ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН БАҚЫТ

Уақыты: 21.09.2019
Оқылды: 840
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Кеңес дәуірінде Дінмұхамед Қонаев пен Қаныш Сәтпаевтан басқа кен-байлықты өңдеу және геология саласындағы мамандардың есімдері көп атала бермейтін. Мүмкін, жер қойнауын барлап-зерттеген адамдардың көбінің дәріптелмей келуі ол мамандықтың аса зәрулігі мен құпиялығына да байланысты болар, әлде кеңес үкіметінің ерекше озбырлығы ма кім білсін, шындығы сол, геолог қауымын көпшілік біле бермейтін.

Кейде геология мамандығы туралы айтқанда, оны самарқау ғана түсініп, тау-тасты аралап, кездейсоқ кен орындарын жаңалық ретінде ашатын адам тұрғысында қабылдайтындар да кездеседі. Геологтар туралы мұндай түсінік, кеңестік үкіметтің сұрқия саясаттың салдары екенін енді біле бастағандаймыз. Өйткені, геологтар жер қыртысын зерттей жүріп, археолог ғалымдарға еліміздің көне тарихынан құнды жаңалық жеткізетін алғашқы хабаршылар болса, еліміздің құпия тарихын білудің демеушілері де осы саласының мамандары екені осы күнгі демократия жағдайында білім алушыларға таңсық емес. Тіпті, қазақтың антропогендік тарихын бүгінде осы геологтар арқылы біліп отырғанымыз да кәсіби тарихшыларға жасырын емес.

Сонымен, геология мамандығы туралы сөз еткенде, алдымен осы мамандық саласында қажырлы еңбек етіп келген тұлғалы адамдарды білу арқылы көптеген жаңалықтарға қанық боламыз. Солардың бірі бүгінде тоқсанның төріне шыққан КСРО мен Қазақстанның еңбек сіңірген геологы Кенжебай Көдекұлы.

Қазақтың дәстүрлі ауызша тарихына үңілсек, «Жеті атасын білмеген – жетесіз!» деген киелі сөз есімізге түседі. Кенжебай Көдековтың алғашқы бабасы – Албан тайпасының ішіндегі Сүймендіден бастау алып, Бозым бабадан тарайтын Баба деген жуас кісі болыпты. Бабаның осы мінезіне байланысы ел ішінде «Киіз байпақты Баба» деген сөз бүгінгі күнге дейін айтылады. Баба жуас болғанымен малсақ кісі көрінеді. Оның тірнектеп жиған мал ырысы кейінгі тұқымдарына тараса, Кенжебай қарияның атасы Бекмырза қазіргі Кеген ауданындағы атақты Қарқара жайлауында мың жылқы өрбіткен ауқатты бай дәрежесіне жеткен.

Осы ырысты сақтай білуге тырысқан оның баласы Көдектің тағдыры қиын болды. Өйткені, еңбекпен келген байлықты сақтап, кейінгі ұрпаққа қалдыруға оған кеңес өктемдігі кедергі жасады. Бұл уақыт – кеңес билігі тарапынан байларды тәркілеу дақпыртына сәйкес келіп, Көдекті қиын жағдайға қалдырған еді. Ол аталарынан қалған мал байлығын ысырап жасағысы келмеді. Қайткенде де қолдағы малды сақтап, бала-шағасының ызғұртына жаратқысы келді. Осы орайда ол қытай еліне үдере көшкен туыстарын пайдаланып, өзінің мал байлығын көрші елде дамытуды ойлаған еді. Кеңестік тыңшылар бұған да жол бермеді. Ақыры Кенжебай ағаның әкесі Көдек қария 1934 жылы белгісіз жағдайда қытай-қазақ шекарасында қаза болды. Бұл кезде Кенжебай Көдекұлы небары 4 жаста еді. Ол енді анасы Күлімжанның тәрбиесінде қалды. Ал Күлімжан әжеміз болса, ең кенже баласы Кенжебайды қосқанда тағы 7 баланы (4 қыз, 3 ұл) бауырына қысып қала берді.

Асыл ана Күлімжан 60 жылдай кенжесі Кенжебайдың бойына адам баласына керекті қасиеттерді сіңіріп кетті.

Егер Кенжебай қарияның әкесі дүниеден өткен 4 жасынан кейінгі өмірін сөз етсек, сол бір аласапыран жылдардағы қазақ жас- өспірімдерінің тарихи тағдырына куә боламыз. 1932-1939, 1941-1945, бұдан кейінгі, яғни, Сталин қайтыс болған 1953 жылға дейнгі тарихи оқиғаларды көз алдымыздан өткізсек, сол уақыттағы жастар тұрмақ егде адамдардың қайғысын ғана көреміз. Аштық, тәркілеу, жазықсыз қудалау, алапат соғыс, тағы да қудалау – осының бәрі жастарды абайлап өмір сүруге үйрете отырып, қайткенде жан-жақты білімді болуға жетеледі.

Кенжебай қария 9 жасқа келгенде ағалары Ахметжан мен Керім, әпкесі Күлғаныш жазықсыз жазаланып, қалған бауырлары мен өзі, шешелерімен бірге қуғындалды. Бұлар кезіндегі Шелек ауданының Сарыбұлақ жеріндегі шалғайдағы «Каганович» ұжымшарына жер аударылды. Бұл –1940 жыл болатын. Кеңес-Герман соғысынан кейін аудан орталығы Шелекте орта білім алуын жалғастырған Кенжекең, зайыбы Тоқтанбүбі шешемізбен танысып, өз ара сөз байласты. Олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі дәл осы жерден басталып, 1953 жылдан 65 жыл бойы бірлесіп өмір сүруге, бала тәрбиелеп, немере-шөбере сүйуге жеткізді. Сөйтіп олар биылғы жылы Кенжебай ағамыздың 90 жылдық торқалы тойын өткізу қарсаңына да жетті.

2014 жылғы қыркүйек айының басында Алматы қаласының сол кездегі әкімі Ахметжан Есімовтың қатысуымен Достық сарайында жұбайлар тойының сабақтастығына байланысты салтанатты жағдайдағы «дөңгелек үстел» сол жылдан басталған республика көлемінде ұйымдастырылатын «Отбасылар күні» қарсаңында өткізілген еді. Осы салтанатқа арнайы шақырылған Кенжебай аға мен Тоқтанбүбі апамыз осында келген жас жұбайларға «Үйленудің оңай, үй болудың қиындығын» өз тәжірибелерімен бөлісті. «60 жыл бойы бір-бірімізге сүйіспеншілікпен қарап, ошағымызды сөндірмей, Гаухар той қарсаңына жетсек, бұл ең алдымен Отан алдындағы борышымызды түсініп істеген еңбек пен төккен тердің жемісі деп білеміз», – дейді олар.

1946 жылы Қазақ КСР халық комиссарлар Кеңесінің арнайы қаулысы бойынша 300 қазақ баласын елімізден тысқары жерлердегі жоғары оқу орнына жіберуге шешім қабылданды. Нәтижесінде осы жылы орта мектепті бітірген Кенжекең Ленинград тау-кен институтына түсті. Кенжекең аталған институтқа басқа фамилиямен тіркелген еді. Ол «халық жауларының» туысы және байдың баласы болғандықтан атасы Бекмырзаның фамилиясын жамылуға мәжбүр болды. Амал қанша, сол кездегі ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) оның әрбір ісін жіті бақылап отырған еді. 1948 жылы 1-курсты бітірген оны 2-курстың басында Ленинград тау-кен институтының НКВД-ға қарасты арнайы бөлім бастығы полковник Х. Енекеев деген ұлты татар адам кабинетіне шақырып, оның шын фамилиясы Көдеков екендігін бетіне басады. Ол кіріп келгенде: «Келдің бе Көдеков», – деп бұрынғы бай әкесінің фамилиясымен атаған. Бұл дегеніміз, «халық жауының» тұқымы екендігін білдіру еді.

– Сенің ағаларың қайда, Көдеков?

– Ағаларым ұсталып, сотталғаны рас, бірақ мен олардан хабарсызбын, білмеймін қайда екенін.

– Олар тірі, Көдеков, енді сенің Ленин есіміндегі қалада білім алуыңа орын жоқ.

– Мен не істеймін, білім алғым келеді, геолог болу арманым еді. Менің қандай жазығым бар?

– Сенің жазығың жоқ, Көдеков, бірақ сен ендігі жерде бұл жерде оқи алмайсың.

– Сонда мен не істеймін?

– Сен өзіңнің Қазақстаныңа барғаның дұрыс. Немесе ауылшаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орнына ауыс. Менің саған жасайтын жақсылығым осы ғана. Жағдайың дұрысталғанша қазіргі жатақханаңда тұра бересің. Ол жөнінде қам жеме, мен бұл мәселеге кепілдік бере аламын. Осы оқиғадан кейін оқудан шығарылған К. Көдекұлының барар жер, басар тауы қалмады.

Дегенмен, ақылшы да абзал ана Күнімжанның тәрбиесін көрген Кенжекең мойымады. Қайтып кетсе елге не бетімен барады? Осы ой жетегіндегі Кенжекең Ленинград қаласында қалып, кез келген жұмысты істеп, қаражат табуға кіріседі. 1948 жыл Ленинград қаласының қалпына келтіру жылдары болатын. Оған шетелдіктердің қол ұшын бергені де рас. Кенжекең бір үлкен форттың биржасына жұмысқа орналасып, ауылға оралу үшін жолына қаражат жинаудың қамына кіріседі. Ол Ленинград халқы үшін шетелден келген азық-түлік, киім-кешек тауарларын тиісті орындарға жеткізу жұмыстарымен айналысып, өзіне қажетті жол қаражатын адал еңбегімен тауып алады.

Тамыз айында еліне оралған ол баяғы геолог мамандығына қайткенде ие болуды ойлайды. Шешесі Күлімжан баланың десін қайтармады. Ол С. Киров атындағы ҚазМУ-ге оқу құжаттарын тапсырмақ болып 1948 жылдың тамыз айының соңына қарай аталмыш университетке келеді. Бағына қарай Сабира есімді ректор хатшысы өзі сияқты жазықсыз қудаланған отбасынан болып, Кенжекеңе жылы қабақ танытқан. Бұны естіген сол кездегі ҚазМУ ректоры Төлеген Тәжібаев хатшы Сабирадан бетер қамқорлық көрсетіп, Кенжекеңді бірінші тізімдегі геолог мамандығын алатын студенттер тізіміне тіркеген. Кенжекең 1952 жылы университет бітіргенде тағы да «халық жауының баласы» айыбы алдынан шығады. Яғни, қанша жерден жоғары білімді маман болғанымен оған өз елі Қазақстанда жұмыс істеуге орын болмады.

Өз мамандығын шексіз жақсы көрген Кенжекең әуелі Қырғызстанның № 141-ші геологиялық партиясында учаскелік, кейінірек аға геолог болып, Қорған және Қотыр деп аталатын қорғасын-мырыш кен орнында еңбек жолын бастады. Бұл кен орны КСРО-ның түрлі-түсті металдар министрлігіне қарасты ерекше өндірістік орын еді.

1953 жылдың қыркүйек айында бұрын мектепте оқып жүргенде сөз байласқан Тоқтанбүбі апаймен шаңырақ құрудың сәті түсті. Бұл кезде Тоқтанбүбі апамыз Абай атындағы ҚазПИ-дің жаратылыстану-география факультетінің химия-биология бөлімінің 4-курсында оқитын. Ал Кенжекең Қырғыз Республикасының Талас қаласында орналасқан Қорған кен басқармасында инженер-геолог қызметін атқарып жүрген. Ерлі-зайыптылар жұбы 1954 жылдан бастап ажырамады. Тоқтанбүбі апамыз 1954-1955 жылдары Кенжекең жұмыс істеп жатқан Талас қаласының №9 қырғыз-орыс орта мектебінде химия және биология пәнінен дәріс бере жүріп, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін қоса атқарды. Жас жұбайлардың кәсіби жұмысы 1956 жылдан 1961 жылға дейін Өзбекстанның Жазақ облысына қарасты қазіргі Науаи қаласында жалғасты. Осы өңірдің Үшқұдық-Мырзашөлдегі Мұрынтау кен орнында барлау жұмыстарын жүргізіп, белсенділік көрсеткен Кенжекең 1961 жылы Қазақстанға Бас геолог дәрежесінде оралды.

1961-1967 жылдар аралығында КСРО түсті металдар министрлігінің ұйғарымына сәйкес өз еліне табан тіреп, қазіргі Түркістан облысының аймағында орналасқан Байжансай кен басқармасына ауысып, кәсіби мамандықтарын одан әрі жалғастыруға кірісті. Кенжекең кен басқармасының бас геологы, ал Тоқтанбүбі апамыз болса басқарма орналасқан қалашықта орыс-қазақ орта мектебінде химия пәнінен дәріс береді.

1968 жыл бұрынғы «халық жауының» інісі Кенжебай Көдекұлы үшін әділдіктің таңы атып, басына үйірілген қара бұлт мүлде сейілді. Ол сол кездегі Қазақ геология министрі Шахмардан Есеновтың тікелей шақыру жарлығымен Алматыға араға 15 жыл салып, қайта оралды. Оның осы уақытқа дейінгі еңбегін жоғары бағалаған министр Ш. Есенов оған бүкіл оңтүстік өлкелік көпсалалы кенішінің геология-барлау экспедициясының төрағасы лауазымын ұсынады. 1968-1990 жылдары осы қызметте болған Кенжекең өңірдегі бес облыс аймағындағы (Қызылорда, Шымкент, Жамбыл, Алматы, Талдықорған) 68 геологиялық барлау мекемесіне басшылық жасайды. Нәтижесінде ондаған кен орындарын зерттеп, өндіріске енгізді. Атап айтқанда, Қаратау фосфорит бассейн-кеніші, Байжансай, Аралтау, Ақсуран қорғасын-мырыш, Шиелі уран кеніштері, қазіргі Нарынқол ауданы аймағындағы Ойқрағай-көмір, Қарағайлы-Ақтас-қалайы, Жарбұлақ-алтын, Кеген аймағындағы Тұйық-қорғасын-мырыш, Таушелек, Саты-алтын (Жалаңаш) кеніштері. Осы айтылғандардан бөлек Кенжекеңнің басшылығымен жүздеген құрылыс өндірісіне керекті кеніштер ашылып, оның өнімдері бүгінгі күнгі өндірістің барлық саласына енгізіліп отыр. Мысалы, Нұр-Сұлтан мен Алматының, т.б. бірнеше қалалардың сәулетті ғимараттары Қордай, Желтау, Екпінді, Таскөл гранит, мәрмәр тастарымен әшекейленсе, Батыс Еуропа – Батыс Қытай жол құрлысы Кенжекең басқарған экспедиция зерттеп, өндіріске енгізген жоғары сапалы құрылыс материалдарын кеңінен пайдаланап отыр.

1980-1991 жылдары Оңтүстік аймақтық госгеолконтролдың төрағасы болып қызмет атқарған Кенжекең 1991жылы қараша айында Қазақстан Республикасы өкіметінің қаулысына сәйкес «Қазақстан-Австралия іскерлік және мәдениеттілік бірлестігін» құрудың бастамашысы болды. Кенжекең осы ұйымда күні кешеге дейін геолог ретіндегі қызметін жалғастырған қажырлы адам.

Жетісу өлкесіндегі Албан тайпасының арасынан алғашқы болып, кеңестік тоталитарлық жылдарда қазақтан шыққан алдыңғы қатардағы геолог қызметін атқарған Кенжебай Көдекұлының көп жылғы еңбегі марапатсыз қалмады.

Ол – 1957 жылы КСРО жастар сыйлығының лауераты атанса, 1960 жылы КСРО-ның Құрмет белгісі орденімен марапатталды. Ал 1971 жылы КСРО-ға еңбегі сіңген геолог, 2010 жылы Қазақстанға еңбегі сіңген геолог-барлаушы атағын алған Кенжекең осы жылы «Халықаралық міндетке адалдық» орденімен марапатталды.

Қазақстан-Австралия іскерлік және мәдени ынтымақтастық бірлестігінде бүгінге дейін жер қойнауы байлықтарын барлау және олардың өнімдерін өндіріске енгізу саласы бойынша бас кеңесші және атқарушы директор болып кызмет етіп келе жатқан Кенжекең Қазақстанға 100 млн.-нан астам АҚШ долларындағы қаржы пайдасын әкелуге қол жеткізді.

Тікелей оның ұсынысы бойынша Австралиядан 4 ірі таукен саласында жұмыс істейтін 3 компания өздерінің қаржыларымен ешқандай кепілдемесіз 1995 жылдан бері қазақ жерінде алтын, мыс кеніштеріне геологиялық барлау және өндірістік жұмыстарын жүргізіп жатыр. Елімізде қазіргі таңда алтын өңдейтін Ақбақай және Далабай екі зауыт салынып, іске қосылды. Қазақстан өкіметі оның еңбегін ерекше бағалап, 2010 жылы республиканың жер қойнауының Құрметті барлаушысы деген медальмен және халықаралық академиясының ерен еңбегі I дәрежелі орденімен марапаттады.

Тау қопарып, тас қашаған Кенжебай Көдекұлы сынды Қазақстанға танымал геолог бүгінде өмірлік серігі Тоқтанбүбі апамызбен бірге 65 жылдай өмір сүріп, ғибратты ғұмыр иесі атануда. Осы арада, қазақтың «Ерді ер қылатын да, жер қылатын да – әйел» дейтін тәмсіл есімізге түседі. Кенжебай ағаның жан жары Тоқтанбүбі апамыз қазақ әйеліне тән осы бір мәтелді өмір бойы жадында сақтаған жан. Ол Кенжекең қызмет істеген елді мекендердегі мектеп оқушыларына химия пәнінен орысша және қазақша білім берумен бірге көп бейнет көрген енесінің ақылына тоқтай білген адам. Қазақ келініне біткен қасиеттерді терең меңгерген ол азулы ененің қатты айтқан сөзіне қапаланбай, оның кез келген сөзінен байыпты қорытынды шығаруға тырысты. Кенжекең алыс сапарға кеткенде кәрі шешені күтумен бірге жас бүлдіршіндердің амандығына, олардың тәлім-тәрбиесіне қарап, бүкіл жауапкершілікті мойымай көтерді. Ойлап қарасақ, барлаушы-геологтың өмірінің көбі түзде өтеді ғой. Осындай жағдайда оның әйеліне отбасы тірлігінде екі бірдей адамның жұмысын атқаруға тура келетіні есімізге түседі. Демек, Тоқтанбүбі апамыздың отбасылық бала тәрбиесіне қосқан үлесіне оны түсінген адамдар тарапынан бас июге тура келеді. Бұл ерлік бұрынғы жаугершілік заманда жарының амандығын тілеп, сарыла күткен аналар тағдырынан да биік тұр. Ол замандағы аналар тек өз баласының тәрбиесімен айналысса, Тоқтанбүбі апамыз мектеп қабырғасындағы бөтен жұрттың балаларына да тәлім-тәрбие беріп, үлкен жетістікке жеткен білікті маман, ұлағатты ұстаз. Ол өз мамандығы бойынша «Озат мұғалім» және «Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгімен» марапатталған үздік оқытушылар қатарында тарихта қалатын құрметті педагог. Жалпы айтқанда, осындай ақылды да шыдамды, парасатты да ұлағатты жар болмаса, аңқылдақ мінезді Кенжебай ағаны бүгінгідей биіктен көре алмаған болар едік.

Қажымай-талмай, түрлі қиыншылықтарға төзе жүріп, өз Отанына адал қызмет атқарған Кенжекеңмен оның жан жары Тоқтанбүбі шешеміз екеуінің адал махаббаттары үш қызды дүниеге әкелді. Құдайға шүкір, екі қарт осы қыздардың арқасында бүгінгі күні ештеңеден тарылып отырған жоқ. Олардың үшеуі де елімізде айтулы орындарда қызмет істей жүріп, әрқайсысы ұл мен қыз тәрбиелеп, оларды қазіргі ортаға сай білімді жастардың қатарына қосса, ол, әрине, бүгінгі 90-ның төріне шыққан қарияның мерейін өсіреді. «Алдыңғы арба қалай жылжыса, соңғы арба да соның соңынан қозғалатыны» сияқты Кенжекеңнің інісі Тұрсынбек те еліміздегі гидрофизика саласындағы ірі ғалым, ғылым докторы бола жүріп, кейінгі жылдары Қоршаған ортаны қорғау министірлігінен зейнетке шықты.

Інілері мен балаларының, немере-шөберелерінің, тыңғылықты істеріне ризашылықпен қарайтын бүгінгі Кенжекең мен Тоқтанбүбі шешеміз өздерін үлкен бақыт иесі санайды. Бұл бақыт оңайлықпен келмеді. Өмірдің ащы-тұщысын бірге көтеріп, оқ пен оттың ортасында қан мен тер кеше жүріп, бұралаң заманда жол тауып келген бақытқа тынымсыз еңбектің арқасында ғана жетті. Өмірі өнегеге толы Аспантаудың қос шынарына ғасырдың төріне бірге шығуды нәсіп етсін.

Бақдәулет БЕРЛІБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор