АҚШИІМ ДЕГЕН АЗАМАТ ЕДІ

Уақыты: 23.09.2019
Оқылды: 1041
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Белгілі бір елді мекеннің аты аталғанда әдетте көз алдыңа сол мекенде көп уақыт тірлік кешіп, қызмет еткен, сол ауыл тұрғындарымен біте қайнасып, ағайын-туыс болып араласып кеткен, соларға жүктелген қандай да бір міндеттерді ауырсынбай арқалап жүрген азаматтың келе қалары анық. Кезінде тарап кеткен Күрті ауданының орталығы болған, бүгінде іргелі Іле ауданының берекелі бір елді мекені болып отырған Ақши ауылы дегенде менің көз алдыма сондай бір атпал азамат Даниал Өгізбаев елестейтін. Қазір де елестейді...

Әлеуметтік желіден суық хабарды оқығанда өз көзіме өзім сенбедім. Бұған дейін анда-санда кездесіп қалғанда «Мына жерім ауырып жүр», «Сырқаттанып жүрмін» деп бір рет те айтып көрмеген, қашан да өзінен бұрын көпшіліктің қамын ойлап жүретін азаматтың кенеттен, мезгілсіз өмірден өтіп кетуі мүмкін еместей көрінген.

Алайда жаманат хабар шын болып шықты. Осы Ақши өңірінде кіндік қаны тамып, балалық бал дәуренін кешкен, ат жалын тартып мініп, атпал азамат, білікті басшы атанған, саналы ғұмырын осы өңірді түлетуге арнаған Даниал Рақымбайұлы пайғамбар жасына толуына небәрі екі-үш ай қалғанда кенеттен қайтыс болыпты. Ақшидегі таныс, туыстарға хабарласқанымда себебін ешкім нақты айта алмады. Жүрегі сыр беріп, қан қысымы көтеріліп кеткен бе әлде денсаулығында басқа кінәрат болды ма, аздан кейін оны нақтылаудың да көп қажеттігі жоқ шығар. Бір анығы, жұмыс, қызмет, таусылмайтын шаруа қарбаласымен жүріп денсаулығын дұрыстап күтпеген, ауруханада жатып емделуді кейінге қалдыра берген, қалдыра берген... Өкінішті!

Даниал Рақымбайұлының өмір жолына көз салып отырып таңданысымызды жасыра алмадық. Әдетте басқа азаматтардың өмірбаяны әлденеше елді мекен мен ауданды, кейде тіпті әлденеше облыс пен республиканы қамтып жатпай ма? Дәукең болса азды-көпті ғұмырында қысы қатаң, жазы аптап ыстық болып келетін құмды өңірмен шектесіп жатқан алақандай ғана Ақшиінен алысқа ұзап шыға қоймапты.

Айтпақшы, армия қатарында азаматтық борышын өтегенде қиырдағы Загорск қаласында екі жыл солдаттық, сосын Абай атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқып жүргенде Алматы қаласында біраз жыл студенттік ғұмыр кешкен екен-ау. Одан басқа кездері аз ғана мерзімге қонаққа барса да, басқа шаруалармен жолға шыға қалса да дәйім Ақшиіне асығып тұрыпты. Басқаларға шаң басқан шағын ауыл болып көрінгенімен өзіне ыстық, өзіне қымбат бұл өңірді ешбір жердің жұмағына теңгермейтін еді. Ақшидегі жылжымайтын механикаландырылған колонна құрылысшысы, осындағы Тоқаш Бокин атындағы кеңшардың жұмысшысы, осы ауылдағы мектеп мұғалімі, осындағы сырттай оқыту мектебінің оқу ісі меңгерушісі, мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің қызметкері, Күрті аудандық Кеңесі атқару комитетінің, аудандық партия комитетінің жауапты қызметкері болып өмір жолы жалғасып кете береді. Біраз жыл осындағы Күрті селолық округі әкімінің орынбасары болды. 2010 жылдан өмірінің соңына дейін Күрті ауылдық округінің әкімі қызметін абыроймен атқарды.

Бір қарағанда ауыл әкімі деген соншалықты лауазымды қызмет болып та көрінбейді. Дегенмен, бұл қызметтің де жауапкершілігі аз емес. Әсіресе бұрындары аудан орталығы болған, содан кейін де аудандық деңгейдегі басшы азаматтар көптеп тұрған, әлеуметтік жағдайын жақсартуға әлденеше жылдар бойы баса көңіл  бөлініп келген елді мекенде басшы болу – қиынның қиыны. Даниал Рақымбайұлының бұл міндетті абыроймен атқарғанын айтуға тиіспіз. Бір кезде өзіміз 12 жыл тұрған ауылға барып жүріп бір тұрғынның ауыл әкіміне қатты ренжігенін, өкпе айтып, теріс бұрылып бара жатқанын көрмеген екенбіз.

Бүгінде тарап кеткен Күрті ауданы туралы сөз болғанда жан-жүрегіміздің елжіреп тұратындығын жасырып қайтеміз?! Алматы шаһарын азық-түлікпен жабдықтауды жақсарту мақсатымен құрылып, бар тарихы ширек ғасырға ғана созылған аудан тұрғындарының, соның ішінде Ақши тұрғындарының арасындағы сыйластық шынында өзгеше болатын. Облыстың бірнеше ауданынан ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен, одан өзге Түрікменстан мен Қарақалпақ жерінен көшіп келген қандастарымыз аядай ғана ауылда туыс-бауырдай болып жақын араласып, достасып кеткен еді.

Соған орай басшылық тарапынан кадр саясаты да әділ жүргізілді. Белгілі бір мекеме мен ұйым, кәсіпорынға басшы таңдалғанда оның қай жерден екендігі емес, ең алдымен іскерлік, біліктілік қасиеттері назарға алынатын. Содан кейін де шығар, кейін сол күртілік кадрлардың арасынан аудан, облыс деңгейіндегі басшылар көптеп шықты. Сондай білікті басшылардың, асыл азаматтардың бірі өзіміз сөз етіп отырған Даниал Рақымбайұлы еді.

«Ауылына қарап азаматын таны» деген ақиқатқа сүйенетін болсақ, Ақшидің бүгінгі ажар, сәулеті айшықты, барлық қызмет көрсету мекемелері жүйелі жұмыс істейді деуге болады. Бұл істе ауыл әкімінің қомақты үлесінің барлығы ешбір дәлелдеуді қажет етпейтін шығар деп ойлаймын. Ортақ шаруаға ол тиісті қаражат көздерімен қатар осы ауылдан шыққан, осы өңірде қызмет істеген белгілі азаматтардың күш-жігерлерін де жұмылдыра білді.

Шындығына көшкенде Дәукең ауылдық округ әкімінен әлдеқайда жоғары деңгейдегі лауазымды қызметтерге де лайық еді деп ойлаймын. Бәлкім, ондай ұсыныс кезінде болған да шығар? Кіндігі туған жеріне – аңызақты Ақшиіне байланған азамат ұсынылған ондай қызметтерден бас тартты ма екен, кім білген? «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталып, «Іле ауданының Құрметті азаматы» абыройлы атағын алған білікті басшы қандай сый-құрметке де лайық еді десек, артық айтқандық бола қоймас.

Жалпы өзің өскен өңірдің құрметті азаматы атанудан асқан абырой жоқ шығар? Көп жағдайда бұл атақ орден, медальдар мен басқа жоғары марапаттардан да артық көрінеді. Дәукең тірлігінде осындай абыройлы атаққа ие болған азамат.

Дана халқымызда «Орнында бар оңалар» деген жақсы бір тұжырым бар емес пе? Сол айтқандай, бұл қаза Дәукеңнің туған-туыстары үшін ғана емес, бүкіл ауылдастары, марқұмды білетін замандастары үшін де қаншама ауыр болғанымен соңында ісін жалғастыратын ұлдары мен немерелерінің, қара шаңырақтың отанасы, жан жары Жәмиләнің қалғандығын дәтке қуат етеміз.

Дәукеңмен тірлігінде сырлас дос, қимас бауыр болып кетіп едік деп жалған сөйлей алмаймын. Бірақ түрлі жағдайда араласа жүріп, бір-бірімізге қатты сөз айтып, ренжісіп те көрмеппіз. Асыл азаматтың бойына ана сүтімен сіңген кішіпейілдігі мен қарапайымдылық қасиеттері, ішкі мәдениеті оған жібермейтін де еді ғой. Көп ретте күнделікті жұмысқа байланысты айтылған өтініштеріміз де жерде қалып көрмепті. Осынау жылдар ішінде жолдастық, сыйластық қалпымыздан ешқашан ажырамаған екенбіз. Атпал азамат сондай адамгершілік асыл қасиеттерімен де жұртшылық жадында мәңгілік қалып қойғандай. 

Н. ДОДАБАЙҰЛЫ