"БАҚЫТЖАНҒА СЕРІК КЕРЕК": БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ ҚАРА БАЛАСЫ КІМ?

Уақыты: 11.09.2019
Оқылды: 1722
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақ журналистикасының тарихында өзіндік орны бар көрнекті тұлғалардың бірі – Кәкімжан ҚАЗЫБАЕВ. Ол республиканың басты ақпарат құралдарында, қоғамдық-саяси басылымдарда жемісті еңбек етті. Таланты мен табандылығының арқасында өрледі. Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің хатшысы болды. Мемлекет қайраткері атанды. Кәкімжан Қазыбаев – Жетісу өлкесінің тумасы. Арынды Ақсудың перзенті. Қаламгер есімін мақтан ету бәрімізге ортақ. Асыл ағаның кемел кезеңдері «Жетісу» газетімен де тығыз байланысты. Өнегелі өмірі сан тарау. Бәрін түгендеу оңай емес. Дегенмен, жазушының жары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлағатты ұстаз Орынша Қарабалина-Қазыбаева апамыздың әңгімесінен көп жайларға қанығасыз.

– Орынша апа, әңгімені жастық кезіңізден – «Махаббат, қызық, мол жылдардан» бастасаңыз, тәтті кездерді қайыра еске түсірсеңіз дейміз.

– Ол кез өміріміздің арайлы сәті ғой. Қазақтың ізгі қасиеттерін бойына жинақтаған Кәкімжандай азаматпен қол ұстасып, көкжиекке қараған қандай ғанибет! Ірі болмысымен асқар таудай болып көз алдыма елестеп тұрады. Екеуміз отыз үш жыл отастық. Соның әр күні мазмұнға бай, қызықты кітаптың тарауларындай.

Қырқыншы жылдың аяғы. Алматыдағы қыздар педагогикалық институтының бірінші курс студентімін. Қысқы демалысты ауылда, Ақсуда өткізіп, қалаға қайтуға дайындалдым. Пойызға Молалы стансасынан мінеміз. Қасымда апайымның құрбысы Нұрбану бар. Ол  ҚазМУ-де оқиды, заң факультетінде. Біз отырған қызыл вагон қыздар мен жігіттерге толды.

Мына қызыққа қараңыз, Сарыөзектен мінген ақсақал құмалақшы болып шықты. Оған барлығы болашақтарын болжатты. Мұндай іс маған ежелден ұнамайтын. Ал, ақсақал болса айналасына қарап жастарды түгендеп жатыр. «Тағы кім бар?» деп дауыстайды.

Сол кезде талдырмаш келген қараторы жігіт: «Қария, мына Орыншаға арнап құмалақ салыңызшы, жасырған құпиясын біз де білейік», – деді жымиып. Тіпті, үш сом ақшаны ұсынып үлгерді. Бекер обалы не, ақсақал мен туралы жаман айтпады. Әсіресе, «қараторы, орта бойлы жігітке тұрмысқа шығасың» дегені ерекше әсер етті. Екі бетім ду етіп, құлағыма дейін қызардым. Жастар мәз болып күліп жатыр.

Талдырмаш жігіт онымен шектелген жоқ. Құлпысы бұзылып ортасынан жіппен буылған қара чемоданымды қарсылығыма қарамай жатақханаға жеткізді. Таксидің жолақысын да өзі төледі. Тек кетерінде ғана: «Менің атым – Кәкімжан. Қарсы болмасаңыз дидарласып тұрайық», – деді сыпайы ғана. Мен үнсіз келіскендей төмен қарадым. Жүрегіміздің «тілсіз тіл» арқылы  сөйлескенін қапысыз ұқтық.

– Қай жылы шаңырақ көтердіңіздер?

– Кәкең сырбаз жан ғой, асықпады. Өмір ағысын алыстан болжайды. Менің ойланып, толғануыма уақыт берді.

1952 жыл. Оқуды бітіруіме аз қалған. Бір күні Кәкең екеуміз 28-панфиловшылар саябағына бардық. Саусақтарымды ақырын ұстай отырып: «Баяғы құмалақшы есіңде ме? Сол қария саған кімге үйленетініңді болжаған еді ғой. Мен білсем қателеспеген сияқты. Міне, сол қараторы жігіт алдыңда тұр. Ұсынысыма жауабың қандай?», – деді. «Кәке, сіз дарынды азаматсыз. Дарынды жанды кемел келешек күтеді. Ал мен сізге лайық емеспін-ау! Себебі «халық жауының» қызымын. Басқа қонатын бағыңызды байлауға хақым жоқ», – дедім. Сыртым батыл, бірақ ішім қан жылап тұрды. «Білем, бәрін де білемін. Қамықпа, заман әлі өзгереді. Тек махаббат пен сүйіспеншіліктің өзгермеуін тілейік. Сондықтан, сені жалықпай күтуге дайынмын», – деді.

Төрт жылдан кейін Алматыда өткен республика комсомолдарының алтыншы съезіне қатыстым. Оның соңы «Лениншіл жас» газетінің жауапты хатшысы Кәкімжан Қазыбаев екеуміздің шаңырақ көтерген бақытты сәтімізге ұласты.

– Сізді Бауыржан Момышұлының үйіне келін боп түсті дейді. Соның анығын өз аузыңыздан естігіміз келеді. Бұған не дейсіз?

– Ол рас. Оқиға былай басталған. «Лениншіл жаста» Бауыржан ағаның бәйбішесі Жамал апа мәшинкеші болып қызмет істеді. Өзі сауатты, және іскер жан.
Кәкең зиялы мінезімен, жауапкершілігімен, тәртібімен Жамал апаға ерекше ұнаған. Апасы «қара баланы» өздерімен бір үйде тұруға шақырады. Мәскеуде жүріп мұны естіген Бауыржан ағамыз да қуанады. «Жөні түзу бала тапқаныңа тәнтімін. Бақытжаныңа серік керек, дұрыс болған», – дейді.

Сөйтіп, Кәкімжан мен Бақытжан бір шаңырақтың ұлдарына айналады. Бірі «қара бала», екіншісі «сары бала» атанады. Жамал апаның мейірімі жүректеріне жылу құйды. Бауыржан батырдың айбыны екі ұлды шыңдады. Бұл шаңырақ бізге құт болды.

«Ешқандай бөгде әңгіме жоқ, келінді үйге әкелесің», – дейді Жамал апа Кәкімжан баласына. «Сен де менің қызымсың», – деді батыр маңдайымнан иіскеп. Бақытжан «жеңеше» деп алдымнан қия өтпеді. Кейде бірге туған бауырлардан да мұндай ілтипатты таппайсың.

Қалыптасқан сыйластықтың үзілмеген арқауы күні бүгінге дейін жетті. Кәкең Бауыржан ағасы туралы пікірлерін көңіл төріне мықтап сақтады. Оған қылау түсірмеді. Мен де солай еттім. Қазір әжемін. Соған қарамастан Бауыржан Момышұлының келіні екенімді есімнен шығармаймын.

– Кәкімжан аға хас батырдың мейірімі түскен ұлына айналған екен. Жадыңызда сақталған қандай қызықтар бар?

– Кәкең де ол кісіге перзенттік сүйіспеншілікпен қарады. Өмірінің соңғы сәттерінде де қаһарман келбеті есінен шықпады. «Жасынның жарқылы» атты көлемді очеркі соның мысалы. Батырға қатысты шаралардың ешқайсысынан қалмайтын. Бәріне өзі бас-көз болды.

Мына бір жайды Кәкең күліп отырып әрі еміреніп айтатын. Бір күні батырдың үйіне академик Ахмет Жұбанов келеді. Қонақ ашылып сөйлемей, біртүрлі кібіртіктей береді. Осыны байқаған батыр не істеді дейсіз ғой, Кәкімжанды келесі бөлмеге апарып оған өзінің әскери формасын кигізеді. Қайтадан әкеліп оны Ахаңа көрсетеді. Содан кейін-ақ академик кілт өзгеріп, әңгіменің тиегін ағытқан. Олар түннің бір уағына дейін сырласады.

«Сені не үшін әскерше киіндірдім, білдің бе?», – дейді батыр қонағы кеткен соң. Кәкең білмейтінін айтады. «Ахмет сенен жасқанды. Бұлар тыңшылардан жүрегі шайлыққан адамдар. Әскерше киіндіргенім – бұл менің өз балам, ешқандай қауіп жоқ дегенді білдіргенім. Академик сұңғыла жан, менің ишарамды бірден түсінді», – дейді. Кейде етжақындықтың осындай қызықты көріністері де болатын.

– Орынша апа, Кәкімжан ағаның «Жетісу» газетіне қатысты тұстарынан бірер мысал келтірсеңіз.

– Кәкең 1958 жылы жастар газетінен «Жетісуға» ауысты. Редактордың бірінші орынбасары болды. Табан аудармай он жыл осында еңбек етті. Аймақтық газетті республикалық басылымдармен теңестірді. Зор үлесін қосты.

Ол кезде журналистер тапшы. Редакцияның сапалық құрамы партиялық қызметкерлермен толығады. Олардың сыртқы пошымы келіскенімен, жазуы келіспейді. Кәкең жетекке ілесе алатындарын тәрбиеледі. Қатып қалғандарын ақырындап басқа салаға ауыстырды. «Жетісудың» редакторы Әбдуәли Қарағұлов, екінші орынбасары Сарбас Ақтаев. Әріптестері Кәкеңнің талапшылдығын толық қолдады.

Сарбастың қаламгерлігіне сүйінетін. «Екі тілге де жүйрік. Мінезі орнықты, ісі нәтижелі. Тапсырмаларды мінсіз орындайды», – деп мақтан ететін. Бірге жүргендеріне қуанатын.

Кәкең журналистік мамандықты қасиет тұтты. Журналист болмысының биік және парасатты болуын қалады. «Ізденімпаз журналистің сөзі мың күндік», «Журналист асылды аршып алуымен абыройлы», «Журналистің жүрмейтін жері, мінбейтін көлігі жоқ», «Журналист – халықтың ойын жеткізетін қайраткер», – дейтін. Сол тіркестері кейін мақалға айналды.

Елуінші жылдары мерейтойлар үлкен театрларда өтетін. Оның фойесінде «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» және «Жетісу» газеттері ілініп тұратын. Көрушілер оларды бір-бірімен салыстырады. «Жетісудағы» ерекшеліктерді жазбай таниды. «Кәкең барған газет құлпырып кетеді», – деген пікірлер жақсының нұрын тасытатын.

– Ағаның қаламгерлік толғаныстары терең философияға толы. Оның құнын бүгінгі ұрпақ қалай бағалайды деп ойлайсыз?

– «Журналист – терең, білікті, батыл болуы керек» дейтін. Оны ісімен де, күшімен де көрсетті.  Оқуы мен тоқуы ғалымдардан кем түспеді. Барлаушыға тән байқампаздықты бүкіл болмысына сіңірді.

Бір күні «Жетісуға» «Тракторлар неге резинасыз тұр?» деген сын мақаласы шықты. Науқанның қызған кезіндегі кемшіліктерді дәл көрсеткен. Сарқандықтардың шарасыз әрекетін суреттеген. Бұл олқылықтар кімнің кінәсынан орын алды, оны тауып айтқан. Содан кейін не істеу керектігін де анық меңзеген.  Сол сияқты Ақсу ауданынан «Күміс медальға бітіретін оқушы күзгі сынға қалды» деп дабыл көтерді. Мектепте орыс тілі дұрыс оқытылмаған. Кесірі үздік үлгерімдегі балаға тиген. Мақаланың пәрменіне ел сүйінді. Кемшілікті жібергендер дереу сыбағасын алды. Өзі айтқандай бәрі табандылық пен батылдықтың арқасы.

Ол кісінің мол тәжірибесі «Ақиқатқа ар серік» кітабында кеңінен баяндалады. Меніңше, Кәкімжан Қазыбаевтың қалыптастырған мектебі журналистерге бүгін де керек.

– "Өз жүрегінің сағынышына қарыздар" болатын адамдар сирек. Кәкімжан аға сол сиректің бірі. Журналистикаға жан-тәнімен берілген. Бұл жайында не айтасыз?

– Кәкең де өмірінің басты мәнін газет деп ұқты. Онсыз дүниесі түгенделмейтін. Осы жолда жаныңды аяма деп ешкім оны зорлаған жоқ. Өзінің табиғи жаратылысы солай. Бұған не уәж айтасың?! Тіпті барлық жауапкершілікті мойнына арқалап алатын. Түн ортасында ертеңгі шығатын газет нөмірін мұқият қарап отырғанын көресің. Кәкеңді редактор Әбдуәли Қарағұлов ерекше құрметтеді. Баласы Олжас Сүлейменовтен кем санамады.

Өзінің бір сәтінде Кәкең: «Шашымды – «Лениншіл жасқа», жүрегімді – «Жетісуға» бердім», – деген екен. Дұрыстап ұға алсаңдар, бұл сөздің астарында терең мағына жатыр.

– Кәкімжан ағамыз қазақтың қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевты алғаш рет елге танытты. Сол оқиғалардың куәсі ретінде сыр шертсеңіз.

– Бір күні Бәукең Кәкімжанды үйіне шұғыл шақырады. Есігі ашық, өзі түпкі бөлмеде терең ойға батып арлы-берлі қозғалып жүр екен. Кәкең кіріп келгенде оған тік қарап:

– Жаңа ғана осы үйге бір жас жігіт келді. Аты – Рахымжан. Нағыз тарихи адам! Соғысқа мен де қатыстым. Мәскеуді қорғадым. Бірақ Берлинді алу үшін болған ұрыстың, Рейхстагтың ішіндегі алапат айқастың жөні бөлек. Бейнелеп айтқанда, ол – тозақ! Рахымжан соның ішінен аман шықты. Адам батыр болып тумайды. Ерлік жасайтын сәттер оған еріксіз кездеседі. Сол кезде біреудің жүні жығылады, екінші адамның намыс оты жарқылдайды. Журналистерде соны көретін көз, ажырататын таным болу керек. Соғыстың біткеніне 13 жыл болды. Сен Рахымжанды әлі көрген жоқсың. Көрмеген соң – жазбадың. Енді осыдан дұрыс қорытынды шығарып, қаламды қолыңа ал! – дейді бұйрық раймен.

Ғажайып кейіпкердің табылғанына Кәкең қуанбаса ренжіген жоқ. Рейхстагқа ту тігу оқиғасына қазақтың қатысқаны оны мерейлендірді. Дереу шаң басқан архивтерді қопарды. «Литературная газетаға» 1948 жылы Борис Горбатовтың мақаласы шыққан екен. Автор онда былай депті: «Мен Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаевты көзіммен көрдім. Оны қыранға теңеу аздық етеді. Бұл үшін бөлекше салыстыру, ерекше поэзия, асқақ рухты социалистік реализм керек», – депті. Ал Василий Субботин деген қаламгер «Войны Родины» газетінде Рахымжанға арнап өлең жазыпты. Соғыс кезіндегі кинооператор Карменнің «Казахстанская правдаға» жариялаған естелігін тапқан. Жоқ іздеген журналист үшін бұл аз олжа емес еді.

– Сонымен, қазақ баспасөзінде тосын жаңалық басталды дейсіз ғой.

– Солай. Кәкең деректерді құрғақ баяндамады. Бәрін қайтадан тірілтті. Әсерге бөледі. Ерлік шежірелерін ғажайып суретке айналдырды. 1958 жылы 21 ақпанда «Лениншіл жасқа» «Рейхстагқа ту тіккен қазақ жігіті» атты үлкен очерк жарияланды. Бұл аңыз адам туралы ақиқаттың алғашқы тарауы еді. Рахымжанның даңқы қазақтың даңқы екенін күллі дүниеге паш етті.

Рахымжанның ерлігіне тәнті болған неміс журналисі Карл Какошка Кәкеңмен кеңінен сыр бөлісті. Кәкімжан да ол кісіден Рейхстагтың соғысқа дейінгі және соғыстан кейінгі картасын алдырғаны есімде. Шайқасқа өзі қатыспаса да жауынгер жүрген жолдармен ой-қиялын шарлатты. Рахымжан Қошқарбаев туралы жыл сайын жаңадан бір мақала жазбаса көңілі көншімейтін. Кейін үлкен кітапқа айналған «Кернеген кек» хикаяты солардың тұтасқан жиынтығы еді.

– Елеусіз жүрген қалалық моншаның меңгерушісі Рахымжан Қошқарбаев баспасөздің арқасында бір күнде қаһармандар қатарына қосылды. Солай болады деп ешкім ойламаған шығар?

– Бұл – қаламның, журналистиканың күші! Енді Рахымжанды Берлиннің өзі қонаққа шақырды. Кәкең шығарып салды, Василий Субботин Мәскеуде күтіп алды. Одан әрі бүкілодақтық «Голубой огонек» телебағдарламасына қатысты. Сол хабарды атақты «Брест қамалын» жазған Сергей Сергеевич Смирновтың өзі жүргізді. Біздің Рахымжан армия генералдарымен, Екінші дүниежүзілік соғыстың хас батырлары – Покрышкин, Мересьевтермен қатар отырды.

Бір жолы «Комсомольская правда» газеті Рейхстагқа ту тігуге қатысқан жиырма адамның суретін беріпті. Арасында Рахымжан жоқ. Кәкең дереу Мәскеуге, редакцияға телефон шалды. Бәрін оларға байыппен түсіндірді. Бұлтартпас дәлелдерді алға тартты. Ақыры олар қазақ журналисін еріксіз мойындады.

– Рахымжан Қошқарбаевқа берілуге тиіс батыр атағын алу үшін де бар күшін салған шығар?

– Әрине. Ондай жеңіске жету Рахымжанның ғана емес, Кәкімжанның да өмірлік арманы болды. Қазақтың игі жақсыларына қол қойдырып орталыққа хат жолдады. Республика партия комитетіне хатшы кезінде Дінмұхаммед Қонаевтың аузымен Л. Брежневке өтініш айтқызды. Алайда бас хатшы «Тарихты қайта қараудың қажеті жоқ» деген доғал сөзімен бәріне нүкте қойған.

Бірақ арман мен күрес тынымсыз жалғасты. «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы кезінде аманат жүгін өзі зор сенім артып тәрбиелеген іні шәкірті Жанболат Аупбаевқа арқалатты. Рахымжан Қошқарбаевқа қатысты жиған-тергенін түгелдей өткізіп берді. Енді жеті айдан кейін мына дүниемен қоштасатынын оның үлкен жүрегі бәлкім сезген де шығар.

– Рахымжан Қошқарбаевтың өз тұғырына қонғаны – Кәкімжан ағаның ақталған үміті. Оны білуге міндеттіміз деп ойлаймын.

– Рахмет, шырағым! Сәті түскенде, 2000 жылы Жанболат «Егемен Қазақстанға» бас редактор болды. Ол аға аманатына беріктігін көрсетті. Рахымжан Қошқарбаевтың Батыр атануын сұраған оқырман хаттарын көптеп ұйымдастырды. Тиісті орындарға сұрау салды. Нәтижесінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Рахымжан Қошқарбаев «Халық Қаһарманы» атанды.

Бірақ бұл күнге бірі батыр, бірі қаламгер – Алаштың екі перзенті жете алмады. Есесіне Тәуелсіз елдің ұрпақтары аталарының рухын ұлықтады.

– Ағамыздың жүрегі ұлт үшін соқты...

– Ұлтым деп өткен қайын атасы «халық жауы» атанса, күйеу баласы қандай болушы еді?! Айтпаса да түсінікті. Кәкеңнің көсемсөздері тұрмақ, қарапайым мақалаларының өзінен қазаққа деген сүйіспеншілігі, ақ ниеті толық аңғарылып тұратын. Олар – қызыл қоғаммен білдірмей күрескен ХХ ғасырдың ұлтшылдары.

Қазақтың өнерін, әдебиетін, шежіре, тарихын, салт-дәстүрлерін соншалықты сүйді. Оның өркендеуі жолында аянған жоқ. Кәкеңнің қаламгерлік, журналистік жұмыстары бүгінгі таңда зерттеліп жатыр. Бірнеше диссертация қорғалды. Соларды оқып отырып қатты таңғалдым. Мен байқамаған ерекшеліктерді жас ғалымдар көріпті. Бәрін ғылыми дәлелдермен тұжырымдаған. Қайраткердің өз ұлтына деген жанашырлығын жан-жақты ашып көрсеткен. Меніңше, бұл тақырыптар әлі жалғасады.

– «Жетісу» газеті туралы не айтасыз?

– «Жетісу» – мен үшін де, біздің әулет үшін де қымбат. Кәкеңнің көзіндей жарқырап ыстық көрінеді.

– Әңгімеңіз өте қызықты өрбіді. Әттең, уақыт тығыз. Сондықтан жалғасы бар дей отырып, сөзімізді түйіндейік. Ойыңызды қалай қорытындылайсыз?

– Шырағым, аласапыран дүниеде қиындықты аз көрмедім. Құлымбеттің үш ұлы болды – Ұзақбай, Қарабала, Жолмұрат. Туған әкем – Жолмұрат. Алайда Ұзақбай Құлымбетовтың қызы болдым. Қарабала әкеміздің есімін фамилия еттім. Бәрін тізіп айтсам, оған бір күн, бір түннің өзі жетпейді. Себептері көп.

Ұзақбай Құлымбетов республика басшысы болды. Кейін репрессияға ұшырап «халық жауы» атанды. Осы кезеңдерде біз қай жерге бармадық?! Қазақтың жері тұрмақ, Қарақалпақстанды да шарладық. Одан Жетісуға көштік. Бұл өңірде де тыныш отырғызбады. Жеті рет қоныс аудардық. Ең соңғы рет Ақсудан кетерде жүгіріп өзенге бардым. Оның асау ағысына қарап тұрып ағыл-тегіл жыладым. Мөлдір суымен жүзімді шайдым.

– О, қасиетті Ақсу! Неге екенін білмеймін, сені ерекше жақсы көрдім. Мені өзіңнен айырмашы! Жаратқан ием, Ақсуға қайтадан оралуды нәсіп етші, – деп күбірлегенім есімде. Ол кезде мен тұлымы желбіреген жауқазындай қыз едім. Жаратқан Алла тілегімді қабыл етті. Осыған әрқашан тәубе деймін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен – Болат МӘЖИТ