"КӨЗІМІЗ ТОЙМАЙДЫ": МЕХАНИЗАТОР 25 ЖЫЛДЫҚ ЕҢБЕК ЖОЛЫН ӘҢГІМЕЛЕДІ

Уақыты: 27.09.2019
Оқылды: 1114
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Еңбек бәрін де жеңбек». Осынау аталы сөзді ту етіп, еңбегімен ел ішінде абыройға бөленіп жүрген жандар көп. Олар өндірісті өркендетуге, экономиканы алға жылжытуға, татулық-бірлікті бекем етуге күш салып жүр. Талай жыл табандылықпен жұмыс істеп, кейінгі толқынға үлгі болған азаматтың бірі – «Балпық» ЖШС құрылғалы еңбек етіп келе жатқан Дәурен Ахметов.

Соңғы жылдары жастардың басым бөлігі жұмысшы мамандықтарынан қашқақтап, заңгер, қаржыгер сияқты «төрелік» кәсіпті немесе күзет, такси жүргізушісі сияқты жеңіл-желпі жұмысты қалайтын болды. Сөйтіп, елімізде жұмысшы және шаруа кадрларының жетіспеушілігі байқала бастады. Ұл-қыздың бәрі жоғары оқу орнына талпынады. Грантқа түсе алмаса, қыруар ақша шығындап, ақылы бөлімде оқиды. Қолына диплом алып, жұмыс таба алмай, көше кезіп жүргендер қаншама? Міне, бүгінгідей жұмысшы мамандықтары қат болып тұрған шақта еңбек адамының орны тым  бөлек болса керек.

Дәурен Нұрбайұлы қазіргі Көксу ауданы, Жарлыөзек ауылында 1956 жылы өмірге келген. Ол еңбекке ерте араласты. Өзінің айтуынша, ата-бабалары темір ұстасы, шаш етектен келген шаруаны иіріп алып кетер еңбекқор жандар болған. Сондықтан да әулеттің құтты шаңырағында ес таныған балалар 7-8 жасынан тіршілікке бейім болып, үлкендердің тапсырмасын тап-тұйнақтай етуге дағдыланыпты.

Соғыстан кейінгі кезеңде есейген кейіпкеріміз еңбектің ащы дәмін татып өсті. Тар заманның тауқыметін тартқан ол оқуда озат, еңбекқор, ұқыпты болды. Тіпті, мектептен қайтқанда да киімдері айнадай таза келетін. Өйткені, әр заттың қалай келгенін білетін, қадірін түсінетін. Сыныбында үлгілі оқушы атанды. Мектепке барып көз майын тамызып жата-жастана оқығаны да есінде. Әйтсе де тағдыр салған қиындыққа қарамай, еңбекке деген құлшынысының арқасында ол үлкен өмірге белсене араласады. Жастайынан жігерін жаныған қайсар бала қайтсем де ауылшаруашылығы техникасын үйренем деп алдына мақсат қояды. Өмірінің кей кездерін есіне алған кейіпкеріміз:

 – Еңбектене ішкен дәмнің тәттілігін, тер төге істеген істің сәттілігін жастайымнан түсініп, сол кездегі балалардың көрген ауыртпалығын мен де сезіндім. Техника рөліне отырғаннан қыстай ауылға азық-түлік тасып, егістікке қар тоқтатып, көрші ауылдарға мал азығын тасымалдасақ, көктем шығысымен қайнаған тірлікке ден қоямыз. Таңсәріден егістік алқаптарына аттанып, қас қарая ғана үйге оралатынбыз. Жер жыртып, дән сеуіп дегендей, егін-терін жиылғанға дейін шаруа бастан асатын. ДТ-54-тен бастап, «Беларус» тракторында жұмысымды жалғастырдым. Аллаға шүкір, бір қыз, үш ұлды тәрбиеледік. Кішкентайынан кенже ұлым май-май боп трактордың асты-үстіне түсіп жүрген маған жәрдем беріп, техниканы тез меңгеріп алды. Ауылда мал ұстап, егін еккеннің ризығы мол болғандықтан, балаларым шаруашылықты құп көрді, – дейді.

Техниканы ұқыпты ұстайтын жігіт ағасы темір тұлпары сынып далада қалғанда да қараусыз тастамай, жақын елді мекендерге жеткізіп, өзі іске қосып, тапсырылған шаруаны тындырып жүретін. Осы еңбегі де бағаланып, сол кезеңдегі барлық мадаққа ие болған.

Мектепте оқып жүргенде әкесінің тракторын білдірмей жүргізіп кететін еді. Бір күні ағашқа соғып, ұрыс естігені бар. Сонда да ол талпынған бетінен қайтпады. Бос тұрса, мініп кетеді. Әкесі мұны біліп қойып, талай ескерту жасап, тыйым салады. Алайда ынтасына қарап, әкесі оны трактор тізгіндеуге баулыды. Сөйтіп, техниканың тілін түсінген, ауылдың жалғыз темір ұстасы болған әкесі Нұрбайдан көрген-білгенін тереңдетіп үйренді.

Әке жолын қуған бала ауылшаруашылық техникумына оқуға түседі. Білім ордасын тәмамдаған соң сол кездегі 23 партсъезд кеңшарына келіп, трактордың тізгінін қолына алады. Техниканы жетік меңгерген баланың көлігі үнемі бабында, жұмысқа сақадай- сай тұратын. Оның бойында үлгі тұтарлық қасиеттер көп. Сондықтан болар, әу бастан кәсібіне адалдық танытып, үлкен жауапкершілікпен қараған Дәуреннің жұмысқа деген құлшынысына жұртшылық тамсанатын. Ал, кеңшар басшысы Шәкәрім Әдетбеков шаруаға деген ынтасына сүйсініп, өзгелерге үлгі қылды. Жүргізуші болып еңбек жолын бастаған ол уақыт өте инженер-механик, электр маманы, темір ұстасы ретінде қызмет атқарды.

– Кез келген жұмысқа немқұрайдылықпен қарау – табиғатыма жат дүние. Бар ғұмырым осы темір-терсектің арасында өткендіктен сүйікті ісімнен бір елі ажырағым келмейді. Өмірде жеткен жетістігімнің бәрі – адал еңбегімнің арқасында. Әкем де техникаға жақын болған соң осы салаға жүрегім бұрып тұрды. Міне, бірнеше мамандықты қатар алып, қызмет етіп келемін. Тынбай тер төгудің арқасында бақытымды тапқандаймын. Соның нәтижесінде көпшіліктің алғысын арқалап, әулетімнің арқа сүйер асқар тауына айналдым, – деп қанағатшылдықтың қарапайым үлгісін көрсете білген Дәурен Нұрбайұлының бір салада, бір мекемеде жұмыс істегеніне 25 жылдан асқан.

Ауылшаруашылық техникасын жөндеуді енді үйреніп жүрген кезі. Теориялық тұрғыда білгенімен трактор, «КамАЗ»-дың кей түрлерінің бөлшектерін бірінші рет көріп тұр. Кеңшарда еңбек етіп жүріп, ауыр техни­касына қызығушылығы артқан Дәурен үлкен «К-700» тракторын жүргізуді армандайды. Фермада жүріп аталған тракторды жүргізетін ағаларға техникасымен малға шөп салуға өзі сұранып жүреді. Сонда кәдімгі тракторлардан «К-700»-дің биік екенін көріп, ойланбастан жүргізуге қызығады. Ол үшін арнайы курс оқиды. Ал келер жылы келген жаңа «К-700»-дің біреуін тізгіндейді. «Қиын болады» деген сөздерге қарамастан, алған бетінен қайтпайды. Сол сәттегі мына бір оқиғасымен бөлісті.

– Егістік алқабында трактор тоқтап, жүрмей қалды. Қай жерден ақау шығып тұрғанын білемін. Сосын бұзуға «беспін». Бұзылған техника бөлшегін алып кетіп, жөндеп әкеліп береді. Бірде «К-700» түтіндеп, жүрмей қалды. «Форсункасы» істен шығыпты. Соны босатып қойдым. Бригадир келді. Енді үлкен техника. Бөлшектері де ауыр. Екеулеп көтеріп алдық. «Ауыр емес пе?» – деп сұрап қояды. «Ауыр емес» деп көтеріп, жөндеп алған кездер болды, – дейді майталман механизатор.

Бір күні ауыр техниканың гидробагынан келетін майтүтік (шланг) жарылып кетеді. Оның ішінде 200 литр май бар. Барлығы ағып кетпеуі тиіс. Техника болған соң қосымша бөлшектер бірге жүреді. Бірден «отыз екілік» майтүтікті алып ауыстыруға кіріседі. Жарылғанын алып, жаңасын салайын десе икемге келмейді. Содан жаңағы май ағып тұрған жерді қолмен бітеген күйі ұстап тұрады. Қолдан аққан қозғалтқыш майы аяққа дейін жетіп, жер «көл-дария» болады. Жіберейін десе барлық май ағып кететін түрі бар. Содан түскі астан механизаторлар келгенше тұрады. «Бұл бір естен кетпейтін шақ», – дейді кейіпкеріміз.

– Қазіргі шаруашылықтағы тракторлар су жаңа, «Жетісу» ӘКК-нан лизингке алғанбыз. Тағы да мүмкіндік туып жатса, басшылық ескі техниканы да жаңартпақ. Көктемгі егістік науқанында канадалық трактормен егін егеміз. Күніне 100 гектар жерге дән себеміз. Бар жағдайы жасалған, қазіргі техниканың бәрі ақылды. Бұрынғыдай емес, жұмыс ауылшаруашылығы саласында әлдеқайда жеңілдеген. Ол, әрине, техникалардың жаңаруының нәтижесі. Қазіргі кезде жұмысшылар егінді музыканы қосып, әндетіп жүріп егеді. Арасында трактор тізгінін сағынған уақытта өзім де егістік алқабына кетемін. Бірақ көбіне бұзылғанды жөндеймін. Жаз мезгілінде де жер жыртып, өңдейміз. Одан кейін шөп шабу науқаны келеді. Онда да тынымсыз еңбектің үстінде жүреміз. Күзбен қатар келетін егін ору сәті – мүлдем бөлек әңгіме. Егін алқабының сәніне көзіміз тоймайды. Сол алқапқа қарап тұрып-ақ көңілің көтеріледі. Осылай бір мезгілден, келесі мезгілге дейін жұмысымыз жалғаса береді. Қыс мезгілінде серіктестіктің мал шаруашылығында жұмыс қызады. Мал сол мезгілде қолға қарайды, – деп маңдайдан шып-шып білінген терін білегімен сүрткен әке көңілі көңілі отбасына ауысты.

Жаны жақсылыққа толы жанның өмірі мен еңбек жолы бәріне үлгі. Ағамыдың адамдығы жайында әріптестері ой толғап, қазір де бала-шағасының, төрт немересінің ортасында шаттыққа бөленіп отырғанын айтты. Айта кетерлігі, кейіпкеріміздің кенже ұлы Жасұлан да әке жолын қуып, техниканың тілін меңгеруде. Бұл – қанда бар өнер әкеден балаға тарағанының дәлелі.

Дәуреннің жемісті еткен еңбегі, оның бүгінге дейінгі жинаған озық тәжірибесі кәсіпорындағы шәкірттерімен жалғасуда. Қызмет еткен жылдарының ішінде талай жасқа өз білгенін үйретіп, ізбасар да дайындап үлгерген. Қазіргі таңда шаруашылықта техникаға жақын дегендер қатарынан «КамАЗ» жүргізушісі Төлеген Момбеков пен комбайншы-механизатор Виталий Басмановты тәрбиелеуде. Үшеуі үш жақтап, кәсіпкерлікке тиесілі 9 трактор, 3 комбайн, 9 ауыр көлік пен шөпті шабатын, дәрі себетін, алқапты тегістейтін техниканың сақадай-сай болуын қадағалайды. Майталман механизатордың шәкірті Төлеген Момбеков:

– Кешегі темір тұлпардың құлағында ойнаған аталарымыз бен ағаларымыз әлдеқашан зейнет демалысына шығып кеткен. Бізге дейін жұмыс істеген механизаторлар бесаспап маман болған. Олар тракторды да, комбайнды да жүргізе беретін. Біз де сол еңбеккерлердің ізін жалғап келеміз. Бүгінде қызу жұмыс басталды. Биыл 182 гектар жерге егін егілді. Осының барлығы – шаруашылықтағы 50 жұмысшының жемісі, – дей келе:

– Бітік егін – ел ырысы. «Нан болса,  ән болады» деп халқымыз бекер айтпаған. Байлық та, береке де – нанда. Дән өсіріп, оны жинаушылар нан қадірін жақсы білеміз. Астық – тоқшылықтың  белгісі. Астық болса бәрі болады. Алдағы уақытта да табыс биігінен көрінуді назарда ұстаймыз, – деп сөзін түйіндеді.

Айта кетейік, «Балпық» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің ди­­­қан­­­­дары былтыр қант қызылшасының әр гектарынан 420 центнерден өнім ал­­­­­­­­­са, биыл да сол межеден шығуды көз­­­­­­­­деп отыр. Осындай адал еңбекпен танылған тұлғалардың тарихта қалары анық. Еңбек адамы өңіріміздің мақтанышына айналған.

Еңлік ҚАБДЕШ

Суретті түсірген – Аслан ҚАЖЕКЕ