ЖАҚСЫ АДАМҒА ЖҮЗ ЖЫЛ: ШУАҚ ШАШҚАН ШАҢЫРАҚ

Уақыты: 31.10.2019
Оқылды: 1191
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Адамгершілік қасиетті пір тұтып, қарапайымдылықтың жалауын жоғары ұстап, келбетін кісілігімен көріктендіріп, тектілігімен көпті тәнті ете білген адамды ел-жұрты қашанда ұмытпайды, керісінше, ұлағатты істерін ұлықтап, әрдайым еске алып, шапағатты жақсылықтарын кейінгі ұрпағына жырдай ғып айтып, үлгі-өнегесін үйренуге үндейтіндігі  жалпақ жұртқа жақсы мәлім. Сондай абзал жандардың бірі – есімі жүрек төрінде жатталып қалған, бүгінде туғанына жүз жыл толып отырған марқұм Сейіткемел Смағұлұлының парасаттылығы дәріптеуге әбден лайықты. Ол кезінде елімен етене араласып, комсомол, партия және кеңес жүйелерінде лауазымды қызметтерді білгірлікпен адал атқарған, ағайын-туыстарға қамқоршы, құрбы-құрдастарына шынайы дос, жалпы алғанда өзім деген жандарға өзегін жұлып беруден тайынбайтын, әрдайым ақ сөйлеп, адал жүретін тектілігімен танылған тұғырлы тұлғаның бірегейі-тін.

Сейіткемел аға қазіргі Іле өзенінің төменгі сағасына таяу қоныс тепкен Балқаш ауданының бұрынғы 9-шы, қазіргі Жиделі ауылына қарасты «Ерікті» ұжымшарында 1919 жылы жарық дүние есігін ашқан түлек. Бала жасынан әкесі Смағұлдан арапша хат таниды. Оған себеп, әулеттің  үлкен атасы Қалманбет Балқаш еліне белгілі шипагер, арабша сауатты адам болған. Жиделі топырағына үлкен мешіт салдырып, медресе ашып, бала оқытқан, дін басының патиқасын алған,  белгілі қазірет-ишандық  дәрежесін иеленген  бекзат кісі-тін.

Кеңес үкіметі құрылған кезеңде сауаттандыру мектебінде оқып, оны ойдағыдай бітірген Сейіткемел еңбек жолын 1935 жылы бастап, соғыс оты тұтанып, өршіген уақытта қырмандағы астықты өгізге жегілген дөңгекпен бастырып, егістік алқапты кетпенмен шауып өңдеп, тұқым шашып, егін егіп, масақ теруге қолғабыс береді. Осылайша кішкене кезінен еңбекпен бұғанасы бекіген жас жігіт  кейін «Ерікті» ұжымшарында есепші болып жұмыс істейді.  Қызмет бабымен аудан орталығынан шалғай жатқан Жиделі, Құйған, Қараой ауылдарына арнайы тапсырмамен барып, Сарытұмсық, Бозарал, Наурызбай деген жерлерде балықтан консервілер дайындау жұмыстарына  басшылық жасайды. Көктем  айларында мал төлдету, егін егу жұмыстарын ұйымдастырудың басы-қасында жүреді. Осындай сәттердің бірінде, яғни, 1943 жылы Сейіткемел Смағұлұлы Жиделі ауылынан мал төлдетіп жатқан отардан оралып, Қараой ауылына бет алып, мұздың үстінен атпен өтіп бара жатқанда жаңа қатқан  мұз ойылып кетіп, аты суға батады. Өзін балықшылар әзер құтқарып алады. Сол қиын сәттегі жанкешті еңбегі ескеріліп, Қазақ ССР-інің медалімен және ССРО Президиумының арнайы Мақтау қағазымен марапатталады.

Өзінің іскерлігін көрсетіп, тапсырманы тиянақты атқаруымен назарға ілігіп, Жиделі ауылында жұмыс істеп жүрген 23 жастағы балаң жігіт Сейіткемел Смағұл-ұлы Балқаш аудандық комсомол комитетіне  жұмысқа шақырылып, аудан орталығы Бақанас ауылына көшіп келеді. Жастармен жұмыс істеуді ширатып, игілікті бастамалар көтеріп, іскерлік қабілетін танытқан Сейіткемел Алматы қаласындағы Жоғары партия мектебінде білімін жетілдіруге жіберіледі. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында бірнеше рет әскери комиссариатқа барып, майданға аттандыруын сұрап өтініш жазғанымен, «Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін!» деген ұран ұстанымына сәйкес ауылда да ұйымдастырушылық қабілеті мықты еңбекқор кадрлар аса қажеттігі ескеріліп, ел ішіндегі қауырт жұмыстарды жандандыруға басшылық жасауы үшін жауапкершілігі жоғары партия қызметкері ретінде броньмен  қалдырылады.

Жоғары партия мектебінен біліктілігін жетілдіріп келгеннен бастап қызметтегі баспалдақтары біртіндеп биікке қарай сатылап өрлеп сала береді. Балқаш аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімі басшысы қызметінің тізгінін ұстап, бұл міндетті он жылдан астам уақыт абыроймен  атқарады. Бірақ та Секеңнің мәртебесі өсіп, беделінің  биіктей бастағанын көре алмағандар қызғаныштың лебін естіріп,  үлкен атасы  Қалманбет пен  әкесі Смағұл молда болған, мешіт ұстаған, діншіл адамдар деп үстінен домалақ арыз жазушылардың салдарынан мінсіз атқарып жүрген қызметінен босатуға  тура келеді. Іскерлік қабілеті мықты әрі өзіне жүктелген міндетті тиянақты тындыратын кадрды мүлдем қатардан аулақтатып жібермей,  халық депутаттары аудандық кеңес атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі етіп ауыстырылады. Бұдан кейін аудан орталығы Бақанас «Өндірістік артель» мекемесінің басшысы болып тағайындалады. Аудандағы жұмысы қомақты  коммуналдық-шаруашылық мекемесіндегі орын алып отырған олқылықтарды түзеп, тұтынушыларға талапқа сай қызмет көрсетуді дұрыс жолға қою міндетін жүктеп, осы кәсіпорынның басшысы болып тағайындалады. Бұл қызметте де тұтынушылар мүддесін дөп басып,  міндетін үлкен жауапкершілікпен тиянақты  атқаруға белсене араласады.

Зейнеткерлік жасына жақындаған шақта Балқаш аудандық орман-тоғай шаруашылығында бөлім басшысы әрі бастауыш партия ұйымының хатшысы міндеттерін қоса атқару тапсырылады. Сейіткемел Смағұлұлы жалпы алғанда әдепкіде аудандық партия комитетіне қызметке қабылданғаннан бастап зейнеткерлік еңбек демалысына  шыққанға дейінгі аралықта  аудандық партия комитетінің  тұрақты бюро мүшесі болып сайланып жүреді.

Сейіткемел Смағұлұлы қандай қызметте жүрсе де, ауданның басшы азаматтарымен иықтасып, өзімен үзеңгілес жора-жолдастарының арасында беделі жоғары, адамгершілігі мол, кішіпейіл, қарапайым қалпынан бір сәтке де айныған емес. Ататегіне имандылық дарыған парасаттылық пен адамгершілік қасиеттерін ауданды басқарған Әниятула Ахметов, Ізбасар Балтағұлов және басқалар жұмыс барысында, Сейіткемел ағаның тек қана жақсы жақтарын мақтанышпен айтатындықтарын өз құлағымен естігендер әлі күнге дейін баршылық.

Балқаш өңірінде екі адамды ел-жұрты сыйлап әрі құрмет тұтқан болса, соның бірі әрі бірегейі Сейіткемел Смағұлұлы деп нық сеніммен айтуға толық негіз бар. Олай дейтініміз, Секең елін шын ниетімен сүйетін. Ешкімді бөле-жармайтын. Ағайын-туысқа қамқорлық жасауымен, тұрмыстық жағдайларын сұрап біліп жүретіндігімен, кішіпейілдігімен, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге жылы қабақ танытатындығымен ерекшеленетін. Қызметте де білгірлік пен біліктілік дәрежесінің жоғарылығын аңғартып, халықпен тіл табысып жұмыс істейтін. Ұйымдастырушылық ісінде ұтқырлық қабілетімен көзге ілігетін. Мұндай іскерлік шеберлігін  өзіне тапсырылған жауапкершілігі жоғары лауазымды қызметтерді тиянақты атқару барысында анық байқата білген азамат.

Сейіткемел ағаның құдай қосқан сүйікті жары Қаншайым Исақызы да өскен-өнген, ата-бабалары атақты, жапырағы жайылған, керегесі кең, салиқалы отбасынан тәлім-тәрбие алған ару. Әкесі Сатыбалдин Иса өз заманында білімді, сауатты, ауылдық кеңестің, ұжымшардың басшысы болған азамат-тын. Ел-жұртына беделді, ағайын-туысына қамқоршы,  кеңпейілді, қолы  ашық азаматтың жұрт арасындағы  беделі биіктеп, мәртебесі өсіп, көпшілік құрметіне бөленіп жүргені екінің-бірінің есінде. Көп жыл бойы партия қызметтерінде абыройлы еңбек етіп, аудан халқына сыйлы болған Балқаш өңіріндегі танымал шоқтығы биік, ақиық тұлғаның бірі.

Аудандық тұтынушылар қоғамында сауда саласында қызмет атқарған Қаншайым  Исақызы сауда көрігін қыздырып, еңбектің отын жаққан, ойдың жетігін, істің тетігін меңгерген Әсет, Раиса, Жексенбике, Бейсетай сынды әріптестерімен бірге жүріп, бірге тұратын. Бәрі де сауда сөресі алдында тік тұрып, тұтынушыларға мәдениетті қызмет көрсетумен бірге ізбасарларына табандылық пен асқан жауапкершіліктің сырын ұқтырып, аудан экономикасының дамуына қомақты үлес қосқандары және анық. Көп жылдар бойы сауда саласында тұрақты  істеп, тұтынушыларға мінсіз де мәдениетті қызмет көрсеткен Қаншайым ананың жемісті  еңбегі жоғары бағаланып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, көптеген Мадақтау қағаздарымен, Алғыс хаттармен марапатталған. 

Осы Қаншайым ана жайлы бақанастық өлкетанушы Зәуреш Жұмағалиқызы өзінің естелігінде былай деп жазады: «Қасиетті әулеттің қара шаңырағының аманатын арқалаған Қаншайым тәтемізді күллі байтақ Балқаш елі ардақ тұтып, әспеттейді. Құрметтейді. Қадірлейді. «Батаменен ел, жауынменен жер көгерер» дегендей, әркім-ақ әз-әженің батасын алуға ықыластанады. Әке-шешемнің көзін көрген, қадірлес, сыйлас болған ескікөз, ардақты жанның ақ батасын алсам деген ниетпен өткен аналар мерекесі қарсаңында мен де Қаншайым ананың отбасына барып, ырым етіп, оң аяғыммен ырыс-құттың баспалдағы болған босағасынан аттадым. Татулықтың тұғырындай кең төрінде мерекелік дастарқан басында ақ шәлісін жамылған, бейне бақыт тағында отырған ақ ананы көрдім. Отбасындағы тілеуі ортақ, тілегі ортақ, тірегі ортақ, жанұяның бала-шағасының амандығын, бауырының бүтіндігін, ел іргесінің беріктігін, даласының тыныштығын халықпен бірге тілеген Қаншайымдай ақ ананың Дарабоз ене сынды келбетін көрдім. Кешегі күннің шежіресін шертіп, бүгінгінің тарихын тарқатып, даналығын, алдағыны ойлап даралығын білдірген ақылшы әжені, арда елдің ақ бесігін тербеткен ел анасын көрдім. Тілегін тыңдап, батасын алдым». Міне, Қаншайым ананың шынайы да шырайлы болмыс-бітімі осындай екені айдай шындық.

Барша Балқаш елінің ардақты анасы атанған Қаншайым әпкеміз атына лайықты иманжүзді, жібек мінезді, тұрған тұрысымен, жүрген жүрісімен, тындырымды ісімен, отбасылық үлгі-өнегесімен ел назарын аударған, жылы жүрегі мейірімге толы, тұла бойы нұрдан жаралғандай жазық маңдай, жүзі жарқын, жанұя сыйластығының сәнін келтіріп отырған болмыс-бітімі сыпайлығымен, биязылығымен ерекшеленетін, адамгершілік қасиеті жоғары  аяулы да қадірлі ана-әже. Сонымен бірге, бауырмашылдығы басым, ағайыншылдық пен туысқаншылдық ара-қатынасты жете түсініп, оларды көргенде  ет-бауыры елжіреп, жүрегі лүпіл қағатын, баршаға жанашырлық танытып, ілтипаты мен инабатын қатар көрсету салт үрдісінен  айнымайтын қасиет дарыған жан. Бүгінде  жапырағы жайқалған мәуелі бәйтерек  сынды төңірегіне ел-жұртын жинап, ортақ әңгімесімен үйіріп отыратын  елі әспеттеген аяулы әже. 

Сейіткемел мен Қаншайымның қаншама адамға көмегі тигені, қаншама адамға қол ұшын бергені өз алдына сан тараулы әңгіме. Солардың бір мысқалдай мысалы мынау: соғыс жылдары Сейіткемел мен Қаншайым әпкеміз шалғайдағы Донбастан қоныс аударылған неміс отбасының 12 жастағы Эмма есімді қызын қабылдап алады. Оған мейірбандылықпен қарап, өз баласынан кем көрмей киіндіріп, бағып-қағады. Тәлімді тәрбие үйретеді. Жасы 18-ге толған кезде өз еркімен жүрегі қалаған жігітіне ұзатады. Үлкен жанұяға айналып, өсіп-өнеді. Кейін Германияға көшіп кеткенімен байланысын үзбей, отбасының бір мүшесі ретінде жиі хабарласып, амандық-саулықты сұрастырып, ізгі ниетті ілтипатын білдіріп тұрады. Өзін тәрбиелеп өсірген отбасының жақсылықты шарапатын ұмытпай, Германияға қонаққа шақырып, құрметі мен сый-сияпатын көрсетіп, бауырмалдық мейір мен пейіл танытқаны әрдайым ризашылық сезімге бөлейтіні бар. Өзі де  өмірге қанаттандырған  жылы ұясын сағынышпен еске алып, Бақанасқа  арнайы  төркіндеп  келіп-кетіп тұратын  әулеттің қадірлі қонағының бірі десе болады.

Ерлі-зайыптылар Сейіткемел мен Қаншайым әпкеміздің «Тату үйдің тамағы да тәтті»  дегендей, қонақжайлылығы мен кеңпейілділігінің көрінісі болар, бәлкім, соғыс жылдарынан бастап осы күнге дейін ағайын-туыстардан 36 адам алды алты жыл, кейбірі бір-екі жыл осы отбасымен бірге тұрып, тәлім-тәрбие алып, кейіннен әрқайсысы жеке-жеке шаңырақ көтеріп, үбірлі-шүбірлі бақытты отбасына айналып, бірі оқып, екіншісі қызмет істеп, ұядан түлеп ұшқан құстай өмірде өз орындарын тапқандығы үшін риясыз ризашылықтары мен айтар алғыстары шексіз-ақ. Бәрі қайда жүрсе де ыстық сәлемін жолдап, хабарласып, рахметтерін жаңбырдай жаудырып жатады.

Сейіткемел ата мен Қаншайым ана екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы Ерлан техника саласының майталманы еді. Өкініштісі сол, өмірден ерте озып кетті. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, ұрпақ бақытын базарлаған аяулы Қаншайым ананың қыздары бүгінде бір-бір әулеттің бақыт шамының шырағын жаққан ардақты отиелері деуге пара-пар. Үлкен қызы Мереке жоғары білімді дәрігер, қазір құрметті зейнеткерлік еңбек демалысында. Гүлнәрі Алматы қаласындағы «Аяжан» медициналық колледжінің аға оқытушысы. Қара шаңырақ иесі кіші ұлы Сайран Балқаш ауданы әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді.  Бүгінде Қаншайым Исақызы  өзін мәпелеп күтіп, төбесіне көтеріп отырған балаларынан өсіп-өрбіген 10 немере мен  29 шөбересін құшып-сүйгендігін бақытқа балаған, Алласына мың мәрте шүкіршілігін қайталап айтудан танбайтын  ардақты ана, әз-әже.

Жасы ұлғайған Қаншайым анасын әспеттеп, күтіп-бағып отырған қолындағы келіні – Сайранның сүйікті жары Әлия «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» болатындығын дәлелдеп, қазақтың салт-дәстүрін сақтаған, ата-ананың ақ үмітін ақтаған, үлкеннің алдынан шықпаған, кісі көңілін жықпаған инабатты да ибалы әрі иманжүзді, мейірбандығы мен ізеттілігінің молдығымен сүйкімді де кеңпейіл жан. Жан серігі Сайран екеуі қызын ұзатып, келін түсіріп, шаттыққа толы шаңырақтың шуағымен шаттығын шалқытқан отағасы мен отанасы атанып, дастарқандарын кеңінен жайып, береке-бірліктің ұйытқысына айналып отырғандары көпке аян.

Әли ЫСҚАБАЙ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері,

Алматы облысының Құрметті азаматы