"БАҚЫТ - АҚШАДА ЯКИ БАЙЛЫҚТА ЕМЕС": АУЫЛ ӘКІМІ ОСЫЛАЙ ДЕЙДІ

Уақыты: 14.10.2019
Оқылды: 1025
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Алпыс жас. Көлденең көк аттыға ырқын бере бермейтін белес. Бұл – ақыл-ойдың нағыз толған, ел ағасы атанар өмірдің айтулы кезеңі. Өскелең ұрпаққа өнеге болып, кейінгілерге табысты жалғастырар із қалыптастырар кемел шақ.

Бүгінде бүтіндей бір ауылды бірауыз сөзімен ұйытып, көгілдір көлден нәпақасын тауып жүрген балықшылар мекенін –  Алакөл ауданына қарасты Қамыс­қала ауылын бас­қарып отырған, шет­тегі елді мекен­нің үлкеніне сый­лы, кішісіне үлгі, айналасында­ғы қалың  қауымға құр­метті атанған азамат Бүтіншінов Асқар Мұхаметқанұлы да алпыс дейтін арғымақты ерттеп, тізгініне қол тигізді.

Талай жылдан бері табан аудармай басшылық қызметте жүрген кейіпкеріміз 1959 жылы Алакөл ауданының Бұлақты ауылында дүние есігін ашқан. Ауылдас ағайынның айтуы бойынша жастайынан ұйымдастырушылық қабілетімен дараланып, елгезек, ақжарқын мінезімен танылып, өнерімен өзгелердің көңілінен шыққан. Қара жұмыстан да қаймығып көрмеген бала Асқар әр істің жөнін біліп, үй шаруасында да, мектепішілік шараларда да белсенділік танытқан. Соның арқасында қатарластарының алдынан көрініп, талай асқарды бағындырғанына бүгінгі биігі дәлел.

1977 жылы Бұлақты орта мектебін тамамдап, І.Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогикалық институтына ән-күй мамандығы бойынша оқуға түседі. Төрт жылда мамандығының қыры мен сырына қанығып, қолына дипломын алған жас маман туған ауданындағы К.Маркс атындағы орта мектепке музыка пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан. Жастығына қарамастан өзінің өнерінің, ұжымда жұмыс істеу қабілеті мен ұйымдастырушылық белсенділігінің арқасында 1985 жылы «Қарақұм» кеңшары комсомол ұйымының хатшысы болып тағайындалады.

Ол кезде жастарға жетекшілік жасауды кім көрінгенге сеніп тапсыра бермейді. Сыннан өткен, көшбасшылығымен көзге түскен жандар ғана қатарларына жетекші бола алатын. Үшарал қаласындағы М.Төлебаев атындағы балалар музыкалық мектебінің директоры қызметін атқарған жылдарда да талай баланың бойында булығып жатқан дарынның көзін ашып, көкке самғатты. Жұмыста жеткен жетістігі жұрт көзінен таса қалған жоқ. 1988 жылы басшылықтың сенімін арқалап, лауазымдық сатымен жоғарылап, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі атанды.

Осы салаға жетекшілік еткен он шақты жылда ауданның мәдениет саласында бірқатар маңызды жаңалықтар жүзеге асты. Сол кездері алыс Алакөлде қанаттанған талай-талай өнерпаздың бүгінде өнер көгінде өз орнын тапқанын да айта кеткен жөн.

Шалғайдағы шегаралы ауданның алыстағы ауылдарының бірі Қамысқалаға қоныстанғанына да жиырма жылға жуықтапты. Алғашында осындағы орта мектепке басшылыққа тағайындалды. Білім ошағында басшылықта жүріп, балықшылар тұратын үлкен елді мекеннің ел-жұртымен етене араласып, күрделі мәселелердің күрмеуін тарқатуға бірлесе атсалысып жүріп, жұрттың сеніміне ие болғанының арқасы болар, арада бірнеше жыл өткеннен кейін аталған елді мекеннің тізгінін қолына ұстады.

Аудан басшылығының таңдауымен, жергілікті жұрттың сенім артуымен Қамысқала ауылдық округінің әкімі лауазымын атқарып келе жатқанына да он жылға жуықтапты. Зымырап өтіп жатқан жылдардағы қызмет жолында бедел биігінен көрініп, марапаттарға ие болды. Қиналған сәттері де жоқ емес. Халыққа барынша жақын болуға тырысқанының арқасы болар, жаман аты шықпады. Қазіргі кезде өзінің тірлігін осы елді мекенсіз елестете алмайды. Ауыл тұрғындары да оны сыйлайды, сенім артады. Мұның барлығы әкімнің бұқарамен тығыз байланысы мен ұйымдастыра білуінің жемісі екені анық.

Бүгінде Қамысқала аудандағы жағдайы жақсы, тұрғындары әл-ауқатты ауылдардың бірі. «Балықшының байлығы – етек-жеңі кепкенше» дегенде, таң бозынан көлге аттанып, түн ортасы ауғанда үйге қайтатын, бейнетті кәсіптен нәпақа тауып отырған балықшылар ауылының берекесі мен мерекесінде барлық істің басы-қасында жүретін әкімнің де үлесі барлығы сөзсіз.

Басшының іргелі ісінің ықпалымен қамысқалалықтар ауыл тазалығын, іс-шаралардағы белсенділікті, кез келген мәселені жұмыла шешуді қалыптасқан дәстүрге айналдырған. Көл жағалауын реттеу, арнайы бекітілген көлемде ғана балық аулау да әкімнің қырағы көзінен қалыс қалмайды.

Кейіпкеріміз тек қана қызметімен емес, сондай-ақ, отбасындағы жарасымдылықпен, ұрпақтарына берген тәрбиесімен де ел аузында. Өмірлік қосағы, Алакөл орта мектебінің директоры Динара Ахмеджанқызы екеуінің үлгісі жұртының көз алдында. Баласының алды Ерік жеке іспен шұғылданса, қызы Алакөл аудандық орталық ауруханасында психолог, ал кіші ұлы «КазТрансОйл» мекемесінде жүргізуші болып еңбек етеді. Кенжесі Нұрбибі мектепте оқиды. Әкеден алған тәлімінің арқасында барлығы да өз істерінің маманы атанған.

«Мен ешқашан да балаларымның бетінен қақпадым. Олардың ойға алған ісін ортақ шешімге салып, бұрысы мен дұрысын сілтеп, бар бастамаларына үнемі қолдау көрсетіп отырдым. Қателіктері үшін сөкпедім, себебі, адам баласы әр қиыс басқан қадамынан сабақ алып, жетіле түсетінін білемін. Ең бастысы, олардың тәрбиесі мен біліміне көңіл аудардым. Үлкенді сыйлау мен қайырымды болу, өзгенің ала жібін аттамау сынды тағылымдарды бойларына, қазақы мінезді саналарына сіңіруге тырыстым. Құдайға тәубе, қазір барлығы да өжет, өз салаларында ешкімнен қалыспай, ада­лынан ас табуда. Балалары­ның бақытын көрген әкеде басқа нендей арман бол­сын?! Енді, міне, кішкентай хан­шайымым көзайымым болып, жұмыстан шаршап келгенімде «әкелеп» мойныма асылып, құшырлана құшақтайды. Осындайда бақ пен бақыттың ақшада яки байлықта емес, қарапайым ғана отбасылық жылылықта жатқанын сезінесің», – дейді мерейтой иесі.

Міне, күнделікті уақытының басым бөлігін өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаруға жұмсайтын, бір отбасының ғана емес, бүтіндей бір ауылдың халқын туыс санайтын азаматтың өмірлік өнегесі  осындай. Түздегі тірліктен бөлек үйдегі тұрмысты да жөнімен жайғастырып, әкім ғана емес, әке де бола білу оңай міндет емес.

Жұрттың алдында жүрсе де өзін халықтан биік қойып көрмеген Асқар Бүтіншіновты асқаралы алпыс жастың биігін бағындыруымен шын жүректен құттықтаймыз! Бүгінгі шыққан шыңы ертең одан да биік  жетістіктерге бастар жол болсын. Елдің мұңын мұңдап, жоғын түгендеуден талмай, танбай еңбектеніп, бұқараның береке-бірлігін сақтауда аянып қалмаңыз. Алпыстың арғымағына мініп, жүз жастың да жүйрігін қуып жетуді жазсын.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы