеңдері, жазған ғылыми мақалалары, аудармалары еліміздегі және көрші Қытай еліндегі көптеген басылымдарда жарыққа шығып жүр. Атамекенге оралғалы «Төрле, төрле, тәуелсіздік мерейі», «Махаббат мекені» деп аталатын екі жыр кешін өткізді. Бақыттың туындылары оқырман көңілінен шығып, зиялы қауым мен ақын, жазушылардың оң пікірін иеленді. 2018 жылы қазақ-ағылшын тілдеріндегі аудармадағы ізденістері үшін «Бейбітшілік әлемі» халықаралық ұйымы М.Шолохов атындағы халықаралық медальмен марапаттады. Мұнымен тоқталмай, Бақыт Кемелбекқызы қазіргі таңда Шелек ауылында «Талап» өнер-білім орталығын ашып, ұрпақ тәрбелеумен айналысуда.

Бақыттың өлеңдерін оқыған сәтте басқа әлемге сүңгіп кеткендей боласың. Оның өлеңдері 21 ғасырдың сипатында емес, тарих доңғалағы бір сәт кері жүргендей сезіледі. Себебі, Бақыт өлеңдерінің көзге атойлап көрінетін тұсы – жыраулар поэзиясына ұқсастығы. Жыраулық шығарманың ақындық поэзиядан негізгі ерекшелігі – тек үлкен эпостарды жырлауда ғана емес, елдің бірлігі үшін күреспен, даналықпен, көрегендікпен тікелей байланыста қарастырылуында. Бақыттың өлеңдері ұсақ-түйекті емес, елдің игілігіне қажетті рухани құндылықтарды сөз етеді. Мысалы:

Қайнауы бір болғанмен,

Ет көбігі ас болмас.

Қанша аязда қатқанмен,

Мұз қатайып тас болмас.

Үлде мен бүлде оранып,

Қартаң әйел жас болмас.

Адал терің сіңбесе,

Бал мен нан да ас болмас.

Ұйқаста үнемі қайталанып отырған «болмас» сөзі өлеңдегі басты тақырыпты – «болады мен болмасты ажырата» айтпақ үшін қолданылып отыр. Бақыттың «Арамдық болса жолдасы» атты осы өлеңінде қырық шақты тармақтың аяғына дейін осылай «болмас» сөзі қайталанып беріледі. Ұйқастың бұл түрі ақынның шешендік өнегесін, өлең-жырларда сөйлемді өрнектеу шеберлігін танытады. Ақынның қазақтың ауыз әдебиетімен шөлі қана сусындағаны байқалады.

«Жеті тілді білген ер, жеті жұрттың қамын жер» демекші, Бақыттың ағылшын тілін меңгеруіне әкесі Кемелбектің ықпалы зор болған. Қызын қосымша ағылшын тіліне беріп: «Ағылшын тілін меңгер, қазақтың өнерін әлемге танытуың қажет», – деп құлағына сіңіріп, бағыт-бағдарын беріп отырды. Қазіргі таңда Бақыт Кемелбекқызы қазақ ақындарының өлеңдерін ағылшын тіліне аударумен шұғылдануда.

Ойымды әдебиеттанушы ғалым З.Ахметовтің сөзімен қорытындылағым келіп отыр. З.Ахметов: «Поэзия — сөз өнері, көркемдік шеберліктің теңдесі жоқ озық үлгісі. Поэзияда тек тіл мен сөз ғана көркем емес, ой да көркем, бейнелі. Поэзия өмір шындығын асқан ойшылдықпен, ерекше сезімталдықпен ашып көрсетеді, бейнелеп суреттейді десек, тіл, сөз әлгі ақындық көркем ой-сезімді жеткізудің құралы ғана», – деп жазады. Бақыт Кемелбекқызына қаламы шыңдала берсін дегім келеді.

Дана МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Сурет ғаламтордан алынды