Қазақты намыс қана құтқарады

Уақыты: 15.12.2016
Оқылды: 2192
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазір де қуаты кетіп, таяққа сүйеніп тұрған жоқ. Екі иығына екі кісі мінгендей алып денелі Әлімғазы ата аяңдап келе жатқанда тау тұлғасына қарап таңдай қағып тұрып қалатынымыз рас енді. Жарық- тық Шәкен ата (Аймановты айтам да) болмағанда Әлекеңнің аңызға айналмауы да мүмкін бе еді, кім білсін? Өйткені Әлімғазы ата түскен он төрт  фильм- нің уақыттан қалмай, экраннан түспей, жаңа ғасыр- дың босағасынан аттап, әлі де көрсетіліп келе жатқаны әйгілі «Тақиялы періште». Өзі де ел ішінде осылай атанып кетті.

Сол «Тақиялы періште» қазақ баспасөзінің қарлығашы облыстық «Жетісу» газетінің қонақжай шаңырағында болып қайтты. Әңгіме екеуара өрбіген жоқ. Жұрт болып жиылып, айтары мол ақсақалдың аузынан шыққан әрбір сөзге ұйыдық та отырдық. Жұрт дегенім – Әлімғазы атаны арнайы шақырғанымызды алдын ала айтып, ақсақалмен дидарласып, көкейінде жүрген сауалдары болса қойып, алдыңғы буын ағаның ақыл-дариясынан сусындап қайту үшін өңіріміздегі бас білім ордасы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің болашақ журналистерін де кездесуге шақырып, емен-жарқын сыр-сұхбат құрдық. Алатаудай алып денелі атаның сөйлеу мәнері де тұлғасына сай. Сабырлы, байсалды қалпында әңгіме өрбітеді. 
Әсілі, Әлімғазы ата баянды да бақытты ғұмыр кешіп келе жатқан жанның бірі. Әсіресе, үш ұйықтаса түсіне кірмеген, өзіне соншалық беймәлім киносаласына келуі қазақ өнерінің тарихына есімін өшпестей етіп қалдырды. Алғашқы режиссері Әзекең – Әзірбайжан Мәмбетов, атын аңызға айналдырған «Тақиялы періште» фильмінің режиссері Шәкен Айманов, театр мен киноөнерінің қайталанбас тұлғалары Әмина Өмірзақова, Бикен Римова, Әнуар Молдабеков, Есболған Жайсаңбаев, ортамызда жүрген Асанәлі Әшімов сынды көптеген дара тұлғалармен бірге біраз дәуренді өткерді. «Күркіреп күндей, өтті ғой соғыс», – деп Қасым ақын айтқандай Әлімғазы атаның киноәлеміне ат ізін салғалы да жарты ғасырдан асыпты. Ол күндердің бәрі жалғанның жабылған беттерімен өткен ғасырдың қойнауына сіңді де кетті. Сол бір мөлдір сәттерді ойлағанда жүрек тұсы шым етіп, сағыныштың белгісін беріп тұратыны да шындық. Әңгіменің әлқиссасы да «СОЛ КҮНДЕРДІ САҒЫНАСЫЗ БА?» – деген сауалдан басталып кетті. Шынымен де сағыныш деген ғаламат сезім ғой. Сұрақты естіген сәтте-ақ: «Ой-й-й, сағынбағанда ше», – деп еріксіз шыққан күрсіністен кейін барып, әңгімесін жалғастырды. 
– Мен негізі өнер адамы емеспін ғой. Біраз шегініс жасап барып, бастайын деп тұрмын. Өйткені «сағынасыз ба», деген сауалға бірден жауап бере салуға болмайды. Сағынғанда қандай?! Әлі есімде, 1965 жылы Талдықорған облысы Алматы облысына қосылған кез еді. Сол тұста Талдықорған қаласында «Қайрат» спорт қоғамы жұмыс істеп тұрған шақ. Осы қоғамның басшылары ауылшаруашылығы саласынан спортқа қабілеті бар еңбеккерлерден бір топ құрып, Алматы қаласындағы орталық стадионда қазақша күрестен өтетін жарысқа апарды. Біз сол жарыста екінші орынға ие болдық. Жақсылық Үшкемпіровты чемпион жасаған Владимир деген жігіт жарысқа келген топтардан жиырма төрт жігітті іріктеп алды да, Талғар қаласындағы ауылшаруашылығы техникумының жатақханасында жатып, бір жарым айдай шынықтық. Күн сайын емес, аптасына бір жарыс ұйымдастырып, ұтылғандары шығып кете береді, жеңгендері жаттығуды әрі қарай жалғастырып, соңында он екі адамнан тұратын бір команда қалдық. Содан маусымның алтысы күні Оңтүстік Қазақстан облысындағы Темірлан ауылына бардық. Оған он алты облыстан он алты команда қатысып, Қажымұқан ата атындағы жүлде үшін күрестік. Сол жарыста менің бағым жанып, ауыр салмақта республика чемпионы атандым. Ол кезде тура жиырма бес жастағы кезім еді. Сөйтіп, төбем көкке тигендей қуанышпен ауылға келдім. Қуанбағанда ше, ауылда трактор айдап жүрген Әлімғазы ойда-жоқта Қажымұқан атасының жүлдесін жеңіп әкелсе. Өзім жол жүріп, шаршап келіп демалып жатқанмын. Таңертең ауылдың бас инженері келіп тұр.
– Әй, Үшпай немене таң атпай астыңнан су шықты ма? Не болып қалды, – деймін ғой.
– Сені Жылқайдар Егінбаев  шақырып жатыр. Неге екенін білмеймін, маған тез тауып кел деп жіберді, – дейді. Бастық шақырып жатқанда не жан қалсын. Апыл-ғұпыл киіне салып, ауылдық кеңестің кеңсесіне жетіп бардым. Хатшыға амандасып, есікті қағып, кіріп келсем, қызметкерлер екіге бөлініп қақ ортасында Жылқайдар ағам отыр. Көңіл әлі баcыла қоймаған. Құттықтайтын шығар деген дәмемен «Ассалаумағалейкүм» деп едім, Жылқайдар ағам:
– Әй «батыр» не бүлдіріп жүрсің? – деді. Шошып кеттім.
– Үйбай-ау, не бүлдіргені несі? Қажымұқан атамның жүлдесін алып келгенім түнде ғана, – деп ақталып жатырмын.
– Әй, саспа, бәрі жақсы. Киноға түсуге барасың ба? Сені «Ән қанатында» деген фильмде Қажымұқан атаңның ролін сомдауға шақырып жатыр, – дегенді естігенде кәдімгідей екпіндетіп:
– Ой, аға мынауыңыз керемет жаңалық қой. Бармағанда ше. Жіберсеңіз осы қазір жолға шығуға дайынмын, – деп екіленіп тұрмын. Шақырту қағазын қолыма ала салып, үйге қарай ұшып келдім де, жолға дайындалып, әне-міне, дегенше, қалалық автобекеттен жеті сом елу тиынға билет алып, Алматыға қарай тарттым да кеттім.
Міне, осылайша талабы таудай ұлға Жаратқан иеміз бармақтай бақ беріп, жол үстінде келе жатыр. Кеудені кернеген қуаныштың қуатында шек жоқ. Ұшқыр қиял мен асқақ арман жетегінде Алматыға қалай жеткенін де білмей қалды. Көрсетілген мекенжайға барып, «Ән қанатында» фильмінің шығармашылық тобы деп жазылған есікті қағып, ішке енгендегі көрінісі де дәл кешегідей көз алдында. Режиссердің ассистенті болып жүрген әйел біресе отырады, біресе тұрады. Басынан аяғына, аяғынан басына қарап, Қажымұқанның өзі келгендей аңтарылып тұрып: «Азик, Азик вот Кажымукан пришел», деп айғай салады. Әлгі дауысты естіп, кірген бойда құшағын жая қарсы алып, кино әлеміне алғаш жол ашқан Әзірбайжан Мәмбетовпен танысқан сәтті де еш ұмытылмайды. Амандық-саулық сұрасқаннан кейінгі Әзекеңнің сауалы: «Орысша білесің бе?» – болыпты. Жорғалатып сөйлемесе де ауыз-екі әңгімеге бар екенін айтқанда қолына бір параққа орысша жазылған сөзді ұстатып: «Жаттаған күні келерсің», – деп шығарып салады Әзекең.
– Тура он күн дегенде әрең жаттадым. Киноның тілі дегеніңіз ауызекі әңгімеден мүлдем бөлек екен. Миыма қонсашы. Әйтеуір, жаттап киностудияға қайта келдім. Шығармашылық топ жиналғаннан кейін Әзекең «баста» деді. Жаттағанымды айтып беріп едім, ұнаған болу керек «закрипить», – дейді екен, одан өттім. Сосын мәскеулік гримдеуші Алексей Егоровичке қарап, «гримировать», –  деді. Ол бұйрықты ести салған Алексей мені ертіп, бөлмесіне кірді де бір қағазды алып бетіме әкеліп алай бір қарайды, бұлай бір қарайды бір уақытта «О, сто девятый тон пайдет» деді де бетімді бояп-бояп алып келді. Оны көрген Әзекең тағы да «закрипить», – деді. Содан Ыдырыс Қарсақбаев деген кісіге «киіндір» деп тапсырма берді. Ол кісі фильмнің костюм бойынша суретшісі екен. Ыдырыс аға үстіме шапан, басыма құндыз бөрік кигізіп әкеліп еді оған да «закрипить» деді. Мен күліп қоямын, әйтеуір бәрі «закрипитьпен» өтіп жатыр.    
Келесі күні үшінші павильионда алғашқы кадрлар түсіріле бастайды. «Дубль -1», «Дубль-2», «Дубль-3» деген Әзекеңнің әрбір бұйрығын қалт жібермей орындаған киногерлер кесіп-пішіп, көркемдік кеңестің талқысына ұсынады. Қазақтың кино жұлдыздары, небір драматургтер, сценарий авторлары жиналған талқылау да басталып кетеді. Әлімғазы ата болса, әлі де кино әлемінен бейхабар қалпы қабылдау бөлмесіндегі хатшының қасында күтіп отырады. Іштегі дауыс біресе қарқынды шығады, біресе бәсеңдеу, енді бірде дау-дамай, одан барып бір-бірін қолпаштап қарқылдаған күлкі. Сырттағы адамға бәрі жұмбақ әрі қызық. Шамалы уақыттан кейін Әзірбайжан Мәмбетов сыртқа шығып: «Құттықтаймын!». Сіз өттіңіз», – деп құшағына басқаны да әлі есінде. Аңқылдаған ағаның ыстық құшағының жылуы Әлімғазы атаның бойынан әлі кете қоймағандай. Ол күндерді соншалық сағынатыны әңгіме айтқан сайын жанары нұрланып, от ойнап шыға келгенінен-ақ байқалып тұр. Сол жерде 10 қыркүйек күні Оңтүстік Қазақстанның Күйік деген жеріне баратынын, қалған кадрларды сол аймақта жалғастыратынын естіп, өзіне беймәлім киноәлемінің есігінен еніп бара жатқанын сезген ағаның қуанышында шек жоқ еді. Қуанбағанда ше, бүгінгі ұрпақ Ұлы Дала елі деп әспеттей бастаған ұлттың дара перзенті һәм мақтанышына айналған Қажымұқан атасының бейнесін тұңғыш сомдайтын актер атанып тұрса. «Қажымұқан Мұңайтпасұлының алып бейнесін киноөнеріне алып шыққан мен едім», – деген бірауыз сөздің өзі анау-мынау халықаралық, мемлекеттік атақтардан әлдеқайда бағалы, әлдеқайда жарқын естілмей ме?! Өйткені дәл сол Күйікке барғанда ұлт мақтанышы, қазақ кинорежиссурасының майталманы Шәкен аға Аймановпен танысқан еді. Алып денелі Әлімғазы ата сол күндерді еске алғанда шынымен де сағымға оранған сағыныш әлеміне еріксіз еніп кетеді.
– Айтқан күні сол жерден табылдым. Шымкент қаласындағы «Интурист» деген қонақ үйге Әнуар Молдабеков, Асанәлі Әшімов үшеуіміз бірге орналастық. Күйік сол жерден   25 шақырым жерде екен. Фильмдегі  «Қоянды» жәрмеңкесі өткен жер. Сол жерге барып әңгімелесіп тұр едік «О, келді, келді» деп қасымызға тоқтаған машинаға бәрі жапатармағай жүгіре кетті. Көліктің есігі ашылып еді: «Шәкен аға», «Шакен Кенжетаевич», – деген дауыстармен даурыққан ел. Мен не істерімді білмеймін. Қаққан қазықтай орнымда қозғалмай тұрып қалдым. Шәкен аға келген бойда көп те күттірген жоқ, түсіру алаңындағы жұмысты бастады да кетті. Бір уақытта «стоп» деді де маған «Әй, сен сонша сөзді созбақтап қайтесің, «Көріңді ұрайын», – деген бір-ақ ауыз сөзбен жеткізе салшы», – деді. Мен де ешқандай қарсылық білдірмей: «Ей, Әнуар қыздардың соңынан салпақтағанды қашан қоясың, өй көріңді ұрайын», – деп едім Шәкен ағадан бастап бәрі қыран-топан күлкіге қарық болды. Әнуар сол «Ән қанатында» деген фильмде басты рөлді сомдайтын. Сөйтіп, түсіру жұмыстары аяқталғаннан кейін қонақ үйге бардық. Кино және театр өнерінің небір майталмандары сонда жүр. Шәкен Аймановтан бастап, Елубай Өмірзақов, Камал Смайылов, Мүлік Сүртібаев, Рахматолла Сәлменов, қазақ кинематографиясының шебері, суретші Сахи Романов бәрін көрдім. Әрқайсысы бір-бір тау сияқты еді ғой жарықтықтар. 
Иә, бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, көбі біле бермейтін небір тау тұлғалар өтіпті-ау, мына жалғаннан. Солардың көзін көрген Әлімғазы атамен дидарласудың өзі де бір ғанибет екенін сонда отырған жастар қаншалықты сезіне алды екен. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда сол саланың маманы ғана болмаса ұлттың дара тұлғаларын көп біле бермейтін уақытта өмір сүріп жатырмыз. Данышпан Абайды жазушы, Мұхтар Әуезовты ақын деген жастарды да көз көрген. Абай мен Мұхтарды білмейтін ұрпақтың Әлімғазы ата айтып отырған қазақ киноөнері мен театр тарландарын жаңылмай таниды дегенге күмәнім бар. Осы жолғы сыр-сұхбатқа жас журналистерді де қоса шақырғанымыздың да астары осында. Ағаны тыңдасын, ұлт мақтаныштарын білсін деген ниет еді. Әйтпесе, бір ғана Әлімғазы атаның он төрт фильмге түскенін осы саланың мамандарының өзі толықтай біле бермеуі де мүмкін. «Ән қанатынан» кейін 1966 жылы балалар фильмінің атасы болған Абдолла Қарсақбаев ағамыздың Зейін Шашкиннің шығармасы бойынша түсірген Тоқаш Бокин туралы фильмінде Сүйіндік деген сарбазды ойнады. Міне, киноәлеміне алғашқы қадамдары осылай жасалған Әлекеңнің әсіресе, аңызға айналған «Тақиялы періште» фильміне қалай қабылданғаны есінен кетпейді. «Жетісудың» қонақжай шаңырағында отырған жастардың да білгісі келетіні осы еді.
– «Ән қанатында» фильмі түсіріліп біткеннен кейін берсе ақшамды алып, бермесе рақметімді айтып, ауылға қайтайын деп «Қазақфильмге» келіп, дәлізде тұр едім, Шәкен аға көріп қалды да: «Әй, бала, бері кел», –  деді. Қасына барып амандасып едім, «кір, бері», – деп кабинетіне алып келді. «Міне, мынау музыкалы-комедия жанрында қойылатын «Тақиялы періште» фильмінің сценарийі. Сен осы картинада басты рөлді сомдайсың», – дегенді естігенде шошып кеттім. «Ой, аға, мен актер емеспін ғой», – дегенімше болған жоқ:
– Әй, бала, естідің бе? – деді.
 – Естідім. 
– Естісең сол, ертең келетін бол, боссың» , – деп шығарып жіберді. Не дерімді білмей дәлізде тұрдым да қалдым. Орыстың небір актері өтіп жатыр қасымнан. Біреуі маған бажырая қарап «баран» деп өтіп кетеді, бірі «кальбит» деп бара жатады. Сонша сөзді естіп, қашанғы жүремін, қайта бұрылып, Шәкен ағаға келдім де: 
– Аға, мен киноңызға түсе алмаймын. Анауы кеп бір түртпектейді, мынауы кеп...бостан-босқа сөз естіп жүре алмаймын. Шаруам да жетеді, ауылыма қайтам», – дедім.
– Әй, кімнің аузына қақпақ боласың, айтса, айта берсін. Ал сен ертең тоғызда осында боласың. Ұқтың ба? Шық жүгір», – деп бір зекірді. Әлі күнге дейін маған жұмбақ, мені неге сол фильмге алғаны. Бәлкім, түр-тұлғам келді, әлде бір қазақтың болса да аты шыға берсін деп, бауырына тартты ма? Ол жағын сұрамадым, сол жұмбақ қалпында қалды. 
Бәлкім, солай да шығар. «Ағайынның аты озғанша ауылдастың тайы озсын», – дейтін қазақ үшін бір қандасының топ жарғаны әлдеқайда мақтаныш. Әңгіме осы киноның төңірегінде өрбігендіктен ел құлағын елең еткізген «Тақиялы періште-2» фильмі жайлы да ой қозғалды. Картинаның негізгі мақсаты, көтерген жүгі мен айтпақ ойы да әңгіме арқауы болды. Бұл жолы өз немересіне қалыңдық іздейтін бір кездегі «Тақиялы періште», яғни, Тайлақ ата тағы да басты рөлде. Фильмнің айтар ойы – қазақтың ежелден келе жатқан «сырға салу», «құда түсу» дәстүрін жаңғырту. Неге десеңіз қазір өздері сүйіп қосылған жастардың махаббаты баянсыз болып, нәтижесінде ажырасулар белең алуда. Ата-бабаларымыздың құда түсудегі мақсаты – тегін біліп, тектілікті жалғастыра отырып, ибалы қыз, иманды ұл өсіру еді. Қазіргі таңда діні мен тілі басқа, танымы бөлек, дәстүрі жат елге махаббат деп өзгенің ұрпағын өсіріп, ата-тегіне сызат түсіріп жатқандар қаншама? Бұл фильм қазақ қоғамындағы ащы шындықты көрсетпекші екен. Ақсақалдың жай ғана шолып өткен әңгімесінің өзінен-ақ жаңа туынды көргіміз келіп кеткені де рас.
Осылай ой қозғаған Әлімғазы атаның әсерлі әңгімесінің арасында жастар тарапынан сұрақ та қойыла бастады. Ағамыз жан-жақты һәм салмақты жауап та берді.
– Салт-дәстүріміздің сақталмауына, қыздан ұят, ұлдан намыс кетуіне кім кінәлі деген сұрақ бәрімізді мазалауы керек. «Кім кінәлі?» – дегенге біржақты ғана қарауға болмайды. Отан отбасынан басталатынын ескерсек, әуелі отбасындағы тәрбие түзелуі керек. Ол қалай түзеледі? Әрине, ата-баба дәстүрін сақтағанда ғана түзеледі. Қызды алдамшы сезіммен қармағына түсіріп, сүйдім-күйдім, деп алақанға салған сыңай танытады да, болар іс болып, бояуы сіңгеннен кейін далаға тастап кете барады. Дәл осылай істеген намыссыз жігіттер кінәлі бұған. Жылт еткен сезімге ерік беріп, «қызға қырық үйден тыйым», деген аталы сөзді ескермей, етегін ерте ашқан қыз да кінәлі. Кейде «Ой, қоғам бүйтіп кетті, сүйтіп жатыр» деп бәрін қоғамға жаба саламыз. Әуелі қоғам дегеніміз не? Ол сіз бен біз өмір сүріп отырған уақыт қана. Уақыт таңды атырып, кешті батырып, өз ырғағымен өтіп жатыр. Қоғамды жасап жатқан адам кінәлі. Неге заманға жаба береміз. Адамның өз ақылы, санасы қайда? Қазір шетелге еліктеп, қызымыздан да ұлымыздан да ес кетті. Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтағанда ғана тәрбие түзеледі. Ұл намысты, қыз арлы болғанда ғана ұрпағымыз дұрыс жолмен жүреді. Соны мына жастарымыз білсе екен. Неге? Өйткені, болашақ осы жастардың қолында. 
Медет Жұмабаев, ЖМУ-дің     3-курс студенті:
– Әлімғазы ата, аталарымыз айтады: «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра», – деп. Біз үшін сіз көп жасаған әрі көпті көрген жансыз. Ұлт мақтанышына айналған небір тұлғалармен бірге жүрдіңіз. Көпті көре жүріп, көңілге түйгеніңізде қазақты батыстың кесір-кесапатынан не құтқара алады? Өзіңіз айтып отырған салт-дәстүрімізді, асыл дініміз бен жауһар тілімізді қайтсек бүлдірмей сақтай аламыз?
– Әуелі, бір-ақ ауыз сөзбен айтар болсам, қазақты намыс қана құтқара алады. Намыс жоғалған жерде ар-ұят тоналады. Ар-ұят кеткен қоғамда тексіздіктің бәрі қалыпты жағдайға айналып, белең алады. Кейде ойлаймын, кейбір жастар мен оларға үлгі болып жүрген аға буында намыс жоғалған ба деп. Біз намысты, батыр елдің ұрпағы емес пе едік, қазір қайда сол намыс, сол ержүректік?! Қашанғы бабаларымызбен мақтанып жүре береміз? Неге өзіміздің бойымызда жоқ? Міне, Тәуелсіз ел атанғалы 25 жыл болды. Тоқсаныншы жылдардың басында қазақтың рухы керемет еді. Арнайы «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, аға буыннан бастап, кейінгі толқынға дейін қазақша сөйлеп, салт-дәстүрімізді насихаттайтын небір мәдени шаралар өтіп, бодандықтан  шыққан елдің бостандыққа қол жеткізген сезімі көрініп тұратын. Өзге ұлт өкілдері орысша-қазақша сөздіктерді алып, қазақ тілін үйрене бастаған. Екі-үш жылдай қарқындап келе жатқан ұлт рухы бәсеңдеп, тіпті, қазір ана тілімізді қадірлей алмайтын дәрежеге жетіп қалдық. Оған ең әуелі бойымыздағы сылбырлығымыз бен бойкүйездігіміз кедергі болып отыр. Өзге ұлт өкілдеріндегі таныстарымызбен сөйлесе қалсаң: «Вы сами виноваты. Мы начили изучать казахский язык. Вы сами запустили, сами забыли родной язык», – дейді. Бұған не дейсің, тіліңді тістей қоясың. Шынымен де өзіміз кінәліміз. Президент айтып жатыр, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Қазақпен қазақ қазақша сөйлессін», – деп. Бұған сол орысша шүлдірлеп, қазақша міңгірлеп жүрген намыссыз шалақазақтар кінәлі. Телеарнаны қосып жаңалықтарды көріп отырсаң, көбінесе билік басында жүрген қазақтар орысша сөйлейді. Солар қазақша сөйлемей тұрса, өзге ұлт өкілінен қалай талап етесің?! Мұның бәрі қазақты сүйе алмаудан, намыссыздықтан деп білемін. Балам дұрыс сұрақ қойып отырсың, дінімзді де, тілімізді де, ұлттық қалыбымызды да сақтайтын ар-иман, намыс-жігер. Әр қазақтың бойында осы қасиеттер болмаса, кеткеніміз кеткен. Жеріміз кең, даламыз дарқан. Соған лайық өзіміз де кеңқолтықпыз. Бірақ солай екен деп, ұлттық құндылықты жоғалтуға болмайды ғой. Сендер елдің ертеңісіңдер. Сондықтан бүгінгі қателікті сендер қайталамас үшін намысты, ар-ұятты болыңдар, айналайындар.
Әмина Құдайбергенова, ЖМУ-нің 3-курс студенті: 
– Әлімғазы ата, Шәкен аға не себепті Тайлақтың басына қазақтың тақиясын кигізді? Фильмнің атауын айшықтау үшін бе, әлде солақай саясаттың кезінде бір ғана тақиямен қазақ деген ұлт екенімізді көрсеткісі келді ме?
– Дұрыс айтасың, қарағым. Не үшін менің басыма тақия кигізгенін мен де кейін ойладым ғой. Шәкен ағаның көзі тірісінде сұрап үлгермедім. Ол кезде рөлді қолыма ұстатты, басыма тақия кигізді. Сөйтті де, жан-тәнімен киноның сапалы шығуына кірісіп кетті. Ол кезде сол образды ашу үшін кигізген шығар деп қана ойладық қой. Бірақ, Шәкен ағаның әр сөзі мен қимылында үлкен астар жататын. Сөзіңнің жаны бар, бәлкім, солақай саясаттың тұсында бір ғана тақия мен ұлттың болмысын көрсеткісі келген шығар. Өйткені қазақ елі үшін баскиім ең қадірлі болған. Оның үстіне қазақы тақия қазақ үйдің шаңырағы іспеттес. Қандай қиындық көрсе де, «Бас аман болсын», – деп сабырға келіп, соңының жақсы болуын күткен. Сондай ерекшелігімізді экран арқылы бір ғана тақияның астында жеткізе білген жан ғой деп ойлаймын. Әлі есімде Пузыкин деген жігітке екі тақия тіккізіп, бір қолөнер шебері апа болды, сол кісіге жиегіне өрнек салғызып, арнайы жасатты.
Гүлім Асхатқызы, ЖМУ-нің    2-курс студенті:
– Сізді «Тақиялы періште» арқылы өнерде көрсем, арасында телеарналарда сұхбат бергенде байқайтынмын, бүгін жүзбе-жүз жүздесуде де білініп тұр – сіздің бойыңыздағы шынайылық. Өнерде де, өмірде де бір қалыпты екенсіз. Ешқандай жасандылық байқалмайды. Бұл қасиет, жалпы өнер сізге әкеңізден дарыған ба, әлде жоғарыда өзіңіз айтып отырған ұлттың дарынды перзенттерінің қасында жүргеннен бойыңызға сіңген қасиет пе?
– Әкемнен дарыған шығар. Өйткені әкем, қолөнер шебері болатын. Ол  кісінің домбыра жасағанын, таспа тіліп, қамшы өретінін, астау ойып, өрнек салатынын көріп өстім. Домбыра жасаған адамның бірайтары болады ғой бәрібір. Өнерге деген жақындық сол әкеден жеткен қасиет шығар. Ал кино саласына келсем, жоғарыда айтқан ағаларымыздың жалпы қазақ кино мен театр өнерінің алғашқы қарлығаштарының бәрі де жоғары оқу орнын бітіріп, арнайы диплом алмаған жандар ғой. Әсілі, қазақ халқы тумысынан өнерлі жұрт. Май шамның түбінде отырып, таңды таңға ұрып, батырлар мен ғашықтар жырын бірінен кейін бірін айтып, бала-шағасына жаттатып, ұлттың мұрасын бүгінгі күнге жеткізген халық. Менің де бойымда сол табиғи өнер болды-ау, деймін. Оған ешқандай жасандылық пен бояқ жағып керегі жоқ.
Шалқар Нұрмұханбет, ЖМУ-нің 1-курс студенті:
– Сізді аңызға айналдырған фильмде Тайлақ болып аталуыңыздың себебін білгім келеді. 
– Жалпы киноның идеясы негізінен Шәкен ағадан шықпаған. Бұл ол кісінің інісі қазақ театр және киноөнерінің хас шебері Кәукен Кенжетаевтың ұсынысы бойынша қойылған. «Әй, Шәкен ана Тайлақ үйленбей жүр. Соны кейіпкер қылып, қазақы қалжыңға сай музыкалы-комедия жанрында бір кино түсірсең қайтеді», – деп ұсыныс тастап, соның желісі бойынша түскен фильм ғой. Тайлақ сол кісілердің аталас інісі болып келеді екен. Өмірде болған адам. 
Тоғжан Жанатбек, ЖМУ-нің студенті.
– Сіз өміріңізде Бауыржан Момышұлымен де кездескен екенсіз. Сол жайлы кеңірек айтып берсеңіз.
– Кезекті түсірілімнен кейін ауқаттанып алайық деп Асанәлі, Әнуар үшеуіміз асханаға кірдік. Нақ ортадағы столда Баукең отыр. Ол кісіні көрмек түгілі атын естісек есіміз шығатын. Сондай қатал адам. Бетің бар, жүзің бар демейді, ұнамасаң  бір-ақ айтады да кете барады деген дақпыртты әбден естіп алғанбыз. Сол жерде біраз дидарласудың орайы келді. Емен- жарқын әңгімеден кейін етім үйреніп, еркелей бастадым ба, кетерде: «Батыр аға, маған естелікке мүштегіңізді бересіз бе, көзімдей көріп, сіздің өз қолыңыздан алғанымды мақтан тұтып жүрейін, – дедім. «Ты че, дур-р-р-р-ак что ли? Это сам Фидель Кастро подарил слоновый кость. Тебе вот это хватит», – деп гүр ете түсті де бір жағы ақ, бір жағы қоңыр мүштек сыйлады. Алғашқы жүзбе-жүз кездесуім осы еді. Екінші рет Әуезов театрында қойшылар жиынында жолықтық: «Эй, ты двадцатый Қажымұқан. Я, второй Қажымұқан», – деп рахаттанып бір күлгені бар. Үшінші рет «Артымызда Москва» фильмінің тұсаукесерінде кездестім. Картинаны көрердің алдында Шәкен аға інісі Кәукенге: 
– Әй. Кәукен-ай, ұрынып нең бар еді?  Құртады ғой қазір, құртады, – деді. Өйткені жаңағы кинода Кәукен аға Бауыржан Момышұлының рөлін сомдайтын. Бір жері ұнамай қалды ма, режиссерден бастап, бәрі Баукеңнің қаһарына ұрынады. Камал Смайылов ағаның кабинетінен бәріміз көріп, дәлізге шыққанымыз сол елді, қарсы алдымыздан Баукең де шыға келді. Бәрімізде үн жоқ. Қаққан қазықтай қаттық та қалдық. Бәріміздің ойымызда қазір Баукең Кәукенді таяқпен қақ маңдайдан ұрады деген ой тұрды. Баукең керісінше, аңқылдап келді де Кәукенннің ана бетінен бір, мына бетінен бір сүйіп, өзінің риза көңілін білдіргенде бәріміз жадырап сала бердік. Яғни, Кәукен аға да шынайы сомдап, ақиқаттан алыстамай ойнап шыққан. Міне, айналайындар, бір ғана өнердің арқасында қаншама ұлт мақтаныштарымен дәмдес, сырлас, сапарлас болдым. Сендер әлі жассыңдар ғой. Алдарыңнан кім шығатыны да белгісіз. Сендерге тілерім сол, осындай игі жандар ақылшыларың болсын. Армандар орындалады, шын тілесеңдер. Кіммен сырласқыларың келеді сол армандарыңа жетіңдер. Аталарымыз: «Жақсыдан шарапат», – дегенді текке айтпаған. Менің осындай абырой мен құрметке бөленіп жүргенім әуелі Алланың, содан кейін жоғарыда айтқан игі жақсылардың шарапаты. Сендерге де жұғысты болсын!

Екі сағаттан аса уақыт ішінде көңілге түйіп, есімізде сақтап алар көп әңгіме айтылды. Әсерлі әңгіме. Өткен өмір жолы да қамтылды. Өнер әлеміндегі әдемі көріністер де көз алдымызға елестеді. Ұлт болашағы болатын ұрпақ тәрбиесі төңірегінде де терең ой қозғалды. Аталарымыздың: «Жасында байқары жоқтың, қартайғанда айтары жоқ», – дегені бар емес пе? Құймақұлақ бала Әлімғазының, жиырма бесінде елдің есінде қалатын өнер иесіне айналған сері көңіл, жалынды жігіт Әлімғазының, еңселі жасқа келгенде елге ақыл айтар дуалы ауыз Әлімғазының, сексеннің төрінде әлі де сергек келе жатқан ақсақал Әлімғазының қағаз бетіне кесіп-пішіп салған әңгімесі осы болды. Кәдесіне жарата білетін, ұрпағына тарата білетін адам болса, аз нәрсе айтылған жоқ. Көкейіңізге түйіп алыңыз! 

Жұматай Әміреев