"ЖЕЗӨКШЕЛЕРДІ ЗЕРТТЕДІМ": ЖУРНАЛИСТ АПАЙ ӨТКЕН ӨМІРІНЕН СЫР ШЕРТТІ

Уақыты: 15.10.2019
Оқылды: 1567
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Еліміздің ішкі істер органдарының медиаорталығынан шығатын мерзімді баспасөз беттерінде үнемі тұшымды әңгіме, сырлы сұхбат, қызықты детектив, репортаж, сараптамаларымен оқырманға жақсы таныс Гүлнәр Жапарғалиқызы бүгінде асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Саналы ғұмырын журналистикаға арнаған қарымды қаламгердің қаламынан туған шығармалары мен жүректің түкпірінен шыққан маржан жырлары кез келген жүрекке жол тауып, көңілге қонары анық.

Гүлнәр Тазабекова-Мағзұмова туралы айтар болсақ, бүтін бір ғасырға бергісіз ғұмырды көреміз. Көрген адамның көзі тоятын, сөйлеген кезде көпшілік сілтідей тынатын әдемі әйел әлемі кез келгенді өзіне баурап алары сөзсіз. Гүлнәр апаймен бірге жұмыс істеген үш-төрт жылда ол кісіден жұмысыңды қалай жақсы көру керек екендігін үйрендік. Киім киісі мен шаш үлгісі, бетіне аздап қана жаққан бояуына дейін тамсандырмай қоймайтын. Сөйлеген кездегі сөз саптасы мен әдемі тембрі, сыңғырлаған күміс күлкісіне дейін еріксіз мойын бұрғызатын. Телефонмен қызмет барысында өте мәдениетті, сабырлы қалыппен сөйлесетін. Үстелінің үстінде қылау болмайтын, артық затты мүлдем байқамайтынбыз. Отбасы жағдайына байланысты Алматыға ауысып кеткен Гүлнәр апайды сағынған әріптестері оның біздің басылымдарға шыққан әр мақаласын жарыса оқып отырамыз.

Кейіпкеріміз Гүлнәр Жапарғалиқызы 1959 жылы 13 маусымда Қапал ауданы, Арасан ауылында дүниеге келген. Бұл ауыл кезінде атақты «Қапал – Арасан» шипажайымен одаққа танымал болған ауыл.

Адам баласы туған жерінің табиғатына тартады деген сенімді сөз бар. Әр сөзінің қазығында қасиет бар қазақтың осы сөзінің бір ұшқыны Гүлнәрға да дарыған іспетті. Басынан қысы-жазы қар арылмайтын асқақ Алатаудың етегіндегі атақты «Баянжүрекке» қарай емінген шағын ауылдың тамсандырар табиғатымен үндес болған ол бала күнінен зерек, оқу-білімге құмар болып өсті. Қашан көрсең қолынан кітап түспейтін оның болашағынан үлкендер зор үміт күтті. 1976 жылы Арасан орта мектебін бітірген соң өзі бала күнінен армандайтын ҚазМУ-дің журналистика факультетіне түсе алмай, ауылға келіп шайханада ыдыс жуушы болды. Бірақ ол көп ұзамай аудандық «Қапал еңбеккері» газетінде әдеби қызметкер болып алғашқы қызмет жолын бастайды.

– Мені газетке жеңгем Ырысжан жетектеп келді. Сұңғыла жеңгемнің ондағы ойы – жазу-сызуға құмар қайын сіңлісінің қарайып қалмай тұрғанда өз ортасын табуы болғанын кейін түсініп жүрмін. Газет бетіне жиі шығатын «тілші қыздың» келгенін қуана құптаған басшылар жергілікті журналист кадрларын даярлау туралы нұсқауға сай жастардың керек екенін айтып, мені бірден  әдеби қызметкер етіп алды. Мектепте оқып жүргенде жазатын өлеңдерім мен шағын мақала, новеллаларымның пайдасы осылай тиді. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне жыл сайын құжат тапсырып жүріп, алтыншы жыл дегенде сырттай бөлімге 1982 жылы әрең түстім. Ол кезде газетте ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы болатынмын. Мен журналистика факультетіне дайын журналист болып түстім десем де болады. Аудандық газетте аудармашы, ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы, редактордың орынбасары болып 12 жыл қызмет атқардым.

1987 жылы Алматыға келіп, ҚазМУ-ді бітірген жылы сол кездегі «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде үш ай корректор болдым. Осы қызметпен жүре берер ме едім, кім білсін, егер белгілі жазушы, публицист Қанапия аға Бекетаев жаңадан ашылғалы жатқан «Денсаулық» журналына шақырмаса. Осылайша, «Денсаулық» журналының тарихында оның алғашқы санын шығарушылардың бірі ретінде қалдым, – деп өткен шақты сағынышпен еске алады Гүлнәр апай.

Алты жыл «Фармация» республикалық бірлестігінде аудармашы, қазақ тілінің маманы, кеңсе бастығы болып тәжірибе жинады. Журналист маманның дәрі-дәрмектің ортасына келуіне себеп болған жайт – аудармашылығы еді. «Тіл туралы» бірінші заң 1989 жылы қабылданып, аудармашы мамандардың нағыз қажет кезінде ол осылай шыңдалды. Фармация саласында жүріп Қазақстанның бас радиологы Жанғали Хамзабаевтың, Сызғанов атындағы хирургия институтының басшысы болған атақты хирург Мұхтар Әлиевтің еңбектерін аударды. Аударма жасау да біле білген адамға – үлкен еңбек.

– Сонда жүргенде мені «Сақшы» газетіне бөлім меңгерушісі қызметіне шақырды. 1996 жылы өзіме беймәлім салаға жұмысқа келдім. Үйрену үшін газетті шығара салып, учаскелік полицейлермен бірге рейдке шығып, жол полициясымен түн қатып жүріп мақала жаздым. Кодекстерді көтеріп жүріп заңды үйрендім. Маскүнемдердің өмірін жазу үшін айықтырғышқа түнеп, олардан сұхбат алған күндерім де болды. Сейфуллин көшесінің бойында тасада тұрып, жезөкшелерді зерттедім. Осыншама еңбек еш кеткен жоқ. Нәтижесінде жанды, оқылатын, қызық мақалалар жазылатын. Нашақорлардың «притонына» барам деп ұшынып, ауырып өліп қала жаздаған кездерім де болды. «Сақшының» жігіттері өтірік қайыршы немесе кезбе болып, олардың өмірінен қызық мақала жазатын. Бөлім меңгерушісі ретінде мен қарамағымдағы журналистердің кабинетте отырмай жүгіріп жүріп, мақала жазуын қатты қадағалайтынмын. Өйткені, журналисті аяғы мен қаламы асырайды. Оқырманға қызықты, тың деректерге бай, тұшымды мақаланы көзбен көріп, кейіпкеріңмен бірге жүріп қана жаза аласың.

Осылайша, «Сақшы» газеті мені заңгер етіп шығарды десем де болады. Өйткені, бір мақала жазу үшін «осы жазғаным дұрыс па, бұрыс па?» деп бүкіл Кодекстерді ақтарып шығасың. Сонымен қатар, заңға енгізілген өзгерістерді де қадағалап отырасың. Қысқасы, жылдар өте қалай заңгер болып кеткеніңді білмей қаласың. «Сақшыда» жүріп иығыма погон тақтым. Полиция майоры деген шенім бар. Ал 1999 жылы Ішкі істер министрлігінде жаңадан құрылып жатқан Мемлекеттік тілді енгізу басқармасына аудармашы болып ауыстым, – деді Гүлнәр Жапарғалиқызы сұхбат барысында.

Астанаға келген соң «Өркен», «Қазақстан теміржолы» газеттерінде және біраз жыл «Денсаулық» журналында фототілші болып қызмет атқарған жары Нұрмолда Тазабеков ауырып қайтыс болады. Сол бір кез шығармашылық адамы – Гүлнәр апай үшін өте ауыр кезең болды. Туыстар да алыста. Ұлы Жеңіс Алматы қалалық медициналық колледжінде оқып жатса, қызы Мақпал бар болғаны 9-сынып оқушысы еді. Қанша мықты болса да әйел адамға балаларын жалғыз өсіру қиын, сүрінгенде сүйеу, шаршағанда демеу болар жолдасының орны бір бөлек емес пе?!

– Маған қиын кезде қолдау көрсетіп, сүйеу болған ұжымым, әріптестерім еді. Бастығым Сланқожа аға Қарақыстық туған ағамдай болды. Өзім қызмет жасайтын басқарманың жігіттері комада жатқан жолдасымның жанында кезекпен түнеп, менің бір жағыма шықты. Министрдің баспасөз хатшысы Әлімжан Жарылқағанов та қолынан келген көмегін аямады. Жолдасым қызмет істейтін «Қазақстан теміржолы» газетінің ұжымы да жанымда болды. Өкінішке қарай, ол ажалдың арбасына отырып кете барды.

Біздің екеуміздің де туған жеріміз Қапал өңірі болатын, астанаға көшпен бірге келгеніміз болмаса туған-туыстың бәрі елде. Менің басымды сол кезде «туған жеріне, анасының жанына апарып жерлеуім керек» деген ой жаулап алды. Ол кезде астанадан Қапалға қайтыс болған кісіні апарып жерлемек түгілі тірі адамға жету қиынның қиыны болатын. Бензин тапшы, ақша да жоқ, қиын уақыт еді ғой... Бірақ, маған министрлік арнайы көлік, жаныма дәрігер мен жігіттер берді. Әріптестерімнің ол жақсылығын ешқашан ұмытпаймын, – деді сары ала «сағыныштың сары шепкенін» жамылған кейіпкеріміз көзіне іркілген жасын сүртіп.

Гүлнәр Жапарғалиқызы 2000 жылы отбасы жағдайына байланысты Алматы облысы ішкі істер департаментінің мемлекеттік тілді дамыту бөліміне ауысып келеді де, көп ұзамай аталған департаменттің баспасөз қызметінде еңбек етеді. Талдықорған қаласында тұрғанда жалғыз ұлы Жеңіс жол апатынан қайтыс болады. Тағдырдың бұл ауыр сынағы ана жүрегін езіп жіберген еді. Ана үшін бауыр еті баласынан айырылудан артық қасірет жоқ шығар?!

Гүлнәр Жапарғалиқызы бар күш-қуатын қайта жинап, ұлынан қалған үш немересінің болашағы үшін еңсесін қайта тіктейді. Өмірдің ағысына қарсы жүзді. Бар қайғы-мұңды жүрегіне құлыптап, Жеңісі қайтыс болғанда іште қалған немересінің аман-есен өмірге келуін тіледі. Басқа да немерелерін әлдилеп, жаралы жанын жұбатты. Бүгінде немерелері қырмызы гүлдей болып өсіп қалды. Апасының "жекеменшігі" Жанар қазір Алматы педагогикалық колледжінің студенті, оқу озаты. Әжесінің ізін басып, мақала, өлең жазуға әуестеніп жүр. Жанар әжесімен бірге ақындардың шығармашылық кеші мен театр қойылымдарынан қалған емес. Гүлнәр апайдың қызы Мақпал  Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Дизайнер, өзінің шағын бизнесі бар. Гүлнәр апай қашанда «қыздан туғанның қиығы жоқ» деп қызының ұлы Нұрмұхаммедтің  оқу озаты екенін мақтан етіп жүреді.

– 2008 жылы Астанадағы «Жазаларды орындау» журналына тілші болып келдім. Арада аз уақыт өткенде кезінде өзім қызмет еткен «Сақшы» газетіне жауапты хатшылыққа келдім. Бірақ кейін өзім сұранып, тілшілікке ауыстым. Себебі, мен кабинетте отырып жұмыс істейтін журналист емеспін. Халықтың арасында, қайнаған еңбектің ішінде жүріп, мақала жазғанда жаным жай табатын жанмын. Мені мектеп партасынан келген сарыауыз балапандай кезімде журналистиканың қазанында қайнатқан ұстаздарым – атақты балалар жазушылары Өтепберген Ақыпбеков пен Арасанбай Естенов, аудандық газеттің редакторы болған Сәкен Иманасов пен Кенжехан Рақышев. «Сақшы» газетінде редактор болған ақын Базарбай Исаевтан да үйренгенім аз емес. Мені полицияның жұмысына баулыған әріптесім әрі досым журналист Ардақ Әйменова еді, – деді Гүлнәр апай әңгіме барысында.

Үнемі жаздай жайнап, гүлдей құлпырып жүретін Гүлнәр Жапарғалиқызының қабақ шытып я болмаса әлдекімге ренжіп жүргенін көрмедік. Тіпті, осындай ауыр тағдырдың иесі екенінен де бейхабар екенбіз. Үнемі езуінде жұмбақ күлкі тұратын, хош иісті әтірімен бөлмеге жұпар шашып жүретін Гүлнәр апай біз ойлағаннан да мықты екен.

– 2013 жылы екінші рет тұрмысқа шығып, өмірімді басынан бастадым десе де болады. Негізі, мен оптимист адаммын. Әрине, ұлым қайтыс болғанда тағдыр соққысынан ес жия алмай, біраз жатып қалдым. Бір күні түсіме әкем кіріп, қолыма бір сөмке ұстатып кетті. Ашып қалсам, іші толған А4 форматындағы жазылмаған ақ қағаз екен. Содан «Е, әлі жазылмаған қанша дүниең бар, сенің бұл жатысың не?», – дегені шығар деп  өзімді-өзім қолға алып серпілдім. Сөйтіп, қаламым мен қағазымды қайта қолға алған жайым бар, – деп күрсінді кейіпкеріміз.

Гүлнәр Мағзұмованың ішкі істер саласындағы еңбегі елеусіз қалмады. Өзі мақтаныш ететін марапаттары «Ішкі істер органындағы мінсіз қызметі үшін» медалі мен «Ішкі істер органының үздігі» төсбелгісі болса, Ішкі істер министрлігі, Әділет министрлігі, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен алған марапаттары да баршылық.

Ұлы Отан соғысының ардагері, ақын Жапарғали Ақсубаевты Қапал өңірінде білмейтін адам кемде-кем.

– Әкеміздің қас-қабағынан-ақ ығып өскен біздер үшін оның әрбір ісі өнеге, үлгі болды. Менің әкем – Жапарғали Ақсубаев өзі туып-өскен өңірге шешендігімен, суырып салып айтатын ақындығымен аты шыққан адам. Әсіресе, шаруашылықтың кемшілігін көрсе, шыдамай бетке айтатын шыншыл кісі еді.  Жетпісінші жылдары аудан мен аудан жарысқа түсiп,  жетiстiктерi мен кемшiлiктерiн  айтыс арқылы ақтаратын үрдіс бар болатын. Иманғали Мысықов, Жапарғали Ақсубаев, Түлкiбек Құрақбаев, Жақсыбек Естенов, Жұмаш Оспанбековалар сол кезгi Ақсу ауданының бетке ұстар айтыс ақындары болды.

Гүлнәрдің әкесі Жапарғали Ақсубаев майдан даласында елін жаудан қорғады. 1943 жылдың қыркүйек айында сол қолынан жараланып, 1944 жылы қаңтар айында елге оралыпты. Жапарғали аға «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «СССР Қарулы Күштеріне – 70 жыл» медальдарының иегері.

– Біздің үйде кітап көп болды. Бір қабырғаны тұтас алып тұратын шкафтағы қаз-қатар тізілген кітаптардың біреуінің орны ауысып кетсе әкем біліп қоятын. Сол кітаптардың ішіндегі ең қалыңы – «Бас штаб соғыс жылдарында». Ұмытпасам авторы – С.Штеменко. Әкемнің осы кітапты ауық-ауық оқып отырғанын көріп іштей «Несіне осы кітапты қайталап оқи береді екен?» деп ойлаушы едім. Сол әдетінің сырын енді ұғып жүргендеймін, – деп алысқа көз тастаған Гүлнәр апайдың әлі де жазары мен берері мол қалам иесі екенін ұқтым.

Жазарыңыз әрқашан таусылмасын, қаламыңыз ұшқыр болып, шабытыңыз шалқысын. Ұрпаққа қалдырар құнды шығармаларыңыз көп болсын! Мерейтойыңыз тағы да құтты болсын, Гүлнәр Жапарғалиқызы!

Айгүл АМАНКЕЛДІҚЫЗЫ