ӨМІРІ - ӨНЕГЕ: ҚҰЖАТТАРДЫ ҚАЗАҚШАЛАҒАН ҚАЙРАТКЕР ӘЙЕЛ

Уақыты: 27.10.2019
Оқылды: 1044
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Желдиірмендей айналып жылдар жылыстап барады. Уақытта ұйытқыған борандай байыз табар емес. Әркімді өз биігіне жетектеп әлек. Содан да болар, уақыт бәріне төреші дейтініміз. Әйтсе де, жан иесі оның ырқына бағынбаудың әдісін іздейді өмірден. Бірі – ұрпағына жетерлік дәулет жиса, бірі – соңына бітпес рухани мұра қалдырады. Мұның ішіндегі рухани құндылықтар сана биігіндегі жетістік. Неге десеңіз, өзін үлгі ете отырып, артындағы ізбасарларын тәрбиелеу ұлт үшін үлкен олжа. Міне, осындай жансебіл жанның бірі – Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы Майра Нұрдәулетова десек, артық айтпағанымыз. Бүгін біз осы кісінің ғұмырдариясынан сыр шертеміз.

Көпшілікке көмескі-ау деген сондай бір қағаберіс қалтарыстарға әлсін-әлсін үңіліп, әр кезде оған жақын жүргендер жадысын қайта жаңғыртып, азаматтық ой-пікірлерді толықтыра түсу, біздіңше, ұрпаққа өнеге, ұлттық ғибрат үшін қажет. Неге өнеге үшін? Дәл осы сөзге мән беріп отыру себебіміз неде? Жауап мынау: егер аңдап байқасақ, бүгінгі біздің кейіпкеріміз жер жаннаты Жетісу өңірінің төл тумасы, қырық жылға жуық мемлекеттік қызметте істеген, аяулы ана, ардақты әже Майра Нұрдәулетқызы жөнінде айтылған әңгімелердің негізгі діңі, түп- қазығы болған дүние алдымен – адамгершілік. Оның өнерге деген махаббаты – біреуге жасаған жақсылығы, көрсеткен көмегі, үлкенге ізеті, кішіге ілтипаты, ұлтын сүюі, тілін құрметтеуі. Ендеше, осының барлығы өзекті жанға өнеге, ұлт мұраты үшін ұлағат емес пе?

Өмір дегеніміз, сүйіспеншілік болса, оның бойындағы барша қасиеттің қайнар көзі осы – өмірге іңкәрлік, мамандыққа адалдықта жатса керек. Ал іңкәрлік, адалдық  жүрегіне ұялаған жан үшін: арпалысты әрекет, итжығыс күрес, табан-тірес тартыс, қайғыру да қуану, мұңаю да жұбану, қате жіберу де түзету, шегіну де ілгерілеу секілді адамға тән дүниенің ешқайсысы жат болмақ емес. Кейіпкеріміз де осының бәрін басынан кешірген. Ол өзінің ерік-күшімен, сосын өмірдің сан қилы қайшылықты құбылыстарымен жағаласа, жанталаса жүріп, өмір-теңіз жағалауынан нысана еткені тек жақсылық болып, талай биікке құлаш ұрды. Ерте гүлдеді, ерте пісті. Көп қатарластарынан көздегеніне бұрын жетті. Бірақ адамдығын ұмытқан жоқ. Ал адамдық дегеніміз – табаны жерден екі елі көтерілсе екі рулы елге сәлем бермейтін тоңмойын емес, сұңғыла болсын сыртымды көр де ішімді біл дейтін бітеулік те емес, ол – кәдімгі адамша жүру, адамша күлу, маңайындағылардың қай-қайсысына да жүрек жылуын бірдей шашу екенін ол жақсы біледі.

Майра Нұрдәулетқызы Еңбекшіқазақ ауданы, Көктөбе ауылында 1949 жылы дүниеге келген. 1966 жылы Қаракемер ауылына қарасты орта мектепті үздік бітіріп, Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын тамамдаған соң Вологда қаласындағы педа-гогикалық институтында инженер-химик болып жұмыс атқарады. 1973 жылдан бастап Қарағаш, Қызылжар, Сөгеті ауылдарында химия пәнінен ұстаздық етіп, өнегелі шәкірттер тәрбиелейді. Одан кейін аудандық білім бөлімі бастығының орынбасары, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлім бастығы қызметтерінде белсенді еңбек етіп, елдің сүйіспеншілігіне ие болады. 2010 жылы аудандық мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры бола жүріп, зейнетке шығады. Одан әрі балаларына жолбасшы, немерелерінің ақылшысына айналады.

Иә, кейде біреулер «Бала деген – еліміздің ертеңі, халқымыздың болашағы, қоғамның бір бөлшегі» деп сайрай жөнелгенде аузыңды ашып, көзіңді жұмасың. Айтылғанның бәрі рас. Алайда ақиқатына жүгінсек, «бала деген»  ең алдымен – өз отыңды өшірмейтін үмітің, өз шаңырағыңды құлатпайтын уығың, өз жаныңа демеу болар тынысың емес пе?! Үмітіңді үрлей білсең,  отың өше ме?! Уығыңды көбірек шанышсаң, шаңырағың құлай ма?! Тынысыңды кең алсаң, тынбай қалар жұмысың бола ма?! Ертеректе үлкендер «Әкесіне қарап, баласын таны» деуші еді, енді баласына қарап, әкесін танитын кез келген. Дәл солай. Майра әжеміздің бұдан мүлт кеткен тұсы жоқ. Кейде құрдастарының балаларының әнтек әрекетін көргенде, құлындарына қарап іштей «тәубе» дейді сиынып. Өйткені, өзі төрт бірдей ұл-қыз өсіріп отырып, әзірге ешқайсысынан жаманат естіп көрген емес. Шүкіршілік, өз алдына бәрі де жібектей есіліп, қыздай сызылып тұрғаны. Қазақ өзі артындағы ұрпағымен мақтанады ғой! Өз алдында сызылып тұрған баласы өзгенің алдынан қиып өтер деймісің?!

Жайсаң жанның ендігі қуанышы мен жұбанышы, базары мен байлығы – сол соңынан ерген тұяқтары ғой. Маң даланың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүріп, әйтеуір, олардың ешбірін қатарынан қалдырмай өсірді, жеткізді. Енді өздері де бір-бір үй болып, жеке шаңырақ көтеріп, оны төңіректей түтін түтетіп отыр. Бірақ мұнымен парызым бітті деп ойламайды. Білген жанға ұрпақты өсіріп қою аз, олардың алдынан өнер-білім өрісін де ашу керек. Және ұрпақ деген – тек өз кіндігіңнен өрбіген жаңағы тұяқтарың ғана емес, немере атты шұнақтарың және бар. Олардың да оқып-білім алуына жағдай жасаған жөн. Міне, енді қарттықтың жағалауына жақындай түсті. Ұрпағым деп, ел мен жер деп, өрекпіген көңілдің бұл жақтан табар қызығы шамалы сияқты. Десе де, бойындағы қуаты әлі сарқылған жоқ. Жетпісті ел жасаған жастың бірі ғана деп түсінеді. Балалары елге сыйлы, жұртқа жұғымды болса, ол – кішкентай күндерінен өзіне қолғанат еткен, қозы өсіріп, қой өргізген, айналайын, сол еңбектің арқасы шығар. Мүмкін,  еңбек үстінде адамдық, аяушылық сезімдерін оята білгендерінен де болар?

Майра апамыздың мемлекеттік қызметте жүргенінде жеткен жетістіктері көл-көсір. Алматы облысы әкімдігі және облыстық мәдениет басқармасының Құрмет грамоталарымен 21 мәрте, аудан әкімдігінің Алғыс хаттарымен 43 мәрте марапатталған, ҚР Мәдениет министрінің Алғыс хатын да алған. Майра Нұрдәулетқызы жұмыс атқарған кезде Еңбекшіқазақ ауданының мәдениет бөлімі түрлі облыстық, республикалық іс-шаралар мен конкурстарда алдыңғы орындардан көріне білді. Құжаттарды мемлекеттік тілге көшірудегі орасан зор еңбегі әлі ел есінде. 1990 жылдары жабылған Мәдениет үйлерін қайта іске қосу және кітапханалардың кітап қорларын сақтап қалу жұмыстарына белсене қатысты. Республика аумағына белгілі «Жібек жолы» оркестрінің құрылуына берден-бір септігін тигізген.

Соның нәтижесінде «Улыбка» ән-би ансамблі жұмысы жолға қойылып, жағдайы жасалды. 2008-2011 жылдары Есік және Шелек Мәдениет үйлері жөндеуден өтіп, толығымен іске қосылды. Бірте-бірте Мәдениет үйлеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, округтердегі ірі селоларда мәдениет ошақтары ашылды. Кезінде жекешелендірілген Мәдениет үйлерін мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізілді. Міне, осы жетістіктері арқылы ел сыйлар нәзік жанға айналды.

Адам деген – пенде ғой. Майра Нұрдәулетқызы бұрын қала ішінде жүріп, көп нәрсеге көңіл бөлмеуші еді. Енді, міне, үлкен жиынға жолы түсе қалса, жан жағына барлап-бажайлап, түстенген жерде ойын түгендеп, тілдескен жанның түсіне ғана емес, түпкі болмысына да үңіле түсуге тырысып, әйтеуір әр құбылысты әр түрлі қырынан қарай бастаған. Сондағы бар түйгені – елдің еңсесінің биіктегені. Тәуелсіздік тамырында тулаған ұрпақтың елге, жерге деген сүйіспеншілігі. Көше толы көлігің анау, дүниесі мол дүкендерің мынау, қыдыратын, қызықтайтын жерлерің де жетерлік. Бәрінен де жанға жайлы үй-жайларын айтсаңшы?! Шаруа аз. Бөлмең өзі жылиды, суың өзі ысиды, газыңыз да әнеки, бұдан артық не керек? Болашаққа осындай бақытты күн сыйлаған бабаларына тағзым етіп, бүгінгі ел ағаларына іштей разы болады сосын. Өзі де үлкен көштің басында келе жатқанын сезетіндей үнсіз! «Әже» деп еміренген жанындағы немересінің маңдайынан иіскеп, алысқа көз тастайды.

Қабыл ИСА